Арман Қани. Павлодар Павелдер мен Кутузовтардан қашан құтылады?
Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 20 жылдығы мерейтойына дайындық іс-шаралары жүргізіліп жатқан кезде, дәлірек айтқанда, қыркүйек айының 23-і күні, Павлодар қаласында орыс ақыны Павел Васильевтің биіктігі 3 метрлік гранит тұғырға орнатылған қола бюсті мен оның атындағы скверді ашу рәсімі өткізілді. Салтанатты жиында облыс әкімі Бақытжан Сағынтаев мырза сөз сөйлеп, ақынның өмірі мен шығармашылығы жөнінде жүрекжарды сезімін жеткізіп, «бұл қуанышты күнді жұртшылық көптен бері күткен еді», деді.
Аймақ басшысы солай десе де, Шығыс Қазақстандағы Зайсан қаласында туып, Мәскеуде опат болған Кеңес ақыны Павел Васильевтің (1909-1937) есімі бұған дейін де мейлінше құрметтелгені белгілі. Айталық, ақынның Павлодарда біраз жыл тұрғаны ескеріліп, есімі бір көшеге, қалалық кітапхана мен әдебиет үйірмесіне берілген. Бұл аздай №9 орта мектепте мұражайы жұмыс істейді, педколледж ғимаратының қабырғасына бет пішіні бедерленіп, аты-жөні жазылған мемориалды тақта ілінген. Сондай-ақ, Павел Васильев балалық шағында тұрған нағашы атасы Матвей Жаниковтің үйі күрделі жөндеуден өткізіліп, музей-үйіне айналдырылған, ауласына гранит бюсті орнатылған. Демек, кеңестік кезеңдегі обком мен егемендік жылдарындағы әкімдік тарапынан Павел Васильевтің рухына айтарлықтай құрмет көрсетілген.

Бірақ Ертістің Керенку-Баянауыл өңірінде кіндік қаны тамған Жаяу Мұса, Мәшһүр Жүсіп, Естай, Иса, Майра, Жүсіпбек Аймауытов, Ермұхан Бекмаханов, Әлкей Марғұлан, Қалижан Бекхожин, Қабдыкәрім Ыдырысов, Шәкен Айманов, Кәукен Кенжетаев тәрізді әдебиет, мәдениет, өнер, ғылым салаларына айтулы үлес қосқан аса көрнекті тұлғаларға облыс орталығында мүсін, ескерткіш қою мәселесі Тәуелсіздікке 20 жыл толса да әлі күнге дейін облыс әкімінің ойына кірер емес. Бұл орайда Абылай хан мен Кенесары хан да, жыр патшасы Абай да, Алаш қайраткерлері де назардан тыс қалып келеді. Солай бола тұра, патшазада Павел Романов, фельдмаршал Кутузов, генаралиссимус Суворов, атаман Ермак, пролетариат көсемі Ленин, чекист Дерибастың қала мен көше атауларына айналған есімдері бәз-баяғы патша заманы мен Кеңес кезеңіндегідей ұлықталуда. Керісінше, осынау аймақты жоңғар шапқыншылығынан азат ету соғысында асқан ерлігімен әйгіленген Бұхар жыраудың және Олжабай, Жасыбай, Малайсары, т.б. батырлардың есімдерін көшелерге беру мәселесі жергілікті билік тарапынан мүлде қаперге алынған емес! Сондай-ақ, ХҮІІ-ХҮІІІ ғасырларда сыртқы жаулардың басқыншылығынан елдігімізді қорғаған баһадүр бабаларымызға да, 1916 жылғы және 1986 жылғы ұлт азаттық көтерілістерінің қаһармандарына да, 1930 жылдардағы аштық нәубеті мен жаппай жазалау құрбандарына да облыс орталығында ескерткіш орнатылмаған! Ең бастысы, Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың арнайы Жарлық шығарып, 2011 жылды «Тәуелсіздіктің 20 жылдығы» деп жариялауы да төбесіне мемлекеттік ту байланып, шекесіне елтаңба жапсырылған әкімшілік ғимаратында отырған жоғары лауазымды шенеуніктерге облыс орталығында Тәуелсіздік монументін орнату туралы ой салған жоқ!..
Халқымыздың ең ұлы құндылығы Тәуелсіздікке иіліп тұрып тәу етіп, гүл шоқтарын қоятын Кереку қаласында қасиетті нысан жоқ, тіпті оның орны да белгіленбеген. Патшазада Павел атындағы қала тұрғындары Тәуелсіздіктің 20 жылдық мерейтойын қалай қарсы алады екен?.. Облыс басшылығы қай елдің «игі-жақсысын» иіліп сәлем салып жүргенін біле ме екен, жазған.
Бақытжан Сағынтаев мырза, Павлодардың атауы орысша болғанымен, Тәуелсіз Қазақстан Республикасының әкімшілік-территориялық аумағы саналатын облысы екенін есіңізге саламыз!
Арман ҚАНИ,
«Ұлт тағдыры» пікірсайыс клубының жетекшісі.
Павлодар қаласы
«Абай-ақпарат»