Айнара АШАНОВА. Ұлтты зерттейтін орталық бар ма?
«Осы мен өзім - қазақпын. Қазақты жақсы көрем бе, жек көрем бе?». Өзінің тоғызыншы қарасөзінде осылай толғаған Абай туған ұлтының жақсы көрерлік, һәм жиіркенерлік мінездеріне жаны ауырып, ағынан жарылыпты. Алып ақынның жүрегін сыздатқан сол мінездерімізден бүгінде арыла алдық па? Бүгінгі қазақ қандай? Осы бізде ұлтымыздың бүгінгі бет-бейнесін ашып беретін, кемшіліктері мен жетістіктерін жіпке тізгендей айтып беретін зерттеу орталықтары бар ма? Болса, олардың зерттеу нәтижелері қайсы? Данышпан ақынның атқарған ісі бүгінгі оқымысты көп ғалымның қолынан келмей жатқанына не себеп? Әлде ұлтқа деген жанашырлық азайып бара ма? Бізді өзімізден гөрі өзге елдер көбірек білгісі келетіні несі екен? Мамандарымызға жолдаған бүгінгі сауалдарымыз осы төңіректе өрбіді.
Гүлмира ИЛЕУОВА, «Стратегия» әлеуметтік және саяси зерттеулер орталығының директоры
«Осы мен өзім - қазақпын. Қазақты жақсы көрем бе, жек көрем бе?». Өзінің тоғызыншы қарасөзінде осылай толғаған Абай туған ұлтының жақсы көрерлік, һәм жиіркенерлік мінездеріне жаны ауырып, ағынан жарылыпты. Алып ақынның жүрегін сыздатқан сол мінездерімізден бүгінде арыла алдық па? Бүгінгі қазақ қандай? Осы бізде ұлтымыздың бүгінгі бет-бейнесін ашып беретін, кемшіліктері мен жетістіктерін жіпке тізгендей айтып беретін зерттеу орталықтары бар ма? Болса, олардың зерттеу нәтижелері қайсы? Данышпан ақынның атқарған ісі бүгінгі оқымысты көп ғалымның қолынан келмей жатқанына не себеп? Әлде ұлтқа деген жанашырлық азайып бара ма? Бізді өзімізден гөрі өзге елдер көбірек білгісі келетіні несі екен? Мамандарымызға жолдаған бүгінгі сауалдарымыз осы төңіректе өрбіді.
Гүлмира ИЛЕУОВА, «Стратегия» әлеуметтік және саяси зерттеулер орталығының директоры
ШЕТЕЛДІК ЗЕРТТЕУ ОРТАЛЫҚТАРЫ БІЗДІ БІЛУГЕ ҚҰШТАР
Қазақстанда тек қана қазақ ұлтын зерттейтін арнайы институт бар деп айта алмаймын. Зерттеу институттары еліміздегі өзге ұлт өкілдерін соның ішінде басымдыққа ие болып отырған қазақ ұлтын бірге зерттейді.
Негізінен, ұлтымыздың кешегі өткен тарихын Тарих және этнология институты жақсы зерттейтіні белгілі. Ал ұлттың бүгінгі жағдайын зерттеу үшін біз жақында бір жоба құрған болатынбыз. Жоба бойынша қазақтардың бір-бірімен ішкі қарым-қатынасын нысанаға алып, зерттеу жүргізгіміз келген. Бірақ, өкінішке орай, мен бұл жобаға қаржылай демеуші таба алмадым. Сөйтіп, аяқсыз қалды.
ХХІ ғасыр рухани құндылықтардың орнын материалдық қызығушылық басқан ғасыр ғой. Осының кесірі қазақтарды айналып өтті дей алмаймын. Қазір бұрынғыдай адамды ақыл-парасатына емес, қалтасына қарап бағалайтын заман. Сенің абыройыңды асқақтататын да, ісіңді алға домалататын да сол көк қағаз. Ал басқалары екінші орынға ысырылып қалды. Тіпті бізде қазір биікке өрлеуге, мұратқа жетуге кедергі келтіретін болса, ар-ұят пен салт-дәстүрді де аяқ асты етіп, кез келген құрбандыққа баруға дайын қоғам қалыптасты. Енді міне, ұлттық менталитетімізге жат нәрселерге де етіміз үйрене бастаған жайымыз бар.
Бір қызығы біздің өзімізден гөрі шетелдік зерттеу орталықтары бізді зерттеуге құштар болып тұрады. Олардың нендей мақсатта жұмыс істеп жатқанын кім білсін? Жақында бір шетелдік қордың өкілімен сөйлескенімде менен: - Қазақтың жүз дегені не? Олар қалай, не үшін бөлінеді. Жүздер мен рулардың өзара қарым-қатынасы қандай? - деген сияқты сұрақтарды қарша боратты. Мені таңғалдырғаны - олар біз туралы бәрін білгісі келеді. Ал бізде осы нәрселер зерттеу обьектісіне әлі де айнала алмай отырғанына өкінемін. Өйткені, осы ұлттың өкілі бола тұра, осы елде жұмыс істейтін, қоғамды зерттейтін орталық бола тұра бұл нәрселерді өзіміздің білмеуіміз біз үшін ұят-ақ! Біздегі рулық, жүздік қатынастар бүгінгі қоғамға әсер етіп отыр ма, қалай әсер етіп отыр деген сияқты көптеген сұрақтар жауапсыз қалып жатқаны бізге сын.
Жалпы айтқанда, біздің бүгінгі жағдайымыз жақсы деп немесе жаман деп кесіп айта алмаймыз. Өкінішке орай, бұл біздің бүгінгі шындығымыз, шынайы өміріміз. Бірақ барған сайын теріс жолға қарай бір қадам жақындап бара жатқандығымызды айтқым келеді. Әрине, бұл өзгеріс тек қазақтан ғана емес, өзге кез келген ұлттан байқалатыны рас. Бұл сыннан тек рухы мықты, діні нығыз, салт-дәстүрі берік, иммундық жүйесі төзімді ұлттар ғана сүрінбей өте алады. Құдайға шүкір, бізде әлі де болса, үлкенге құрмет, кішіге ізет деген сияқты жақсы қасиеттер бары рас. Халықтың білім-ғылымға деген ұмтылысы да жаман емес. Осы нәрселер жұбаныш бола алады.
Мәнсия CАДЫРОВА, әлеметтану ғылымының докторы, профессор
ТІЛДІ БІЛМЕУДІҢ СОҢЫ...
Қазіргі уақытта ұлт мәселесін зерттеу шынымен де өзекті болып тұрғаны рас. Себебі тәуелсіздік алған жылдардан бастап, ұлттық мемлекет құру, ұлттық құндылықтарды жандандыру, ұлттық экономиканы қалыптастыру және ұлт ретінде әлем кеңістігінен белгілі бір орын алу біз үшін маңызды. Бүгінгі күн тәртібіндегі мәселе, ұлттық құндылықтарды қайтадан жандандырып, патриотизмді қалыптастыру, тілімізді өз тұғырына қондырып, елімізде тұратын барлық ұлттар сөйлейтін тілге айналдыру. Ұлттық мәселелерді зерттейтін орталық болмаса бұл істер қалай жөнге келтірілмек. Осы мәселелер төңірегінде біздің әлеуметтанушылар аз жұмыс жасап жатыр дей алмаймын. Бұл салада Президент жанындағы зерттеу орталығы, сонымен қатар ұттық қарым-қатынастарды зерттеп жүрген Раушанбек Әбсаттаров, Сәрсенбай Өтешов, Философия және саясаттану институтының директоры Зарема Шаукенова, т.б. мамандарымыздың еңбектерін атап өткен жөн.
Қазақ о бастан терең тарихы, аталы салт-дәстүрі, мол мұрасы бар ұлт. Кейде Кеңес үкіметі ұлттық құндылықтарымызды тұншықтырды дейтін кереғар пікірлер айтылып жатады. Ал менің ойымша, одақ құрамында болған 70 жыл бізге оң өзгерістерді көбірек әкелді. Біз тек тіл мәселесі жөнінен ұтылған сияқтымыз. Тіпті мұның өзі Кеңес өкіметі саясатының нәтижесі емес, халық ұстанымына байланысты екенін айтқым келеді. Біз кез келген өзгерісті қабылдауға, егер өзімізге ұнаса соны сіңіріп алуға дайын ұлтпыз. Халқымыз қонақжай, данышпан, кең пейіл екені екібастан белгілі. Осы мінезіміздің кейде осындай салдары болып жататыны жасырын емес. Себебі ,қазақтан өзге одақ құрамында болған елдердің ешқайсысында дәл біздегідей тіл мәселесі ушығып тұрған жоқ. Ұлттық тілді білмеудің соңы, ұлт дәстүрінен мақұрым қалуға әкеліп соғады. Тіпті қазір кейбір жастарымыз ұлттық тамырдан ажырап қалғаны сонша, не қазақ емес, не өзге ұлт емес, екі ортада дүбәрә болып қалды. Қазіргі кезеңдегі жастарды мен үш топқа бөлген болар едім. Біріншісі, жаңағыдай Батысқа еліктеп, батыстық мінез-құлықпен жүретін жастар. Екіншісі, батыстың озық мәдениетімен қатар өзіміздің ұлттық дәстүрімізді бірге алып жүретіндер. Ал үшіншісі, Батысты мойындамай, тек қана қазақ салтын ұстанатын жастар.
Жалпы айтқанда біздің қоғамда жұмыссыздық, кедейлік, парақорлық, діни экстремизм секілді мәселелер жоқ емес. Бірақ шамадан асып кеткен, ұлтқа қауіп төндіріп тұрған проблема жоқ деп ойлаймын. Осы күні жастардың діни сауатын ашып, адасудан сақтап қалу өзекті болып тұр. Хиджап киіп жүрген қазақ қыздарының, діндар жігіттердің қоғамдағы орны қандай? Олар жұмысқа қалай орналасып жатыр? Осы секілді мәселелер ойландырады.
Айдос САРЫМ, саясаттанушы
ӨТКЕН МЕН БОЛАШАҚ НЕМЕСЕ «ЖАҢА АБАЙЛАРДЫҢ» БЕЙНЕСІ
Ұлт пен мемлекет егіз ұғымдар. Құдайға шүкір, бүгінгі күні еліміздегі талдау-зерттеу орталықтарының, институттарының саны артып келеді. Әсіресе қуантатын жағдай тәуелсіз, мемлекеттік емес орталықтардың да саны өсіп жатыр. Дегенмен, сан мен сапаның мәселесі бар екені анық. Өз басым осы көптеген ғылыми-зерттеу институттар мен талдау орталықтарының жұмысын мардымды, көңіл көншітерлік деп айта алмаймын. Олардың жұмысында, өкінішке орай, уақытша, коньюнктуралық зерттеулер басым сияқты. Еліміздің, мемлекетіміздің, ұлтымыздың болашағы үшін өте маңызды кейбір тақырыптар мүлдем зерттелмей жатыр. Өкініштісі, құрдымға кетіп бара жатқан кешегі кеңестік қалыптағы қоғам мен жаңадан қалыптасып келе жатқан қазақ қоғамы туралы жөні түзу әлеуметтанушылық зерттеулер жоқтың қасы. Біздің елдегі әлеуметтану ғылымы негізінен мұратты-мақсатты зерттеулерден гөрі ағымдағы саясаттың мәселелерімен, билікке қызмет етумен ғана айналысып жатыр. Маған десеңіз мен еліміздегі бірде-бір әлеуметтік сауалнамалардың нәтижелеріне сенбеймін. Қоғам да, сарапшылар да толық сенетін әлеуметтанушылық орталықтар, институттар жоқтың қасы. Жап-жақсы мемлекеттік бағдарламалар да бар. Мысалы, «Мәдени мұра». Алайда, осындай кешенді бағдарламалардың аясында жүргізіліп жатқан жұмыстар әзірге мұраны жинау мен сақтаудан аспай жатыр. Ол да қажетті кезең. Бірақ, бүгінгі күні бұл жұмыспен қатар үлкен философиялық, тарихи рефлексия қажет. Біздер үлкен саяси-философиялық зерттеулер, үлкен тарихи, геосаяси тұжырымдамалар деңгейіне шығуымыз қажет. Ортақ тарихи сананы қалыптастыру, кеңістігіміз бен ғұмыр кешіп отырған уақытымызды дұрыс түсіне білуіміз қажет. Онсыз жинақтаған мұрамыз, ғылыми деректер мен дәйектер тек қана шашыраған, тоз-тоз ақпарат болып қала береді.
Әрбір қоғам, әрбір ұлт уақыт өткен сайын өзгеріп отырады. Ұлттың қатып қалған қалыбы, стандарты болмайды. Сондықтан біздер мынадай едік, осынымыз мәңгі қалыбымыз деу артық әңгіме. Қоғамдық сана, қоғамдық ой-пікір, соларға қатысты іс-қимыл - барлығы да құбылмалы құбылыстар. Бір ғана қазақтың өзі соңғы 2-3 ғасырдың өзінде талай қиындықтарды басынан өткерді. Сол қиындықтарға ұлт, қоғам ретіндегі жауаптары да, іс-қимылдары да өзгеріп отырды. Мысалы, орыстың отарлық саясатына қарсы қозғалыс ешқашан тоқтаған емес, жүріп жатты. Бірақ, кейбір кезеңдерде бұл күрес өте қызу жүріп отырса, кейбір кезеңдері мүлдем жоғалып кеткендей болды. Сөзсіз, әрбір ұлттың, әрбір қоғамның өзіндік ерекшеліктері болады. Біздің сахара даламыз, көшпелі ғұмырымыз бізге үлкен әсерін тигізді, болмысымызды қалыптастырды. Күнделікті тірлігіміз, бізді қоршаған табиғат, ландшафт бізді басқадан ерекше ұлт етті. Біздің бойымыздағы қасиеттерді қалыптастырды. Соларға қатысты қоғамдық-саяси институттарды, салт-дәстүрді, менталитетті, ұстынды қалыптастырды. Бұлардың барлығының ізі, әсері әлі күнге дейін бойымызда бар, біздің сөзіміз бен ісімізге әсерін тигізуде.
Бірақ, мынаны естен шығармайық! Жиырмасыншы ғасыр көшпелі өркениет пен экономиканы толығымен жойды деуге болады. Егер қазақ өркениеті кезінде «нар заманды», «зар заманды» басынан өткерсе, жиырмасыншы ғасырды әсірелеп, «тар заман» деуге болар. Өлім аузынан аман қалдық. Көрмеген қорлықты, қиянатты, геноцидті басымыздан өткердік. Бұның барлығы да біздің санамызға, ойлау-түсіну, түйсіну қабілетімізге, дүниеге және бір-бірімізге деген қарым-қатынастарымызға әсер етті, жүрегіміз бен жадымызда өшпес із қалдырды. Осы ғасырдың сызы мен ызғарын бойымыздан шығару үшін үлкен психологиялық, саяси, мәдени сілкініс, катарсис қажет. Қоғамның, барша ұлттың, оның әрбір мүшесінің рухани жұмысы, рухи ізденістері жандануы тиіс. Бүгінгі күні орын алып жатқан ұлттық мемлекет, ұлттық тарих, мемлекеттік тіл, ортақ дін мен діл үшін жүріп жатқан саяси-рухани күрес қазақтың жаңа сападағы ұлтқа айналуының қажетті алғышарты. Біз бір формадан, бір қалыптан, бір стандарттан шықтық. Алайда, жаңа қалыпқа кірген жоқпыз. Елдегі әрбір мәселе бойынша болып жатқан тартыстар, айтыстар осының дәлелі. Бір қуантатыны осы айтыстардың, тартыстардың болуы! Яғни қоғам, ұлт ұйықтап жатқан жоқ! Яғни біздер мазасызданып, тағатсызданып өзімізге «Біз кімбіз?», «Қайдан шықтық?», «Қайда бара жатырмыз?», «Қалай жүруіміз керек?» деген өмірлік, философиялық сұрақтарға жауап іздеп жатырмыз. Бұл, негізі, жақсылықтың нышаны. Бұл ізденістердің немен аяқталатынын ешкім дөп басып айта алмайды, бірақ олардың бар екендігі, жүріп жатуы ұлтымыздың тірі екендігін паш етеді. Негізі барлық мәселе өзімізге, әсiресе зиялы қауымға, ақпарат өндіруші және таратушы корпорацияға байланысты. Дұрыс жұмыс істей білсек, мәмілеге келе алатын болсақ, мұратымызға жете аламыз.
«Нар заман», «зар заман», «тар заман» сияқты кезеңдерді басынан кешкен ұлттың «ар заманын» іздеуі заңды. Тәуелсіздігіміздің басты жемісі - жаңадан өмірге аяқ басқан жастар. Тәуелсіз заманда өсіп-өнген, құлдық пен отарлықты көрмеген қыздар мен жігіттер. Басты мәселе осы буынның қандай құндылықтарды қабылдап, қай бағытқа бет бұруында. Негізі ұлт дегеніміз не? Ол атам заманда үңгірде өмір сүре бастаған тас ғасырындағы аты жоқ бабамыздан бастап бізден кейін мың жылдар өткеннен кейінгі соңғы қазаққа дейінгі адамдар, олардың арман-мұраты мен ойларының жиынтығы. Біздің әрқайсымыз құмсағаттың қылтасымыз, құбырымыз. Біз өткен мен болашақтың арасындағы көпірміз. Санамыз, ақыл-ойымыз, жан-жүрегіміз таза болса, ашық болса, рухымыз тасып жатса, құмсағаттың жоғары жағындағы «құм» бізге келгенде тұрып қалмай, әрі қарай құйылып, ұлтымыздың уақытын, мерзімін өлшеп жатады. Біздің ұрпақтың басты мақсаты дұрыс бағыт ұстану. Бұл жолда бір ғана мәңгі қағида бар - ұлттың амандығы мен қазақ мемлекетінің бірлігі мен тұтастығы. Осы қағиданы іске асыру үшін біздер өткеніміздегі бар жақсылықты алып, жаңа ғасыр мен мыңжылдыққа, жаңа заманға лайықты қазақ ұлтын жасақтап, қалыптастыра білгеніміз абзал. Біз өзіміздің жұмағымызды, жерұйығымызды өткеннен емес, бүгініміз бен болашағымыздан құра білуіміз керек.
Шынын айтсақ, өзге елдер мен ұлттарды зерттеп жүргеніміз шамалы. Бүгін біздер айналамызды, әлемді дұрыс түсіне алмай жүрміз. Уақыт пен кеңістігімізді білмейміз, дұрыс сезінбейміз. Оларды дұрыс түсінетіндей мәдениет пен тілді қалыптастыра алмай келеміз. Өткен ғасырдың, құрдымға кеткен өркениеттің түсініктері мен тілін жаңа заманға таққымыз келеді. Басты қайшылықтың бірі осында.
Айналып келгенде, қазақ ұлты үшін маңызды не маңызды емес деген мәселе жоқ. Барлығы да маңызды. Барлық қауіптер ұлтымыздың болашағы үшін қауіп болып табылады. Өкінішке орай, біздің ұлтымыздың «мына мәселені биыл», «ана сұрақты он жылдан кейін шешеміз» дейтін тарихи уақыты жоқ. Барлық мәселені дәл бүгін шешпесек ұтыламыз. Барлық мәселеге бірдей көңіл бөліп, бірдей күш-қайратпен, жігермен шешуге тырысқанымыз жөн. Оны бастау үшін дәл бүгін керемет қаржы-қаражаттан гөрі ұлттық рух, ұлттық жігер, ұлттық идея мен ұлттық іс-қимыл, әрекет керек дер едім.
Мен баяғыда бір мақаламда айтып едім; «Біздер Абайдың кейіпкері емес, оқырманы болғанда ғана бабамыздың алдындағы борышымызды атқарып, жаңа ұлт боламыз» деп. Абайды оқыған сайын өзімізді танимыз да отырамыз, налимыз, күйінеміз. Бірақ, Абай деген кезде алданбауымыз керек. Абайдың шығармашылығында екі бағыт бар. Бірі - жалпы адами, жалпы гуманистік идея. Оның сыны кез келген адам баласына лайық. Ұрлық та, көреалмаушылық та, еріншектік те басқа да жаман қасиеттер кез келген елде, ұлтта бар. Яғни Абайдың көптеген идеялары мәңгілік және барша адамзатқа ортақ. Екіншісі, қазаққа қатысты сын. Бұдан сабақ, тәлім ала біліп, бабамыз айтқан кемшіліктерді жоюға тырысқанымыз дұрыс. Бірақ, Абайды оқып, оны ұлттық пессимизмге, ақырзаманшылықтың сарқылмас көзіне айналдыруға мен үзілді-кесілді қарсымын. Абай бізді жаман болсын деп сынаған жоқ, жақсы болсын деп сынады. «Бабамыз айтып еді, ешқашан адам, ел, ұлт болмаймыз» деген пессимистік, нигилистік көзқарастардың қайнар көзі болсын деген жоқ. Осыны естен шығармасақ.
Бүгінгі күннің «абайларына» келетін болсақ, қиындау, әрине. Жақында мен бүгінгі күні жалпы қазақ баласына сөзі өтетін бес ақсақалы қалмай бара жатыр дегенді айтып едім. Осы сөзімді қайталаймын. Кешегі кеңес заманынан бері келе жатқан зиялы қауым мен элитаның бүгінгі қазақ жастарына сөзі өте бермейді. Жаңа «абайлар» қазақ ұлтының, қазақ жастарының қазақ ұлттық мемлекетін, жаңа қазақ қоғамын орнату жолындағы рухани күресі нәтижесінде дүниеге келеді. Жаңа тұлғаларды қолдан жасай алмаймыз. Оларды уақыттың өзі сұрыптап шығарады. Қазақ тарихында бір керемет феномендер бар. Тарихтың қиын кезеңдерінің алдында дүниеге бір ғажайып буын, ұрпақ келіп отырған. Мысалы, жиырмасыншы ғасырдың басында ұлтымыздың бақытына Абайдан сусындап өскен Алаш азаматтары келді. Солардың арқасында біз аман қалдық. Алдағы жиырма жылымыз арттағы жиырма жылымыздан да қиын болмақ. Бәлкім, ұлтымыздың жаңа Абайлары, алашордашылар Тәуелсіздік кезінде ер жетіп, дүниеге келгендердің арасында жүрген болар! Алаш азаматтары атқа қонып, ұлт үшін күресе бастаған кезде көбісі отызға да жетпеген болатын еді ғой! Үміт жоқ емес, бар. Өмір бар жерде үмітке әрқашан да орын табылуы керек сияқты. Тарихи оптимист бола білейік. Соған қолымыздан келгенше қызмет ете берейік. Түбі сол жұмысымыз өз жемісін беретіні хақ, анық.
Дайындаған Айнара АШАНОВА.
http://www.writers.kz/journals/?ID=10&NUM=80&CURENT=&ARTICLE=2404