Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Жаңалықтар 4045 0 пікір 30 Қыркүйек, 2011 сағат 05:43

Досай КЕНЖЕТАЕВ. «Қазақстанда ислам дінін тарату тұжырымдамасы». Ол қандай?

«Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңның жобасы  Мәжіліс қарауынан өтісімен кеше сенатта да мақұлданып үлгерді. Алайда, аталған заң жобасы Президент қол қойып бекіткенге дейін қоғамдық пікір талқысына түсе беретін түрі бар. Төмендегі мақалада аталған жобаның олқы тұстарына байланысты Abai.kz ақпараттық порталының тұрақты авторы Досай Кенжетав (суретте) сауатты сын айтады.

....................................................................................................................................................

 

«Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңның жобасы  Мәжіліс қарауынан өтісімен кеше сенатта да мақұлданып үлгерді. Алайда, аталған заң жобасы Президент қол қойып бекіткенге дейін қоғамдық пікір талқысына түсе беретін түрі бар. Төмендегі мақалада аталған жобаның олқы тұстарына байланысты Abai.kz ақпараттық порталының тұрақты авторы Досай Кенжетав (суретте) сауатты сын айтады.

....................................................................................................................................................

 

Қазақ елі ондаған ғасыр бойы ислам дінін қабылдау арқылы осы өркениеттің ажырамас бөлігіне айналды. Демек исламды қабылдау ерекшелігі бар, өзіндік тарихи, танымдық, дәстүрлі мұсылмандық түсінігі қалыптасқан елміз. Қазақ елі исламдық ғылым мен өркениетке өзіндік үлес қосты. Демек тарихта діни ғұламалары бар, діни тәжірибелері нақтыланған, дінді ұғыну, түсіну және түсіндіруде рухани базасы бар елміз. Бірақ кешегі ориенталистік тенденциялар қазақты исламның өгей баласы ретінде танытып келді. Бұған кезінде тәуелсіз елдің басшысы ретінде елбасымыз «Дініміз ислам, кітабымыз Құран, тегіміз түрік» деген анықтамасы арқылы жауап берді. Шындығында қазақ елі тарихи және кеңістіктік тұрғыдан да Батыс пен Шығыстың, яғни ислам мен христиан әлемін жалғастырушы көпір қызметін атқарып келеді. Бұл да Қазақстанға геополитикалық жауапкершілік жүктеп отыр.

 

Дегенмен, өткен ғасыр атеизмге негізделген кеңестік, имманенттік жабық жүйе, дәстүрі мен діні біте қайнасқан қазақ ұлтының құндылықтар кешенін тұншықтырып бақты. Алайда, төл мұсылмандық түсінігіміз бен діни сана өз тіршілігін толық жоғалтқан емес. Бұл құбылыс қазақ мәдениеті мен ділінің болмыстық тұрғыдан исламмен сіңісіп кеткендігіне дәлел бола алады.

Ал, енді тұжырымдамада осы шындық туралы айтылмайды. Кешегі орыс ориенталистикасының сарыны байқалады. Алдымен қолданылған ұғымдар мен категориялар шеңберінде түсінбестік туындайды. Мысалы «доктрина», «бағдарлама», «тұжырымдама» бұлар өз алдына бөлек жеке категориялар. Екіншіден тұжырымдаманың мақсаты «ислам дінін тарату» ретінде көрініс берген. Бұл да біздің мемлекеттілік тарихы мен ұстанымына сай емес. Мысалы жай ғана культурологиялық тұрғыдан Қазақстан мемлекетінің негізінде қазақ мәдениеті, ал қазақ мәдениеті өзегінде ислам діні аксиологиялық жүйе ретінде болмыстық мәнге ие дейтін болсақ, онда тұжырымдамадағы «ислам дінін тарату» тіркесі орынсыз. Оның орнына ислам дінін дамыту десе дұрыс болады. Сонда ғана бұл тіркес Қазақстан республикасының құқықтық негізіндегі басты ұстаным зайырлылыққа да нұқсан келтірмейді. Себебі кез келген зайырлы мемлекет дін жаюмен айналыспайды, керісінше болмыстық тұрғыдан өзінің діни құндылықтарын дамытуға оның еркін тіршілік етуіне ықпал етеді. Елбасының тікелей бақылауымен жүргізіліп келе жатқан «Мәдени мұра» бағдарламасында дінімізге қатысты еңбектер мен қолжазбалар әлемнің төрт бұрышынан әкелініп, ғылыми айналымға еніп жатыр. Бұл да дінді дамытуға бағытталған игі бастама.

 

Әрине, тұжырымдама авторының ниеті дұрыс болуы мүмкін, бірақ бүгінгі жаһандық үдерістердің ішінде отырған еліміздің ресми өкілінің аузынан шыққан әрбір ұғым мен категория өте терең білім мен сауаттылыққа негізделуі тиіс. Автор арабист ретінде араб тіліндегі «нашрийат» (тарату, жаю) сөзін тікелей қазақшалаған болуы ықтимал.

Сосын тұжырымдама (концепция) философиялық категория. Оған себеп ретінде көрсетілген «себептер» көбінесе құбылыстар мен салдарлар. Бұл да тұжырымдамаға нұқсан келтіріп тұр. Мысалы, «ислам дінінің саяси құралға айналуы», «өркениеттердің қақтығысы», «лаңкестік», «араб елдеріндегі бүліктер»,» Батыстың саясаты» және т.б. бұлар бүгінгі теориялар мен құбылыстар. Бұған жаһандық үдерістер негізіндегі құндылықтық жарыстар себеп болып отыр деген жөн.

Сонымен қатар «өлімді жерде молда семіреді», «хижаб киюді дәріптеу», «араб дәстүрінің белең алуы» және т.б. бұлар бүгінгі Қазақстандағы діни ахуал көріністері, яғни салдарлар. Бұлар да бүгінгі қоғамда діни танымның әртектілігінен, және соған мүмкіндік берген бақылаусыздықтан туындап отыр.

 

«Иранның қазақ жастарын өз елінде оқыту арқылы Қазақстанда шиизмді тарату саясаты» бұл өте нәзік, батыл әрі күрделі пікір. Расында Иранның Қазақстан үшін дәл осындай саясаты бар ма?­ Мұндай пікірді зерттеушілер емес, елші сипатында болған, ресми үкімет өкілі айтса, ол халықаралық байланысқа қалай әсер етеді Бұл жерде де көп ойланарлық жәйттер баршылық.

 

Меніңше бүгінгі Қазақстандағы діни ахуалды ғылыми негізде талдап, сараптап, оған тарих бойына қалыптасқан діни тәжірибелерімізді қайтадан таразылап, бүгінгі күн талаптарына сай баға беріп, одан әрі дамыту стратегиясын жасау ұсынысын берген жөн. Ешқандай негізсіз бірден «байсалды ислам» деген анықтама беріп, қолданған тіркесінің мазмұнын ашып көрсетпей жатып ұрандау ешқандай салиқалы ұстанымға жатпайды.

Осы орайда тағы бір айта кететін нәрсе - ол: діни сенім біреу сондықтан ислам да біреу. Оның екіншісі, үшіншісі жоқ. Мысалы «классикалық ислам», «халықтық ислам», «радикалды ислам», «қазақы ислам», «байсалды ислам» т.б. тіркестер бұлар дінді бөлшектеуге бағытталған ориенталистік, батыстық тенденциялар. Ал діни таным көп, сондықтан мұсылмандық формалары да көп. Бұл табиғи процесс. Діни тәжірибенің тарихи, мәдени, кеңістіктік, методологиялық және танымдық ерекшеліктер арқылы қалыптасатындығын ақылға сүйенгендерден ешкім жоққа шығарған емес. Бірақ салафиттер, яғни исламдағы революционерлер бұл шындықты мойындағысы келмейді. Ал шын мәнінде исламның рухына революция емес, эволюция тән.

Тағы бір қырына тоқтала кететін болсақ, «байсалды ислам» тіркесі Батыс европалық саясатшылар мен ориенталистерінің Таяу Шығыс үшін ұсынып отырған саяси ойыны. Осы ұғым арқылы араб ислам елдеріне өз дегенін жұтқызып отыр. Оның мазмұнына да әсер ету арқылы жаһандық үдерістерді өз бақылауында ұстап отыр. Демек жаңа ұғым жаңа құндылық. Жаңа құндылық Батыстыкі, Шығыс тұтынушы ғана. Оның иесі қалай қолданғысы келеді өзі біледі. Міне осындай мақсаты біз үшін беймәлім ұғымдарды таразыламай жатып көшіре салсаңыз, бұл қазақша айтқанда «балалық» болады. Сосын ертең «қашан кетер біздің елден балалық» деп зарлағанмен кеш болады. Батыс осы анықтама, ұғымды сенің ұраныңа айналдырып, Таяу Шығыстағы бүліктерді Қазақстанға транспорттауға мүдделі. Бұл да мәселенің саяси астары. Жалпы «тумаған балаға ат қоюға болмайды». Сол сияқты Қазақстанда «байсалды ислам таратамыз» деген дабыра тумаған балаға ат қоюмен бірдей. Дұрысы менің ойымша, Қазақстанда ислами білім мен ғылым, діни құндылықтарды дамытудың жолдарын тарихи сабақтастықты жаңғырту негізінде, стратегиялық, жүйелі, тұжырымды механизм жасау қажет. Ол үшін күрделі, кешенді зерттеулер, халықаралық байланыстар, әлемнің төрт бұрышындағы кітапхана қорларымен, олардың озық тәжірибелерінен пайдалануды ұйымдастыру керек. Ал енді ҚР ғылым академиясында, Шығыстану институтында, Ұлттық кітапханадағы осы мақсатқа жарайтын қол жазба қоры саусақпен санарлық. Себебі белгілі, отандық діни тәжірибеге қатысты деректердің көзі жойылған, аман қалғаны тоналған. Өзбекстандағы, Туркиядағы, Мысырдағы, Ирақтағы, Ресейдегі т.б. кітапхана қорларымен байланысуды жүйелі жолға қою керек.

Сосын Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының беделін арттыру үшін оның атауынан көрі мазмұнын өзгерту қажет, яғни діни кадр мәселесі, олардың қызмет ету мүмкіндіктерін, діни сауаттылыққа жету механизмдерін зайырлылық шеңберінде комментарии жасағанда діни істерге жаңаша дем беріледі.

Тұжырымдамадағы «мұсылман елдерінде муфтиды сайламайды, сол елдің басшысы белгілі бір мезгілге тағайындайды. Осы тәжірибені Қазақстанға да енгізу қажет» деген ойдың принциптік қателігі көрініп тұр. Қарапайым зайырлылық ұстанымымен үндеспейді. Агенттік төрағасының «мешіт Алланың үйі, сондықтан оған кісі атын беру ширк» деген ойы, муфтидың пәтуасындай көрініп тұр. Жалпы ислам тарихында кісі аттарымен аталған мешіттер аз емес. Мысалы «Нәби мешіті», «Сұлтан Ахмет мешіті», «Айя софия мешіті», «Баязид мешіті», «Құнанбай мешіті» сияқты. Мұның шариғатқа қатысы жоқ. Жалпы «ширк» деген пәтуаны бүгінгі «дін полициясы» болып жүрген салафилерге қалдырған дұрыс.

Қазақ топырағында тарихта уақыф мәдениеті болған. Мысалы Ясауи кесенесі үшін «Әмір Темірдің аманаты» деген атақты құжат сөзіміздің дәлелі. Осы дәстүрлі жүйені қайта жаңғырту қажет. Оны да ҚМДБ құзырында шешуге болады.

Тұжырымдамада «Бір ұлт бір дін» деген қағидатты енгізу бүгінгі Қазақстанның демографиялық, көп конфессиялық жағдайында революциялық үндеуге парапар. Оның көптеген себептері бар. Бұл жерде тарих еленбей отыр. Екінші мәдениеттер ерекшелігі ескерілмеген. Үшінші әрбір мұсылман халықтарының ақидалық, психологиялық және дүниетанымдық болмысына қысым жасалады. Мысалы азербайжандар мен тәжіктердің бір тобы шиа ағымында, шешендер шафиғи, курд, дунгандар ханбали, алауи, шиа. Бұл ағымдардағы халықтардың дәстүрі мен сомдалған діни түсініктері әртүрлі. Қарапайым мысал, өзбек ағайындар шариғат бойынша арабтар сияқты өздерінің немере туыстарымен үйлене береді. Ал қазақтарды бұл құбылыс шошындырады.

Тұжырымдамада «зайырлы» ұғымын кеңінен ашып көрсету қажет» делінген. Жалпы зайырлылық ұғымының аясы әбден нақтыланған. Керісінше зайырлылық ұстанымын қазақ тарихы тұрғысынан, мемлекеттілік қажеттіліктеріне сай қайта комментарии жасап, оған қажетті функцияларды жүктеу керек десе қосылуға болады.

«Хижаб» туралы айтылған пікір исламдағы реформаторлық әрекетке негіз болатын идея. Тұжырымдамада Құранда өз идеясына сай аяттарды ғана теріп алу ғылыми тафсир методологиясына қайшы келеді. Бұл әрекет ислам әлеміне күлкі болуымызға себеп болуы ықтимал. Хижаб мәселесін онтологиялық, доктриналық тұрғыдан емес, әлеуметтік, құқықтық шеңберде зайырлылық ұстанымы негізінде шешуге болады.

Қорыта келе автордың исламды дамыту ниетін қолдауға болады. Себебі бүгінгі жаһандық үдерістерде ислам дініне арнайы мемлекеттік бағдарлама керек ақ. Бірақ мұның ғылыми негіздері мен құқықтық механизмдерін қорытып, содан кейін барып стратегиялық бағыттарын жариялау керек еді. Себебі дінге қатысты мәселелерге өте үлкен сақтық пен жауапкершілік қажет. Онда ұран, эмоциялық, психологиялық үндеулерге орын беретін болсақ, керісінше ислам дініне зиян келтіреміз.

Жалпы діни сана, діни таным және діни тәжірибеге қатысты бүгінгі мемлекеттік және қоғамдық институттар аралық келісімге келуді идея ретінде алып, оның принциптерін тарихилық, тарихи сабақтастық тенденциясы шеңберінде жүйелі жүргізуіміз керек. Міне осы ойлар Н.Ә.Назарбаевтың «Сындарлы он жыл» еңбегінде кеңінен қамтылған.

Сөз соңында заңнамадағы зайырлылық ұстанымына жаңаша комментарии жасау уақыт талабы екендігіне байланысты ұсыныстарымды жеткізіп отырмын.

Ең алдымен мемлекет пен дін арасындағы қатынас нақтылану тиіс. Бұл қатынас зайырлылық арқылы нақтыланған. Бірақ, бұл жерде мемлекеттің дінге деген тарапсыздығы, дін ісіне араласпайтындығы ғана паш етілген. Ал дін феномені мен мемлекет арасында ешқандай байланыс көрсетілмеген. Кез келген демократиялық елдің заңнамасына назар аударсаңыз, дін бабы өз алдына бөлек қаралады. Содан кейін барып, діни бірлестіктер, тіркеу және бақылау принциптері және олардың түсіндірмелері орын алады. Секуляризм ұстанымындағы, ғылыми атеизмді негізге алған кешегі кеңестік жүйе заңы үшін дін жеке феномен ретінде қабылданбағандықтан, жеке дін бабының қажеті болмады. Олар тек қоғамдағы діни көріністерді, мінез құлықты ғана есепке алды. Біздің бүгінге дейін қолданып келген заңымыз да кешегі кеңестік жүйеден қалған мирас болатын.

Қазақстан мемлекеттілігінің негізінде қазақ мәдениеті жатыр, тілі қазақ тілі дейтін болсақ, онда, Қазақстан, тарихи онтологиялық тұрғыдан ислам дініндегі мемлекет деп көрсетіп, басқа әлемдік діндерді де құрметтейтіндігін енгізуіміз керек. Бұл зайырлылық ұстанымының реттеушілік қызметінің жандануы деген сөз. Зайырлылықтың реттеушілік қызметі қазақ елінің мемлекеттілігінің баяндылығының кепілі болады. Сонда қаптаған миссионерлер мен конфессиялардың қарқыны азаяды. Тіркеу ісінде де заң негізінде жаңа түсіндірулер мен талаптар пайда болады.

Екінші зайырлылық ұстанымы ұлттық құндылықтарды күшейтуге бағытталу керек. Ислам діні үшін дін, милләт және үммет категориялары біртұтас қаралады. Бұл оның әлемдік, адамгершілік, бауырмалдықты, бейбітшілікті паш ететін дін екендігінің көрінісі. Дегенмен, соңғы кездері умметшіліктің жасыл жалауын желбіреткісі келіп, біртұтас халифат құрғысы келетін діни топтардың саясаты мен ықпалы бізге де аз әсер етіп отырған жоқ. Исламның адамгершілік ұстанымын, саяси мақсатта комментарии жасап, Хизбут Тахрир, ал Каида, Жамиатул Муслимин, Таблиғ и Жамаға және тб. топтардың іс әрекеттері мен үгіт насихаттары толастар емес. Олардың жетегінде кеткен жастарымызды умметшіліктен ұлттық негізге бағыттайтын зайырлылық ұстанымының жаңа қызметіне қажеттілік бар. Сонымен қатар бұл қызмет демократиялық түсініктің үстем болуына да көмектеседі. Себебі, халифа, халифалық деген түсініктер «Алланың орынбасары, жердегі өкілі және солардың құрған мемлекеті» дегенге саяды.

Үшіншіден, негізінен демократиялық қоғамда, республикалық жүйедегі мемлекетте ғылыми таным мен діни таным басқа танымдық институттарға қарағанда басым болып, өзара параллель бәсекелестік жағдайында болады. Осы бәсекелестікті реттеп отыратын негізгі тетік зайырлылық принципінде жатыр. Бұл жерде діни сенім мен діни таным арасын ажыратып көрсету керек. Діни сенім догмаға, аянға ал, діни таным адамның білім алу мазмұнына, тәжірибеге, өмір сүрген ортасына, жамағат мүшелігіне қатысты қалыптасады және бүгінгі ғылым салалары арқылы дамиды. Мәне осы екі таным арасын реттеп отыратын да зайырлылық ұстанымы болуы тиіс. Сонда қоғамдағы бақсы, балгер, тіленші дуанасы, дүмше молдасы, қаптаған тәуіп пен көріпкелдердің халықты алдауына жол бермей, ғылыми рационалды әдістердің өркендеуіне жол ашады. әрі дін ғылымы да дамиды.

Төртіншіден, діни таным әр текті болады. Сондықтан әрбір діни таным діни ағымдардың қалыптасуына негіз болып, олардың арасындағы психологиялық қайшылықтарды тереңдете түседі. Әр топ өз жолын басқа ағымдағыларға қарағанда ақиқат деп біледі. Бұл құбылыс қордаланып екі топ арасындағы діни өшпенділікке апарып соғады. Бұдан да сорақысы екі діни топ қоғамдағы екі саяси ағым немесе партияның құралына да айналып кетуі мүмкін. Бұл ислам тарихында жиі орын алған құбылыс. Мысалы Халифа Мамун кезінде мутазила ағымы сол биліктің идеологиясына айналды. Ал қалған каламдық ағымдар қуғынға ұшырады. Нәтижеде қоғам жікке бөлінді. Қарахан билігі кезінде тек ханафи мазхабы ғана үстемдікке ие болып, шафиғилар қысым көрді. Сол сияқты тариқаттар арасында да өзара бәсекелестіктер үзілген жоқ. Сондықтан осындай әртектілік пен танымдық қайшылықтарды реттеп отыратын зайырлылық ұстанымының қызметіне қажеттілік бар. Зайырлылықтың осы функциясы тек Қазақстан үшін ғана емес барлық республикалық жүйедегі мемлекеттердің негізгі құқықтық қалқаны ретінде үлкен маңызға ие.

Бесіншіден, дін ар, ождан, жүректің мәселесі. Бұл мәселе тікелей адам мен Алла арасында ғана таразыға тартылуы тиіс. Соңғы кезде кешегі жетпіс жылдық атеистік режимнің салдарын алға тартып, көптеген мазхабтар мен діни ағымдар өз қатарына қысыммен, зорлықпен қаратуды да әдетке айналдырғанын естіп қаламыз. Ал исламның мәнінде зорлық жоқ. Құранда «ла икраха фид дин» ұстанымы осының айғағы. Олай болмаған жағдайда дін саясат құралына айналды дей беріңіз. Адам еркі тапталады. Оның да жаратылған болмыс екендігі екінші кезекте қалып, жамағаттың, діни топтың ықпалында кете береді. Міне осы құбылысты шектеп отыратын да зайырлылық ұстанымы.

Алтыншыдан, зайырлылық ұстанымы қоғамда білім берудің тұтастығын қамтамасыз етуі шарт. Жоғарыда айтып өткендей мемлекет пен дін арақатынасы реттелген кез келген мемлекеттерде діни білім беру мемлекеттің құзырындағы іс. Сонда ғана не ексең соны орасың. Мемлекет дін істеріне араласпайды, не оқыса оқи берсін десеңіз, бұл мемлекеттік қауіпсіздігіңізге немқұрайлы қарау деген сөз. Одан да сорақысы бұл мемлекеттің қолымен қоғамды бөлшектеу деген сөз. Сондықтан білім берудің кез келген түрі ол діни, саяси, кәсіптік, техникалық және т.б. болсын мемлекеттің қарауында болуы шарт.

Тағы бір айта кететін жай, осы зайырлылық ұстанымын сылтауратып, кейбір алпауыт елдер, біздегі көптеген дін өкілдерін сұқ саусағымен көрсетіп, мемлекеттігімізге, ұлттық тәуелсіздігімізге қол сұққылары келеді. Зайырлылық пен демократияны бір деп көрсеткілері келеді. Зайырлылық пен құқықтық мемлекетті бір деп көрсеткілері келеді. Бұл әрине саяси ойын. Әр мемлекеттің өзінің тарихи, мәдени болмысына байланысты қоғам қажетін қанағаттандыратын құқықтық нормаларын ешкім жоққа шғара алмайды. Бұл табиғи құбылыс. Бірақ бұл нормалар осы қоғамға қатыстыы имманентті, ал халықаралық құқық стандарттарына трасцендентті болып тепе теңдік сақтап отырады. Себебі Қазақстан жабық қоғам бола алмайды. Сол сияқты әрбір мемлекет үшін зайырлылықтың да өзіндік комментарииі болатынына дау жоқ. Бұл комментарии әрбір мемлекеттің тарихы, мәдениеті, діні, жалпы болмысы негізінде жасалады. Зайырлылық ұстанымын қайта қарап, мемлекеттік және қоғамдық қауіпсіздік тұрғысынан түсіндірер болсақ, онда қоғамымыздағы көптеген христиан дініне қатысты секталар сыртқы басқару орталықтарынан қол үзген болар еді.

Сонымен қатар зайырлылық ұстанымы адамдар арасындағы тепе теңдікті қамтамасыз етеді. Сынып, категория, дәреже бұлар мемлекетте табан ақы маңдай термен келуі тиіс. Сондықтан шайхтық, әулиелік, қалпелік, тақсырлық заңмен шектелуі тиіс. Зайырлылық бойынша жалпы дін адамы ешқандай адамның яки Алланың өкілі бола алмайды. Себебі біздің дінімізде Алла ешкімді өзінің жердегі өкілі ретінде тағайындамаған. Бұл демократиялық түсінік тұрғысынан өте терең маңызға ие. Сонда дін әркімнің қолжаулығы болудан ада болады. Ешкім жеке пайдасына, мақсатына дінді қолдана алмайды деп ойлаймын.

Сөз соңында айтарым, мұсылмандар өзара түсінісе алмай, келісе алмай жүргенде қоғамды миссионерлер шырмап матап жатыр. Сол үшін құқықтық және қоғамдық институттар қайта қаралып, оны дамытуды қолға алуымыз керек. Діни мамандарды дайындайтын теология факультеттері ашылып, ҚМДБасқармасына жоғарғы білімді мамандарды ҚР БҒМинистрлігі дайындап беруі тиіс. Дінді социологиялық, психологиялық, саяси, тарихи, феноменологиялық және гносеологиялық, аксиологиялық және культурологиялық тұрғыдан зерттейтін институт керек. Бұл институт ҚМДБ жанында бірақ тікелей үкіметтің қолдауы мен бақылауына берілу керек. Бұдан зайырлылық принципіне ешқандай нұқсан келмейді.

Бүгінгі заңымыздағы барлық дінге (дәстүрлі емесіне де дәстүрлісіне де) тең құқық берілгендігі мемлекеттілік философиясына да қайшы ұстаным. Миссионерлер осыны пайдаланып, ұлттық тұтастығымызға, қоғамдық бірлігіміз бен ынтымағымызға қауіп төндіріп отыр. Ұлттық тұтастық жойылса, дін біріктіруші қасиетін жоғалтады. Ол кезде дәстүрлі ислам діні қазақ ұлты үшін бөлуші элемент ретінде қарама-қайшы жіктердің "жасыл жалауына" айналады.

Автор туралы: ДОСАЙ КЕНЖЕТАЕВ философия және теология ғылымдарының докторы, профессор. ХҚТУ Түркология ғылыми-зерттеу институтының директоры.

«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2052