Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2592 0 пікір 6 Қазан, 2011 сағат 17:29

Гүлжан Көшерова. Ұрпақ ұсақталуының сыры неде?

Бүгінгі бала бұрынғы баладан бөлек, байқасаңыз. Ақыл-ойларына артар кінә жоқ, дегенмен ұлтымыздың ұсақталып бара жатқаны дәлелдеуді қажет етпейтіні анық. Еңсегей бойлы, қапсағай денелі алып болмай-ақ қойсын, дегенмен бүгінгі жігіттердің қыздай нәзік, тым әлжуаз екенін жоққа шығара алмаймыз енді. 70-80-жылдары мектеп бітірген түлектердің иығы қақпақтай, жұдырығы тоқпақтай, нығыз да шымыр болғанын білеміз. Ал бүгінгі бітірушілер түгіл, жоғары оқу орнында оқитын студенттердің оқушылардан айырмасы жоқ. Бойлары аласа, білектері қыздікіндей жіп-жіңішке, өте арық. Кешегі еңсегей бойлы ер Есімдей, Алпамыстай алып тұлғалыларды іздеу - жарық күнде жапы­рақтың арасына түсіп кеткен инені іздеумен пара-пар. Спортты жанына серік еткен жігіттердің арасында білек күші білем-білем, ұзын бойлылары бар. Бірақ өте сирек. Осы ұсақталудың астарында қандай сыр бар? Үңіліп көрелікші...

Бүгінгі бала бұрынғы баладан бөлек, байқасаңыз. Ақыл-ойларына артар кінә жоқ, дегенмен ұлтымыздың ұсақталып бара жатқаны дәлелдеуді қажет етпейтіні анық. Еңсегей бойлы, қапсағай денелі алып болмай-ақ қойсын, дегенмен бүгінгі жігіттердің қыздай нәзік, тым әлжуаз екенін жоққа шығара алмаймыз енді. 70-80-жылдары мектеп бітірген түлектердің иығы қақпақтай, жұдырығы тоқпақтай, нығыз да шымыр болғанын білеміз. Ал бүгінгі бітірушілер түгіл, жоғары оқу орнында оқитын студенттердің оқушылардан айырмасы жоқ. Бойлары аласа, білектері қыздікіндей жіп-жіңішке, өте арық. Кешегі еңсегей бойлы ер Есімдей, Алпамыстай алып тұлғалыларды іздеу - жарық күнде жапы­рақтың арасына түсіп кеткен инені іздеумен пара-пар. Спортты жанына серік еткен жігіттердің арасында білек күші білем-білем, ұзын бойлылары бар. Бірақ өте сирек. Осы ұсақталудың астарында қандай сыр бар? Үңіліп көрелікші...

Бүгінде әскери борышын өтеуге ниет еткен жігіт­тердің сыннан сүрініп, қатарға іліге алмай жүргендері көп. Бүгінде болашаққа берілер жолдама іспетті әскери билетке қол жеткізу де қиындады. Әскери-медициналық сүзгіден сүрінгендердің қатары сиреудің орнына, қалыңдап барады қайта. Биылғы күзгі шақырылымда шымыр деген жігіттеріміздің өзі шалқасынан түсті. Әскери комиссариаттың алды ығы-жығы. Жоғары оқу орындарындағы сияқты, бір орынға он адамнан келеді. Еліміздің қорғаныс сала­сында қызмет етуге ниет еткен 100 жігіттің тек 20-сы ғана қияметтің қыл көпіріндей болған өткелектен өтіпті. Тең жартысы да емес, бақандай 20 пайызы ғана. Әскери медицина қызметкерлерінің айтуынша, бүгінгі бозбалалардың басым бөлігі салмақ жетіспеушілігінен сүрінеді екен. Одан кейінгі кезекте майтабан, варикоздан жапа шегетіндер құрайтын көрінеді. Иә, Отан қорғауы тиіс ұрпағымыздың ұсақ­та­лып бара жатқанының астарында көп сыр жатыр, әрине. Осыдан ширек ғасыр бұрын жүрек талмасы, қан қысымы, қант диабеті дерттері ілуде бір кезде­се­тін. Бүгінде бұл ауру жас талғамай, тым жасарып бара­ды. Ұйықтап жатып арғы дүниеге аттанып жат­қан­дар, жап-жас болып жүректен кетіп жатқан жігіт­тер көбейді. Дәрігерлер жұмбақ аурулардың көбе­юі­нің басты себебі экология десе, екіншіден, күнде­лікті тұтынатын тағам түрлерінің нәрсіздігінен деп отыр. Расында, таза тағам тұтыну - бүгінде қиынның қиы­ны. Айнала қоршаған ортаның бәрі - у, іш­к­ен суы­мыз да, жеген тағамымыз да - у. Содан келіп ден­саулық нашарламағанда, қайтсін! Бастысы, бала­ла­рымызды жастайынан құнарлы тамақтандыра ал­май отырғандығы­мызда сияқты. Денсаулыққа тигі­зер зардабы көп қытай тағамдарын тұтынуға мәж­бүр­лер көп. Одан ауру болатынын білсе де, амалы жоқ.

Ғылымға белгілі заңдылық: құнарлы топырақта өскен бидай дәнiнде адам ағзасының дамып-жеті­луіне өте қажеттi мыңнан астам минерал мен дәру­мен бар. Алайда сол аса қажетті құнарлылықты бү­гін­гі жоғары технологиямен өңдеп, «жөн­деп», өз қо­лы­мызбен құртып отыр екенбіз. Атам заманғы тас диiр­мендерге тартылған iрi ұндар адамға қажетті бүкіл дәруменді өтеп келген екен. Жоғары техно­логия­мен тарттырылған  ұнда қоректік заттардың 75 пайызы жұтылып, тек 20 пайыздай ғана пайдалы көзі қалады екен. Аппақ ұннан дайындалған ас атасы да, тағам түрлері де небір дерттердің ошағы болып тұр. Оның құрамындағы арттырылған көмірсутектер адам ағзасындағы ауру біткеннің қозғаушы күшіне айналады. Оны мүлдем пайдаланбау керек деп кесіп айтудың қажеті жоқ. Біз мөл­шерінен асыра пайдаланған соң, асқа­зан­да қорытылмай, шіри бастайды. Міне, осыдан келіп небір ауру біткен өрши бас­тай­ды. Тек ұн өнімдері ғана емес, асқатық майы­мыз да ағзаның жауы болып есепте­леді. Түрлі цех, зауыттарда дайындалған өнім­дердің кейбіріне «бірінші сығындыдан дайындалған» деп жазып қояды. Оны біреу түсінеді, біреу түсінбейді. Сосын оның қағаз этикеткасына да сене беруге бол­­­майды. Күнбағыстың, мақтаның, не бол­­маса мақсары майының нешінші сы­ғын­­дыдан дайындалып жатқанын өздері­нен өзге ешкім білмейді. Нәтижесінде қа­ра­пайым халық зардап шегеді. Зиянды май­л­ардан холестерин пайда болады. Ол жү­рек-қан тамырлары ауруының өршуіне әке­ліп соғады. Ас атасын мол пайдалана­ты­нымыз рас енді. Осының салдарынан жыл сайын қан айналымы жүйесi бойынша 80 мың қазақстандық көз жұмады екен. Ағзаның дамып-жетiлуi үшiн тартылған за­манауи ұнда құнарлы топырақтан алынған барлық дәрумен мен минералдардың жоғалып кетуінің салдары, міне, қандай!

Одан бөлек жігіттеріміздің майтабан ауруына шалдығуының басты себебі қытай аяқкиімдерінің салдары екенін жоққа шығаруға болмайды.  Расында, бүгінде әскерге шақыртылған жігіттердің үштен бірі майтабан дертінен зардап шегеді. Бұл дерттің дендеуін бала шақтан іздеген жөн сияқты. Анатомиялық өлшемдерге сай келмейтін аяқкиімді киген баланың ертеңгі күні жалпақтабандылық дертіне тұсалатыны сөзсіз. Отандастарымыздың  аяғындағы шәр­кейлердің 75 пайызы - қысық көзді­лер­дің тауарлары. Варикоз дертіне де осы аяқ­киімдердің қосар үлесі аз емес... Осы­ның бәрі де, айналып келгенде, ұлты­мыз­дың ұсақталуына әкеліп соғып отыр. Арада аз уақыт өткеннен кейін тіптен ергежейлілер еліне айналуымыз да бек мүмкін ғой...

Мұса Айтжанов, медицина ғылымының докторы:

- Зерттеу барысында 7 мен 10 жас ара­лы­ғындағы балалардың асқазаны нанды ұзақ қорытатыны анықталды. Сол себептен де жапондық тәжірибеге сүйеніп, нанның орнын балық және сүтпен алмас­тыру ке­рек.

Әрине, мұны құптайтындар да, қос қолдап қарсы болатындар да табылар. Ас атасына қарсы майдан ашқалы да отырған жоқпыз. Дегенмен ғылыми тұжырым жасау ойыншық емес. Сондықтан да бір шындық­тың бар екені рас енді.

Қызық дерек

Жуырда Қазақ тағамтану академиясы нан жемеген бала ақылды болады деп, мектеп оқушыларының тамақтану рационынан нанды алып тастауды ұсынды. Алғашқы эксперимент ретінде Алматыдағы бір мектепте жаңа оқу жылынан бастап мектеп асханасының мәзірінен оны алып тастапты.

Автор: Гүлжан Көшерова

http://www.alashainasy.kz/main/27957/

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1466
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3240
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5383