Жексенбі, 24 Қараша 2024
46 - сөз 3276 2 пікір 30 Наурыз, 2020 сағат 11:21

Дезинфектордың жан айқайы!

ҚР Денсаулық сақтау министрі Е.А.Біртановқа!

Қадірлі інім!

Жағдайыңды түсінем. Бүгінгі жазбаңда коронавирусты бақылау мүмкін болмай бара жатқанын айттың. Бәрібір арпалыса беруіміз керек! Бар үміт дәрігерлерде болып отыр! Ұнжырғаң түспесін! Қолдау мақсатында үндеу жариялаймын:

1969 жылы Еңбек жолымды 10 сыныпта оқып жүріп (Отырар), дезинфекторлықтан бастадым. Мың болғыр көршіміз, аудандық дезинфекция бөлімінің басшысы Мамырхан Ыбыраев, жесір ана, жетім балалардың жағдайын ескеріп, Қазақ ССР-нің Еңбек туралы заңын жиып қойып, жұмысқа шақырды.Жатқан жері жай болсын, қайырымды адамның! Оқудан тыс уақытта совхоз-совхоз, ауыл-ауылды аралап, тіпті аудандық аурухананың өзін хлорофоспен, дымовая шашкамен ұрғылап жатар едім. Ол жылдары сарыауру тіпті жантүршігерлік жаман болатын. Сарыаурудан карантин жарияланатын. Арнайы киім киіп, дәрі-дәрмек арқалап, аурумен арпалысып жүріп буыным қатып еді. Ол жылдары дезинфекция бөлімінің арнайы у шашатын машинасы болатын. Күшті техникамен қаруланатын едік.

Коронавирус келді. Елге оңай болып жатқан жоқ. Жеке-жеке дай болып, дүние қуып кеткен (онымен жеткен ешкім жоқ) қазақтың басы мына сұмдық тәж тажал тұсында да бірікпей ит рәсуасы шығып отыр. Саяси күрес бір жағымызда. Экономикалық кризис жағаны жыртып ол әкетіп барады. Дарқан қазақ елі деп жүрген халқымыз той жасап дарақылық танытуда. Шырылдап жүрген дәрігерлер! Рахмет оларға! Гиппократ антына адалдық танытуда!
Астана, Алматы дизенфекциялануда. Басқа өңір тым-тырыс. Күнде қадағалаймын. Айтулы екі қаланың өзін дизенфекциялау көңілімнен шықпайды. Әлсіз. Тым әлсіз. Жаяу жалпы жүріп, баланың кіші дәретіндей сыздықтатып, хларофос шашу құтқармайды бізді. Өзге өңірде ол да жоқ. Жым-жырт! Осы улау мені қанағаттандырмайды.

Қарулы техника неге жұмылдырылмайды? Түсінемін. Кешегі жекешеленуде саланың алып машиналары жекеге кетті. Тіпті дезотделдің ғимараттары да әлдекімдердің тақымында кетті. Бүгінде дезинфекция бөлімі - әншейін аты ғана. Дәрменсіз! Тажал танауымыздың астына келді. Отыра береміз бе қол қусырып. Үкімет қайда қарап отыр? Қаржы сұраңыз. Қуатты машинаны көптеп алдырыңыз. Мегаполис қалалардан бастап, облыс орталықтары, аудан-аудан түгел дезинфекциялануы керек!

Қалаларда әрбір подъезд, тіпті әрбір пәтер дезинфекциялануы керек. Саған дәрменсіздік танытуға болмайды, Елжан батыр! Коронавируспен күресудің бір ауыр алғышарты - дезинфекциялау! Кірісіңіздер! Жұмыла кірісіңіздер! Бұл - бұрынғы дезинфектор, марқұм әкеңізбен сыйластықта болған, жазушы ағаңның халық атынан үндеуі, сенім артуы деп ұғын!

Құлбек Ергөбек

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3258
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5560