Жексенбі, 24 Қараша 2024
Ақмылтық 6899 25 пікір 26 Наурыз, 2020 сағат 12:41

Індет пен міндет

немесе төтеннен келген тажал туралы толғаныс

Сонымен, жаһанды жалмаған тажал бейқам жатқан біздің табалдырығымызды да аттады. Екі үлкен мегаполис карантиндік күзетке, қатаң қоршауға алынды.

Еліміз мүлдем басқа болмыста өмір сүре бастады. Таңертең әрбір қазақ смартфонын ашып, соғыс майданынан түскен хабар күткен секілді, коронавирус жұқтырғандардың санын түгендей бастайды. Бүгін олар 88-ге жетіпті. Әзірше азаю тенденциясы жоқ, тек өсу.

Бұл кезең, бұл індет - баршамызға сын.

COVID-19 - әр адамға сын

Әрқайсымыздың жүріс-тұрысымызға, өз-өзімізді ұстауымызға, гигиена мен санитария нормаларына ғана емес, басқалармен қарым-қатынасымыздың қаншалықты өркениетті екендігіне сын. Тазалығымыз, керек десеңіз, тектілігімізге сын! Күнделікті араласып жүрген ортаң таза болса, сен де тазасың. Кейде ішкі мәдениет сыртқа шығып жатады. Ол да осы күндері көрініп қалып жатыр.

Бүгіннен бастап, әр адам өзінің тағдырына өзі жауап береді. Карантин ережелерін (өзін-өзі оқшаулау, тазалықты сақтау) бұлжытпай орындаса, вирусты жұқтырмай, бұл өткелден аман-есен өте алады. Олай болмаған жағдайда, тағдыры басқаша болмақ: бәрі өз қолында.

Өкінішке орай, мен әзірше сол орасан зор жауапкершілікті сезінген жұртты (ұлтты!) көріп отырған жоқпын: әлі де «бір Құдай жеткерер» деген, карантинге дейінгі әдеттерінен қол үзгісі келмейтін, ретін тауып, ат шаптырмаса да, көлемді қонақ шақырып, той-томалақ жасап жібергісі келетін алаңсыз ағайын, қаперсіз қауым, жайбарақат жамағат.

Бұл үрдіспен қоштаспай, жеке және ұжымдық жауапкершілікті сезінбей, қауіптен құтыла алмаймыз.

Бәлкім, карантин кезінде қазағымның небір қонақжай мақал-мәтелдеріне уақытша мораторий жасау керек пе?

Өзін-өзіне тыйым салу, сонымен бірге, басқаларға деген құрмет, жанашырлық. Соны да түсінуіміз керек. Өзің сақтанғаның – өзгелерді сақтағаның. Әр адамның жеке өз басының адамшылығына да сын. Қараңыз, әркім әр қырынан танылып жатыр. Бірі – өз басын қатерге тігіп, волонтер боп, қиналып қалған ағайынға қол ұшын созуда. Ал басқасы құлқының құлы боп, қысылтаяң кезді пайдаланып, он теңгелік маска үшін әкесінің құнын сұруда. Қара бас пайдасын үстемелеп жатқан алыпсатарлар да өз арамыздан шығып жатыр емес пе? Жағдай ушыққан сайын адамдар да ашына бастайды, ертеңгі күні оның бәрі тұрмыстық криминалдың одан сайын өршіп, ел қауіпсіздігін нұқсан келтіруі де ықтимал.

Және де бұл тек қана биліктің қам-қарекетіне ғана байланысты емес, әр адамның өз ары мен ұятына, ынсабы мен жауапкершілігіне де толығымен байланысты.

COVID-19 қоғамға да сын

Ұлттық қана емес, ғаламдық қаупі бар тажал жан-жақты жалмаған кезде біздің қоғам қаншалықты ынтымақ, өзара түсінушілік, бірегейлік таныта алады? Қарапайым тілмен айтсақ, бұл вирус – ортақ жауымыз, ал бар адамзат үшінші дүниежүзілік соғысында окоптың бір жағында. Ортақ жау бізді аяйын деп тұрған жоқ. Ал ортақ қатер алдында, сол адамзаттың бір әскері ретінде, ұлт бірікпесе, бірегейлік танытпаса, сөзсіз, жеңіледі.

Бұл бірігуді мен бір физикалық қимыл-әрекет ретінде қарастырудан аулақпын. Бұл бірігу мен үшін, ең алдымен, басқалардың денсаулығына деген қамқорлық, сырқатқа шалдыққан жандарға деген жанашырлық пен түсінушілік, пандемия себеп боп, қоғам өмірінің барлық салаларында қиналып қалған ағайынға деген моральдық қолдау деп білемін. Ол дегеніңіз, бұл билікті жек көрсең де, үкімет  қолға алып жатқан шұғыл да қатаң шараларға түсіністікпен қарау, қолдан келсе, атсалысу.

Қоғамның өркениеттік өсіп-жетілу деңгейі қандай – бұл індет соны да танытады.

Соның ішінде, осындай қиын-қыстау кезеңде қатар жүретін тұрпайылық, анайылық, фейкинг, хайпинг секілді қоғамдық кеселдерге қоғамдық сана-сезім лайықты төтеп бере ала ма? Не рас, не өтірік – соны тани біле ме? Оған оның біліми, мәдени, тәрбиелік деңгейі жете ме?

Өйткені, медициналық негізі бар қауіптің қоғамдық жағы бар. Физиологиялық тазалық пен саулықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етерміз. Ал ақпараттық гигиена, сана-сезімдік санитария секілді аса қажетті шараларды қалайша жүзеге асырамыз?

Отыз жыл бойына шылғи өтірік не шалашындық айтып келе жатқан ресми институттар мен спикерлерге бүгінгі жұрт құлай сене бермейді. Сондықтан да, меніңше, басқаша құралдар мен әдіс-тәсілдер қажет. Және де оны кей кезде билік жағынан тарап жататын, жалған, «жамандықты жасырып, жақсылықты асыруға» әуес, бірыңғай мақтау мен марапатқа бейім біржақты ақпаратқа карантин жариялаудан бастау керек! Ақпараттық ашықтық, ащы болса да, шындықты айту – тек қана карантин кезінде ғана емес, басқа уақытта да қажет.

Мәселен, күнде сырқаттар мен айыққандардың (оған да тәуба!) статистикасын оқып жатырмыз. Бірақ олар кімдер, ауырғанда, қандай жағдайда болды, қандай ем-дом қабылдады, емдеу динамикасы қандай болды, олардың болашағы не болмақ – ол туралы ақпарат айтыла бермейді. Шетелде вирус жұқтырған ел басшылары мен көрнекті тұлғалардың аты аталып жатыр, бізде болса, биік лауазымдағыларға қатысты мәліметтер – құпия.

Саяси ойының бір әсіре тапшыл классигі айтқандай, адамзат өткен күнімен күліп қоштасады-мыс. Осындай сын сағатта кей ағайынның сары уайымға салынбай, бір сәт болса да, қабағын ашып, әзіл-қалжың мен күлкіге де уақыт пен мүмкіндік табатынын қайтерсің. Коронавирус тақырыбы жазуға бейімі бар (бейімі жоқ та!) ағайынның шығармашылық әлеуетінің күрт артуына себеп болған секілді. Намысқа тимейтін, қайғы-қасіретті әжуа етпейтін ондай креатив өз басыма ұнайды. Қиындықты ұнжырғасы түспей, сағы сынбай, күлімсіреп қарсы алудың өзі де қоғамның бір мықтылығы емес пе?

COVID-19 ұлтқа да сын

«Дертке шалдыққан әр қазақ – жалғызым» деп, бір-бірімізге қол үшын бере аламыз ба? Әлде сырқаттанған қандасты кеудеге итеріп, тұқыртамыз ба? Осындай қысылтаяң кезде әлем алдында ұятқа қалмаймыз ба? Қараңыздаршы, басқа ұлт өкілдері бір-бірін қолдап, дүниеге танылып жатыр. Балкондарға шығып баршаға ортақ бір ән айтудан бастап, өз ұлтына, өз халқына миллиардтаған қаржы бөліп, байлығымен бөлісіп жатыр.

Біздің олардан неміз, қай жеріміз кем?

Философиялық, өркениеттік тұрғыдан алғанда, COVID-19 адамзатқа, халықаралық қауымдастыққа да сын.

182 мемлекетке жетіп, ғаламдық сипат алып бара жатқан індетке қарсы барша мемлекет жұдырықтай жұмылмаса, іс насырға шабуы әбден мүмкін. Бұл вирусың ешқандай шекараны мойындайын деп тұрған жоқ. Соның ішінде дертке қарсы вакцина табу ісін де бірлесе қолға алған жөн болар, әйтпесе, әр ел өз атын шығарамын деп, өз дәрі-дәрмегін жасап әлек. Осы тұрғыдан алғанда, вируспен күресті ғаламдық деңгейде үйлестіретін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына артар үміт зор.

Ортақ індет ортақ міндеттер жүктейді. Сыртқы саясатта орын алған түсінбеушілік пен кикілжіңдерді, ушығып бара жатқан «сауда соғыстарын» ұмыттыруға себеп болар. Бәлкім, экономика мен геосаясатта қордаланып қалған халықаралық проблемаларды Гордий түйінін шауып тастағандай, әп-сәтте шешуге өз ықпалын тигізер. Кім біледі, осы күнге дейін жалғасып келе жатқан әскери қақтығыстар да осы пандемия тұсында толастар.

Бүкіл әлемді дүрліктірген вирустың отаны – Қытайға қатысты фобияның күшеюі – психологиялық тұрғыдан алғанда қисынды боп көрінеді. Бірақ, осынау ажиотаж пен паника кезінде біз, қазақтар, осы үрдіске қатысты бір түзету енгізуіміз қажет сияқты. Қытай, біз оны ұнатамыз ба, ұнатпаймыз ба, біздің мәңгілік көршіміз, ол жақта біздің қандастарымыз өмір сүріп жатыр, және де олар таяу арада біз жаққа келе алмайды. Оған қазіргі биліктің ел экономикасын Қытай секілді алпауытқа тәуелді етіп қойғанын қосыңыз.

Сондықтан да дәл осы тақырыпта әсіре фобияшылдыққа, түңілушілікке салынбайық. Керісінше, одан сайын жігерленіп, қайраттанып, тарих пен табиғат берген Қытай сынды империямен көршілік секілді ғаламат сыннан қалай өтеміз, осы факторды өз болмысымызға қалайша мейлінше зиянсыз, қауіп-қатерсіз пайдаланамыз, міне, осы мәселе туралы салмақты да салиқалы ұстанымға жүгінуіміз керек!

Бізде көп нәрсе қолында билігі мен қаржысы, тиісті әкімшілік инфрақұрылымы бар өкіметке байланысты. Сондықтан, Бұл, COVID-19, ең алдымен, билікке сын.

Халықтың нәпақасы арқасында күн көріп жүрген әрбір шендіге – ауыл әкімінен бастап президентке дейін – сын.

Баршымыздың өміріміз бен тұрмысымызды күрт өзгерткен апатқа өкімет қаншалықты дайын болды?

Сөздің расы керек: дайын болмай шықты!

Тағы да қолын мезгілінен кеш сермеп жатыр. Меніңше, карантинді бұдан да ертерек жариялап, о бастан қамдану керек еді! Қазір сол қылмысты жайбасарлықтың зардабын тартып жатырмыз. Ал сол салғырттық пен жауапсыздыққа жауап беріп жатқан ешкім жоқ!

Басты сұрақ мынау: осы сыннан лайықты, мейлінше шығынсыз өтуге өкімет басындағылардың білімі, өресі, біліктілігі, кәсіби деңгейі, ұйымдастырушылық қабілеті жете ме?

«Жұт – жеті ағайынды». COVID-19 деген тажалмен «Девальвация-2020» деген пәлекет қатар кеп қалды. Теңгенің тағы да құлдырауы, бағаның аспанға шарықтауы бір айлыққа қарап отырған (көп жағдайда онысы да жоқ!) қарапайым халыққа қосымша соққы болып жатыр. Тыныш заманның өзінде тиімді шара қолдана алмай жүрген біздің үкімет мынадай, карантинмен шектелген кезде не істемек?

Иә, президент кеше ғана тиісті жұмыс жоспарын жария етті.

Мойындау керек, онда айтылған біраз тұжырымдар көңілге қонымды. Бас биліктің аузынан елге деген қамқорлық, жанашырлық туралы тезистер шыға бастағандай. Көптеген бастамалар құпқарлықтай.

Бірақ, мұның өзі жеткіліксіз. Және де ең маңыздысы – президент алға қойып отырған міндеттерді оған тікелей бағынышты билік тармақтары толыққанды жүзеге асыра ала ма? Гәп сонда!

Және де биліктің осы күнгі риторикасында құлақты әбден сарсытқан бәз баяғы сарын жоғалмаған, сол ежелгі, құлақ пен көз үйренген ақталу: бәріне дүниежүзілік дағдарыс пен коронавирус кінәлі, ал біздің билік – сүттен ақ, суден таза екен! Меніңше, кез келген реформа, ең алдымен, өз қателігі мен кемшілігін мойындаудан басталады. Бізде ондай мойындау жоқ. Себебі саяси ірілік мінез жоқ.

Иә, әлеуметтік жағынан біршама көмек жасалып жатыр. Ол да дұрыс. Оны қолдаймын.

Бірақ, билік бір нәрсені түсіну керек: ол қолға алған кез келген оң бастаманы қазіргі көкірегі ояу, көзі ашық, ақпаратқа мейлінше қаныққан аудитория өзіне мәлім болып отырған шетелдік тәжірибемен салыстыра отырып бағалайды! Ал ол тұрғыдан алғанда, біздің биліктің бастамалары, мойындау керек, көш кейін, басқалармен салыстырғанда - қораштау. Ал кей жағдайда - тіпті айтуға ұят.

Мәселен, АҚШ, Германия, Франция, Ұлыбритания секілді капиталистік мемлекеттер таза социалды (әлеуметтік) қадамдарға барып, өз халқына қол ұшын созып жатыр. АҚШ-та әр адамға 1 мың доллардан астам көмек беріледі.

Иә, бізде де табыс көзінен айрылғандарға 42 мың теңгеден берілмек. Бірақ ол қаржы жеткілікті ме? Және де ол категорияны кім анықтайды? Біздің шетінен ұйықтап жатқан, президент айтпаса, қимылдай қоймайтын, жайбасар шенділер тиісті тізім жасап болғанша, карантин де аяқталатын шығар.

Республика бойынша жалпы сомасы 10 миллиард доллар қаржы бөлінбек екен. Және де оны экономикаға жұмсау көзделген. Ол да дұрыс. Бірақ, біздің жемқорлық пен парақорлыққа салынған жүйе ол ақшаны орта және шағын бизнеске толығымен жеткізуге мүмкіндік бере ме? Әлде ол қаржы шенділер мен оларға бір табан жақын алпауыттардың жағдайын түзеуге жұмсалып кете ме?

Айтпақшы, ақша жинау туралы.

Өркениетті елдердің өкіметтері өз бюджеттерінен жүздеген миллиард доллар мен еуро (!) қаржы бөліп жатыр. Неткен атымтай жомарттық, өз халқына деген шынайы жанашырлық! Ал біздің билік болса, онсыз да таусылып, зығырданы қайнап отырған жұртынан жылу жинай бастады.

Иә, елбасы үндеу тастап, жергілікті олигархтар да өз үлесін қосып жатыр. Оның сомасы 40 миллион долларға жетіпті. Бірақ та халыққа тиесілі қазба байлықтарын сатып, қыруар ақша күреп жатқан олардың әрқайсысы өздері үшін тиын-тебен іспеттес қаржы бөлумен шектелуі мені аса таң қалдырмайды.

Оның орнына өкімет осынау қиын кезеңде шетелдегі оффшор шоттарында жатқан заңсыз қаржыларды тезірек елге қайтару ісін мықтап қолға алуы қажет деп санаймын. Әлі де кеш емес.

Қаржы жинаудың тағы бір, бенефициарлық жағы бар. Бізде президент өзгергенмен, ең бай компаниялардың түпкілікті иелері өзгерген жоқ. Олар болса, тұңғыш президент тұсында аяққа тұрған, қалыптасқан, күшіне мінген топтар мен тұлғалар. Екінші президент қаншалықты ол ортаға ықпалды, қаншалықты оларға сөзі өтеді – оны уақыт көрсетеді.

«Нұр Отан» да қай жерден пиар жасауды «біледі»: «Birgemiz» қорына 40 миллион доллар түскен екен, енді сол қорға осы партия басшылық әрі бақылау жасайды екен.

Бірақ, менің түсінуімше, індет – партиялық емес, бүкілхалықтық. Сондықтан да ол қорды бір партияға теліп қою – саяси және практикалық тұрғыдан қате деп санаймын.

Ол қордың басқарушысы да, оның қызметіне бақылау жүргізетін құрылымдар мен тұлғалар да бейпариялық болуы шарт. Сонда ғана бұл қорға қосымша қаржы көбірек түседі, ол қорға халықтың сенімі артады.

Біздегі карантин жариялау логикасы да қызық. Екі-үш қаланы оқшаулау жеткілікті ме? Желтоқсан айының соңғы күндері басталған індет наурыздың ортасына дейін «Қазақстанға бармай-ақ қояйын», - деп, сыпайылық танытып, біздің шекарамызда күтіп тұрмаған болар. Қаншама адам осы уақыт ішінде шетелге барып келді, қаншама адам ол жақтан келген адамдармен араласты?! Сондықтан карантин болса, толыққанды, түбегейлі де түпкілікті тыйымды болуы керек. Жартыкеш карантин деген сөз – карантин жоқ деген сөз.

Немесе барлық мектептер дистанциялық (қашықтан) оқытуға көшеді екен. Қазақстанның аймағы толығымен сапалы әрі үздіксіз Интернетпен қамтылды ма? Әр отбасында тиісті компьютер не ноутбук бар ма? Ауыл емес, ортаңқол қалаларда электр қуаты мен Интернет жоқ кезде бұндай оқу көзбояушылық боп қалмай ма?

Ауыл демекші, Алматы мен Астанада, жақсы ма, жаман ба, әйтеуір мүмкіндіктер бар ғой: білікті кадрлар, инфрақұрылым, құрал-жабдық, күштеу органдары дегендей.

Пәлекетті шақырғым келмейді, бірақ жаман айтпай, жақсы жоқ: егер де коронавирус ауыл жақтан табылып жатса, не болады деп бір сәт ойлап қалсам, төбе шашым тік тұрады!

Олай ойлауыма негіз де жоқ емес: ауыл-аймақтағы медицинаның жағдайы бесенеден белгілі. Осы уақыт ішінде қаншама адам ауыл жаққа барды десеңізші. Естіп жатырмыз, ауылдағы ағайын әлемдік тажалдың қаншалықты қауіпті екенін әлі де сезіне, ұғына қоймаған сияқты, "той-томалақ жалғасып жатыр" дейді кей азаматтар!

Бұның бәрі - бүгінгі күннің мәселесі, ал ертеңгі күн ше?

Халықаралық валюта қоры дүниежүзілік экономиканың рецессияға ұшырауы мүмкін деген болжам айтып жатыр. Ол болжам расталса, біздің онсыз да ілдәлап тұрған экономикамыздың жағдайы не болмақ?

Коронавирустан кейін қалыптасатын жаңа халықаралық еңбек, тауар, қаржы бөлісу нарығында өз орны үшін бәсекеге түсуге «қара алтын» мен коррупцияға, менмендік пен монополияға телініп, әбден мешел болып қалған Қазақстан экономикасы дайын ба?

Оның үстіне қазіргі дағдарыс еңбек ұйымдастыру ісіне ғана емес, бүкіл экономиканың құрылымына қайта қарауға мәжбүрлеуде. Біз ондай реформацияға әзірміз бе?

Оған үлкен күмәнім бар!

COVID-19 біздің медицинаға, оның қазіргі деңгейіне де сын

90-жылдардың ортасында ауыл амбулаторияларын жабудан басталған таусылмайтын қысқартулар мен реформасымақтар осы саланы құлдыратып жібергені рас. Қазіргі реформа, яғни міндетті сақтандыру жүйесін енгізу көпшіліктің жұмыссыз, табыс көзісіз жүрген кезіне тап келгені де рас. Мұның өзі әлеуметтік теңсіздіктің одан сайын ұлғаюына әкелетіні түсінікті.

Осы жылдар бойына «қалдық қағидатына» сай қаржыландырылып келген отандық медицина әлемнің дамыған елдерінің денсаулық сақтау жүйелері әзер әлі келіп жатқан тажалмен күресуге дайын деп айта аламыз ба? Оған оның техникалық және технологиялық әлеуеті жете ме? Оқу реформасынан аман-сау қалған медициналық оқу орындары дайындап шығарған жаңа кадрлар осы қауіпке төтеп бере ала ма? Неге осы күні өз арамыздан сөзіне дүйім жұрт құлақ асып, тоқтар эпидимеологтар мен вирусологтар шықпады?

Біздің жағдайда ЭКСПО мен саммиттерге, жеке банктерге миллиардтаған доллар қаржы жұмсаған билік отандық медицинаны дамытуды, оның материалдық-техникалық базасын нығайтуды неге қолға алмады деген сұрақ қоюдың өзі ыңғайсыз екен.

Әрине, медицинаның дамығаны туралы небір ақпарат алуға болатын шығар. Бірақ, мына екі қарапайым сұраққа жауап берілмей, объективті баға беру қиын болар.

Неліктен елде медициналық маска жоқ (бар болса, неге бағасы удай)? Неге кез келген қазақстандық тұрғылықты жеріндегі емханаға барып, тестен өте алмайды? Басқа өзекті сауалдарды қоймай-ақ қояйын...

Індетпен күрестің алғы шебінде ақ халатты абзал жандардың алдында басымызды иейік! Өз денсаулығы мен өмірін қатерге тігіп, басқалар үшін тәуекелге бел буған медицина қызметкерлеріне мың да бір алғыс! Билік олардың ерен еңбегін (ерлігін!) елеп, барлық жағдай жасауы керек деп санаймын! Бүгінгі күннің хас батырлары – солар!

COVID-19 отандық тауар өндірушілерге, бизнеске де сын

Коронавирусқа қатысты шектеулер мен тыйымдар оларды есеңгіретіп жіберді. Онсыз да өз күнін әрең көріп келген олар бұл кезеңнен аман-сау өте ала ма? Мемлекет көрсетіп жатқан қомақты қаржы олардың да қолына тие ме? Тисе, бизнес оны оңтайлы пайдалана ала ма?

Бизнеске қойылар моральдық сауалдар мен талаптар да жоқ емес.

Қалыптасқан конъюнктураны желеу етіп, халық зәру боп отырған тауарлар мен қызметтерге бағаны күрт көтеріп жіберіп, содан бір күндік пайда табу, меніңше, іскерлік емес, әсіре пайдакүнемдік пен дүниеқоңыздық, керек десеңіз, адамдыққа қарама-қарсы арамдық. Ондайды да көріп жатырмыз. Біреу тоңып секіріп жатса, ондай алыпсатарлар (ұмыт болған термин қайта жанданғандай-ақ!) тойып секіргісі келеді.

Бұл індеттің саяси астары да бар сияқты десем, қателеспейтін шығармын.

Карантин бір айға жарияланды. Бірақ, шынайы жағдайға қарасақ, ол мерзім созылуы да мүмкін. Талай бизнес осы уақытқа жабылды, тоқтады. Яғни, сан мыңдаған адам жұмыссыз үйде отырады. Олар қалай күн көрмек? Онсыз да біліксіз әрі былыққа белшесінен батқан билікті атарға оқ таба алмай отырған олар не істемек?! Қоғамды кернеген наразылық пен қарсылық коронавирус секілді катализаторын таба қояды ма? Оған девальвация мен бағаның шарықтауын қосыңыз.

Дап-дайын толқу емес пе?!

Биліктің транзитін, яғни бір адамның қолынан екінші адамның қолына көшу секілді қатпар-қатпар құпиялы, қаупі мен қатері мол кезеңді бастан өткеріп жатырмыз. Бірақ екі ортаға үшінші, төртінші күштер кірігіп кеткісі келетін секілді. Ал карантиннің санитарлық тыйымдары таза саяси сипат алып, византиялық дәстүр бойынша, кейбір кландардың өз қарсыластарынан оп-оңай құтыла салуына мүмкіндік беретіні де рас емес пе? Мәселен, олардың жүріп-тұруын тежеп дегендей? Немесе басқаша әрекет жасап. Бәлкім, ондай шытырманды саяси триллерлердің де куәсі боп қалармыз, кім білген?

Жалпы алғанда, карантин секілді төтенше жағдай небір күдікті де құйтырқы саяси бастамаларға жол ашып беруі мүмкін. Билік транзиті кезінде аяқ астынан ондай белсенділік пайда болып жатса, аса таң қалмауымыз керек. Біреулер бекерден-бекер «карантин созылуы мүмкін» деп айтып жатқан жоқ шығар...

Коронавирус, сонымен бірге, біздің ішкі саяси өмірге, қос билік туралы тезистерімізге де өз түзетулерін енгізіп жатқан сыңайлы.

Байқасаңыз, осы тақырыпта елбасынан гөрі екінші президенттің даусы көбірек шығып жатыр.

Мәселен, күні кеше ғана ол мемлекеттік ТЖ комиссиясында сөз сөйледі. Және де ол сөзінің таза ұйымдастырушылық сипатынан басқа, тағы бір, саяси астары бар сияқты.

Яғни, осы жолы сөзі қатқылдау шығып, өз-өзін сенімділеу сезініп, бір жаққа жалтақтамай, қалыптасқан жағдай үшін жауапкершілікті өз қолына алғысы кеп, өзіне шынымен де нақты билік көше бастаған басшы ретінде сөйлей бастағандай.

Өзіме солай көрінді.

Биліктің, соның ішінде оның қауіпсіздікке, кұқыққорғауға қатысты тұстарының бір жаққа - Кітапханадан Ақордаға - көшу процесінің басын көрген сияқтымыз.

Сөз жоқ, төтенше жағдайда төтенше өкілеттіктер болуы тиіс. Онсыз мына тажалдан құтыла алмаймыз. Қалыптасқан жағдайда темірдей тәртіп керек екені түсінікті.

Бірақ мен бұл тенденцияны тек төтенше жағдай тұсында ғана жарайды деп санаймын.

30 жыл бойына үстем етіп келе жатқан суперпрезиденттік жүйені о бастан қабылдамаған азамат ретінде айтарым мынау: Тоқаевты қолдаймыз деп біз дүниеге екінші Назарбаевты алып келмейік.

Биліктің үш тармағы - заң шығарушы, атқарушы және соттың - шынайы тепе-теңдігін қалыптастырмай, алға баспаймыз.

Ол үшін не істемек керек?

Мықты, өкілетті әрі пәрменді парламент пен тәуелсіз сот керек!

Сөз соңында айтарым.

Табиғаттың өзі адамзатқа сан ғасырлар бойына ластанып, күл-қоқысқа толған «Жер» атты авгий атқорасын тазартып, тазалап алу талабын қойып жатқан сияқты. Дүниетанымдық тұрғыдан қазіргі жағдайды солай да түсінуге болар.

Бәрін айт та, бірін айт: осы вирус, осы тажал әлемді және қоғамды, әрбір адамның сана-сезімін, болмысты қабылдауын түбегейлі, қайта оралмастай өзгертіп, тазартатын сияқты.

Басқаша айтқанда, мына індет баршамызға – әр адамға, қоғамға, билікке – бұрын-соңды болмаған сын бола отырып, соған сәйкес өз міндетін жүктеп отыр.

«Жақсы сөз – жарым ырыс».

Коронавирус келер де кетер.

Ең бастысы, елімізді - берекесіздік, қоғамды – әділетсіздік, билікті – жемқорлық, қазақты – рушылдық, ағайынды – араздық, достарды – сатқындық вирустары жайламасын!

Соны тілейік.

Әміржан Қосан

Abai.kz

25 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1494
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3265
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5596