Еркебұлан Әлімханұлы. Дағдарыс: Еуропа мен солтүстік Америка
2008 жылы басталған қаржы дағдарысын дамушы елдер еңсергенімен, дамыған елдер әлі онымен күресіп әлек болып жатыр. Батыс Еуропа мен Солтүстік Американың қуатты мемлекеттері тығырықтан шығар жол таппай отыр. Осыған дейін салыстырмалы түрде рахат өмір сүріп келген бұл аймақтардың халқы экономиканың тоқырауымен бірге төмендеген әлеуметтік жағдайының нашарлауына көндіге алмауда. Жаңа жұмыс орындары ашылудың орнына бұрынғы жұмыс орындарында қысқарту жүріп, жұмыссыздық коэффициенті өсіп отыр. Алайда «таяқтың екі ұшы бар» дегендей көптеген теріс факторларға қарамастан дағдарыстың Еуропа мен Солтүстік Америкаға тигізетін оң әсері да бар.
2008 жылы басталған қаржы дағдарысын дамушы елдер еңсергенімен, дамыған елдер әлі онымен күресіп әлек болып жатыр. Батыс Еуропа мен Солтүстік Американың қуатты мемлекеттері тығырықтан шығар жол таппай отыр. Осыған дейін салыстырмалы түрде рахат өмір сүріп келген бұл аймақтардың халқы экономиканың тоқырауымен бірге төмендеген әлеуметтік жағдайының нашарлауына көндіге алмауда. Жаңа жұмыс орындары ашылудың орнына бұрынғы жұмыс орындарында қысқарту жүріп, жұмыссыздық коэффициенті өсіп отыр. Алайда «таяқтың екі ұшы бар» дегендей көптеген теріс факторларға қарамастан дағдарыстың Еуропа мен Солтүстік Америкаға тигізетін оң әсері да бар.
Дамыған елдердегі экономиканың тоқырауы, әлеуметтік қатынастардың шиелінісуі миграцияны азайтатыны сөзсіз. Осыған дейін сырттан ағылған иммиграция есебінен халқының үлес салмағында басқа ұлттардың пайызы көбейген дамыған елдердің байырғы тұрғындарының басым бөлігі сырттан келгендерге жеккөрініш сезіммен қарайды. Бұл сезімнің әсерінен кішігірім шиеленістердің де орын алып отырғанын көріп жүрміз. Еуропалықтар «сырттан келгендер біздің ұлттық болмысымызды жояды, мемлекетіміздің қауіпсіздігіне әсер етеді» деп қорқады. Ал соңғы жылдары Еуропада ұлтшыл, оңшыл күштердің күшейіп келе жатқанын ескерсек, онда ұлтаралық, дінаралық қатынастардың одан әрі шиелінісетіні сөзсіз. Тіпті қазіргі таңда Еуропа халқы сырттан келгендерге қарсылар және қарсы еместер болып екіге бөлініп тұр.
Дамыған елдердегі жұмыссыздық көрсеткішінің ұлғаюы алдағы уақытта да жалғасады. Өйткені, сарапшылар бұл елдердің экономикасының әлі біраз теңселеді деген пікір білдіріп отыр. Дағдарыстың әсерінен жұмыссыз қалған байырғы халық ендігі жерде екі қолға бір күрек іздеп, осыған дейін істеуге арланып келген қара жұмыстарды да атқаруға көшеді. Бұған дейін иммигранттар негізінен қара жұмысты істегенін ескерсек, ендігі жерде олар үшін де жұмыс табу қиындай түседі.
Екінші жағынан қазіргі таңда дамушы елдер бірқалыпты ілгерілеп отырғандықтан ол жақта жаңа жұмыс орындарының ашылуы жалғаса түседі. Қазіргі таңда Еуропа елдерінің кредит алу қабілеті Пәкістан сияқты елдерден де төмен тұрғанына қарап-ақ мұны аңғаруға болады. Сондықтан өгей баладай қарайтын дамыған елдерде табатын табысты дамушы елдердің халқы өз жерінде де таба алатын болады. Бұған дейін Еуропа мен Солтүстік Америкаға иммигранттар негізінен Мексика, Иран, Түркия, Бразилия, Үнді әлемі елдерінен келетін. Ал дамушы елдердің ішінде ілгері дамығандары саналатын Мексика, Иран, Түркия, Бразилия сияқты елдерде туу мөлшері жыл өткен сайын азайып отыр. Ол елдерде қазірдің өзінде аз да болса жұмыс күшіне, әсіресе сапалы жұмысшыға сұраныс байқалуда. Сондықтан Түркия премъер-министрі Режеп Тайып Ердоған Германиядағы түріктерді отанына қайтуға шақырды. Яғни, ендігі жерде Еуропадағы келімсектердің отанына қайту процесі орын алуы мүмкін. Бұған басқа бір дәлел ретінде Мексикадан АҚШ-қа өтуге ұмтылған мексикалықтар қатарының жыл өткен сайын азайып отырғындығын келтіре аламыз.
Қазіргі таңда дамыған елдерге өтуге тырысатын негізгі иммигранттарды Оңтүстік Азия халқы мен Африкалықтар құрап отыр. Дегенмен Қытайдың, Үндістанның экономикасымен бірге дамып отырған Оңтүстік Азия елдерінде де алдағы уақытта экономика аяққа тұрып, мигранттардың көрсеткіші азаюы тиіс. БҰҰ алдағы уақытта Африка елдерінің қарқынды дамитынын болжап отыр, олай болса бұл аймақтан да дамыған елдерге кетуге тырысу азаяды деген сөз.
Миграцияның азаюы ықтимал «кикілжің ошақтары» деп аталған аймақтардың өткір мәселелерін шешуге септігін тигізеді. Өйткені жаһандық, аймақтық және жекелеген елдердегі заңсыз миграцияның әсерінен әлемде үлкен қақтығыс орын алуы мүмкін деген болжамдар жасалынуда. Еуропадағы неофашизмнің күшеюі, ұлтаралық немесе дінаралық түсініспеушіліктердің ұлғаюы құрлықтағы көпмәдениеттіліктің тығырыққа тірелгенін көрсетеді дейтін және Норвегиядағы террактіні болашақ үлкен кикілжіңнің алғашқы белгісі ретінде көретін сарапшылар бар. Егер дағдарыстың әсерінен миграция көлемі азаятын болса, онда әлемдегі тағы бір өткір мәселенің шешімі табылады. Әрі осыған дейін айтылып келген Еуропа жұтылып кетеді, сырттан келгендер оларды басып қалып, ақ адамдар өз елдерінде азшылықты құрайтын болады деген болжамдар теріске шығады.
P.S.
Дамыған елдерге тоқтамайтын бір ағын бар, ол таланттардың ағыны. Түрлі саладағы таланттардың Батыс Еуропа мен АҚШ-қа миграциясы жалғасады.
«Абай-ақпарат»