Жері күрішті, елі ырысты Қызылорда
Күн сәскеден ауғанда Президент ұшағы Қорқыт Ата атындағы әуежайға қонды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзі «Алаштың анасы» атаған Сыр өңіріне арнайы жұмыс сапарымен келді. Ұлт көшбасшысының сапары «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі жобасы бойынша аймақ аумағында атқарылып жатқан жұмыстармен танысудан басталды. Көлік және коммуникация министрі Берік Камалиев Мемлекет басшысына «ғасыр жобасы» аясында қолға алынған іргелі шаруаларды баян етті.
«Батыс Еуропа - Батыс Қытай» халықаралық транзиттік дәлізі жобасы Қызылорда облысы бойынша 15 учаскеге бөлінген. Жолдың ұзақтығы 812 шақырымды құрайды. 15 учаскеде 5 бас мердігер компания жұмыс істеп жатыр. Олар: «Салини» АҚ (Италия), «Аккорд Окан» БК (Әзербайжан-Түркия), «Импреза» АҚ (Италия), «Тодини» АҚ (Италия), «Азеркорпу» АҚ (Әзербайжан). Жоба бойынша биыл 79 миллиард теңгенің жұмысын жүзеге асыру және 500 шақырым жол салу жоспарланып отыр. Жұмыс екпініне қарағанда, меженің орындалатыны айқын байқалады. Бүгінде жол бойында 16 мыңнан аса адам жұмыс жасап жатыр. Одан бөлек 3 мыңдай жол-құрылыс техникалары жұмылдырылған. Сонымен қатар 18 асфальт-бетон, 6 цемент-бетон зауыттары, 13 тас ұнтақтау қондырғылары күн-түн демей жұмыс істеуде.
Күн сәскеден ауғанда Президент ұшағы Қорқыт Ата атындағы әуежайға қонды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзі «Алаштың анасы» атаған Сыр өңіріне арнайы жұмыс сапарымен келді. Ұлт көшбасшысының сапары «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі жобасы бойынша аймақ аумағында атқарылып жатқан жұмыстармен танысудан басталды. Көлік және коммуникация министрі Берік Камалиев Мемлекет басшысына «ғасыр жобасы» аясында қолға алынған іргелі шаруаларды баян етті.
«Батыс Еуропа - Батыс Қытай» халықаралық транзиттік дәлізі жобасы Қызылорда облысы бойынша 15 учаскеге бөлінген. Жолдың ұзақтығы 812 шақырымды құрайды. 15 учаскеде 5 бас мердігер компания жұмыс істеп жатыр. Олар: «Салини» АҚ (Италия), «Аккорд Окан» БК (Әзербайжан-Түркия), «Импреза» АҚ (Италия), «Тодини» АҚ (Италия), «Азеркорпу» АҚ (Әзербайжан). Жоба бойынша биыл 79 миллиард теңгенің жұмысын жүзеге асыру және 500 шақырым жол салу жоспарланып отыр. Жұмыс екпініне қарағанда, меженің орындалатыны айқын байқалады. Бүгінде жол бойында 16 мыңнан аса адам жұмыс жасап жатыр. Одан бөлек 3 мыңдай жол-құрылыс техникалары жұмылдырылған. Сонымен қатар 18 асфальт-бетон, 6 цемент-бетон зауыттары, 13 тас ұнтақтау қондырғылары күн-түн демей жұмыс істеуде.
Беттерін күн қаққан, алақандарында адал еңбектің табы бар жұмысшыларға бұрылды Елбасы. Жағдайларын сұрады. Еңбектің өнімділігі турасында сұрақ қойды. Еңбеккерлер жұмыстың жүйелі жүріп жатқанын, айлықтарының жеткілікті екенін жеткізді. Жас мамандар «Батыс Қытай - Батыс Еуропа» көлік дәлізінің өздеріне үлкен тәжірибе болып жатқанын мәлім етті. Көлік дәлізін салу барысында білікті кадрлар әзірше шетелдерден тартылып жатыр. Ал бүгінде еңбекке білек сыбана кіріскен жастар, ертең солардай әмбебап маман болмақ. Сонда қазіргі жетіспеушіліктің орны толмақ. Алдағы уақыттағы ауқымды жобаларды өзіміздің адамдар іске асырады деген сөз бұл. «Батыс Қытай - Батыс Еуропа» көлік дәлізінің жұмысымен танысып, мамандарымен сөйлескен Елбасы жасалып жатқан іске оң бағасын берді.
Бұдан кейін Мемлекет басшысы Сырдария ауданындағы Нағи Ілиясов ауылының әлеуметтік-экономикалық дамуымен танысуға барды. Қызылорданың шөлейтті аймақ екені ешкімге құпия емес. Дегенмен Ілиясов ауылына табаныңыз тисе, бұл ойдан бірден айнисыз. Өйткені алақандай ғана елді мекен жасыл желекке бөленген. Гүлдері желмен тербеліп тұр. Тал-дарақтарының асты саялы көлеңке. Ауылдың қақ ортасындағы хауыздан су атқылауда. Мәдениет үйі қыздың жиған жүгіндей жып-жинақы. Халыққа қызмет көрсететін әмбебап дүкені мен мейрамханасы бар. Елді нанмен қамтамасыз ететін наубайхананың орны бір бөлек. Емханада да ел үшін бар игілік жасалған. Қысқасы, көркі келіскен, салтанаты жарасқан, мерейі асқан ауыл.
Нұрсұлтан Әбішұлы алдымен «Әсел» сауда үйін аралады. Оның сөрелерінде жергілікті жерде өндіріліп, өңделген ауыл шаруашылығы өнімдері самсап тұр. Картоп, көкөніс секілді бақша өнімдері мен ет, сүт тәрізді күнделікті өмірде пайдаланатын азық-түлік ауыл тұрғындарының қалтасына салмақ салмайтындай бағамен сатылып жатыр екен. Іші мұнтаздай таза, сауда жасауға ыңғайлы жасалған дүкеннен іздегеніңді табасың. Елбасы одан кейін стенд арқылы ауылдың даму барысымен танысты. Бұл жерде облыс әкімінің орынбасары Рзақұл Нұртаев Мемлекет басшысына елдегі ауылшаруашылық саласында атқарылып жатқан айтулы істерді баян етті. Сондай-ақ, Нұрсұлтан Әбішұлы ірі күріш өндіруші кәсіпорындардың және ауыл шаруашылығы тауарын өңдеушілердің көрмесімен танысты. Облыс әкімінің орынбасары «Абзал және К» ТС, «Рза» ЖШС, «Жер-Ана групп» ЖШС, «Шапағат сүт» ЖШС, «Сабыр және К» ЖШС, «Тату Агро»ЖШС, «Алжаниат» СТК, «Жан» ШҚ, «Ақбота-Бағдәулет» ЖК секілді кәсіпорындар жөнінде қысқаша мәлімет берді.
Сырдария ауданының әкімі Сұлтанбек Тәуіпбаев, «Абзал және К» компаниясының директоры Абзал Ералиев және облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бастығы Жазира Жылқышиева ауыл-елдің әлеуметтік-экономикалық даму жағдайымен, мемлекет пен жеке меншік арасындағы әріптестіктің даму нәтижелерімен таныстырып, «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасының жүзеге асырылуы жөнінде баяндап берді.
Осыдан соң Мемлекет басшысы ауыл ақсақалдарымен және тұрғындармен жолықты. Елбасы елді, ең алдымен, Ораза айтымен құттықтады. Осы арада айта кетуге тиіспіз, Нұрсұлтан Әбішұлының осы өңірдегі бұған дейінгі сапары Құрбан айт мерекесімен тұспа-тұс келген еді. Елбасының екі сапарының да қасиетті күндерге сәйкес келгенін жұртшылық жақсылыққа балап жатты.
- Биыл еліміздің Тәуелсіздік алғанына жиырма жыл толып отыр. Мерейлі мерекеге құр келмеу керек деген едім. Соған сәйкес ауылдарды гүлдендіріп, абаттандыру жұмыстарын жасап, елге жағдай туғызу қажет деп тапсырма бергенмін. Бүгінде Тәуелсіздіктің жиырма жылдығына орай Қазақстанның барлық аймағындағы ауылдар түрленіп, түлеп жатыр. Сіздердің де ауылдарыңызды көріп отырмын. Халыққа керекті жағдайдың жасалғанына куә болдым. Еліміз егемендігін енді алып жатқанда Қазақстанды «ел бола алмайды» дегендер болды. Дегенмен, біз мемлекеттілігімізді қалыптастырдық. Шекарамызды бекіттік. Астанамызды ауыстырдық. Өткен ғасырда да, бүгінгі ғасырда да бірде-бір мемлекет астанасын он жылдың ішінде салып бітірмеген. Ал ол тек Қазақстанның ғана қолынан келді. Қызылорда да елмен бірге дамып келе жатыр. Бір кездері экологиялық апатты аймақ деп, Аралдың жағдайын айтатын едік. Бүгінде Аралға су барды. Айналасындағы көлдер толды. Ел 6 мың тоннаға дейін балық аулайды екен. Бұл үлкен көрсеткіш. Ал мұның бәріне біз Тәуелсіздіктің арқасында қол жеткізіп отырмыз, - деді Нұрсұлтан Әбішұлы. Одан кейінгі сөзін Елбасы: «Халық денсаулығына да баса көңіл аударып жатырмыз. Елдегі орташа жас 72-74 жасты құрауы керек деген меже қойып отырмыз алдымызға. Ол үшін ауруханалар салдырып, оның ішін түрлі құрал-жабдықтармен жабдықтадық. Осы Қызылорданың өзінде жүрекке ота жасайтын орталық бар. Мұндай қай заманда болып еді? Бұйырса, алдымызда әлі талай асу мен белес бар. Ол асуды елдің бірлігі арқылы ғана бағындыра аламыз. Біз көпұлтты мемлекетпіз. Сондықтан қазақтың бірлігі тарқамасын»,- деп түйіндеді.
Ауыл ақсақалдары Президентке ақ алғысын жаудырды. Жас жеткіншектер ел және Елбасы туралы өлеңдерін оқыды. Ауыл халқы Мемлекет басшысы қабылдаған бағдарламалардың арасынан «Дипломмен - ауылға» қозғалысын айрықша атап өтті. Осы жерге сондай ұранмен жұмысқа орналасқан жас мамандар да келген екен. Елбасы олармен ерекше ықыласпен сөйлесті. Жастардың жай-күйін, жұмыстарын егжей-тегжейлі сұрады. Мамандар мемлекет тарапынан барлық жағдайдың жасалып жатқанын, көмектерін алғанын жеткізді. Сөйтіп, Нағи Ілиясов ауылындағы кездесу емен-жарқын, ашық әңгіме түрінде өтті.
Мұнан кейін Елбасы Сырдария ауданына қарасты Шіркейлі ауылдық округіндегі «Мәді Қажы» ЖШС күріш алқабында болды. Ол жерде егін өнімін жинау науқанының ашылу салтанатына қатысты. Елбасы өңірдегі мал шаруашылығы мен ауыл шаруашылығындағы іргелі істермен танысты. Мал шаруашылығының даму барысы бойынша Қызылорда өңірі қазір 1990 жылдың межесіне жетіп отыр. Оның үстіне Елбасы қабылдаған «Сыбаға» бағдарламасы бойынша да біршама малдың басы жиылды. Мәселен, Қызылорда облысы осы бағдарлама бойынша алғашында 500 ірі қара мал сатып алуды жоспарлаған. Бірақ халықтың қызығушылығы артып, 1000-нан аса мал алынған. Бұл да соңғы меже емес. Бағдарлама бойынша жұмыстар әлі жалғасып жатыр. Осы арада Елбасы мал шаруашылығын дамыту керектігін баса айтты. Елді ғана емес, көрші мемлекеттерді етпен қамтамасыз етуге Қазақстанның қауқары жететініне назар аударды.
Қызылорда күрішті аймақ. Ал ырысы мол осы өнімді жинау үшін орақ науқанының салмағы зор екендігі бесенеден белгілі. Осыған орай аймақ Украинаның «Бердянсксельмаш» зауытымен бірлесіп, күрішке қажет техникаларды құрастырып жатыр. Онымен тікелей «Азов-Арал Агромаш» серіктестігі айналысады.
Елбасының тапсырмасына сәйкес облыста «Бердянсксельмаш» зауытымен бірлесіп «Азов-Арал Агромаш» серіктестігі құрылып, нәтижесінде, жиналған жаткалар алғашқы ораққа түскелі отыр. Бұл жұмыстарға облыстан 20,0 миллион теңге қаржы бөлініп, алғашқы 22 жатка жиналып бітті. Шара барысында «Азов-Арал Агромаш» серіктестігінің төрағасы А.Сүлейменов Елбасын құрастырылып жатқан жаткамен қысқаша таныстырды. Сонымен қатар, Мемлекет басшысына Қызылорда облысында алғашқы жиналған жатканың паспортын тапсырды. Мұнан кейін, «Мәді қажы» ЖШС төрағасы А. Камалатдин серіктестіктің жұмысы жөнінде қысқаша баяндап, мемлекет тарапынан жасалынып жатқан қолдауларға алғысын жеткізді.
Ауыл шаруашылығы өкілдерімен кездесуден кейін Президент Нұрсұлтан Назарбаев күрішке орақ түсу рәсімін тамашалады. Дәні пісіп, мойыны иіліп, сабағымен жер сүйген күріш алқабына алғашқы комбайн да түсті. Енді, өнімді болсын деп тілейік.
Елбасының Қызылорда облысына жасаған жұмыс сапарының алғашқы күні осындай оқиғалармен өрнектелді.
Ержан БАЙТІЛЕС.
Қызылорда облысы.