Ұйымдағы Қырғызстанның тұрақты өкілі Данияр Мұқашев Қазақстан халықаралық сауда ережелерінің талаптарын бұзғаны жөнінде баяндама жасады. Онда ол 2019 жылдың наурыз айынан бері Қырғызстаннан үшінші елге баратын жүк көліктерін негізсіз тоқтатылып, тексерілетінін атап өткен.
Сол себептен Қырғызстан экспорты 2019 жылы 24,4 процентке азайғаны айтылады.
Қазақстан тарабы болса, бұл дәйектерді теріске шығарды. Қазақ тарабы келтірген деректерге сүйенсек, Қырғызстаннан өтетін тауарлар контрабандалық жолмен өтіп, салықтар төленбей, мемлекет қазынасына зиян әкеліп жатыр.
Қазақстанның Кірістер комитетінің өкілі Олжас Отартың айтуынша, үшінші елге өтетін тауарлар көбінде Қазақстан аумағында қалып, сатылатынын айтқан.
"Мысалы, соңғы үш ай ішінде 601 заң бұзу фактісі анықталды. Олардың құжаттарында жүкті Қазақстан арқылы Ресейге жеткізетіні көрсетілген. Бірақ бұл тауарлар Қазақстан аумағында сатылған. Жалпы бағасы 5 млрд теңге болатын бұл сауда жүктерінен 600 млн теңгеге жуық салық алынуы керек еді. Осындай көріністер жол берілмес үшін, біз жүк көліктерін тексеруге мәжбүрміз", - деген Олжас Отар.
Abai.kz