Ақберен Елгезек. Шығыстан ШЫҰ үн қатты
Үстіміздегі жылдың 15-16 маусым аралығында Екатеринбург қаласында Шанхай ынтымақтастық ұйымының кезекті саммиті өтті.
Азия аймағында үлкен саяси ұйымға айналып үлгірген ШЫҰ, өткен ғасырдың соңына қарай жұмыс істей бастаған «Шанхай бестігі» деп аталатын көршілес елдер арасындағы келіссөз механизмі негізінде құрылғанды. Әлемді социалистік идеясымен әуре сарсаңға түсірген Кеңес мемлекеті тарих сахнасынан кетіп, Батыс пен кеңестік кеңістікте ондаған жылдарға созылған «қырғи-қабақ» соғысы аяқталысымен халықаралық және аймақтық қарым-қатынастарда бейбітшілік пен экономикалық дамуға бағытталған үрдістер белең алған болатын.
Жаңа ғана тәуелсіздік алған мемлекеттер өзінің шекарасын белгілеп, ішкі және сыртқы саясатын түзе бастаған кезеңде, Қазақстан, Қытай, Ресей Тәжікстан мен Қырғызстан бестігі 1996-1997 жылдары «Шекаралас аудандарда қарулы күштердің санын қысқарту жөніндегі келісімге» қол қойды. Сол кездің өзінде келісімге қол қойған мемлекеттер аймақтағы қауіпсіздікті сақтау және шекаралас елдердің бейбітшілік жағдайында өмір сүруге ниетті екенін көрсеткен еді. Аталған келісімге қол қойған сәттен бастап, «Шанхай бестігі» деп аталатын саяси сұхбаттар алаңы дүниеге келді. Содан бері көптеген күрмеуі қиын мәселелер өз шешімін тапқан болатын. Ең алдымен, Қытай мен төрт мемлекет арасындағы тарихи даулы шекаралар шешіліп, белгіленді. Лаңкестік, сепаратизм және экстремизм атты «үш зұлымдыққа» тосқауыл қойылды, аймақта тұрақтылық пен қауіпсіздік орнап, соның арқасында 90-шы жылдардағы посткеңестік дағдарыстан бұл елдер аман-есен шығып, тәуелсіздіктің тұғырын мығымдап алды.
Міне, содан бері 12 жылдай уақыт өткен екен. Бүгін біз бұл ұйымның әлеуеті қандай, осы аптада өткен саммит ШЫҰ-на мүше елдерге не берді деген сұрақтар маңайында әңгіме қозғамақпыз.
Иә, алғашқы мүшел жасын атап өткен ШЫҰ осы аптада әлем назарын өзіне аударды. Еуроодақ саммитінің қарсаңында өткізілген бұл басқосуда Екатеринбург декларациясы қабылданып, бірқатар маңызды құжаттарға қол қойылды. Қазақстан, Ресей, Қытай, Тәжікстан, Өзбекстан мен Пәкістанның мемлекет басшыларынан бөлек бұл саяси шараға Иран президенті, Үндістанның Премьер-Министрі және Монғолияның бірінші вице-премьері қатысты. Мұндай құрамда өткен саммит ұйымның ықпалы күшейіп, аясы жылдан жылға кеңейе бастағандығын көрсетсе керек.
Саммитте ұйымға мүше елдер арасындағы мәселелерді талқылаудан бөлек, әлемдегі саяси оқиғалар мен жер жаһанды алаңдатып отырған жағдайлар да сөз болды. Мысалы, Солтүстік Кореяның ядролық бағдарламасына баға беріліп, аймақтағы лаңкестік ұйымдармен күрес және нашақорлықты жою сияқты өзекті мәселелер күн тәртібіне шықты.
Жоғарыда айтып өткен Екатеринбург декларациясы бұл ұйымның әлемдегі алуан түрлі үдерістерге ықпал етуге талпынған амбициясын көрсетті. Қабылданған құжатта қазіргі замандағы халықаралық ахуалға баға беріліп, Батыс пен Шығысты, Солтүстік пен Оңтүстікті жаһандық мәселелерді шешуге шақырды. Сонымен қатар құжатта алпауыт мемлекеттерді Біріккен Ұлттар ұйымының рөлін күшейту арқылы, халықаралық және аймақтық жанжалдарды қалыптасқан саяси-дипломатиялық тәжерибеге сүйене отырып шешуге үндеді.
Мемлекет басшылары «Ядролық қаруды таратпау келісім-шартына» қолдау білдірді. Ең маңыздысы, ШЫҰ-на мүше елдер халықаралық қаржыны басқару мен аймақтағы экономикалардың тұрақты дамуын қамтамассыз ететін мемлекетаралық жұмысты жандандыруға келісті.
Осы орайда Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өз сөзінде: «Шанхай ынтымақтастық ұйымы қолдағы әлеуетті тиімді пайдалану мен негізгі аймақтық валютаның себетке тәуелді бірыңғай ортақ есеп айырысу бірлігін енгізу үшін барлық мүмкіндікке ие. Бұл бірлікті ШЫҰ елдері арасында сауда-экономикалық есеп айырысуда пайдалануға болар еді» - деді.
Қазақ басшысының бұл сөзін Ресей Президенті Дмитрий Медведев былай жалғады: «Айналымдағы валюта қорлары мен негізгі валюта қоры – АҚШ доллары өзінің қызметін атқара алмады. Бүгінгі әлемдік валюталық жүйе экономикалық тұрақтылықты қамтамассыз ете алмай отыр, осыған байланысты көптеген елдердің экономикасына бірқатар қауіп төндіруі ықтимал». Сондай-ақ, Д.Медведев өз сөзінде резервтік валюта ретінде ресей сомы айналымға түскенін қалайтындығын жасыра алмады. Алайда, бір елдің валютасын халықаралық деңгейде айналымға түсіру үшін сол елдің экономикасының мықтылығы дау туғызбауы керек. Ал, Ресей экономикасы қазіргі уақытта қажетті талапқа сай еместігін ескерсек, жақын арада Д.Медведевтің арманы орындала қою қиын.
Бұл саммитте Ресей өзін аймақтағы көшбасшы ретінде көрсетуге талпынғаны байқалып қалды. Қай заманда да Кремль өзінің империялық мінез-құлқын байқатып отыруға дағдыланып алған ғой. Бірақ осы саммитте Қытай сияқты геополитикалық «бәсекелесі» Д.Медведевтің ұсынысына немқұрайды қарады. Бұл да болса, ынтымақтастыққа мүдделі мемлекеттердің ішінара ойындары болуы керек. Сонымен қатар, Медведевтің халықаралық дәрежедегі тәжерибесі аздау ойыншы екенін есепке алсақ, оның кейбір мәлемдемелері Ресей басшысының албырттығын аңғартып тұрды.
Дегенмен, ШЫҰ-на мүше елдер және бақылаушы қонақтар Шығыс елдерінің Батыстан үнемі соғып тұратын жаһандану дауылына қарсы біріккен іс-қимыл жасай алатындығын аңғартты. Бұл әрине, қуанарлық іс. Әсіресе, Қазақстанның аймақтағы жетекші рөлін ескерсек, біздің ел үшін мұндай іс барысы тек оң әсерін тигізеді. Тарихымыз бен мәдениетіміздің және шығыстық дүниетанымымыздың сақталып қалуы өз алдына, саяси-экономикалық дербестігіміз нығая түспек. Орталық Азияда көшбасшы мемлкеттердің бірі болсақ, бізге төнуі мүмкін түрлі қауіптерден бірлесе отырып аман қалуымызға жақсы.
The Financial Times газетіне берген сұхбатында Миссури университетінің экономика ғылымдарының профессоры Майкл Хадсон ШЫҰ елдерінің саммитін «АҚШ-қа қарсы шығу» - деп мәлемдеді.
Майкл Хадсон айтқан сөздің жаны бар. Себебі, АҚШ-тың саммитте бақылаушы ретінде қатысу ниетін ШЫҰ мемлекеттері қабыл алмады. Бұл әрекет арқылы Шығыс елдері Батыстың, әсіресе, АҚШ-тың әлемдегі гегемониясын әлсірету жолындағы күресті бастады деп топшылауымыз керек шығар. Мұндай саяси демарш бәлкім Барак Обамамен жасалған құпия келісім де болуы мүмкін?...Оған қоса АҚШ-тың әлемдік дағдарыстың себепкері болғанын қоссаңыз, қазіргі жағдай Американың билеп-төстеуін тоқтатуға таптырмас уақыт екенін айтпаса да түсінесіз. Алайда, бәрін тарихтың даму эволюциясы мен саяси коньюктура көрсетеді.
Саяси кеңістікте бір мемлекеттің әлсіреуі келесі бір елдің әлденуіне алып келетіні ақиқат. АҚШ пен Батыс Еуропаға қыр көрсеткен ШЫҰ алға Қытайды шығарды. Қытай мемлекетінің ШЫҰ альянсының дамуына 10 млрд. доллар бөлуі – оның осы елдер арасында өз сөзін жүргізгісі келгендігін айғақтамай ма? Ресей Қытайдың бұл әрекетінен абдырап қалды. Экономикасы әлсіз Ресей өз бюджетінен Қытай бөліп отырған ақшаның сомасын шығара алмасы анық. Сондықтан алдағы уақытта аймақтағы гегемондық рөлді қытайлар иеленеді деп топшылауға болады.
Өзбекстан ШЫҰ-ның төрағалығына сайланды. Алайда, Өзбекстан Қытайдың ықпалына көбірек ұшырағанын ескеретін болсақ, бұл жағдай да Қытай үшін тиімді. Ұлы Қорған жағынан енгізілетін құжаттардың көп өзгерісткерге ұшырамайтынын да болжау қиын емес.
«ШЫҰ көптеген мәселелердің оң шешімін табуға көмектесетін алаң» - деген Д.Медведевтің кезекті рет өткен ШЫҰ саммитін жылы жаба салғысы келгендігін байқатты.
Осындай саяси ойындарды елемеген күнде, бұл саммиттің ұйымға мүше елдердңғ барлығына берері көп болғанын айта кеткеніміз жөн. Себебі, дағдарыс заманында әңгімеге арқау болған көптеген өзекті мәселелер талқыланып, әлсіреп бара жатқан экономикалалардың жақын арада қайта жаңару мен түлеуіне, осындай шақта белең алатын лаңкестік пен есіртке саудасына біріге күресуге келіскен мемлекеттерге саммит оң септігін тигізді деп айта аламыз.