Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Жаңалықтар 4565 0 пікір 28 Қыркүйек, 2011 сағат 06:51

Нұржан МҰХАМЕДЖАНОВА: КӨРЕРМЕН АЛДЫНДА ҰЯТТЫ БОЛМАУҒА ТЫРЫСАМЫЗ

Нұржан МҰХАМЕДЖАНОВА, «Қазақстан» телерадио корпорациясы» АҚ басқарма төрайымы:

- Нұржан Жалауқызы, кезінде «Қазақстан» телеарнасына қатысты сын аз айтылған жоқ, бұл төңіректе дау жетерлік болды. Басшылығы жиі ауыса беретін корпорацияға «ұлтжанды тұлға керек» деп үндеу жариялаған басылымдар да, оларға қол қойған зиялы топ өкілдері де болды. Соның бәрі артта қалып, корпорация тізгіні Сізге тапсырылған соң, «Қазақстан» ұлттық арнасы үстіміздегі жылғы қыркүйек айынан бастап барлық бағдарламасын мемлекеттік тілге көшірді. Жаңаша сипаттағы телеарнаның жаңа телевизиялық маусымы өз көрермендерін несімен қуантады?

Нұржан МҰХАМЕДЖАНОВА, «Қазақстан» телерадио корпорациясы» АҚ басқарма төрайымы:

- Нұржан Жалауқызы, кезінде «Қазақстан» телеарнасына қатысты сын аз айтылған жоқ, бұл төңіректе дау жетерлік болды. Басшылығы жиі ауыса беретін корпорацияға «ұлтжанды тұлға керек» деп үндеу жариялаған басылымдар да, оларға қол қойған зиялы топ өкілдері де болды. Соның бәрі артта қалып, корпорация тізгіні Сізге тапсырылған соң, «Қазақстан» ұлттық арнасы үстіміздегі жылғы қыркүйек айынан бастап барлық бағдарламасын мемлекеттік тілге көшірді. Жаңаша сипаттағы телеарнаның жаңа телевизиялық маусымы өз көрермендерін несімен қуантады?
- Барлық бағдарламаны мемлекеттік тілде көрсету - биылғы маусымдағы үлкен жаңалығымыздың басы ғана. Оған дайындалу уақыты аз болғанмен бірталай шаруалар атқарылды. «Қазақстан» ұлттық арнасының бағдарламалар жүйесін толықтай қазақ тіліне көшіру айтқанға жеңіл болғанмен, шығармашылық әрі техникалық мүмкіндікті үйлестіру арқасында қыркүйек айының бірінші күнінен бастап жүзеге асты. Көрермендер үшін сапалы да мазмұнды жобаларды ұсынуды басты мақсат етіп қойдық. Ең бастысы, біз мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тапсырмасын орындап, халыққа мейілінше жақындай түсетін боламыз. Биылғы телемаусымның басты жаңалығы - халқымыздың көкейтесті мәселелерін бірлесе талқылап, шешімін күткен істердің күрмеуін көрермендермен бірлесе іздеу. Мәселен, осы күндерде көрермендер назарына ұсынылған «Алаң» атты бағдарлама осы заманның ең өзекті сауалдарын ортаға тастап, соған түрлі топтар мен жекелеген қайраткерлердің пікірлерін беруге арналған. Шынында, біздің мемлекетіміздің талайларды толғандыратын мәселелері қалалардың алаңдарында емес, телестудияның алаңында сөз болғаны дұрыс деп ойлаймын. Халықтың көкейінде жүрген түрлі тақырыптар телевизия арқылы басталып, одан партиялардың, Парламенттің, тіпті үкімет отырысының талқылауына түсіп жатса - біздің ойымыздың орындалғаны.
Сондай-ақ, Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы қарсаңында елімізде қаншама жаңа өндірістер іске қосылды, қаншама жұмыс орындары ашылды десеңізші. Оларда еңбек істеп жатқан қарапайым адамдардың тыныс-тіршілігін көрсетіп отыру да біздің басты борышымыз. Бұл «Даму» сияқты апталық бағдарламалармен қатар күнделікті шығатын Жаңалықтарға да қатысты. Осы қыркүйек айынан бастап біздің Жаңалықтарымызда сүйекті, проблемалық сюжеттердің кемінде екі-үшеуі өтіп жатыр. Оған көрермендердің көзі үйренді. Қазір түрлі облыстардан осындай жағымды жаңалықтарға толы хабарларды күтетін болды. Демек, телевизиялық маусымның ең үлкен жаңалығы - «Қазақстан» ұлттық арнасының 100 пайыз мемлекеттік тілде шығуымен шектелмей, мемлекет үшін маңызды, халық үшін қажет тақырыптарды тайсалмай көтере білуі.
- 100 пайыз мемлекеттік тілде хабар тарату тапсырмасы корпорация құрамындағы филиалдарға да қатысты ма?
- Көптеген көрермендерді айтпағанда аймақтардағы 14 филиалдың жауапты қызметкерлерінен осы орайлас сұрақ түскен. Мемлекеттік тілде жұмыс істейтін арна туралы тапсырма Елбасы тарапынан «Қазақстан» телеарнасына қатысты айтылғанын білесіздер. Демек, 100 пайыз қазақшаға көшу әзірге облыстық филиалдар үшін міндет емес. Бірақ телевизиялық өнім өндіргенде әр облыстың әлеуметтік-демографиялық құрамын ескеру өте қажет. Айталық, Қызылорда мен Қостанай облыстарының апталық эфир кестесі тілдік пайыз жағынан екі түрлі болуы мүмкін. Өйткені эфир саясаты сол облыстағы көрермендердің ұлттық құрамын ескере отырып жасалады.
Тағы бір назар аударатын жайт, ол - «Қазақстан» телерадио корпорациясы құрамындағы 13 облыстық және 1 қалалық филиал кейінгі жылдары «өзін-өзі асырау» тәсіліне көшірілгені. Корпорация олардың іргелі техникалық және базалық мәселелерін шешу үшін қаржы бөледі. Ал бағдарламаны дайындау мен шығару, жалақы, коммуналдық қызмет және басқа шаруашылық шығындары филиалдың өз кірісі есебінен жабылады. Әрбір облыс қазақтың бейнелі сөзімен айтқанда, «көрпесіне қарай көсіледі». Олардың кірісі облыстық, қалалық және аудандық тапсырыстарға қатысты. Демек, тапсырыста бағдарламаның екі тілде әзірленуі көрсетілсе, филиал соны орындайды.
Қайталап айтайын, әрбір жергілікті телеарна облыста тұратын халықтың талап-тілегін ескере отырып қызмет етеді.
- Нұржан Жалауқызы, кейінгі кезде «қазақтілді бағдарламалар Ресейден айнытпай көшірілген» деген сын жиі айтылады. Осы көшірме дегеннен қалай құтыламыз? Қазақтың өз таным-түсінігіне сай хабарлар жасау үшін не қажет?
- «Қазақ тілінде эфирге шығатынның бәрі көшірме» дегенді телевизиялық технологияның байыбына бармайтын жандардың үстірт пікірі деп есептеймін.
Егер біздің әлдебір телеарнамыз шет елдің, іргелес Ресейдің танымал хабарын олардың келісімінсіз қазақ тілінде жасайтын болса, оның аты - көшірме емес, ұрлық. Халықаралық заңдар кеңістігі кеңейген, авторлық құқықтар шекаралармен шектелмейтін мына заманда ешбір телеарна ондай көпе-көрнеу ұрлыққа бара алмайды. Ал әлемнің бірнеше елінде көрсетіліп, барынша үлкен аудитория жинаған, соған орай елеулі табыс түсірген жобаларды құқық иелерімен шарт жасап, лицензия арқылы алатын болса, бұл - әлемдік тележобаны өз көрерменіне заң аясында жақындату болып табылады. Бұл жай көшірме де емес. Қазақстандық нұсқа. Белгілі үлкен жобаның қазақ тіліндегі нұсқасы. Айталық, төртінші маусымын ашып жатқан «Екі жұлдыз» осындай жоба. Міне, жекелеген әріптестер, көрермендер осы арасын ажырата бермейді. Дәл қазіргідей ақпараттық кеңістік қарыштап дамыған заманда, спутниктік жүйе арқылы, интернет арқылы ақпараттар алмасу қанат жайған кезеңде шығармашылық ой мен жобалардың ұқсастығы, қайталануы заңды құбылыс.
Енді «қазақтың таным-түсінігіне сай хабарлар жасау үшін не қажет?» деген сауалыңызға келейік. Алдымен «қазақтың таным-түсінігі» дегеннің өзі не? Біз басқа әлеммен араласпайтын, джунглидің бір түпкірінде өмір сүріп жатқан тайпа емеспіз ғой. Қазақ елі өркениеттер араласқан, түрлі ұлттар мен нәсілдер тоқайласқан, әр түрлі діндер мен тілдер түсініскен Еуразия материгінің ең ортасында отырған жоқ па? Бізге ғылым жетістіктері, техникалық табыстар, ақпараттық технологиялар жат емес. Саяси өміріміз де халықаралық стандарттарға сәйкес дамып келеді. Қазақстандықтардың білім деңгейі әлем бойынша жоғары орындардың бірінде. Осының бәрін жылы жауып, ешкіммен араласпаған, ешнәрсені ескермейтін томаға-тұйық ғасырдың телевидениесі болуымыз керек пе? Еуропаның да, Азияның да түрлі бағдарламаларынан хабары бар көрерменнің өзі мұнымен келісе алмас.
Ал қазақ көрерменінің қазіргі талап-тілегіне сай жобалар жасау керек десек, онда сөз басқа. Біз қазір осы бағытта талпыныс жасап жатырмыз. Әлбетте тележоба өндіру - бір күннің ісі емес. Қазір басталған шығармашылық жұмыстың нәтижесі бірнеше ай, тіпті бір жыл өткенде көрерменнен лайықты бағасын алатыны анық. Әзірге айтарымыз, көрермен алдында ұятты болмауға тырысамыз.
- «Қазақстан» арнасы мемлекеттік тілге көшу барысында көрермендердің біраз бөлігін жоғалтуы мүмкін деген пікір бар. Біздіңше, бұл жаңсақ пікір. Орыстілді аудиторияның басым бөлігі қалалық жерлерде тұрып, кабельдік телеарналар мен қалалық арналарда отыр. Олар онсыз да «Қазақстанды» іздей қоймайтын. Бұл жағынан қорықпау керек. Ал жарнама берушілердің біраз бөлігін жоғалтады деген күдікпен келісуге болады. Дегенмен, ана тілімізді асқақтату жолында осындай құрбандыққа бармай болмайды. Сіз не дейсіз?
- Туғанына 100 жыл толған тойын бүкіл қазақ халқы атап өткен Бауыржан атамыз бір бидің сөзін жиі ауызға алады екен. Онысы: «жеңу үшін - жеңілдім» деген сөз. Мұнда ғажап тактикалық әдіс жатыр. Баукеңнің тәнті болуы тегін емес. Сіз айтқандай жарнаманың бір бөлігін жоғалтып жатсақ, ол - уақытша жеңіліс. Алдағы үлкен табыстарға барар жолдағы шегініс деп білемін.
Біз әрбір көрермен үшін күресеміз. Оның ішінде сіз айтқандай әзірге орыстілді арналарда отырған көрермендерді қайтару үшін жұмыс істейміз. Ол үшін қазақ тілін мықты білетін журналистерді ғана арнамызға топтастырмаймыз, қазақ тілімен қоса орыс және ағылшын, сондай-ақ, басқа да тілдерді меңгерген білікті мамандарды топтастыруды мақсат етіп қойдық.
Өйткені, тіл - тек ақпаратты жеткізгіш құрал. Бастысы - ой мен идея. Идеясы көп адамға қандай тілдегі арнада қызмет атқарудың айырмашылығы жоқ. Сапалы бағдарлама дайындау үшін сапалы мамандар болуы керек.
- «Балапан» арнасының қазіргі аяқ алысы жаман емес. Дегенмен, қазақ тіліне аударылған мультфильмдерде кейде Христосты мадақтаған, Рождествоны ұлықтаған әндер айтылып жатады. Осындай жайттер ата-аналардың ренішін тудыратыны заңды. Мультфильмдерді тәржімаламас бұрын осыны да қаперге алса деген тілегіміз бар...
- Сізбен келісеміз. Бірақ мына екі жайтті ұмытпайық. Бірі - объективті, екіншісі - субъективті жайт.
Екіншісінен бастайын. Жоғарыда айтқанымдай, телевизияның табиғаты жеміс ағашы сияқты. Жемісті күтетін уақыт ұзақ. Бір күнде бәрін өзгерте алмаймыз. Кейбір фильмдер, оның ішінде мультфильмдер ертеректе сатып алынып, одан дубляж жасалып, эфирге енді ғана шығып жатуы мүмкін. Келісімшарт деген бар. Шығарылған шығын өз алдына. «Мен жаңадан келдім, бәрін жаңаша жасаймын» деп ойсыз қадамдар жасау жаңсақтық болады. Кезінде сатып алынған мультфильмдерді шарт бойынша көрсетуге тиісті болсақ, олар эфирде жалғасын табады. Ал енді алынатын, келер жылдан бастап көрсетілетін фильмдер мен мультфильмдердің мазмұнына көңіл міндетті түрде бөлінеді. Ондағы жауапкершілікті толық мойныма алатынымды мәлімдеймін. Бұл - мәселенің субъективті жағы.
Объективті жағына келгенде, біздің жас көрермендер жер бетінде қандай тарих болғанын, қандай құбылыстар жүріп жатқанын көңілге түюі керек. Олар Рождество мен Құрбан айттың не екенін білмей, Христос пен Мұхаммед Пайғамбардың кім болғанын білмей саналы, салауатты азамат болады дейсіз бе? Жоқ, қайта балалар барынша білім жинасын. Рождествоны мерекелеу міндетті емес, бірақ ондай мереке барын, оны кімдер мерекелейтінін білуі керек қой. Демек тәрбие тыйым салу, жолды жауып тастау арқылы емес, керісінше барлық жолды көрсете отырып, соның бізге қажеттісін түсіндіру арқылы жүргені жөн.
- «Балапаннан» көрсетіліп жүрген «Алдар көсе» мультфильмі кішкентай көрермендердің көңілінен шыққан сыңайлы. Тап осындай ұлттық танымдағы дүниеге сусап отырғанымыз рас. Соңғы кезде «Қазақмультфильм» студиясын құру туралы мәселе көтеріліп жүр. Осындай студияны «Қазақстан» корпорациясының жанынан құруға мүмкіндік бар ма?
- Телеарналарға ең жетпейтін өнім мультфильмдер екені баршаға мәлім. Біз «Балапан» арнасы ашылған бір жылдың ішінде «Қазақфильм» түсірген 32 мультфильмді әлденеше рет көрсеттік.
Жалпы, оны түсіру өте қымбат. Біріншіден, осы заманғы техника жабдықтары шет елден әкелінеді. Енді соны меңгерген мамандар даярлауға тура келеді. Нансаңыз да, нанбасаңыз да, көп сериялы мультфильмді апта сайын ұсынып отыру үшін қуатты отыз-қырық компьютерде жүздеген маман еңбек етуі керек. Дәл қазір мұны «Қазақфильмнің» де, «Қазақстан» корпорациясының да бюджеті көтермейді. Әйтсе де, алдыға жылжу мақсатымен, «Балдырған» атты көп сериялы мультфильмге тапсырыс бердік.
Алдағы уақытта Астанада салынып жатқан Медиа орталықта жаңа техникалық мүмкіндіктерді пайдалана отырып, балаларымызға арналған мультфильм өндірісін бастау ойымызда бар.
- Биыл бұйырса «Мәдениет» арнасы, келер жылдан бастап «Білім» арнасы жұмыс істемек. Бұл арналардың бағыт-бағдары қалай болмақ?
- «Мәдениет» арнасының тұжырымдамасын Ақпарат және байланыс министрлігіне ұсынып бекіттірдік. Қазір соңғы әзірлік жұмыстары жүріп жатыр. Алдағы аптадан көрерменге ұсынатын боламыз. Бұл Қазақстанның мәдени саласын толықтай қамтитын арна болып табылады. Телеарна еліміздегі алғашқы сандық спутниктік пакет арқылы және кабельдік арналар арқылы тарайтын болады. Әрине, эфирлік толқын арқылы тараса көрермен әлдеқайда көбірек болатын еді. Ал «Білім» арнасын ашуды Үкімет кімге жүктесе, сол компания айналысатын болады. Өз басым ондай арна халыққа өте қажет деп санаймын.
- Телеарналардың Ресейге сатылуына қалай қарайсыз? Мәселен, Сіз бұған дейін басшылық қызметте істеген 31-арнаның акциясының 20 пайызы ғана СТС арнасына тиесілі дегенмен, негізгі тізгінді ресейліктер ұстағаны рас емес пе? Басқа арналар туралы да осындай сөздер айтылып қалады.
- Қазақстанның қай саласына болмасын шет ел инвестициясы келген, әлі де келіп жатыр. Соның көмегімен біз мұнай мен газ, металлургия, авиация, коммуникация, құрылыс, ауыл шаруашылығы, медицина, сақтандыру, білім беру, тағы басқа салаларда бұрын болмаған өзгерістер жасадық. Оның нәтижесін бүкіл халық көріп отыр. Қазақстанға шет ел инвесторлары арқылы бұрын болмаған техника, технология, басқару менеджменті келді. Іргелес Қытайдың қарқынды дамуы да «ашық есіктер» саясатынан басталғаны мәлім. Еліміздің Президенті Нұрсұлтан Назарбаев инвесторлармен жұмыс істеуде ТМД тұрмақ, Шығыс Еуропа елдеріне үлгі болады. Осындай инвестиция арқылы дамып жатқан саланың бірі - телевизия.
Түркияның да үкіметтік емес арналары Батыс Еуропаның үлгісімен және тікелей инвестициясымен дамыған. Ресейде осы тәжірибе сонау НТВ дәуірінен басталды. Одан түрік пен орыс көрермені ұтпаса, ұтылған жоқ қой.
Демек, біздің жекеменшік телеарналардың шет ел инвестициясынан бас тартуы дұрыс болмас еді. Тек бәрі заң аясында болуы керек. Ақпарат құралдары акциясының қанша бөлігін шетелдіктерге беруге болатыны заңмен белгіленген. Сол сияқты шет ел инвестициясын қорғаудың да өз тетіктері бар. Азаматтардың бас амандығы мен ожданының қорғалуына Конституция кепілдік береді. Оның бәрін бақылап отырған орган - Бас прокуратура бар. Демек, бұл орайда бәрі заң аясында, әрі қазақстандық көрермендердің игілігі үшін атқарылып жатыр деп санаймын. Оқырмандар үшін түсінікті болсын - 31-телеарнада қазақстандықтар қызмет етеді және халықаралық медиахолдингтің қыр-сырын меңгерген телеменеджерлердің жаңа сапалы мамандар болып қалыптасуларына үлкен мүмкіндіктер бар.
- Соңғы кезде қоғамда қызу талас тудырған мемлекеттік тілге қатысты зиялы қауымның ашық хатына байланысты Сіздің ойыңыз қандай?
- Ең бастысы, кім болса да, мемлекеттік тілді дамытуды, оны меңгеруді саясатқа айналдырмаса екен деген тілек. Біз жаңалықтарымызда, «Апта kz» бағдарламасында бұл тақырыпты кеңінен талқыладық. Алдағы кезде «Алаң» жобасының алаңына тіл мәселесіне қатысты ой өрбіткісі келетін азаматтарды шақыру жоспарымызда бар.
Менің ішкі пікірім өте қарапайым. Ана тілді білу, өзің өмір сүріп жатқан елдің мемлекеттік тілін білу еш талас тудырмайтын ақиқат екенін өзін қазақпын деген, қазақстандықпын деген әрбір азамат түсіне білсе деген ой-арман. Ұлттық телерадио корпорацияның басшысы ретінде айтарым: еліміздегі ұлттық телерадио индустриясының әлемдік стандарттарға сай дамуына әрі ұлтымыздың құндылықтарын асқақтата отырып дамуына қомақты үлес қосу - басты мақсатымыз болып қала бермек.

Сұхбаттасқан - Қуат ӘУЕСБАЙ

http://www.halyksozi.kz/news/view/id/881

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2052