Ислам ЖЕМЕНЕЙ. Қашаған жырау мұрасы – қазақ мәдениетінің жауһары
Ақындар мен жыраулардың бір-бірінен айырмашылығы кейде олардың шығармашылығындағы көркемдік болса, кейде олардың туындыларындағы ой ұшқырлығы мен ой тереңдігінде жатады. Ал, көркемдік пен ойды ұштастыра білген ақын, ойшыл ақын мәртебеге қол жеткізеді. Халықтың жүрегі мен санасында ұзағырақ өмір сүру діңгегі ақын не жыраудың ой-өрісінде жататыны да адамзат тарихынан мәлім.
Ақындар мен жыраулардың бір-бірінен айырмашылығы кейде олардың шығармашылығындағы көркемдік болса, кейде олардың туындыларындағы ой ұшқырлығы мен ой тереңдігінде жатады. Ал, көркемдік пен ойды ұштастыра білген ақын, ойшыл ақын мәртебеге қол жеткізеді. Халықтың жүрегі мен санасында ұзағырақ өмір сүру діңгегі ақын не жыраудың ой-өрісінде жататыны да адамзат тарихынан мәлім.
Оған шеттен мысал іздемей қазақ әдебиеті тарихынан: Асан қайғы, Бұхар жырау, Дулат Бабатайұлы, Мағамбет Өтемісұлы, Абай, Шаһкәрім, Мәшһүр Жүсіп, Тұрмағамбет сынды ақын-жырауларды тілге тиек ете аламыз. Қашаған жырау да ойшылдық қасиетімен халқының санасында ұзақ уақыт өмір сүріп келе жатыр. Сүйтіп қазақтың рухани кеңістігін байытып келеді. Қашаған қазақтың ұлттық психологиясын терең білгендігінен халқының «жетім» деген үғымын қоғамдық қатынастағы барлық болымсыз жайыттарға мәйік ретінде пайдаланады. Өйткені өзге елдерге «жетімдік» қасірет болмаса да қазақ үшін «жетімдік» асқан қасіретті ұғым. Себебі көшпенді қазақ халқына ұжымдаса өмір сүру табиғатына сай қоғамдық ортада болу психологиясы қалыптасқан ерекшелік. Жырау осындай ұлттық терең білімімен «Бұл дүниеде не жетім?» атты өлеңінде қоғамдық психологияның болымсыз қатынастардан туындаған қайғы-қасіретті дәл де айқын бере білген. Қашаған қазақ психологиясын дәл бере білу үшін оның кілті «жетім» сөзін саналы түрде қолданған. Себебі көптеген халықтардың жалпы мәдениетінде «жетім» сөзі ана мен әкеден айырылған сәбиге тән ұғым болса, қазақта бір қазақ бір қазаққа мейір-шапағат көрсете алмаса жаны жүдеп жетімсірей бастайды.
Сол үшін қазақта «айналайын» мен «бауырым» деген сөздерінің орны айрықша. Қазақ көппен бірге бола алмаса жетісірейді. Сол себепті қазақ «қонақжай» халық ретінде бүкіл әлемге танымал болған. Қазақ өзінің көпшілдік психологиясына орай «жалғыз жол тапқанша, көппен бірге адас» деп те бекер айтпаған. Қашаған қазақтың қоғамдық психологиясына бағыт-бағдар беру үшін, қазақты психологиялық жетімдіктен сақтандыру үшін «жетім» сөзін өлеңіне ұйытқы еткен. Бұл сөз оның қазақ мәдениетін жақсы да терең білгені үшін пайдаланғаны анық. Өйткені қазақ тілінде «жетім» сөзі мағыналық ауқымы кең ұғым. Оны ұға білу үшін адам мен адам психологиясының бағына тоқтала кетейік.
Адам жаратылыс табиғатында қоғаммен өмір сүру ерекшелігіне ие. Сол себепті адам баласы қоғамнан, топтан бөлініп өмір сүре алмайды. Адам қоғамдық ерекшелігіне байланысты қоғамдық ортасында өз бойындағы ғажайып дарынын да жантүршігер қылықтарын да әлсіз тұстарын да көрсетеді. Бір көңіл бөлетін жайыт бұндай ерекшілік өзге ұлттардан көре қазақ халқына көбірек тән деуге болады. Себебі қазақтарға бұндай психологиялық ерекшілік оның тарихи жолымен ұштасып жатыр. Қазақ халқының бұндай қоғамдық психологиясының ерекшелігіне сәйкес қоғамдық ортаға мұқтаж, әрі сол қоғамға керектігін сездіруге мұқтаж. Міне осыдан қазақтың қоғамға мұқтаждығы мен қажеттігі Қашаған жыраудың:
«Бұл дүниеде не жетім?
Кім қажетсіз болса сол жетім», деген өлең жолдарының мәнін аша түседі. Өйткені қазақтың күнделік тіршілігіндегі барлық жағымды да жағымсыз, нәтижелі де нәтижесіз, пайдалы да зиянды іс-әрекеті, қимыл-қозғалысы, айла-тәсілі қоғамдағы өз орнын. Сол үшін Абай да:
«Сен де - бір кірпіш, дүниеге
кетігін тап та, бар қалан» деп қазақтың сондай талпынысын меңзейді. Бұл да болса Абай мен Қашаған жыраудың ой үндестігі, ой сабақтастығы.
Кедейлік, тағы басқа себептермен өз орнын қоғамдық ортасынан таба алмағандар өздерін қоғамға қажетсіз сезеді. Адамдар мұқтаждық пен керексіну сезімдерін қалай, қандай жолмен қанағаттандырады деген сұраққа жауап беру аса күрделі тақырып болғандықтан бұл мақаланың мақсаты емес. Бірақта материялдық кедейлікті рухани байлық пен адами сана арқылы бақылауға ала білсе, ол адам қоғамдағы өз кетігін таба алады. Ал, керісінше жүйелі жолдар арқылы дұрыс бағытын тауып қоғамдық орнына орныға алмаған адам адасу жолына түсіп кете береді. Екінші жағынан қазақ баласы билік пен байлыққа тәуелді болып пенделік тәкаппарлық табиғатына сай қаншама қоғамға мұқтаж адам екендігін сезе алмаса қазақ ұғымына сай «жетім» күйін кешеді. Ол халқының қалаулысы да елеулісі де бола алмайды. Ондай билер мен байлар әділсіз қоғамдық қарым-қатынастар арқылы қоғамның соры болып, елді де жетім күйге түсіреді. Қашаған жырау ондай жағдайды:
«Хакімі әділ болмаса,
Бұқара байтақ ел жетім», деп жырына өзек етеді. Жалпы алғанда адам қоғамға мұқтаж. Қоғам да адамға мұқтаж. Адам өз қабілетінің шектеулі екенін ұмытпау үшін ұдайы Алла тағаланы естен шығармау керек. Өйткені тек қана Алла тағала ешкімге, еш нәрсеге мұқтаж емес. Ал, барлық жаратылыс Алла тағалаға мұқтаж. Себебі Алла тағала бүгіл әлемнің жаратушысы. Құран кәрімнің Ықылас сүресінде бұл жайыт Алла тарапынан анық та айқын айтылған.
Осы тұста жырау адам мен табиғаттың да өзара байланысын ұмыт қалдырмайды. Жырау:
«Қаптаған елі қонбаса,
Жайылған малы болмаса,
Көкорай шыққан балқашы
Жеусыз тұрып сорласа,
Ел қонбаған жер жетім.
Ішсең суы құрсағыңа жақпаса,
Адам менен мал түгіл,
Қаңғырған қарсақ татпаса,
Ащы дария көл жетім», деген жолдары адам мен табиғаттың болмысы бір-бірімен тоқайласып жатқанын нұсқайды. Қашаған жырау «бұл дүниеде не жетім?» өлеңінде әуелі тіршіліктің үш тірегін қатарынан анықтайды. Олар: адам, қоғам, табиғат.
Одан кейін қазақ қоғамының өз заманына сай салт-дәстүріне орайластырып қоғамның көңілін ардагер қарияларға аударады. Қариялардың қоғамнан оқшауланып, кейінгі ұрпаққа қажетсіз болып қалған жағдайын қазақтың психологиялық ұғымына сәйкес жетімдерге балайды. Жырыу:
«Жетпістен жасы асқанда,
Сексенге аяқ басқанда,
Жастар елеп келмесе,
Келіп сәлем бермесе,
Қайғысы келіп көңренген,
Күнінде асыл десең де,
Қартайған күнде ер жетім», деп түйіндегені де адам өмірінің бір кезеңінде көрініс табатыны да шындық. Сол себептен қазақ психологиясының өзгере қоймайтын бұл түйсігіне орай әр кезеңнің қоғамы қариялар үшін дұрыс көзқараспен қабылдаған шешімдері оларды жетімсіретпейді. Өмір жолын алдыңғы ұрпаққа ерен еңбек етіп өткізген қарттар егер де жаңа ұрпақтың жадында құрметке бөленіп жүрсе, алдағы қысқа өмірін жетімсіремей өткізер деген үмітпен қарттардың психологиялық ахуалы жыраудың өлең жолдарына өзек болып отыр. Өйткені адамзат өмірінің соңғы кезеңінде елеусіз қалса, тиісті сый-сияпат көре алмаса өткен өмірінен мән-мағна таба алмай адамдық болмысы таба болғандай күй кешеді. Елеусіз қалған қазақтың кемпір мен шалына одан артық қасірет те бола қоймас. Қашаған жыраудың қарттар жөніндегі ой сабақтастығын мына өлең жолдарында да байқай аламыз. :
«Қырға шықса - белім деп,
Ойға түссе - тізем деп,
Келін менен балаға
Қонақ болған уақытта,
Басынан билік кеткен соң,
Кемпір менен шал жетім».
Қашаған жырау адам мен қоғам, қағам мен табиғат арасындағы психологиялық байланыстарды тереңдете келе, ел басшыға мұқтаж, басшы таққа мұқтаж екенін жыр еткен. Ол:
«Тақтан түскен хан жетім,
Басшысыз қалған шәр жетім»,дейді.(шәр: шаһар- қала, ел, мемлекет) Бұл өлең жолдарында жырау хан мен мемлекеттің бір-біріне қажет екендігін нақтылайды. Өйткені хан тағында халқымен, елімен қауыша ала алады. Тақтан айрылғаны ханның елден қол үзгені болып табылады. Сондай-ақ тағы жоқ ел, басшысы жоқ ел. Басшысы жоқ ел жетім қалған ел демек. Қазақ тәрбие көрмеген адамды «бибастақ» деуі де осындай түсініктен шығады. Басы жоқ ел бибастақ елге айналады.
Қорыта айтқанда Қашаған жырау өз заманының қоғамдық психологиясына терең үңіле отырып, қазақ халқы өз кеңістігінде адам болып өмір сүруге тиіс екенін, нақтылап береді. Адам баласының табиғатындағы психологиялық ерекшелігі оның қоғамға мұқтаждығы, әрі оның қоғамға керектігі. Ал, адамдар осы екі бағытта елеусіз қалса, оның салдарынан жетімсірей жүріп бақытсыздыққа тап болады. Сондай-ақ жырау адам, қоғам мен табиғттың тағдыры бірі-бірінен ажырамас тағдыр екенін айқындайды.
Сөз соңында айтарымыз: Қашаған жыраудың шығармалары психологиялық, қоғамдық, саяси, педагогикалық, тілдік, көркемдік тұрғыдан қазақ мәдениеті мен әдебиетіне қосқан үлесі үшін әлі болса жан-жақты тереңдете зерттелуге тиіс демекпіз.
Ислам ЖЕМЕНЕЙ,
шығыстанушы, филология ғылымдарының докторы, профессор
http://ushqiyan.kz/?p=4075