Жошы ұлысы қалай әлсіреді?..
1342 жылы Өзбек хан өлгеннен кейін Жошы ұлысының (Алтын Орданың) басынан бағы тая бастады. Өзінің көрегендігімен және даналығымен зор беделге ие болған Өзбек ханның орнына келген ұрпақтары даңқты Ұлыстың ұлы дәстүрін жалғастыра алмады. Мәселен, 1360-1379 жылдар аралығының өзінде Жошы ұлысында 24 хан ауысты. Зерттеуші Зардыхан Қинаятұлының деректері бойынша осы кезеңде таққа таласқан дүрбелеңдерде 14 (кейбір деректерде 18 - Т.О.) хан өлтірілген. Аталған қанды қасапқа дейін Өзбек ханның балалары Тыныбек (1342 ж.), Жәнібек (1342-1357 жж.) және немересі Бердібек ( 1357-1361 жж.) билік құрған уақыт тарихшылар назарын аударып жүрген өзекті мәселенің бірі болып табылады.
Өзбек ханның үлкен ұлы Тыныбек о бастан-ақ өзінің ел басқаруға қабілеті жете бермейтіндігін босаң мінезінен байқатып қойды. Сондықтан оны бақталастары өлтіріп тынды. Оның орнына таққа отырған Жәнібекті діндарлығы үшін мұсылман деректері хазірет деп те атайды.
1342 жылы Өзбек хан өлгеннен кейін Жошы ұлысының (Алтын Орданың) басынан бағы тая бастады. Өзінің көрегендігімен және даналығымен зор беделге ие болған Өзбек ханның орнына келген ұрпақтары даңқты Ұлыстың ұлы дәстүрін жалғастыра алмады. Мәселен, 1360-1379 жылдар аралығының өзінде Жошы ұлысында 24 хан ауысты. Зерттеуші Зардыхан Қинаятұлының деректері бойынша осы кезеңде таққа таласқан дүрбелеңдерде 14 (кейбір деректерде 18 - Т.О.) хан өлтірілген. Аталған қанды қасапқа дейін Өзбек ханның балалары Тыныбек (1342 ж.), Жәнібек (1342-1357 жж.) және немересі Бердібек ( 1357-1361 жж.) билік құрған уақыт тарихшылар назарын аударып жүрген өзекті мәселенің бірі болып табылады.
Өзбек ханның үлкен ұлы Тыныбек о бастан-ақ өзінің ел басқаруға қабілеті жете бермейтіндігін босаң мінезінен байқатып қойды. Сондықтан оны бақталастары өлтіріп тынды. Оның орнына таққа отырған Жәнібекті діндарлығы үшін мұсылман деректері хазірет деп те атайды.
Жәнібек өзі хандық құрған тұста шетелдермен байланыстар орнатуға баса мән берді. Тарихи деректерден оның 1342 және 1356 жылдары Мысыр сұлтандарына көптеген сый-сияпаттармен екі рет елшіліктер аттандырғаны белгілі. Жәнібектің көп уақыты өзара жауласқан, қантөгіске барған орыс князьдерін татуластыруға кетті. Ол орыстардың православия метрополитін жыл сайын Алтын Ордаға 600 сом салық төлеп тұруға еріксіз мәжбүрледі. Оның сондай-ақ Әзірбайжан билеушісі Ашрафқа қарсы жорыққа аттанғаны да белгілі. Кейбір деректер бұл соғыстың басты себебін Ашрафтың қарауындағы халыққа шектен шыққан қаталдығынан іздестіреді. Қалай десек те, Жәнібектің жорық жасауына Ашрафтан қашып келген діндарлар себеп болды. 1357 жылы атақты кадий Мухиддин әл-Бардюгидің осылайша Жәнібекке арызданғаны тарихи деректерде айтылады. «Шайтан азғырған ол өзінің қызын өзі әйелдікке алды» деп айыптады Ашрафты діндарлар. Хан бұл кезде мешітте намазға жығылып жатыр еді. Келгендер Тебриз билеушісінің арам пиғылын жүзеге асыруға төңірегіндегілерден рұқсат алу үшін әңгімені мынадай сауалдан бастағанын айтты: «Егер де біреу ағаш отырғызса, оның жемісі пісіп жетілгенде, оның дәмін өзі татуы керек пе, жоқ, әлде оларды басқаларға беруге тиіс пе?». Төңірегі оның қандай пиғылда отырғанын аңғармастан: «Оның өзі де дәмін тата алады, басқаларға да бере алады» десті.
Осындай жауапты күткен Ашраф өзінің туған қызына үйленуге рұқсат алып алды. Мұндай сұмдықтан жандары түршіккен оның нөкерлері Жәнібекке жүгіне келе: «Ол енді кәпірге айналды, ал біз болсақ осы кәпірдің құлымыз. Исламның падишахы бүгінде сіз болғандықтан, енді одан мұсылмандарды құтқару сіздің парызыңыз» десті. Осы кезде мешітте ақшам намазын оқып жатқан Жәнібек өзінің нөкерлерін жинап ақылдасты. Олар оны Ашрафқа қарсы жорыққа аттануға шақырды. Соғыс Дербент пен Ширваннан жақын маңда болды. Бұл соғыста Ашраф жеңіліп, тұтқынға түсіп, ақыры өлтірілді. Осылайша Жәнібек Тебризге басып кіріп, Ирак аймағын бағындырды. Жәнібек Ашрафтың қазынасын Сарайға тиеп жөнелткенде 400 түйеге жүк болды.
Тебризде баласы Бердібекті 50 мың әскермен қалдырған Жәнібек хан елге қатты науқастанып оралды. Ол Сарайда өзінің мұрагері ретінде Бердібекті атап, өзін қаумалағандармен қоштасып, дүниеден өтті. Орыс тарихшылары Алтын Орда хандары туралы жағымсыз пікірлер қалыптастыру үшін Жәнібек ханды оның ұлы Бердібек өлтірді деген қисынсыз әңгімені ғылыми айналымға қосып жіберді. Олар мынаны ескермейді: Бердібек әкесінен тақты тартып алуды ойлаған болса, алыстағы Тебризде қалуға келісім бермеген болар еді. Алайда тарихи деректер оның аса қатал билеуші болғанын әңгімелейді. Әкеден мұра болып қалған тақтан айырылып қаламын деп қауіптенген ол өзінің жақын туыстарын өлтіре бастады. Нәтижесінде олар оның өзін де өлтіріп тынды.
Осы жерде оқырманға ескерте кетеріміз, орта ғасырлардағы тарихымыздан үш Жәнібек хан белгілі. Олар біз әңгімелеп отырған атақты Өзбек ханның ұлы - алғашқы Жәнібек (1342-1357 жж.), онан соң алғашқы ноғайларды (маңғыттарды) олардың тарихи отаны Мәуереннахрдан Еділ бойына көшіріп, Сарайшықты хан ордасына айналдырған - Темірқожа ұлы ІІ Жәнібек хан (1365-1366 жж.). Ал енді Әбілқайырдың Көшпелі өзбектер ұлысынан бөліне көшіп, Моғолстанда бауыры Кереймен бірге Қазақ хандығын негіздеген ІІІ Жәнібек болса, бәрімізге белгілі. Жоғарыда біз алғашқы Жәнібектің тағдыры туралы әңгімеледік. Ауыз әдебиетінде Әз немесе Әзиз Жәнібек туралы жырланады. А.П.Григорьевтің ойынша «Әз» атауы алғашқы Жәнібекке таңылған. Зерттеуші И.Л.Щеглов «Әз (Әзиз)», яғни «Ұлы» атауының екінші Жәнібекке тіркелгенін айтады. Мұны В.В.Трепавлов та қолдайды. Біз де осы соңғы пікірді қолдаймыз.
Зерттеуші Зардыхан Қинаятұлы деректер негізінде осындай дағдарысты кезеңде Алтын Орда тағын уақытша иемденген хандардың есімдерін тарихи жылдар ретімен атап көрсеткен еді. 1361-1362 жылдары Қули, Наурыз, Құзыр, Орда шейх тәрізді төрт адам Сарайдағы мәртебелі таққа отырған болатын. Бұлардың арасында Құзыр хан (Өтеміс қажының еңбегінде - Қызыр хан) деректерге қарағанда, Жошы тұқымы және Сарайдағы билікті басып алуға шығыстағы Қыпшақ даласынан келген. Сонымен қатар оның бауыры Қара Ноғай Жайық өзенінен шығысқа қарайғы аймақта хан тағын иемденді. Оның астанасы Сыр бойында болды. Айта кетер бір жайт, дәл осы кезде шығыстағы Жошы ұлысындағы бұрынғы Еженнің ордасы дербестеніп, қайта күшейе бастады. Осындай шырғалаңды пайдаланған Бердібектің күйеубаласы, он мың әскердің қолбасшысы, Қият руынан шыққан Мамай маңғыттардың қолдауына сүйеніп, билікті өзінің қолына алды. Ол Бердібектің билігі кезінде-ақ Алтын Орданы ыдыратуды бастап беріп, халықтың бір бөлігін өзімен бірге Қырым аймағына көшіріп әкеткен еді.
Алайда Мамай мен орыс князьдарының арасы тіпті шиеленісіп кетті. 1374 жылы новгородтықтар Мамайдың елшілерін өлтіріп, бір жарым мың адамнан тұратын күзет отрядын қырып салды. Арада біраз уақыттан соң, яғни 1377 жылы Мамайдың Арабшах есімді қолбасшысы Мәскеуге жорыққа аттанды. Бірақ мәскеуліктер қолға түспей қашып кетті. Құр қол қайтуды жөн көрмеген Арабшах Нижний Новгородты тонап, қайтып оралды. Мәскеу князі Дмитрий кек қайтару мақсатымен мордвалар жеріне басып кіріп, оларды қанға бөктірді. Осыдан соң Мамай қайта қол жинап, Рязань жеріндегі Вожа өзенінің бойында 1379 жылы 11 тамызда Дмитрийдің қалың қолымен шайқасты. Соғыс нәтижесі Мамайдың пайдасына шешілмей, оның көп әскері қырылып қалды. Ыдырай бастаған, өзін мойындай қоймайтын Жошы ұлысының бектерінен әскер жинап алу қиын болғандықтан Мамай өзінің жасағын Солтүстік Кавказ және Қырым даласындағы халықтардан жалдамалы әскерлер жинау жолымен толықтырды және Литва князі Ягайломен келісім жасауға тырысты. Алайда екі әскердің бірігіп кетулеріне Мәскеу князі бастаған орыс жасақтары кедергі келтірді. Оларды алда болатын Мамайдың жорығы қатты састырды. Орыстар Дон өзенінің тармағы болып саналатын Непрядвы өзені бойына орналасты. 1380 жылы 8 қыркүйекте Күлік даласында Мамай мен Мәскеу князі Дмитрий басқарған орыс әскерлері арасында шайқас болып, Мамай жеңіліп қалды. Мамайдың жеңілуінің басты себебі - Алтын Орданың әртүрлі этникалық аймақтарының Сарайдағы билікке таласқан зобалаңның кесірінен ауызбірліктен айырыла бастауы болатын.
Мәскеуге жаңа жорыққа аттанып, кек қайтармақ болған Мамайдың жоспарын Қыпшақ даласынан келген Жошы тұқымы Тоқтамыстың Сарайды басып алуы бұзды. Ол Тоқтамыстың бағынуды талап еткен ұсынысынан бас тартты. Осыдан соң қалың қолмен Мамайға аттанған Тоқтамыс хан оны Азов теңізіне жақын маңда күйрете жеңді. Енді бұрын Мамайға ілесіп Қырымға келген маңғыттар тоз-тоз болып бытырап, жан-жаққа бас сауғалап босып кетті. Тарихи деректер «Кіші Татария» деп аталатын Қырым аймағынан он жеті мың түтіннің шығысқа қарай жөңкіліп, Жайыққа жақын маңға қоныстанғандарын, онда осы Ноғай рулары ханының Ақтөбе деген жерде өзінің ордасын орнықтырғанын атап көрсетеді. Осылайша о баста атажұрт Мәуереннахрдан Еділ бойына қоныс аударған ноғайлар көп уақыт Алтын Орда билеушілеріне адал қызмет жасады. Олардың орыстарды билеулеріне белсенді атсалысып, ақырында атамекен Жайық бойына оралды. Олардың бірлестіктерінде көшіп жүрген рулар мен тайпалар төре тұқымдарының таққа таласқан және нәтижесінде бір кездегі аса қуатты Жошы ұлысын ыдыратқан ылаңдарының салдарынан этникалық тұтастықты сақтай алмай, бөлшектену жолына түсті. Мұның өзі көп кешікпей-ақ ұлы держава аясында жаңа мемлекеттердің өмірге келулеріне жол ашты.
Талас Омарбеков,
тарих ғылымдарының докторы,
профессор