Амангелді Кеңшілікұлы. Тағдырмен бетпе-бет (Жалғасы)
Ал, жұрт сияқты өмір сүру дегеніңіз - жүректеріндегі имандылықтың сәулесі сөнген, уақыттың ығына бейімделіп алып, екіжүзділікке салынған алаяқтардың айтқанына көну ма? Жұрт сияқты өмір сүру дегеніңіз - адамшылық қасиетіңнен айырылып, биліктің семіз малайы болып, итаяғынан ас ішіп, әр кімге бір жапалақтай жалпылдау ма, сонда? Жұрт сияқты өмір сүру дегеніңіз - Құдай сыйлаған асыл қазынаңды пендешіліктің тезегіне айырбастап, бақытыңды күл-қоқыстың арасынан іздеу ма? Жұрт сияқты өмір сүрудің, хайуанға айналудан қандай айырмашылығы бар? Ендеше сол жұрт сияқты өмір сүргеннен гөрі, өлген артық емес пе екен, адам болып қалғысы келетін, ақынға? Өмір бойы оттай жанған Мұқағалидың жаман тезектің шоғындай болып бықсығанын қашан көріп едіңдер?
Көрер едің,
Шаламын ба, отпын бар,
Білер едің,
Ақынмын ба, жоқпын ба?..
Кектендірген хан Жәңгір де жоқ мұнда,
Кектенетін Махамбет те жоқ мұнда.
Түсінер ең,
Езбін бе, әлде ермін бе.
Байқар едің,
Артықпын ба, кеммін бе?..
Мен Спартак бола алмадым, не шара,
Сенің өзің Цезарь болып көрдің бе?!
Сырым да - осы,
Жырым да- осы,
Алдыңда.
Байқашы бір,
Ал, жұрт сияқты өмір сүру дегеніңіз - жүректеріндегі имандылықтың сәулесі сөнген, уақыттың ығына бейімделіп алып, екіжүзділікке салынған алаяқтардың айтқанына көну ма? Жұрт сияқты өмір сүру дегеніңіз - адамшылық қасиетіңнен айырылып, биліктің семіз малайы болып, итаяғынан ас ішіп, әр кімге бір жапалақтай жалпылдау ма, сонда? Жұрт сияқты өмір сүру дегеніңіз - Құдай сыйлаған асыл қазынаңды пендешіліктің тезегіне айырбастап, бақытыңды күл-қоқыстың арасынан іздеу ма? Жұрт сияқты өмір сүрудің, хайуанға айналудан қандай айырмашылығы бар? Ендеше сол жұрт сияқты өмір сүргеннен гөрі, өлген артық емес пе екен, адам болып қалғысы келетін, ақынға? Өмір бойы оттай жанған Мұқағалидың жаман тезектің шоғындай болып бықсығанын қашан көріп едіңдер?
Көрер едің,
Шаламын ба, отпын бар,
Білер едің,
Ақынмын ба, жоқпын ба?..
Кектендірген хан Жәңгір де жоқ мұнда,
Кектенетін Махамбет те жоқ мұнда.
Түсінер ең,
Езбін бе, әлде ермін бе.
Байқар едің,
Артықпын ба, кеммін бе?..
Мен Спартак бола алмадым, не шара,
Сенің өзің Цезарь болып көрдің бе?!
Сырым да - осы,
Жырым да- осы,
Алдыңда.
Байқашы бір,
Бықсыдым ба, жандым ба?
...Махаңдар жоқ,
Махаңдардың сарқыты -
Мұқағали Мақатаев бар мұнда!
Қызталақ тағдыр! Аямасаң, аяғыңның астына салып, таптап таста. Бірақ сен басқаларды болса да, Махамбет пен Мағжандардың сарқытындай Мұқағалидай ұлы ақынды жұрт сияқты өмір сүруге көндіре алмайсың. Поэзия пайғамбары Абайды да көндіре алмағансың жұрт сияқты өмір сүруге. Қайғыңмен, беретін зарыңмен ақынды қорқытпақсың ба? Қорқыта алмайсың. Ақынды өлтіру үшін беретін тағы қандай уың бар? Мұқағали ақын оны да уыстап ішуге дайын.
Тәуекел! О ұлы Жаратушы, егер дүниенің бүкіл жаманшылығы менімен бірге қара жерге көмілетін болса, адамзаттың бақыты үшін Алла сыйлаған жанымды да сол ұлы мақсаттың жолына құрбандыққа шалайын. Тек содан кейін тажал тағдыр, өмірге әлі талай келетін таланттарды тағы да зар жылатып, аруағымды күңірентіп, арамдық жатқан, жауыздық жатқан көрімнің қақпасын келіп, қақпасыншы!
Ойым бар менің,
Ойым бар менің ерекше.
Жақсылық жауып,
Дүние мынау сел өтсе,
Жауыздықтардың, жамандықтардың барлығын
Көрге алып кетем керексе.
Адамның бүкіл айыбын
Арқалап алып,
Азабын өзім көрер ем.
Жамандық басқан денемен,
Жандырып жатқан,
Тоңдырып жатқан тамұққа
Жамандығыммен төнер ем.
Бүкіл дүние жамандықтарын
Артыңдар маған көтерем!
Қарызым болсын өтеген,
Жауыздық біткен менімен ғана бірге өлсе,
Бүгін-ақ өліп кетер ем.
Армансыз барып,
Көрімнің аузын жапқасын,
Дүниедегі тірілер
Жамандық іздеп бақпасын!
Жауыздық жатқан,
Арамдық жатқан көрімнің
Қақпасын келіп қақпасын.
Міне, осылайша тағдырдың қайта-қайта жылатқанына төзе алмаған байғұс ақын тамұқтың тұңғиығында жатса да сүйе беретін өмірімен қоштасып, базыналық жырын жазып кетуге белін бекем буды. Дегенмен ол өлеңді ақын кімге арнайды? Өмірінің соңында жанында дос деп айтуға тұратын бір адам да қалмапты. Жұмыссыздық тұрмысын ауырлатып, жанын қинағаны аз болғандай, көмектеспек түгіл кешегі достардың бәрі де күйіктен ішіп кеткен ақынды алыстан танып, тұра қашады. Тағдырдың қиын өткелінде қарайласпағандарды дос санауға бола ма, өзі?
Шыныменен дос жоқ-ау,
Дос жоқ менде.
Сонда қалай, өмірім босқа өткен бе?!
Осылай бір байламға келдім бүгін,
Қарадым да сүйіскен қос кептерге.
Менде арамдық жоқ еді алабөтен,
Доссыз өмір жалғанда қараң екен.
Қақ жарылған қауымға қайран жүрек,
Қашан ғана қаңырап қалар екен?!
Бір сәтте Мұқағалиға ғаламат ой келді. Өмірмен қоштасатын базыналық өлеңін жалған тіршіліктен дос таба алмай күйзелген ақын әйел затына арнап жазып кеткенді қош көрді.
Ия, ия, әйелге. Ақпанның ақтүтек боранында, дүниені қуантып ақынға өмір сыйлаған әйел болатын. Мұқағалидың бойына керемет ұлы сезімді дарытқан да әйел-өмір еді ғой. Құдайдың ғажайып сұлу сәулесіндей жырларын ақын қызғалдақтай құлпырған қазақтың ару қыздарына ғашық болып жүргенде жазды емес пе?
Кім біледі? Бәлкім, біздің Құдай деп жүргеніміздің бәрі әйелдің жүрегінде жасырынған таңның шұғыласы шығар. Неге біз еркектер қанша күшті болсақ та, өміріміздің ең қиын сәтінде Құдайға ғана шағатын мұңымызды, сағымыз сынып әйелге айтамыз? Ендеше дүниеден түңілсе де, досы жоғына күйінсе де, тағдырын қарғаса да Мұқағали ақын әйелдерді кіналай алмайды екен. Осылайша әйел затын ғана қимай мына өмірмен қоштасқан ақын, қолына қаламын алып, базыналық жырының алғашқы шумағын жазды.
Фариза!
Фаризажан, Фариза қыз,
Өмірде ақындардың бәрі жалғыз.
Шыдай-шыдай ақыры жалығармыз.
Бірімізден-біріміз арылармыз.
Біздерді де жоқтайтын жан болса егер,
Шаң басқан архивтерден табылармыз
Қайран, арыстаным-ай! Ешкімге тең келмейтін алып кеудеңдегі біресе асау теңіздей тебіренетін, біресе долы дауылдай буырқанатын күшің қайда кетті? Қаралы тор бұлбұлындай зарлаған үнің қандай аянышты еді!
Қараңызшы, барлық үміті үзіліп, арманы күйреген бақытсыз ақын қайғының теңізіне батып барады. Өмірдің үскірік-аязынан жаны жаураған, «жігітінен қазақтың дос таба алмаған» ақын маңдайынан бір сипайтын мейірімді іздеп, соңғы сөзін әйелге айтып жатыр. Әйелге! Фаризаға!
Сен мені білесің бе, білесің бе?
Жаралмаған жан екем күресуге.
Жылай жүріп, өтірік күлесің де,
Жүресің де қоясың, жүресің де.
Бірі итеріп кеудемнен бірі шалып,
Тастағысы келеді күресінге?
Құр айтып қоймай, тағдырдың наласынан жүрегі өртеніп жатқан Мұқағали әйел затының ғана оның нәзік жанын түсінетініне сеніп, жылан-ажалға арбалған торғайдай шырылдап, көзінің жасын тоқтата алмай, қайта-қайта өксіп-өксіп жылайды. Жазбақ түгіл, мұндай өлеңді оқудың өзі қандай ауыр еді. Қайғының әуені еркіңді билеп, аза бойыңды қаза қылып, денеңді түршіктіріп, неше түрлі ойға шомылдырады.
Әкесінің құны бардай, жалмауыз тағдыр ақынға неге соншама өшікті? Ақындық жүрек сезе-дүр. Ертең өлген соң жұрттың бәрі де оның ұлылығын мойындайды. Ер-тұрманы түгенделмей кеткен ақын еді, деген сыңайдағы неше түрлі естеліктер жазады. Қара түнекті жарып шығатын мейірімнің таңы да сол уақытта атады. Мұқағалидың рухын аялайтын мейірім де, ақынның талантына табынатын мойындаулар да сол кезде болады. Дегенмен сол мейірім мен мойындаудың ақынға дәл бүгін, көзі тірісінде керек екенін тасбауыр жандар неге ұқпайды? Ешкімге керегі болмай қалған ақынның, күресуге жаралмаған пендесінің жарық дүниенің жылуын сағынып, әйелге мұңын шағып, өмірімен қоштасып жатқанының себебін түсінетін кім бар ма, мына жалғанда?
Замандастарының естеліктерін оқысаңыз бәрі де Мұқағалиға бір жақсылық жасағанын айтып, ақталып жатады. Бәрі де шетінен көзі тірісінде-ақ ақынның ұлы талант екенін мойындап, зор құрмет көрсеткен.
Лайым, солай болғай! Дегенмен мен мұндай сөздердің ешқайсына сенбеймін. Сенейін десем, Мұқағали өлеңдерінің рухы жалған дүниеден жақсылық көре алмай, маңдайынан сипайтын алақанға зәру болғанын айтып, зар жылайды. Кімге сенейін? Ақынға ма, әлде замандастарына ма?
(Жалғасы бар)
«Абай-ақпарат»