Жұма, 22 Қараша 2024
Жаңалықтар 4777 0 пікір 30 Қыркүйек, 2011 сағат 06:45

Бақытжан МОМЫШҰЛЫ: Қазақтың ұлттығын сақтауы ­– ұлылығы

Бақытжан Момышұлы дегенде, ең алдымен есiмiзге халқымыздың аяулы ұлы Бауыржан Момышұлының түсерi заңды. Қазақтың қайсар ұлы Баукеңнiң баласы ел есiнде әке аманатын адал арқалаған азамат ретiнде сақталған. Қаншама атақты, абыройлы тұлғалардың артында қал­ған ұрпағы қауқарсыздық танытып, ұлы адамның атын сақтай алмағаны жасырын емес. Алайда Бақытжан ағаның өзгелерден оқ бойы озық тұратыны Баукеңнiң мұрасын келешекке бүтiн күйiнде жеткiзе бiлуiнде. Батыр атаның әрбiр жазған парағын, айтқан сөздерiн сақтап, сараптап, мұра етiп жариялау тектi азаматтың қолынан ғана келетiнiн Бақытжан аға дәлелдедi. Бүгiнде жетпiс жасқа толып отырған ел азаматын мерейлi тойымен құттықтай барып, сырға толы сұхбаттасудың ретi келдi.

ӘКЕМ ҚАЗАҚТЫҢ АЗАМАТЫ БОЛУҒА БАУЛЫДЫ - Тарихта аты алтын әрiппен жазылған Бауыржан Момышұлының ұлысыз. Айтыңызшы, Ұлы адамның баласы болудың, сол атқа лайықты жүрудiң салмағы қандай?

Бақытжан Момышұлы дегенде, ең алдымен есiмiзге халқымыздың аяулы ұлы Бауыржан Момышұлының түсерi заңды. Қазақтың қайсар ұлы Баукеңнiң баласы ел есiнде әке аманатын адал арқалаған азамат ретiнде сақталған. Қаншама атақты, абыройлы тұлғалардың артында қал­ған ұрпағы қауқарсыздық танытып, ұлы адамның атын сақтай алмағаны жасырын емес. Алайда Бақытжан ағаның өзгелерден оқ бойы озық тұратыны Баукеңнiң мұрасын келешекке бүтiн күйiнде жеткiзе бiлуiнде. Батыр атаның әрбiр жазған парағын, айтқан сөздерiн сақтап, сараптап, мұра етiп жариялау тектi азаматтың қолынан ғана келетiнiн Бақытжан аға дәлелдедi. Бүгiнде жетпiс жасқа толып отырған ел азаматын мерейлi тойымен құттықтай барып, сырға толы сұхбаттасудың ретi келдi.

ӘКЕМ ҚАЗАҚТЫҢ АЗАМАТЫ БОЛУҒА БАУЛЫДЫ - Тарихта аты алтын әрiппен жазылған Бауыржан Момышұлының ұлысыз. Айтыңызшы, Ұлы адамның баласы болудың, сол атқа лайықты жүрудiң салмағы қандай?

- (терең күрсiндi)...Бұл өте күрделi, жауабы бiр ауыз сөзге сыймайтын сұ­рақ. Оның жауабын әлi күнге дейiн iздеумен келемiн. Ең алдымен, әкемiз қазақтың баласы, баршамызға ортақ ғой. Ол қазақты бөлмедi, қазақ та оны бөлмедi. Ең бiрiншi маған осыны үйреттi. Әкем дүниеден қайтқан соң, елiмiздiң түкпiр-түкпiрiн аралап жүргенiмiзде, халықтың ыстық ықыласы мен ерекше iлтипатын байқаймыз. Қайда барсақ та, Бау­кеңнiң ұлы деп құшағын жайып қарсы алады, ешкiм жатсынбайды. Неге десе­ңiз, әкемiз ортақ қой. Мiне, осы жағдай менi көп ойландырды. Халықтың тарапынан мақтаулар мен марапаттауларды үнемi естiп жатамыз. Ел-жұрттың осындай ыстық ықыласына бөленуi­мiздiң сырын түсiнемiз де. Осының барлығы Бауыржан Момышұлының батырлығы үшiн, ұлылығына арналып айтылатынын мойындаймыз.

- Замандастарыңызбен салыстырғанда, мәң­гүрттiктен, дүбәралықтан алыссыз. Кеңес ке­зiнде орысша оқып-тоқығанмен, қазақ болып қалған азаматтың бiрiсiз. Мұның сыры неде?

- Бұрынғы "Лениншiл жас", қазiргi "Жас Алаш" газетiнде анам терiмшi болып қызмет еттi. Сонда "Ле­ниншiл жастың" тiлшi жiгiт­терi үйiмiз­ге жиi келетiн. Әр аймақтан келген жас жiгiт­терге бiздiң шаңырақ екiншi үйiн­дей болды. Осыны байқаған әкем бiр келгенiнде анама менiң сол журналист жiгiттерге iнi болып, жақын өсуiмдi тапсырыпты. Солай болды да. Ең жақын, туғанымдай болып кеткен Кәкiмжан аға Қазыбаев, Хайдолла аға Тiлемiсов, Саттар аға Бөлдекбаевтар­ға арқа сүйеп, соларды аға тұтып өстiм. Әкем қа­зақы тәрбиеленген осы азаматтармен менiң етене жақын араласып өсуiмдi қатты қалапты. Бiрiн­шi сыныпқа менi апарған Бүркiт аға Ысқақов болатын. Ол кезде Алматыда қазақ тiлiнде бiлiм беретiн жалғыз ғана мектеп-интернат болды. Менi амалсыздан орыс мектебiне бердi. Қаланың адамдары тек орысша сөйлей­тiн кезең едi ғой. Тамыры кесiлсе де, түбiмен шабылмасын дегенi ғой. Ауылдан келген журналист жiгiттерге iлесiп, мен де тiлiмдi бұрмалап болса да қазақша сөйлеуге тырысатынмын. Олар менi қазақ концерттерiне жиi апаратын. Әлi есiмде, 1953 жылы Дина апамыздың концертiне апарды. Ерекше әсер еткенi сондай, әлiге дейiн жадымда сақталыпты. Каникулда менiң достарым Мәскеуге, Ленинград, Қапқазға кетiп жатады. Ал менi пойызбен ауылға жiбередi. Iштей қанша рен­житiнмiн. Өзгелерден кемiт­кен­дей көрiне­тiн. Мұның сырын ол кезде, әрине, бiлмедiм. Қазақы қасиеттердi осылай танып, бойыма сiңiргенiмдi кейiн түсiндiм. Әлi күнге осы бiр көрегендiгi үшiн анам мен әкеме басымды иiп, алғысымды бiлдiремiн. Өйткенi қазақы тектiлiгiмдi сақтауға ең алдымен әке-шешемнiң осындай әрекеттерi себеп­шi болды.

- Қазақтың ұлы, батыр азаматтың ұлы ретiнде Бауыржан атаның қандай қасиетiн ерекше бағалап, өмiрлiк ұстанымыңыз еттi­ңiз?

- Әкемдi ғұмырлық рухани ұстазым деп санаймын. "Ешқашан пәленшенiң баласымын деушi болма. Сенiң жолың басқа, менiң жолым басқа.Сен әлi "черновик­сiң", менiң "черновигiмсiң" дейтiн. Өмiрiнiң соңына дейiн менi солай деп атап кеттi де. Шынымды айтсам, әкем атақты болғанымен, ол кiсiнi жақын танымадым десем болады. Ол кiсi соғысқа кеткенде дүниеге келiппiн. Арасында жараланып, Алматыға келгенiнде, Жамбыл атаға арнайы апарыпты. Сол кiсiнiң шапанына орап, батасын алған дейдi. Әкем соғыс туралы ешқашан айтпайтын. Бiрде соғыс тақырыбында шағын әңгiме жазып оған көрсеттiм. Сол кезде: "Сен соғысты көрме­дiң. Ал көрмеген нәрсенi қалай жазасың? Есiңде болсын, ешуақытта өзiң бiлмейтiн дүниеге қалам тартпа. Өзiң де төмендеме, кейiпкерiңдi де төмендетпе" деп едi... Өмiрiнiң соңына дейiн ақиқаттан аттамаған ол бiздi де соған баулыды. Атағын, абыройын бұл­дап ше­неунiктiң есiгiн қақ­пауға үйреттi. "Адамнан сұ­ра­саң, беруi де мүмкiн, бермеуi де мүмкiн. Бiрақ сол сұрағаныңды "пәленше сұ­рап едi"деп сөз қылады. Құдайдан да сұрама. Себе­бi, Құдай өзi бiледi саған ненiң қажет, ненiң қажетсiз­дiгiн", - дейтiн. Әкемнiң осы айтқандарын ешқашан ұмыт­падым. Өмiр жолымда да ұстандым. Шынында да бар нәрсеңе шү­кiр­шiлiк жасау керек екен.  

ӘЙЕЛДIҢ ХАЛЫҚҚА КЕРЕГIН МОЙЫНДАУ ДА - ЕРЛIК - Қоғамда Зейнеп Ахметованың орны ерекше. Ол кiсi сiздiң жарыңыздан гөрi жазушылығымен жақсы танымал. Бақытжан Момышұлы Зейнеп апаның көлеңке­сiнде қалып қойды деп ойлайсыз ба?

- Ойбай-ау, жұбайыңның танымал тұлға болуының өзi қуаныш қой?! "Атақтың қа­сын­да азап жүредi" деп Ба­уыржан атаң айтатын. Зей­неп­­тiң өзiне лайық атақ, абыройы бар. Мен оны мақтан тұтам, оның осы жетiс­тiгi үшiн шынайы қуанамын. Рас, кейбiреулер әйел­дер­дiң күйеуiнен алға озғанын қаламайды. Ондайды қызғаныш дер едiм. Қоғамға керек адамды үйде байлап ұстауға болмайды. Ең бастысы, халықтың адамы болудан артық не бар? Мiне, сондықтан апаларыңның танымалдығының тасасында қалдым дегендi ойламағам, ойламаймын да. Өзгенiң жетiстiгiне қуану керек. Тек бiр құпияны сiз­дерге аша­йын. Ылғи атақты, танымал кiсi­лердiң сөздерiн пайдаланғанда, мiндеттi түрде айт­қан адамның аты-жөнiн көрсетемiн. Ал Зейнеп апайларыңның сөзде­рiн "ұрласам", ешуақытта авторын көрсетпеймiн (әдемi қалжыңға бәрiмiз күлдiк).

- Әйелдiң қоғамдағы белсендiлiгiне, қызметкер болуына кейбiреулер терiс баға бередi. Әйел­дiң шаңырақтан ұзамай, бала күтiмiмен үйде болғанын дұрыс көретiн­дер бар. Жарты ғасыр отасқан жарыңыз қоғамдық жұмыстардан шет қалмайтын адам. Бел­сендiлiгi өз алдына. Осы тұрғыдан араларыңызда түсi­нiс­пеушiлiк, қарсылық сынды жағдайлар болды ма?

- Ертеректе "мынау бiз­дiң үйiмiзде неге жүр?" деушi едiм, қазiр "ешқайда кетпесе екен" дейтiн болдық қой (күледi). Жар таңдауда жолым сәттi болды. Зейнеп апайыңмен тағдырымның қосылуын үлкен жетiстiктерiмнiң басы санаймын. Рас, бастапқыда екеуi­мiз­дiң тiл табысуымыз қиындау болды. Себебi, мен орысша оқығам, ал ол таза қазақы тәрбиемен өскен. Қа­зақ­тың салт-санасын, дәс­­түрiн, таным дүние­сiн маған үйреткен адам - Зейнеп. Келiнiнiң көзi ашық, көкi­регi ояу екенiн алдымен әкем байқады. Оның отбасы, ошақ қасында қалғанын қаламады. Қолынан қаламы мен қаға­зын, сонымен бiрге қазан-ошағын қатар алып жүрген әйел затын қалай бағаламассың? Қазiргi қо­ғамдық iстерде ерекше қызмет етiп жүрген қыз-келiншектерге сырттай қолдау бiлдiрiп отырамын. Елi­не пайдасы тиiп жатса, әйел-аналарымыздың қыз­метiн қалай жоққа шығарамыз?  

ОРЫСША ОҚЫҒАН ОЗЫП, ҚАЗАҚША ОҚЫҒАН ҚАЛАДЫ ДЕУ - БОС СӨЗ - Әкемнен алыс өстiм деп қалдыңыз. Алайда Бауыржан ата туралы жазған дүниелерiңiздi оқып отырып, әкесiнiң жандүниесiне терең үңiлген жазушыны бай­қаймыз.

- Бiз "қолдағы алтынның қадiрiн бiлмеймiз". Дүниеден өтiп кеткенде "ондай едi, мұндай едi" деп мақтауын асырамыз. Әкем жетпiс жасқа толған жылы балалық тiле­гiмдi, сезiмiм мен ойымды жеткiзгiм келдi. Көп ойланып, осы ниетiмдi қағазға түсiрiп, 6-7 мақала жаздым. Тiрi адам туралы жазғанымды дұрыс түсiнбей, бiрнеше газет жариялаудан бас тарт­ты да. Алғашқылардың бiрi болып, өзiмнiң "Жас Алашымда" осы мақалам жарық көрдi. Онан кейiн бiрнеше газет жариялады. Алғаш бұл жайында бiлген ол кiсi шошып кетiптi. "Не жазды? Не айтқысы келдi?" деген болуы керек. Бiрақ түгел оқып шыққан соң, қатты разы болыпты. Әкем­нiң көзi кеткен соң жазсам, ол оқымайды, көрмейдi емес пе? Кейiн жазылса, жалған болатындай көрiндi. Мiне, сондықтан көзi тiрi­сiнде өзi туралы ой-тiле­гiмдi жеткiзу­дi мақсат еткен едiм. Әкем дүниеден кеткен соң, есте­лiк жазуға отырдым. Алайда өте ауыр, қиын болды. Се­бебi, әрбiр айтқаны терең мағыналы, астары қалың екен. Көбiне ол кiсiнiң сыртқы шапаны ғана суреттелiп, iшкi жан дүние­сi, айтқанының негiзгi мағынасы ашыла бермейдi. Мiне, осы тұрғысынан терең зерт­теп, шамамның жеткенiнше жазғым келдi. Алғашқы "Вос­хождение к отцу" кiта­бым талай тексерудiң соқпақтарынан өтiп жүрiп, жарыққа шықты. Бiр күнi телефон соғып хабарласқан Д.Снегин "Бахыт, я на тебя обижен. Эту книгу я должен был увидеть от тебя, а не от издательства", - дедi. Бi­раз үндемей тұрды да, "Спасибо сынок, про отцов так и надо писать!" дегенде, iзгi тiлекке тебiренiп, көзiме жас толды. Рухани ұстазым ретiнде және әкемнiң тұлғасын ашу мақсатында "Во имя отца" деген екiншi кiтабым шықты. Екi кiтап жазсам да, олар толықтай көңiлiмнен шықпады. Себебi, әлi ашылмаған талай сыр жатқанын байқадым. Әкеммен жақын таныс, туыс, дос болған азаматтармен сөйлесiп, солардың естелiгiн сабақтастырып "Сыновья великого волка" атты үшiншi шығармам жарық көрдi. Осы жолы аздап болса да, ол кiсiге жақындай түскендей болдым. Алайда төртiншi кiтапқа дайын емесiмдi де мойындадым. Өйткенi Бауыржан Момышұлы жайлы жазу оңай емес екен. Мәселен, Абай туралы "Абай ақын, ұлы адам" деп жатады. Бiрақ оның шығармасын тереңнен зерттеп, тұнығына бойлай бермейдi. "Айттым сәлем Қаламқас" дегендегi "қа­лам­қас" сөзiндегi "қас" сопылық iлiмдегi "құран" дегендi бiлдiредi. Екi бұ­рым шаш, бiр тал шашты да шаш деймiз. Бұл дегенiңiз бiр­лiктiң символы. Екi бұрымның бiрi батысша, яғни жаңашыл, технология жолымен дамуды бiлдiредi.Ал екiн­шiсi рухани, жүректiң жолы. Екеуiн салыстырсақ, технологиялық дамудың уақыты шектеулi, ал жүректiң дамуы өлшеусiз. Мiне, Абай шығармасының осындай философиялық тереңдiктерi көбiне ашыла бермейдi. Осы жақтарын зерделегенде, Абайды басқаша түсiне бастайсың. Бұл жерде әкемдi Абаймен теңестi­руден аулақпын. Әйткенмен де оның да мағынасы толық ашылып, зерттелмеген дү­ниелерi жеткi­лiктi. ­

- Әке-шешесi орысшаланса, ұрпағы да солай жалғасып жатады. Бiрақ сiздiң ұлыңыз Ержан қазақша оқып, ана тiлiн­де бiлiм алыпты. Араларыңызда түсiнiс­пеу­шiлiк болмады ма?

- Ешқандай түсiнiспеу­шiлiк болмады. Тегiмiз, қанымыз қазақ емес пе?! Алматыда санаулы балабақша қазақ тiлiнде болатын. Мен үшiн ешбiр есiктi қақпаған әкем немересi үшiн қалалық комитетке арнайы барды. Ойы - Ержанды қазақ балабақшасына орналастыру. Араласатын достарымыз, таныстарымыз кейiнi­рек ұлымызды қазақ мектеп-интернатына берге­нiмiзде талай рет сөйледi де. "Қа­зақша оқыған бала кейiн бас­тық бола алмайды, өспейдi. Орысша оқыту керек" дестi. Құдайға шүкiр, ұлым Ержан қазақ мектебiн алтын белгiге аяқтап, бiрнеше жоғары оқу орнын үздiк аяқтады. Шенеунiк болуына мүмкiндiктер болды- ақ, мен қарсылық бiлдiрдiм. Себебi, жалған сөйлеуге, жағымпаз болуға мәжбүр­лейтiн лауазымды қызметтен сананың бостандығы да жоғалады. Сондықтан да қаламадым. Бiрақ ешкiмнен кем болмады, балам өмiр­ден өз орнын тауып, тiршi­лiгiн жасап жатыр. Қазақша бiлiм алса да, көштен кейiн қалмады. Есесiне орыс тiлiнде сөйлегенде, кез келген орысыңды жолда қалдырады. Бұл дегенiңiз ненi бiлдiредi? Әрбiр қазақ баласын қазақы тәрбиеге бау­лып, бiлiмдi де ана тiлiнде алуына жағдай жасаса, ешқашан ұтылмайды. Орысша оқығанның қызметтiк сатыда жоғарылайды дегенi бос сөз. Және орысша бiлмей қалады деп қауiптенуге де негiз жоқ. Таза қазақша оқыған балам орысшаны ортасынан, айналасынан-ақ меңгерiп, үйренiп алды. Сол себептi қазақтың ұлттық негiзiн сақтау әрбiр қазақтың өзiне байланысты.

- Бауыржан Момыш­ұлы - ұрпағының ұсақталмай, ұлттығын сақтауына қатты мән берген кiсi. Әкеңiздiң осы аманаты сақталды ма? Жалғасын үзiп алмады ма?

- Әкемнiң әу бастағы осы бiр ұстанымын аманат етiп, ұрпағыма жалғап келе­мiн. Немерелерiм қазақ ба­лабақшасына барып, осы қыркүйекте үлкен немерем қазақ мектебiнiң бi­рiншi сыныбына барды. Орысша оқыған, солай етуге мәж­бүр­леген заманның ұрпағы қазақтың үлкен қасiретiне айналды. Қазақ болып туғанымен, орысша ойлайтын азаматтардың баласы, не­мересi де сол соқ­пақпен жүрiп келедi. Қазақ мекте­бiне берсе, өзi түсiнбейтiн болған соң, баласын, неме­ресiн орысша оқытқан қаншама ата-аналар жүр. Осы бiр қиянат деп аталатын үрдiстiң желi­сi үзiлер емес. Ал соның салдарынан қаншама ұрпақты жоғалтып отырмыз. Менiңше қазақ баласын бас­қа тiлде бiлiм алдырып, басқа тiлде тәрбие беру - бiздiң ұлттығымызға, тектi­лiгiмiз­ге, парасат, таным-түсiнiгiмiзге балта шапты. Мәңгүрт, дүбәра аталатын осы бiр буын қазақтың бiтпес соры мен жауына айналды. Қаны қазақ болғанымен, халқына қарайласа алмайтындар бүтiн бiр ұлттың бас көтерiп, еңсесiн тiкте­уiне кедергi келтiрiп отыр. Сондықтан әрбiр азамат өз ұлттығын сақтау үшiн, бабалар аманатын орындау үшiн өзi де, баласы да, немересi де қазақы бағытта өсуiне ықпал жасауға тиiс.

- Аға, үлгi-өнегеге толы сұхбатыңызға рақмет. Мерейтойыңыз құт­ты болсын. Халқымызда тегiн сақтаған өзiңiздей азаматтар көбейiп, қазақтың жұл­дыздары жарқырай бер­сiн! БАҚЫТЖАН АҒАНЫҢ ӘДЕМI ӘЗIЛДЕРIНЕН Зейнеп апа жаңа кiтабын баспаға дайындап жатыр екен. Қолжазбаны өңдеп, қатесiн қарап жүрген қыз апайға кiтапты тезiрек шығаруын өтiнсе керек. Сөйтсе ағамыз "асығудың қажетi жоқ" дей бередi екен. Содан әлгi қыз "сiз неге олай дейсiз?" деп сұрапты. "Бұл кiтабы шыққан соң, тағы да елеусiз қалып кетем ғой", - дептi Бақытжан аға. *** Зейнеп апайдың "Бөбек" қорында қызмет етiп жүрген кезi екен. Үйден гөрi iссапармен түзде жүретiнi көп. Сондай күндердiң бiрiнде: "Сенiң күтiмiңе көңiл бөле алмай кеттiм. Бәлкiм, екеуара бiр тоқал алармыз?" - дептi апай. Сонда Бақытжан аға: "Бiр пәледен құтыла алмай жүрiп, екiншiсiн қайтемiз?" деген екен. *** "Сен қайда жұмыс iстейсiң?" - деп сұрапты аға Зейнеп апайдан. "Бөбек" қорында, қамқорлық жасаумен айналысамыз»,­ - десе, "кiмдерге?" - дептi ағамыз. - Жетiм балаларға. - Апырай, менiң не әкем, не шешем жоқ. Бiрақ маған бiр қалам беруге жарамадыңдар ғой, - деген екен Бақытжан аға.

Әңгiмелескен - Меруерт ХУСАИНОВА.

http://zhasalash.kz/suhbattar/5543.html

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1456
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3219
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5273