Назарбаеваға Пәкістанның бейбітшілік сыйлығы берілді
ҚР Сенатының спикері Дариға Нұрсұлтанқызы Назарбаева Пәкістандық Ислам Зерттеу Институты Кеңесінің атынан «Paigham-e-Pakistan 2020» бейбітшілік сыйлығына ие болды. Бұл туралы zakon.kz сайты жазды.
Бейбітшілік сыйлығы Дариға Нұрсұлтанқызына ұлттық ынтымақтастық пен келісімді және әлеуметтік әділеттілікті нығайтудағы жетістіктері үшін берілген.
«Бұл марапат дінаралық және өркениетаралық байланысты ілгерілетуге, әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезін өткізуге күш салғаны үшін беріледі», - делінген Ислам зерттеу институты Кеңесінің хатында.
«Paigham-e-Pakistan» - зорлық-зомбылыққа, экстремизмге және терроризмге қарсы сыйлық. Оған барлық ислам мектептеріндегі 5000-нан астам ғұламалар ақылдаса отырып, қол қойған екен.
Естеріңізге сала кетейік, осыған дейін Лондон соты «күмәнді ақшаға сатып алған» деген күдікке ілінген, құны 100 миллион долларды құрайтын зәулім сарайдың бенефициары - ҚР Сенат спикері мен баласы екенін айтқан болатын. Ал, әлемдік БАҚ Назарбаева мен Әлиев әлгі сарайды заңды ақшаға алғанын дәлелдеу қажет деп жазды. Егер дәлелдей алмаса, ол сот шешімімен тәркіленіп, ашық саудаға қойылды екен.
Ал, 2016 жылы Назарбаева мен оның ұлы Нұрәлі Әлиевтің офшордағы шоттары туралы «Панама құжаттарында» аталған болатын.
Aba.kz