Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 10419 0 пікір 10 Қазан, 2011 сағат 05:07

Мырзагелді Кемел. Шәкәрімнің ақталуы

Шәкәрім өмірінде екі рет ақталған. Біріншісі - 1959 жылы «Қазақ әдебиеті» газетінде бір бет өлеңі суретімен жарияланып, Шәкәрімнің аты өзі өлгеннен соң бірінші рет ұрпаққа әйгілі болды, ол сәтсіз аяқталып, оны баспаға ұсынғандар мен жариялағандар жазаға ұшыраған. Бірақ бұл - ақынның алғаш рет азаматтық ақталуы саналып, тарихта қалған. Екінші ақталуы - 1988 жылы Шәкәрім шығармаларының баспа бетін көріп, кейбір түзетулермен кітап болып жарық көруі болды. Сол жылдан бастап Шәкәрім аты елге танымал болып, оның шығармаларынан сусындауға мүмкіндік туды.

Бұл ақталу «Ақын Шәкәрімнің творчестволық мұрасы жөнінде» Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті бюросының қаулысында: «Шәкәрімнің әдеби творчествосы идеялық-тақырыптық мазмұнының ауқымдылығымен, әсерлі де көркемдік қуатының молдығымен ерекшеленеді. XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басындағы қазақ әдебиетінен ерекше орын алатын оның творчестволық мұрасы мол да мағыналы, бұл мұра ұзақ жылдардағы нақақ жала мен үнсіздіктен кейін халқына оралуға тиіс» деп жазылған сөздерден кейін мүмкін болды. Бұдан бұрын 1987 жылдың желтоқсанында ақынның шығармашылық мұрасын зерттеу жөнінде комиссия құрылған еді. Сөйтіп Шәкәрім атын атауға тыйым тоқтатылды, түнек түрілді, Шәкәрімнің еңбектері біртіндеп газет-журнал беттерінде, жеке кітап болып шыға бастады.

Шәкәрім өмірінде екі рет ақталған. Біріншісі - 1959 жылы «Қазақ әдебиеті» газетінде бір бет өлеңі суретімен жарияланып, Шәкәрімнің аты өзі өлгеннен соң бірінші рет ұрпаққа әйгілі болды, ол сәтсіз аяқталып, оны баспаға ұсынғандар мен жариялағандар жазаға ұшыраған. Бірақ бұл - ақынның алғаш рет азаматтық ақталуы саналып, тарихта қалған. Екінші ақталуы - 1988 жылы Шәкәрім шығармаларының баспа бетін көріп, кейбір түзетулермен кітап болып жарық көруі болды. Сол жылдан бастап Шәкәрім аты елге танымал болып, оның шығармаларынан сусындауға мүмкіндік туды.

Бұл ақталу «Ақын Шәкәрімнің творчестволық мұрасы жөнінде» Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті бюросының қаулысында: «Шәкәрімнің әдеби творчествосы идеялық-тақырыптық мазмұнының ауқымдылығымен, әсерлі де көркемдік қуатының молдығымен ерекшеленеді. XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басындағы қазақ әдебиетінен ерекше орын алатын оның творчестволық мұрасы мол да мағыналы, бұл мұра ұзақ жылдардағы нақақ жала мен үнсіздіктен кейін халқына оралуға тиіс» деп жазылған сөздерден кейін мүмкін болды. Бұдан бұрын 1987 жылдың желтоқсанында ақынның шығармашылық мұрасын зерттеу жөнінде комиссия құрылған еді. Сөйтіп Шәкәрім атын атауға тыйым тоқтатылды, түнек түрілді, Шәкәрімнің еңбектері біртіндеп газет-журнал беттерінде, жеке кітап болып шыға бастады.

Қаулыда: «Кезінде буржуазиялық-ұлтшылдық «Алаш» партиясының қызметіне, коллективтендіру жылдарында Шыңғыс тауының қойнауында жалғыз өмір кешіп, Кеңес үкіметіне қаскөйлік пиғылда болған бай-кулактарға болысты деген айыптаулардың орынсыз екені комиссия тарапынан зерттеліп, дәлелденді. Шәкәрімнің бұрын-соңды баспасөз бетін көрген шығармалары жиналды, М.Әуезов атындағы қолжазбалар қорында сақталған, түрлі жағдайларда жазылып алынған шығармалары мен халық аузында сақталып қалған еңбектерінің бәрі жинақталып, талданды. Соның нәтижесінде Шәкәрім реакцияшыл тұлға емес, реалист ақын, хакім Абайдың дәстүрін жалғастырушы ірі ойшыл екені нақтыланып, шығармаларының ішіндегі «Мұсылмандық шарты» мен «Түрік, қырғыз-қазақ һәм хандар шежіресі» деген кітаптарынан басқа шығармалары саясатқа қайшы келмейді, жариялауға жатады деген ұсыныс жасалды».

Жабайхан Әбдильдин «Тағлым мен тағзым» атты кітабындағы «Алаш азаматының ақталуы» деген мақаласында былай деп жазады:

«1990 жылдары Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің 1930-1950 жылдары қабылданған қаулыларын қайта қарауға арналған комиссия құрылып, соны басқардым.

Москвада қоғамды демократияландыру қозғалыстары жүріп, репрессияға ұшырағандардың бәрі ақталып, жариялауға тыйым салынған кітаптар шығып жатыр деген дүмпу Қазақстанға да жетіп, біздің адамдар да қимылдауға көшті. Сөйтіп өзіміздің ақтаңдақтарымызды ашып, жазықсыз күйген азаматтарды ақтау, реабилитациялау мәселесін көтеру керек болды. Оған арнайы комиссия құрылып, төрағасы етіп мені бекітті, құрамына Ә.Кекілбай, С.Зиманов, Ә.Қайдаров, С.Кеңесбаев сынды ғалымдар, жазушылар кірді.

...Ақтау жұмыстарын алдымен Ш.Құдайбердиевтен бастайтын болдық. Себебі оның мәселесі бұрындары да бірнеше рет қозғалып, талай басылып тасталған.

...Ш.Құдайбердиевтің жеке басына қатысты құжаттарды, анықтамаларды Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінен алдық. Әдебиет және өнер институтынан оның 2 том көлеміндегі шығармаларын машинкаға басып берді. Семей облысы мен Абай ауданынан да талай нәрсені анықтайтын құжаттарды жинап, сараптауға кірістік.

...Содан Шәкәрімге қатысты барлық материалдарды қолыма алып, демалыс уақытында қарындашпен сызып отырып, оқып шықтым.

Шығармаларды толық оқып шыққан соң, өзімнің айналысып жүрген Кант, Гегель, Фихте, Шеллинг, Платон, Аристотель сынды идеалистермен салыстырып қарасам, Шәкәрім тіпті әулие екен. Орысша айтқанда «святой». Бұл кісінің өлеңдерінде орысқа немесе Кеңес үкіметіне тиіскен бір ауыз сөз жоқ. Шәкәрім өзі Абайдан кейінгі философиямен айналысқандардың бірі. Өлеңдерінде әсіресе этика мәселесі, адамгершіліктің түрлі категориялары кеңінен қаралған. Сонымен қатар Шәкәрім Л.Н.Толстойдың досы болған екен. Оның 80 жылдық мерейтойына шақырылған алғашқы қазақ. Тіпті Шәкәрімнің Толстойды қазақтың кейбір молдаларынан артық көрем деген өлеңдері де бар екен. Бұл кісінің шығармашылығына шындап бойласаңыз, ол халқымыздың әлемдік өнерге, ғылымға ұмтылуына көп ат салысқан нағыз ағартушы.

Содан: «Ол кісінің шығармашылығы ретінде тек ағартушылық бағытта дамыған. Адам баласын ғылымға, білімге, адамгершілікке, эстетикалық сезімге шақыратын идеяны ұстанған. Ақын еңбегінің жастарды, жалпы көпшілікті тәрбилеуде үлкен маңызы бар» деген қорытындыға келіп, Орталық Комитетке көлемді анықтама әзірледік.

ОҚ бюросындағы талқылау кезінде мен Ш.Құдайбердиевтің кім екенін, шығармашылығы қандай, халықтың рухани өмірінде алатын орны жайында айтып өттім.

«Кім сөйлейді» дегенде МҚК-ның бастығы В.М.Мирошник:

- Мына анықтама маған ұнамай отыр. Комиссия өзіне жүктелген жұмысты атқара алмады. Анықтаманың мазмұнымен келісуге болмайды. Ш.Құдайбердиев қазақ халқының мәдениетіне үлес қосқан ешқандай да ағартушы емес. Ол - контрреволюционер. Совет үкіметіне оқ атқан. Тек қана атпаған, тіпті кулактардың көтерілісін бастаған. Сол қақтығыста қайтыс болды. Ал баласы Қытайға қашып кеткен. Алашорда партиясының мүшесі. Алашорда буржуазияшыл, ұлтшыл, контрреволюционерлер партиясы болған, - деп шыға келді.

Г.Колбин маған сөйлеңіз деп ишара жасаған соң әдейі дайындағаным болмаса да, орнымнан ұшып түрегеліп:

«Шәкәрімнің көтеріліске қатысы жөнінде 300 адамнан сұрадық. Олар Шәкәрімнің көтеріліске ешқандай қатысы жоқ екенін дәлелдеп берді. Шәкәрімді Қарасартов пен оның орынбасары өлтірген. Денесін құдыққа тастапты. Мұны көрген қойшылардың бәрін қорқытып, көтерілісте соғысып жүріп өлді деген жалған көрсету жаздырып алған. Сол кезде Шәкәрімнің жасы 75-те. Қандай қазақтың жетпіс бестегі шалы көтерілісті басқарады» деп сөзімді аяқтадым.

...Ш.Құдайбердиевті ақтап алған соң қазақ зиялылары қатты қуанып, оның кітаптары бірінен соң бірі шығып жатты».

Шәкәрім малы толмаса да ірі байлар қатарында кәнпескеленіп, малдары тартып алынған, өзі «халық жауы» аталған. Бұлай етуге Шәкәрімнің малды болуы емес, бірнеше рет болыс болғаны, қажылыққа барғаны, жалшы ұстағаны (Әупіш), аға сұлтан болған Құнанбайдың немересі екені, Алашорданы жақтап сөз сөйлегені, оның съездеріне қатысуы себеп болған. Яғни, себеп іздегенге жетерлік себеп бар. Бірақ Шәкәрім болыс болғанда ең әділ болыс болғандығы, халыққа қиянатсыздығы, жасаған билігінің туралығы, ешбір жалшының еңбегін жемегені, қолынан келген істің бәрін өзі атқаратыны есепке алынбаған.

Шәкәрім өмірінде өз биігіне жеткен, межелі асуын алған адам. Шәкәрім туралы көзі тірісінде-ақ ол туралы оң пікірлер айтылып, лайықты бағасы берілген.

Шәкәрімнің замандасы, сол замандағы қазақтың зиялы азаматтарының бірі Сабыржан Ғаббасов «Айқап» журналының төрт нөмірінде «Тарих қазақ жайынан» атты көлемді мақала жариялап, Шәкәрім туралы былай деген: «Бұл күнде миллетіне қаламменен қызмет қылып жатқан фазил-әл-мұхтарам қадірлі ақсақал әл-хажы Шәкәрім хазретлері күміс ертоқым, күміс белдік, жуан бос құрсаққа мас болып, қажы деген сөзге төбесі көкке жеткендей болып жүрген қажыларымызға үлкен-ақ үлгі боларлық зат. Алла тағала Шәкәрім қажы сияқты ақсақалдарымыздың ғұмырына берекет беріп, оқыған жастарымызға Шәкәрім қажыдай болуға нәсіп етсін».

Әлихан Бөкейханов «Қалқаман - Мамыр (Шәкәрім)» атты 1913 жылы «Қазақ» газетінде жарық көрген мақаласында Шәкәрім жөнінде былай деген: «Шәкәрім Абай барда таласып ақындық қылып, жарыққа шықпай, көлеңкеде жүре берген. 1900 жылы Шыңғыс елін жазған Иван Флипович Гусев Шәкәріммен сөйлескен. Маған сонда айтты: «Жұрттың бәрінің аузына алғаны Абай. Шәкәрімнің білімі де қазақта жоқ екен» деді. Гусев Шәкәрімнің тамырын тауып ұстаса керек» деп орыс азаматының пікірі арқылы Шәкәрімге жоғары баға берген. Сондай-ақ осы газетте 1915 жылы жарық көрген «Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресі» деген мақаласында Шәкәрімнің осы атпен жария көрген кітабын талдай келіп: «Енді мұнан былай қазақ шежіресін жазбақ болған кісі, Шәкәрім кітабын әбден білмей қадам баспа» деген нық ой айтады.

Әлихан Бөкейхановтың «Мұсылман сиезі» деген мақаласында «Анық түрік затты халық тілі біздің қазақта. Абай, Шәкәрім, Міржақып, Мағжандай ақыны бар, бір жерде тізе қосып отырған 5 миллион қазақтың тілі қалай жоқ болады», «Ғұмыр жүзінде біздің қазақтың тілі өз бәйгесін алар. Абай, Ахмет, Міржақып, Шәкәрім, Тарғыннан һәм өзгелерден бұл көрініп тұр ғой» деген сөздер бар.

Қазақтың озық ойлы ақыны Сұлтанмахмұт Торайғыров Шәкәрімнің бүкіл адамзатты бөліп-жармай қарайтын ойын былай суреттеген: «Бұл қазақтан мақсұты биік-алыс, Таппаса да сөзіне құлақ салыс. «Қазақ» деп жекелеме «адамзат» де, Ол кісінің пікірімен болсаң таныс».

Сондай-ақ «Айтыс» поэмасында: «Семейдің съезінде байқадық қой, Екенін қарт кемеңгер әм терең ой. Оқығандар болмаса, жай қазақтан, Онан басқа кім шықты көрсетіп бой» деп Шәкәрімнің даналығын ерекше бағалаған.

Баянауыл перзенті, өз заманының озық ойлы азаматтарының бірі Мәшһүр Жүсіп те Шәкәріммен кездескен. Мәшһүрдің: Бұл дүние мәңгі бақи тұрмақ емес, Қалжыратты, шаршатты күнде «кеңес». Өлмеген құл көреді ұмытпаңдар, Бұл Кеңес те болдырар болып көмес» деген сөздерінен Шәкәріммен үндестік танимыз. Шәкәрім де сол кездері Кеңес үкіметіне әуелі сеніммен қарап: «Бостандық таңы атты...» деп, кейіннен одан көңілі қалғаны өлеңдерінен байқалады.

Шәкәрімді кеңестік заманның өзінде, аты аталуына тыйым салынуына қарамастан, сол кездегі зиялылар біреуі ашық түрде, біреулері күнделіктерінде өз бағасын беріп, шығармалары туралы сенімді орталарда сөз қозғап отырған. Ол баға бүгінге дейін толастамастан жалғасып келеді.

Мүсілім Базарбаев «Қ. Бейсембиев деген философ «XIX ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басы кезіндегі идеялық саяси ағымдар» атты еңбегінде «Шәкәрім қазақтың қоғамдық ойының діни мистикалық, идеалистік бағытының ең көрнекті өкілі» дейді, зерттеуші көбіне ақынның дінге нанымын, ол туралы еңбектерін мысалға алып «мракобес», «мистик» деген тұжырымға дейін барады» - дейді.

Белгілі ғалым Серік Қирабаев 1961 жылы «Қазақ әдебиеті» газетінде жария көрген «Халық ой-пікірінің тарихын мұқият зерттейік» мақаласында Шәкәрім шығармаларына қатысты оң пікірін айтты: «Қасым Бейсембиев жолдастың «XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың бас кезінде Қазақстандағы идеялық-саяси бағыттар» атты кітабында Шәкәрімнің қоғамдық көзқарасын зерттеуде ақынның «Мұсылмандық шарты», «Тіршілік туралы» тәрізді халық арасына кең жайылмаған публицистикалық кітаптарына ғана сүйенеді. Рас, бұл кітаптарында Шәкәрімнің қоғамдық көзқарасының бірсыпыра қайшылықтары барлығы көрінеді. Осыған бері табан тіреген автор Шәкәрімді «Қазақтың қоғамдық ой-пікіріндегі діни мистикалық идеалистік бағыттың аса көрнекті өкілі» деп қорытынды жасайды.

Ойласайықшы! Осы әділ ме? Ленин Лев Толстойды «Орыс революциясының айнасы» деген. Оның жаңа құдай іздегенін айтып па еді? Плеханов азамат Толстойдың көзқарасындағы қайшылықтарын сынай отырып, «орыс жерінің ұлы жазушысы» дегенді әрқашан қатар айтпайтын ба еді?

Мүмкін Шәкәрімнің діни мистикасы өзімен бірге кеткен шығар да, оның әдеби мұрасы тарихта қалған болар. Ақын-жазушылардың әдеби мұрасын жалаң тұрпайылықпен емес, сүйе, құрметтей отырып зерттеу орынды емес пе? Шын Шәкәрім сіз айтқандай болса, оны оқудың, зерттеудің керегі не? Жоқ, Шәкәрімді біз олай деп ұқпаймыз: оның қоғамдық көзқарасындағы қайшылығымен бірге өмірді көркемдікпен танудағы табыстары да сөз болуы керек дейміз.

Зерттеудің мұндай әдісі, әсіресе әдеби творчествоның жетістігін де, кемшілігін де аша білуге көмектеседі. Жасыратыны жоқ, бұл жағы Бейсембиев жолдаста жетіспейді».

Шәкәрім кей сыншылар айтқандай дінсіз емес, кейбіреулер айтқандай діни мистик емес, Әбсаттар қажы Дербісәлі «Шәкәрімтану мәселелері» топтамасының 6-томындағы «Шәкәрім және ислам мәдениеті» атты мақаласында: «Шәкәрім - Ислам ғұламасы, ислам мәдениетінің ірі қайраткері. Ислам имандылық пен салауаттылықтың, зиялылық пен тектіліктің тірегі, құралы әрі кепілі екенін Шәкәрім саналы өмірінде уағыздап өткен.

«Үш анықтың» түйін сөзінде адам атаулыны бір бауырдай етіп, екі өмірде де жақсылықпен өмір сүргізетін жалғыз жол - мұсылман жолы деуі, Шәкәрімнің дін-ислам ғұламасы екенін көрсетеді» дейді.

Тұрсынбек Кәкішұлы «Шәкәрімтану мәселелері» көптомдығының 2-томындағы «Қаскөйлікті жеңген азамат» деген мақаласында: «Шәкәрімнің басына күн туған шақта әлеуметтік-қоғамдық іске араласа бастаған сәттен коммунистік түсінікті басшылыққа алып, алашшылдармен, оған жақын болғандармен алысып-жұлысқан, аузынан шыққан ақ дегені алғыс, қара дегені қарғысқа айналған қайраткер Сәбит Мұқановқа хат жазуы қайран қаларлық құбылыс.

Сырт қарағанда олпы-солпы көрінетін Сәбең қағазға келгенде мейлінше ұқыпты болыпты. Ол 1952 жылы 5 мамырда хат бетіне мынадай түсіндірме жазып, мұрағат қорына тапсырыпты: «Бұл хаттың Шәкәрім Құдайбердіұлынікі екенін, біріншіден, аталған кітаптардан білдім, екіншіден, хатта аталған Бақдәулет деген баласы келіп айтты. Кітап беріп жібердім деген адамы әкеп берген жоқ. Почтамен салдым деген кітаптары келген жоқ, баласы қолындағы кітаптарын берген жоқ. Хатқа «Мұтылған» деп қана қол қойылған. С.Мұқанов» дегенді өзінің айшықты қол қоюымен бекітіпті».

Мұхтар Әуезовтің: «Абайдың дәл өз тұсында, өз дәуірінде еңбек еткен ақындар төртеу. Оның екеуі - Абайдың балалары Ақылбай мен Мағауия. Қалған екеуі - Көкбай мен Шәкәрім» деген сөздерін сынап «Шәкәрімтану мәселелерінің» 3-томында келтірілген үзінділерге қарағанда Сәбит Мұқанов былай деп жазған: «Әуезов жолдастың Шәкәрім мен Көкбай туралы сөздері саяси қате пікір, бұл айтылғандар Абайдың таза бетіне күйе жағу. Осы пікірін Әуезов кейінгі мақалаларында да қолдап, халық жауы Шәкәрімнің атын 1940 жылы Москвада шыққан «Абайдың өлеңдері мен поэмалары» деген кітапта да қайталайды. «Абай шәкірттері» аталып жүрген адамдардың өздерімен және шығармаларымен танысайық. Аталған тізімдегі адамдардың ішінен үш кісінің шығармаларын талдауды орынсыз көрдік.

Біріншісі - Шәкәрім Құдайбердин. Бұл адам революцияға дейін діншілдік-ұлтшылдық бағытта жазған адам. 1917 жылғы революцияға қарсы ұйымдасқан «Алашорда» партиясының Семейдегі облыстық съезін «Алаш ақсақалы» болып ашқан адам... 1929 жылы бай-құлақтарды бастап, Шыңғыстау ауданында Совет өкіметіне қарсы құралды көтеріліс жасап, жазықсыз талай адамды өлтіріп, өзі атыста оққа ұшқан адам. Бұндай бандитті, ол атылып өлгеннен кейін де, Мұхтар Әуезов жолдастың 1934 жылы да, 1940 жылы да «Абай шәкірттерінің» тізіміне қосып мақтауы ойға сыймайды.

Әуезов жолдастың былтыр басылып шыққан «Ақын аға» деген романында Абай шәкірттерінің бірі боп Шұбар деген жүреді. Оның Шәкәрім екені өзінен-өзі көрініп тұр.

Бұндай бандиттің кітабын біз талқылап жатпаймыз.

...Соңғы уақытқа дейін Қазақстанның жеке әдебиет зерттеушілері «Абайдың ақындық мектебі» дейтін, ғылымға қарсы, буржуазиялық объективтік концепцияны уағыздап, өрескел саяси қате жіберіп келді.

Тарихи шындыққа қайшы келетін және ойдан шығарылған бұл жалған концепцияның зияндылығы сол - Абайдың ықпалын халық қаламаған шалағай ақындардың, соның ішінде тіпті буржуазияшыл ұлтшылдардың да (Шәкәрім және Турағұл) болмашы тобынан әрі асырмай, шынында, қазақ әдебиеті тарихынан Абайдың өзінің және дәстүрінің ролін төмендетті».

«Шәкәрімтану мәселелері» көптомдығының 2-томында Балтабай Әбдіғазиұлы «Жыр әлемінің ұлы қайнары» атты еңбегінде: «Абайдың шәкірттері туралы С.Мұқановтың мақаласында М.Әуезовтің Шәкәрімді, Нарманбетті Абайдың шәкірттерінің қатарына қосқанын құптамайды» деп жоғарыдағы ойды атап айтқан.

М.Мырзахметұлы «Хакім ақынның бас шәкірті хақында» деп аталатын «Шәкәрім» журналында жарық көрген сұхбатта: Бүгінде түрік халықтары 49 ұлт пен ұлысқа бөлінсе, соның 27-сінің тілі «өлі» тілге айналып, ассимиляцияға ұшырауы себепті орыс пен қытайға сіңісіп кетті. Қалған 22-сінің алтауының тәуелсіздікке қолы жетсе, 16-сы Ресей мен Қытай елінің бодандығында қалт-құлт етіп өмір кешуде деп қазақ халқының ертеңі үшін Шәкәрім алаңдаған ойларының бүгін де өзекті екенін алға тартады.

Шәкәрім шығармашылығының маңызын Т.Кәкішұлы: «...Абай мектебінің ең дарынды түлегі ретінде сыншыл реализмнің ұлы арнасында тамаша дастандар жазып, өзінің зор үлесін қосты. Творчестволық салмағы жағынан осы көркемдік үлес шешуші фактор блып әдебиет тарихында қала бермек. Сондықтан оны ХХ ғасыр басындағы әдебиетіміздің үлкен өкілі ретінде санасақ, жазылар тарихтың алғашқы бетінен Шәкәрім жарқырап көрінері хақ» деді.

Филология ғылымдарының докторы Мұқаметжан Қаратаев «Шәкәрім көз алдымызда» атты 1989 жылы «Лениншіл жас» газетінде жарық көрген мақаласында былай дейді:

«Қазір мәз бола отырып, айтатын бір жай - Шәкәрім Құдайбердиевтің қалың бір томдық шығармаларының «Жазушы» баспасынан 50 мың тиражбен жарық көріп, қалың жұрттың қолына тиюі.

Шәкәрімнің үлкен томға енген өз шығармалары (лирикасы, дастандары, прозасы, қара сөздері) оның ұлы Абайдан тәлім-тәрбие алған әрі шәкірті, әрі әріптесі екенін, классикалық Шығыс және Батыс әдебиетінен әсер, үлгі алған, ұлы орыс әдебиетінен, әсіресе данышпан Пушкин мен Толстойдан әсемдік рух, ләззат алған дарынды талант екенін танытып, көзімізді жеткізеді».

Филология ғылымдарының докторы Зәки Ахметов 2002 жылы Семейде өткен «Шәкәрім оқулары» ғылыми-теориялық конференциясында жасаған «Шәкәрім - қазақ әдебиетінің классигі» атты баяндамасында былай деген:

«Шәкәрімнің 1879 жылы жазылған «Жастарға» атты өлеңінің негізгі идеясы - жастарды Абайдың жолымен жүруге шақыру, Абайдың арман-мұраттарын - білім, ғылым үйренуді, адал еңбек етуді, адамгершілікті, әділдікті ту етіп көтеру, надандыққа, жалқаулыққа, алауыздыққа қарсы күресі.

Шәкәрім өзіне Абайдың шыншыл сөздері қатты әсер еткенін тебірене айтады. Абайдың ізімен жүру бірден-бір дұрыс жол деген шешімге келеді.

Шәкәрім Абайдың ақындық, өнерпаздық дәстүрлерін қоғамдық өмірдің ең маңызды мәселелерін қозғау жағынан, әсіресе, өнер-білімді, ғылымды уағыздау, надандықты, топастықты, әділетсіздік пен зұлымдықты әшкерелеу, шығыс, орыс әдебиетінің таңдаулы нұсқаларын насихаттау жағынан ілгері дамытты. Сонымен қатар ол ақындығы, прозашылдығы, ойшылдығы, философиясы, дінге көзқарасы, суреткерлігі, көркемдік ойлау жүйесі, стилі, тіл бейнелілігі, өлең өрнектерін өзгеше түрлендіруі - қай жағынан алсақ та, қазақ әдебиеті мен мәдениетіндегі бірден-бір жаңашыл ірі тұлға болды».

Мүсілім Базарбаев «Шәкәрім ақын» атты 1989 жылы «Жұлдыз» журналында жарық көрген мақаласында «Шәкәрімнің өз басы да, қазақ әдебиеті тарихындағы терең, жіті зерттеуді керек ететін көрініс. Ақын өзінің өлеңдерінде ойланып, толғануы көп, уайым, қайғы басқан, жалғыздық жапасын мол тартқан жан ретінде көрінеді.

Абайды көп толғантқан өсу, өну, ағарту ісі, болашаққа қарау Шәкәрім поэзиясында түгелдей дерлік өріс табады. Адамның жеке басының жетілуі, ақыл мен парасатқа ұмтылу, адал болу, кісі ақысын жемеу, халық қамын ойлау - ақынның жатпай-тұрмай тебірене ойлаған тақырыптары. Көпшілігі насихат, ғибрат түрінде болып келсе де, Абай салған шыншылдық, сыншылдық сарын анық көрініп, дамып отырады. Өрнек, сурет бейнелері анық реалистік әдебиеттің қалпын байқатады. Өлең өлшемдері де сан алуан өзгеріп, құбыла, құлпыра түседі.

Шәкәрімнің өлеңдерінде «халқым, қазағым, туған ел-жұртым» деген ұғым жиі ұшырайды. Ақын алуан түрлі тақырыптарды қозғай отырып, өлеңнің негізгі кілті, мазмұны есебінде ұсынады. Қай шығармасын алсақ та, шаруасы жағынан артта қалған, оқу, өнерден, озат мәдениеттен тыс қалған халықтың ахуалын, тағдырын көреміз. Ақын көбіне налып, кейіп те айтады. Тек мағынасы жағынан ғана емес, сөз түзілісі, формасы жағынан да мұндай жолдарында Абайға өте ұқсас», - деп келтіреді.

Филология ғылымдарының докторы Айгүл Ісімақова «Шәкәрім оқулары» республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясында жасаған «Абайдың шәкірті - Шәкәрім Құдайбердиевтің «Ар білімі» атты баяндамасында: «Діни білімді меңгерген, Абайдың ақындығынан сусындаған Шәкәрім қажы нақты мысалдармен ойын дәлелдеп, өмірде пенденің басына түсетін сынақтардың мәнін өз оқырманымен бірге іздейді. «Ашу мен ынсап», «Шаруа мен ысырап», «Анық пен танық», «Дүние мен өмір», «Мақтау мен сөгіс», «Міндеу мен күндеу», «Тойымсыз нәпсі, тұрақсыз дүние», «Бас көзімен қарасаң - нәпсі жалған», «Қараңғы мен жарықты жүрміз өлшеп» атты өлеңдерінде ақын адам баласына қатысты «мәңгі сұрақтарға жауап береді». Осы сауалдардың түйінін «Адамдық борышың» өлеңінде нақтылай түседі.

«Бәйшешек бақшасы» атты қара сөздерінің мазмұны мен мәні де сол тұрпатты. Қысқа әңгімелер арқылы Шәкәрім адамның «өзін-өзі тексеріп, таза ақылға билету әлденеше мыңнан біреудің-ақ қолынан келеді», - деген ойды алға тартады.

Филология ғылымдарының докторы Рахманқұл Бердібаев өзінің 1988 жылы «Қазақстан мұғалімі» газетінде жарық көрген «Елеулі рухани олжа» атты мақаласында былай дейді: «XIX ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың бас кезіндегі қазақ әдебиеті өзінше бір ренессанс дәуірін бастан кешіргендей қалыпты байқатады. Шоқан, Абай, Ыбырай шығармаларының тақырыптық ауқымы мен идеялық өрісіндегі жан-жақтылық, дүние халықтарының ертелі-кешті жасаған рухани қазынасына қол артушылық, адамзат алдындағы сауалды шешуге талаптанушылық, адам еркі мен бақыты мәселесін бірінші орынға қоюшылық - міне, мұның бәрі де әлемнің әр бұрышында әр кездерде бой көрсеткен ояну дәуірі қайраткерлерінің бәріне ортақ белгілер болатын. Мұндай сипаттар Абай жаратындыларына түгелдей хас құбылыс болса, осы дәстүрді ақын Шәкәрім саналы түрде жүйелі жалғастырады, кейбір тұстарда дамыта түседі. Шәкәрім ақын өлеңдері мен дастандарында адамшылық, әділдік, қайырымдылық, теңдік, еріктілік заңдарына қайшы келетін құбылыс атаулы сыналып әшкереленсе, өз бойында, ақыл, қайрат, сезімді қатар алып, бірлестіре білген жандар мадақталады, дүниенің мағынасы мен сұлулығы адамның бақыттылығына байланысты деген түпкілікті тұжырым, күрделі аңсар басым жатады».

Шериаздан Елеукеновтің «Жаңа жолдан» атты кітабындағы «Армысыз, Шәкәрім аға!» атты шығармасында: «Абай дәстүрін жазба әдебиет саласында ілгері апарушы Шәкәрім мұрасы тарихтан өшіріліп, ауызға алынбай келгендіктен біз «Абайды көріктендіре, толықтандыра түсетін жазба әдебиет өкілдері сол тұста болды ма?» деген сұраққа «жоқ» деп бас шайқайтынбыз.

...Біз, әдетте жалпыадамзаттық, дүниауи проблемаларды көтергендердің арасынан қазақ зиялыларын көрмейміз. «Әлі бізге қайда» дегендей, көбінесе озық әдебиеттерге қарайлаймыз. Ал, тексеріп үңіле қарасақ, бір Шәкәрімнің өзі бүкіл барша адамзат талқылап жатқан көшелі проблемалардың біразының алдын алғанына көз жеткіземіз. 1915 жылы жазылған «Адам немене» деген өлеңінде Шәкәрім ғылымның адамзат мораліне тәуелді болуы керек деген проблеманы алға тартады. Олай етпей, айуандыққа жүгірсе, өзі сүйген ғылымды да Шәкәрім талақ етуге даяр. Меніңше, мұндай өлеңдер жазылғанына қаншама уақыт өткеніне қарамастан әр халық, барша адамзат жүрегінен орын табады. Бір ядролық қарудың өзі қаншама апат қаупін төндіріп отыр» дейді.

Шәмшиябану Сәтбаеваның «Шәкәрім Құдайбердиев» атты кітабында жария көрген «Лирикалық өрнектер сыры» мақаласында: «Шәкәрім қазақ қоғамының биік деңгейге көтерілуіне, өрлеуіне кедергі, кесапат болып отырған талай жағымсыз қылықтарды, әділетсіздікті, оқу-білім аздығын, ұйымшылдық, бірлестік, береке жоқтығын, тоғышарлықты, керенаулықты, қулық-сұмдық, зорлық етек алғанын батыл да ащы сынай отырып, өзінің ұлы ұстазы Абайды көп толғантқан оқу-ағарту, білім-ғылым ісін жолға қою арқылы өсу, алға басу, прогресс туралы өрісті ойлар айтқан. Шәкәрім поэзиясында Абай салған шыншылдық, сыршылдық сарын мен ғибрат, дидактикалық әуен астасып, табиғи өріліп, дамып отырады.

...Шәкәрім өлеңдерінің көбінесе, негізгі өзегі, мазмұны ретінде қазақ елінің жинақты әрі нақтылы көрінісі Абай өрнектеп кеткен қалыпқа ұқсас, Шәкәрім де Абай сияқты шындықты сынай айтады, көңіл көзі ояу әр қазақтың намысына тие айтады, кейде кейіп, кейде налып, кейде кекетіп айтады. Шәкәрімнің «Қазақ», «Тағы сорлы қазақ», «Партия адамдары» деген өлеңі, Абайдың «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым» деп басталатын шығармасындағы көрініс, ой, сын дамытылады.

...Қазақ әдебиетінде адам, қоғам, әлеуметтік өмір туралы мазмұн, түр жағынан биік деңгейде жазған Абайдан кейін Шәкәрім, Сұлтанмахмұт. Кейінгі бұқарашыл ақын-жазушылар творчествосында халық мұңы едәуір көтерілгені мәлім. Ал Шәкәрім мен Сұлтанмахмұт творчествосының халықтығы, тарихилығы ерекше құбылыс. Ерекше құбылыс болатынының көп себептерінің бірі сол - әуелі Шәкәрім, одан кейін Сұлтанмахмұт қазақ халқы туралы толғанғанында көркемдік бейне жасауда алғаш рет Абайдың өзінің ұлылығын тануға ұмтылушылық, өмірінің қазақ қоғамы дамуы үшін мән-маңызын терең түсінушілік, көркем шығармаға арқау, өзек етуі, бастаушы болуы».

«Абай» журналының 2001 жылғы санында «Көркемдік шеберлік» деген мақала жазған филология ғылымдарының докторы Серік Негимов: «Шәкәрім Абайдың ақындық дәстүрін әрі мағыналы, әрі толық жалғастырған, өз жолын тауып, өзіндік өрнектерімен өркендеткен өрелі тұлға. Абай өнерпаздығына тәр қасиет - сипаттар: «мінез түзететіндік (ахлақ), тереңнен толғайтындық (пәлсапа), сыншылдық (критика), суретшілдік (художественность), жүректің мұң-зарын, сырын тапқыштық (лирика), ащы тілділік, ызамен күлетіндік һәм керемет переводшілдік» Шәкәрімге де дарыған ортақ белгілер еді.

Дархан дарын өлең құрылысының табиғатын түбірінен қозғаған, оның ішкі ағыстарын, қозғалыстарын түбегейлі құбылтып, толқытып түрлендірген жаңашылдығымен көзге түседі.

...Абай мектебінен тағылым алған, оның ұлы дәстүрін сабақтастырушы әрі жаңғыртушысы Ш.Құдайбердиев қазақ өлеңіне ірі, кесек, орасан өзгерістерді батыл енгізіп, үнге, дауысқа құрды. Өлең ырғағының икем-бейімін арттырды. Дәстүрлі тармақтарды бөлшектеп, сындырып, өлеңнің мән-маңызын, мәнер-мақамын, әуен-сазын толқыта құйқылжытты.

...Шәкәрім ұлттық тілдің терең қойнаулары мен қатпарларындағы асыл қасиеттерді жіті танып, ұтымды пайдаланып, метафоралық тіркестер тудырған. Олар: «жердің сүйегі», «болыстың тоқымы», «от-қанжар», «үміттің үйі», «жүректің таразысы», «ойым - у, өмірім - су, үмітім - бу», «ойым - ұжмақ, тілім - бұлбұл, сөзім - бұлақ», «ақыл құсы» деп Шәкәрім шығармашылығындағы Абай жолы жайында ғылыми пікірлер жазыпты.

Айгүл Кемелбаева «Шәкәрім» ғылыми-педагогикалық журналында жариялаған «Шәкәрімнің екі өлеңі туралы» атты мақаласында: «Шәкәрім қажының дана ұстазы - Абай. Есейген егделік елі әлі алыстау көрінсе де, даналық болмысы құса шектірмей қоймаған Абай хакімнің 1885-1892 жылдардағы өлеңдеріндегі сарын - «Уайым - ел қорғаны есі барлық» халқын ойлағаннан бадана бас зары мен сорын тартып қиналғаны аян.

Шәкәрімнің «Шаранамен туып едің...» - жан түңілісі, өзекті өртеген беймаза күйініш. Шәкәрім әулиелік пен құдайшылықтың қағбасына бет бұратын кезеңнің сипаты осы: адам өмірі трагедия, шар еткен шарана даусымен оған шер қоса байланбақ.

Шәкәрімде адам баласының өмірінің құны көк тиын, тіршіліктің мәні түкке тұрғысыз дегендей бір ауыр ой қылаң бермей қала алмайды. Өлең адам жаратылысының физиологиялық сипатын дөп береді. «Анадан алғаш туғанымда, Жыладым неге дыбыстап. Кіндік кесіп қинағанда, Анамнан кеттім алыстап» деген сөздер сол өлеңнің прологы сияқты.

Шәкәрім қажының бұл өлеңін басқа жырларының бастау көзі деп білу керек. Өлең - ақынның тұтас бір ой әлемінің, рухани қазынасының алтын кілті сияқты» деп келтіреді.

«Шәкәрім» журналында жарық көрген Әбдімәниұлы Өмірханның «Танымына табынтқан абыз ақын» деген мақаласында былай деген: «Шәкәрім - қазақ лирикасындағы адамтанудың негізін қалағандардың бірі. Ақын ұстанған басты мақсат - нағыз адам деген атқа лайық жандарды биік идеалға айналдыру. Адамзатқа тән асыл қасиеттер адалдық пен әділдік, білімділік пен еңбекқорлық, парасаттылық пен зиялылық мәселелерін жырлауға келгенде Шәкәрімге жетер ақын жоқ. Осынау ізгі қасиеттердің өмір-тіршілікте алар орны мен мән-маңызына бойлай отыра және оны ой толыққанды тербей келе, ақын өзін қоршаған ортада орын алған адамдар бойындағы қасиетсіздікке жирене қарайды. Сөйтеді де одан арылтуға бар өнерін жұсмайды. Көрген мен түйгеннің ақыл таразысына тартылғанын өлең арқылы оқырман мен тыңдарманға ақтарып салады.

Ақын надандық торлаған қазақ даласына адалдық келіп, әділет жолбасшы болар күнді армандайды. Бұл арадағы ақын арманы ащы өксікке толы, үнінде зарлылық басым. Ол осынау надандықтың түп-тамыры адам бойын шырмаған сауатсыздық пен қараңғылықта, жалқаулық пен бойкүйездікте жатқанын жақсы біледі. Шәкәрім поэзия арқылы адамдық болмысты тануға ұмтылған азаматтық ірі мақсатының бірі - ұлтының бойына бәле болып жабысқан осы бір жағымсыз қасиеттерден арылту. «Үйретуден жалықпау» қағидасын ұстанған Абайды дана ұстаз таныған Шәкәрім ұлы ақын ұсынған адамды адамдыққа тәрбиелеу атты жанды идеяны одан әрі дамытты».

Шәкәрімтанушы энциклопедист ғалым, «Шәкәрім» энциклопедиясының және бүгінге дейін алты томы жарық көрген «Шәкәрімтану мәселелері» топтамаларының құрастырушысы Тұрдықұл Шаңбай алты томдықтың екінші томында «Шәкәрімнің философиялық лирикасы» деген мақаласында Шәкәрімнің Абай дәстүрін жалғастырған философилық лирикасы жайлы былайша ой толғайды: «Шәкәрімнің кемел жасында жазған «Ойлаңыз, ақыл, білім қайда болмақ...» деген өлеңі философиялық лирикаға жатады. Шығармада ақынның тұтас поэзиясындағы поэтикалық контексте қайталанып келетін күретамыр тақырыбы - дүниетанымдық концепциясы көрініс тапқан. Шәкәрімнің қазақ философиялық лирикасын мол биікке көтергенін байқататын өлеңі.

...Шәкәрімнің философиялық лирикасындағы танымдық ұғымдар, «ойын-күлкі», «ғашықтық-құмарлық», «ақыл-жүрек-қайрат» сияқты ұғымдарды жаңа сапаға көтерген Абай дәстүрінің өрелі жалғасы. Философиялық лирикаға тән автордың көзқарасы мына бір өлеңдегі шумақтан айқын көрінген: «Ойлаңыз, ақыл, білім қайда болмақ, Денеде қандай орын, жайда болмақ. Білу, нану, ұнату - ақыл ісі, Қайтсе зиян, қайткенде пайда болмақ?». Өлеңнің алғашқы шумағындағы екі тармақ екі сұрақ-сауал түрінде берілген. Сұрақ-сауалдың мазмұны - ақыл, білімнің орны қайда, сол ақылдың ісі қайтсе пайда, қайткенде зиян. Субстанциалды мазмұнға ие негізгі ұғымның мәнін айқындауды басты мақсат еткен философиялық өлең осындай ой-толғаммен басталады. Келесі шумақтар ширап, ақын ойы магистральды арнаға қарай жылжып отырады. Екінші шумақтың өз мотивациясы бар: «Тән - сезіп, құлақ - естіп, көзбен көрмек, Мұрын - иіс, тіл - дәмнен хабар бермек. Бесеуінен мидағы ой хабар алып, Жақсы, жаман әр істі сол тексермек».

Шәкәрімнің 1988 жылы шыққан екі кітабындағы («Шәкәрім. Шығармалары: өлеңдер, дастандар, қара сөздер». «Жазушы» баспасы. 560 бет және «Жолсыз жаза. Өлеңдер мен поэмалар». 254 бет) қателерді біртіндеп атап көрсеткен Қайым Мұхамедхановтың бірнеше мақаласы «Қазақ әдебиеті» газетінде (1988) жарық көрді. Онда шығармалардағы редакторлық сақтық түзетулер мен қасақана бұрмалауға жол берілгені айтылады. Мәселен «Қыз үшін түнде кезгенде» деген өлең жолы «Қыз үшін түнде келгенде» деп өзгертілген. «Құдайым берсе дағы қанша несіп» дегенді «Харекет берсе дағы қанша несіп» деп түзеткен. «Қолда қалам, көзде жас, толқынып ой» дегенді «Қолда қалам, көзде жас, толқындап ой» деп жөндейді. «Мақтан, атақ іздесең құдайдан без» деген сөздер «Мақтан, атақ іздесең адамнан без» болып өзгертіледі, «пәлеқордың» орнына «жалақор» делінеді.

«Бір аллаға сыйынған арам өлмес», «Жуандар», «Қорқақ бай» деген өлеңдерде «Алла, құдай, тәңірі» деген сөздер жиі кездескендіктен кітапқа енбей қалған. «Еріншек» деген өлеңде «ораза, намаз, азан, құдай» деген сөздер болғандықтан жинаққа алынбаған.

«Сөз сынап, өлең өлшемек» деген өлеңнің атауы «Сөз жазып, өлең өлшемек» болып түзетілген.

«Құдая, бәрі бірдей құтырған ба?» десе, оны «Қазақтың бәрі бірдей құтырған ба?» деп өзгертеді. «Алланың жазған ақ өлім» «Тағдырдың жазған ақ өлім» болып, «А,құда, оңда» - деп отыр» «А,тоба, оңда» - деп отыр» болып түзетіледі. «Ақ ісіңе құдай жақ, Адамнан тіпті шошыма» дегенді қасақана мағынасы бүтіндей өзгеретіндей етіп «Ақ ісіңе адам жақ, Адамнан тіпті шошыма» дейді.

Мұндай мысалдар көп-ақ. «Күрмеуін алла шешеді» - «Күрмеуін тағдыр шешеді», «Аллаға дайын мінезім» - «Алалға дайын мінезім», «Оңдасын құдай ақырын» - «Оңдасын істің ақырын», «Кетпес дәулет осы ғой құдайға хақ» - «Кетпес дәулет осы ғой әмбеге хақ», «Жүрген алар деген ғой бір құдай да» - «Жүрген алар деген ғой осындайда», «Құдай таза жаратты, сен таза бол» - «Баста таза жаратты, сен таза бол», «Ащы сөзім достығым - дінге нансаң» - «Ащы сөзім достығым - маған нансаң», «Бір құдай неше түрлі жан жаратты» - «Табиғат неше түрлі жан жаратты», «Құдай өзі-ақ береді» - «Өмір өзі-ақ береді», «Жардың жүзін дәл тауып» - «Жердің жүзін дәл тауып», осылай кете береді.

«Қалмақты шабысуға Мамай келген» дегенді «Қалмақты шабысуға Матай келген» деп өзгерткенде түзетуші «Мамай» деген сөзді татар-башқұрттармен шатастырып, түзетіп жіберген болса керек. Шынында Мамай - Тобықтының бір табының атасы.

Еспенбетов Араптың «Шәкәрім мен Сұлтанмахмұт» атты мақаласында: «Шәкәрім мен Сұлтанмахмұт шығармашылығында жарасымын тауып, әр қырынан ашылатын тақырыптар, ұсақ сюжеттер, оқшау детальдар, адамның сезіміне сәуле түсірерлік ортақ айшықты суреттер баршылық. Сол ұқсастықтардың бірін салыстырып қарап көрдік.

Адам баласының өмірі, жас шамасы ықылым заманнан ақындар жырына өзек болып келген. Дүние есігін ашқан сәттен өмір сапары аяқталғанша адамзат бастан кешіретін уақыт ірі философиялық мәнге ие.

Шәкәрім айтады:

Өмірдің басы - бала, ортасы - адам,

Қартайып шал болған соң кетті шамаң.

Мақтап жүрген өмірің осы болса,

Үш-ақ ауыз өлеңмен болды тәмәм.

Өмірдің басы - балалық шақ, ортасы - азаматтық есею, соңы - қартайған кез, шалдыққа жету, өлімге қарай аяқ басу, Шәкәрім осылай қысқа қайрады.

Сұлтанмахмұт адам өмірін кезең-кезеңге бөліп топтайды: 1) Мен - бала; 2) Мен - жігіт; 3) Мен - тоқтадым; 4) Мен - кәрі; 5) Мен - өлік. Лирикалық кейіпкер «меннің» дүниеге келген шағынан бастап, жарық дүниемен қоштасқанға дейінгі өмір сапары төңірегіндегі лирикалық тебіреністер монологпен өрілген.

Бұлардың арасындағы көзқарастағы бірлік, танымдағы туыстық таң қалдырып, таңдай қаққызады еріксіз».

Философия ғылымдарының докторы Телісжан Айтқазин «Шәкәрім» журналының 4-нөмірінде «Шәкәрімнің әлеуметтік-философиялық ойлары» атты мақала жариялаған, онда былай дейді: «Қазақ ойы, мәдениеті мен әдебиетінің тарихын Шәкәрімсіз көз алдымызға елестету мүмкін емес. Ол - ақын, философ, ағартушы, ол -халқына шын берілген адал ұл.

Шәкәрім: «Басқа да халықтар секілді қазақтар да жақсы адамдары мол халық, әрине, олардың ішінде жамандары да бар. Әйтсе де қазақтар өте күрделі жағдайда (табиғи және әлеуметтік) өмір сүріп отыр. Осыдан келіп олардың арасында ұрлық-қарлық жасау, өзінің байлығын, билігін пайдаланып, кедей-кепшікті алдау, тықсырушылық, күн көрсетпеу болып отыр» дей келе осыны жеңе білуге, мәдениетті көтеру жолында күш-жігер біріктіруге шақырады. Ол бұдан шығудың жолын да көрсетіп берді. Біріншіден, партияларға, олардың қызыл, жалыны сөздері мен ұрандарына еліктеп кетпеу керек, олардың мүддесі үшін ұрыс-керіске барудың ешқандай да керегі жоқ, бұдан ұтылатындар - қарапайым халық. Халық өзінің адал еңбегіне сүйене отырып, тура, айқын жолдан айнымауы керек. Екіншіден, қазақ халқы басқа, өркениетті елдердің халықтары сияқты білімге, ғылымға ұмтылғаны жөн. Бұл жолда ұрыс-керісті, мал ұрлауға және басқа келеңсіз әдеттер мен қылықтарды ысырып қойған абзал. Байларға иек артудың, олардан рақым күтудің қажеті жоқ. Олардың бар ойлайтыны - байлық, одан басқа қызық жоқ, соны мақтаныш көреді. Өмірдегі бар мақсаты сол ғана. Олар өнер-білім жайлы тіпті ойламайды да. Үшіншіден, қалалар мен елді-мекендер тұрғызып, сонда білім алып, еңбек етуге жағдай жасауы тиіс. Балаларды жас кезінен баптап тәрбиелеу керек. «Онсыз қазақтардың дәл қазіргі уақытта күш-қуаты жоқ. Көретін көзі, ұғатын сөзі жоқ, қазақтың бұл күнде аты бар, өзі жоқ» - деп шындық жайды жасырмай айтады. Бұлай кете берсек, қазақ халқы өзіндік мәдениеті мен тарихы бар, басқалармен иық тірестіре алатын ұлт болудан қалатындығына қауіп білдіреді, осыдан сақтандырады

Қазақтар басқа халықтардың ішінде белгілі бір дәрежеде мәдениеті мен тарихы бар ұлт ретінде көрінуі үшін ел басқарып отырғандардың жалпақшешей, жағымпаз, құр кеуде болмауы керектігін аса қажет деген тұжырым жасайды Шәкәрім. Жайлы қызмет, атақ-даңқтың соңында кеткен басшы елді көгертпейді, қарапайым халықтың жоғын жоқтап, мүддесін көздемейді».

Халық жазушысы Шерхан Мұртаза Шәкәрім мұрасын «алтын сандық» деп бағалады.

Қайым Мұхамедхановтың «Абай мұрагерлері» кітабындағы «Шаһкәрім» атты мақаласында: «Абай өлгеннен кейін Толстойды ұстаз тұтып, одан ақыл сұрап хат жазған. Толстойға хат жазып, одан хатына жауап алғаны туралы Шәкәрім былай деген:

- Толстойдан үш сұрақ сұрадым. Толстой сұрақтарыма өте қымбатты жауап қайырды. Әсіресе сол жауаптары мені толғандырып, ғибрат алатын сабақ болып, көңілімде орнап қалды. Бірінші сұрағым: Адамның арына тиетін, өзім білетін жағымсыз қылықтардың бәрін тізіп жаздым да, осылардың ішінде және Сіз білетін, арға ең ауыр тиетін не? - дедім. Толстой бұған:

- Осы тізіп жазғаныңыздың бәрі де адамшылық арға тиетін нәрселер. Менше, арға ең ауыр тиетін бір іс бар. Ол: егер адам көпшілікке немесе жалпы қоғамға зиян келтіретін істі хақиқат біліп, соны үш нәрседен қорғанып, сол хақиқатты айтпай қалса, сол арға өте ауыр тиеді. Бірінші, сен өте бай болып, сол хақиқатты айтсаң, малыңа, байлығыңа зиян тиетін болса, екінші, сен мансап иесі болып, сол хақиқатты айтсаң, мансабыңнан айрылатын болсаң, үшінші, сол хақиқатты айтсаң, басың жазаға тартылатын болса. Міне, осы үш түрлі зардаптан қорғанып, көпке зиян келетін хақиқатты біле тұра айтпай қалсаң, арға ең ауыр тиетіні осы, - деп жауап берді.

Екінші сұрағым: ірі шығармалар жазуға бет алдым. Бұған қандай кеңес бересіз? - деп, көлемді шығарма жазу жайында ақыл сұрадым. Толстой бұған:

- Көп адамдар қатысқан қатысқан шығарма болсын не ұсақ әңгіме болсын, алдымен сол әңгіменің уақиғасына, іс-әрекетіне жазушы өзі араласқандай жетік болуға керек. Сол уақиғаның ізі, сыры қоғамға байланысты әрекетіне жазушы тағы жетік болуға керек. Сол уақиғаның жайы жазушыға айнадай айқындалып, сезіліп тұрғандай болуы керек. Олай болмаған күнде, әңгіме дәл, қызықты болып шықпайды. «Көлеңкеге пішкен тон бойға шақ келмейді», - деген мақалды жазушы ойдан шығармауға керек. Ішіне араласпай, сырттай ой-жотамен жазған шығарма шындыққа жанаспайды, қызықты болып шықпайды, - деп жауап жазды.

- Үшінші сұрағыма Толстой:

- Жазушының артық қасиеті - өз қатесін көріп, оны түзей алуы. Бұл әркімнің қолынан келе бермейді. «Біреудің қатесін біреу көреді» деген бар. Бәріне де адам өз қатесін өзі түзегені артық. Өз қатесін өзі түзей алатын қасиет адамның өз бойында бар. Ол - адамға біткен ақ жүрек. Егер адам өзі істеген ісін, жазған сөзін ақ жүрегіне сыната білсе, ақ жүректің нәзік сезімін ашып бере алады. Ақыл толғауынан өткен қорытындыны жүрек елегінен өткізу керек. Жүрек ықпалына беріліп дағдыланған адам өз мінін де, біреудің мінін де көре алады. Сондықтан, әділ сыншың - ақ жүрегің, - деп жауап берді. Осындай ақыл-кеңес берген Толстойды мен ұстазым деп бағалап, ардақтаймын.

Шәкәрім тағы бір сөзінде: «Толстой сияқты «нұр жарықты» перзенттер бар халыққа ортақ, бүкіл адамзат ұстазы» дейді».

Елуінші жылдары Абай шәкірттеріне қарсы болған Сәбит Мұқанов алпысыншы жылдары «Шәкәрімде жаңа өмірге қарсы ештеңе жоқ» деп Шәкәрімді ақтау, арылтуға барын салды.

Шәкәрімнің 150 жылдық тойы алдында ақын Бауыржан Қарабеков «Шәкәрім - дастан» атты поэма жазып, кітап етіп бастырды. Онда: «Айтайын, уақыт маған сөз бергесін!» деп өз дауысымен Шәкәрім тұлғасын биіктете түсер ойларын жырға қосты.

1990 жылы мамыр айында Қазақстан Жазушылар Одағында Шәкәрім творчествосына арналған ғылыми-практикалық конференция өткен. Ондағы сөйлегендердің сөзінен:

Т.Молдағалиев: «Бала кезімде Есік қаласындағы базарда Қалқаман мен Мамырдың оқиғасын біреудің зарлап жырлап айтып тұрғанын көрдім. Кейін білдім, ол ашаршылық жылдары арқадан Жетісуға тағдыр айдап келген азамат екен. Кейіннен ол адамды көре алмадым, бәлкім халық жауының жырын неге айттың деп, айдап алып кетті ме, кім біледі. Оны алғаш «Қазақ әдебиеті» газетінен оқыдық. Әттең, олпы-солпы жерлері бар екен-ау деп ойладым алғаш. Бұдан да әдемі, бұдан да көркем жазуға болар ма еді деп бір қойдық. Бірақ бұл жас Шәкәрімнің қолынан шыққан алғашқы дастан екеніне, дастанның қай үлгіде, қай дәстүрде жазылуға тиіс екеніне мән бермеген екем».

С.Жиенбаев: «Лирика туралы Белинский: «Ол - сәбидің күнәсіз ажары, жарқын жанары, күмістей күлкісі; ол - қыз жүзінің ұялшақ, албырт қызғылты, тұңғиық көзінің ынтық сәулесі, сұлу қозғалыстарының ғажайып сиқыры; ол - балғын жігіттің өрен ерлігі, тентек тегеуріні, өмірдің балы мен уын бір-ақ рет сімірмек болған тойымсыз талабы; ол - қарттың әрсіз көзінің жұмсақ сәулесі, бұл өмірден алыстай бастаған әжімді бетінің ерекше нұрлы ажары, бәсең айтылар, бірақ әсем айтылар аталық сөздері... Ол - сирек соғар өмір рахаты. Жүрек дірілі, ләззат таба егілу, көз жасына көмілу, өмір бақи айнымас, тояттамас құмарлық, өмірдің қаны мен оты, жарығы мен күні...» деген екен. Осы кісі бұл пікірді Шәкәрім өлеңдерін оқып алып айтқан сияқты.. Шәкәрім лирикасын шартты түрде үш салаға бөлуге болады: махаббат-жастық, ғибрат-нақыл, ой-толғаныстар».

«Адам жанының тарихы, ең бір ұсақ жанның тарихы болса да, ол тарих жанашырлық я таңырқау сияқты даңғойлық көңіл қалауына қатыссыз жазылған болса, тұтас халықтардың тарихынан қызық та, пайдалырақ та» - депті Лермонтов.

Шәкәрім өмірінің соңғы жылында Шыңғыстау көп толқулар өтінде болды. Жеті баласы бар Қараханның ақ сиырын ГПУ адамдары тартып алғанда, іште бұғып жатқан ашу мен нала сыртқа тепті. Жиналып қалған ауыл адамдары сол жерде-ақ төрт қаныпезер басқыншыны түтіп жібере жаздаған. Ауыл адамының бұйығылығынан ба, жоқ, бұзақылыққа бейімсіздігінен бе, әйтеуір бұл жолы олар аман кетті. Бірақ осы оқиға үлкен бір істің басталуына қозғау салып кетті.

Ауыл жігіттерінің бір-біріне жиі ұшырасып, жинала қалуы көбейді. Күбір-сыбырдың аяғы: қашанғы төземіз, бұққан сайын найзасын сұғып барады, еркектігіміз қайда, бала-шағамыздың аштан қырылуға айналғанын көріп отырып, осылай төзе береміз бе?! Көре тұра, сүтін сауып отырған жалғыз сиырымызға ауыз сала бастады. Елдігімізге, азаматтығымызға сын емес пе?! Дана қариямызға баралық, ақылдасалық, - деп ұйғарысқан. Баласы Зият, ауылдас ағайындары Бердеш, Дүтбайдың Мұхтары, Қасымбек бар. «Көтерілеміз. Бізді жұрт қолдап отыр. Аудан орталығын шабамыз, басып аламыз, өз талаптарымызды қоямыз. Бай таусылды, енді жай шаруаға тыныштық бер дейміз». Шәкәрім аз-кем ойланып отырды да, ежелгі әдетінше өңін бермеді, қысқа сөйледі:

- Қарауылды басып алып, ондағы Совет өкіметін құлатамыз дегеніңнен не шығады деп отырсыңдар? Мен оған қарсымын. Себеп. Бұл өкіметтің тамыры тереңде. Кезі болғанда қазақтың өзі барып бағынған алып ел. Оның патшасы құлағанмен, орнынан келгендердің басшылық ұстанымы дұрыс болмай, елі ашаршылыққа ұшырап отыр, жалғыз сендерде ғана емес бұл.  Малды алып жатқаны сол, өзінің орысы үкіметке қарсы келеді ашықса деп қорқып, сенің, бұратана халық деп сенің малыңды алып отыр. Жақсы, Қарауылды аларсың, аржағы не? Оның кесек кірпішін жегізесің бе халқыңа? Сенің үлгің басқа жаққа тарамасын деп, барлық күшін жауып, сендерді әп-сәтте жоқ етпей ме?! Жоқ, мен мұны мақұл көре алмаймын. Бүкіл ауыл шырқырып, құлындағы дауысы шығып, көшеде қызыл ала қан болып жатқанын көргім келмейді. Бұл келістеріңе айтар жауабым сол. Мен де мөшкеде жүрген адаммын, биліктегілердің біреуіне жақсаң, біреуіне жақпайды екенсің. Сендер мұны маған айтқан жоқсыңдар, мен естігенім жоқ. Енді қайтып бұл әңгімені қозғамалық, - деп шығарып салған.

Шәкәрім содан бері терең ойда. Түнімен ұйықтаған жоқ, көрер таңды көзімен атқызды. Балалық шағы есіне түсті. Кейінгі кездері сол мұңсыз кез есіне жиі түсіп жүр, сол бір күндерді аңсайтындай. Ойы әріге жетелейді.

«Көңіл жаралы. Кешегі жастық шағымда, жігіт шағымда  көкорай шалғынды аралап, оның әсемдігіне қызықтап, ойнақтаған жас қозы-лақтарға сүйсіне қарап, күркіреп жауған жаңбырдың өзінен жабықтан қарап, табиғаттың әсемдігін қызықтап, көңілім толып отыратын болсам, бүгінде дүркіреген қозы-лақтай бір-бірінен айрылмай, біреуі қайда ығысса, басқасы сонда ығысқан адамдарды, тобырды көремін. Күркіреген күн қайғы әкеле жатқандай, оның күркіреуі тосыннан адамға залал келтірерлік бір нәрседен хабар бергендей, күркірей бергенше, неге сабырлы сіркіреу, адамды біртіндеп үйретіп, жылылық әкелмейді деп ойлаймын».

Әнебір күні жазып қойған бір өлеңін іздеді. Қайтадан оқып көңілі толды, сәл-пәл түзеген болды.

Кетермін, артта жазған сөзім қалар,

Кейінгі талапты жас қолына алар.

Бірі жөн, бірі теріс айтыпты деп,

Таласып өздерінше сынға алар.

Табиғи жол өткенді жаңа сынау,

Жаманнан жиіркеніп, жақсыны ұнау.

Дәлелдеуге өлген соң, келмес тілім,

Тіршілікте айтатын сөзім мынау:

Сынау қиын біреудің сырын білмей,

Кетпе өмірін, ортасын көзіңе ілмей.

Ауыр жүк арқалаған жолаушыға,

Жағада жүксіз тұрған жанша күлмей.

Қайықпен кездім теңіз ауыр күнде,

Қанды оқпын, қатты толқын, қара түнде.

Заманым заманыңа сәйкес келмес,

Сынап көр сол қайыққа сен де мін де.

Иесіз өзім кестім кіндігімді,

Зорға аштым тар үңгірде түндігімді.

Өткен өмір жайымды түгел ұқсаң,

Сонда анық білерсің кімдігімді.

Мырзагелді Кемел, экономика ғылымдарының

докторы, профессор,

Қазақстан Жазушылар

Одағының мүшесі

«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1475
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3249
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5454