Жексенбі, 24 Қараша 2024
Айбын 5529 7 пікір 1 Сәуір, 2020 сағат 13:50

Оларға Совет өкіметі «Батыр» атағын бермеген...

BERLIN, GERMANY. Victory banner flutters over Berlin, May 1945. Photo by Yevgeny Khaldei reproduced by Photo Tass. Çíàìÿ Ïîáåäû íàä Áåðëèíîì. Ôîòî Åâãåíèÿ Õàëäåÿ. Ðåïðîäóêöèÿ Ôîòîõðîíèêè ÒÀÑÑ

«Шындық әрқашанда жеңеді, бірақ кешігіп жүреді»

Бауыржан Момышұлы.

Кезінде соғыстың сұрапыл жылдарында асқан ерлік көрсетіп, қалың жауға тайсалмай қарсы шапқан, бірақ көрсеткен ерліктері еленбей немесе батыр атағы берілсе де қайтарылып алынған қазақтың ұл-қыздары аз болмаған. Бұл әрине сол кездегі Кеңестер Одағының саяси солақайлығы және тарихи әділетсіздігі еді. Сондықтан, кезінде бүкіл Кеңес елі мәртебе тұтқан жоғары атаққа ие болып тұрып ие бола алмаған, жан қиярлық қаһармандығы ескерілмеген сол бір қайран батырлардың жасаған ерліктерін оқырман қауымға таныстыруды жөн көрген едік.

Ұшқыш Біләл Қалиев

Солардың бірі 1941 жылы фашизмның ордасы болған Берлинді ойда жоқта бомбының астына алып, Гитлерден бастап оның жақтастарының үрейін алған ұшқыш Біләл Қалиев еді.

Ол 1917 жылы Каспий жағасында дүниеге келген. Сол кездегі Красноводскі қаласында (Қазіргі Түркменстанның Түркменбашы қаласы) орта мектепті бітіріп, кейін алты айлық статисттер курсын аяқтайды. Бір жылдай «Ягман» көмір кенішінде жұмыс істейді. Одан кейінгі жылдары Карши қаласында теміржол стансасының курсында оқиды. 1939 жылы әскер қатарына шақырылады. Черниговте ұшқыштар училищесін бітіргеннен кейін Запорожье қаласында әскери қызмет етеді. Соғысқа сол арадан аттанады.

1941 жылдын тамыз айында Балтық теңізінің Сарема аралынан алысқа ұшатын ДБ-3 бомбылаушы ұшақтары түн жамылып, Кремльдін шұғыл тапсырмасын орындау үшін аяқ астынан Берлинді бетке алады. Балтық флотының 1-ші авияполкінің командирі Е.Н.Преображенскийдің әуе қырандары еш кедергісіз ойламаған жерден Берлин аспанында еркін самғап неміс астанасын аяусыз бомбылайды. Сонымен қатар, 16 тамыз күні бұл сапар қайталанады. Балтық майданы Әскери кеңесінің Берлинге жасалған екінші әуе шабуылы жөніндегі баяндауында мынандай жолдар бар: «16 тамыз. 00 сағат 50 минуттан 02 сағат 40 минутқа дейін Берлинді бомбалау жөніндегі тапсырманы орындау... 4 ұшақтан оның манындағы Штеттин, Нейбранденбург қалаларына 5-ФАБ-250 (Фугас әуе бомбасы), 56-ФАБ-100 және 62-ЗАБ-50, ЗПБ-600 (өртегіш бомбалар) тасталды».

Міне, осы ақпарат Совинформбюроның әуе толқындары арқылы хабарланғанда күн сайын беріліп жатқан қайғылы жағдайлардан еңсесі езілген ел тұрғындары «уһ» деп бір ауыр демалғандай болды. Берлиннің бомбалануы жөніндегі хабар олардың бойында жоғалып бара жатқан сенім ұшқынын қалпына келтіреді.

Осындай жауапты да аса қауіпті тапсырманы орындау барысында асқан ерлік пен кәсіби шеберліктің жоғары үлгісін көрсеткен бір топ ұшқыштарға Кеңес Одағының Батыры атақтары берілді. Солардың бірі – Біләл Қалиев еді. Бірақ, осы ұшқыштар келесі бір тапсырманы орындау кезінде қайтып оралмады. Снаряд тиіп ұшақтардың көпшілігі аспаннан жанып құлағанымен, олар немістердің қолына түсті деп күдіктенген Кремль, олардың түгелінен Кеңес Одағының Батыр атағын қайтарып алады. Сөйтіп, Отан соғысындағы ен алғашқы қазақ ері өзінің батыр атағынан осылай ойда жоқта айырылады.

397 фашистің көзін жойған батыр: Даңқты мерген Төлеуғали Әбдібековтың ерлігі

Жауға дес бермеген мерген Төлеуғали Әбдібеков

Төлеуғали Әбдібеков 1916 жылы Әбдібек Насырханның әулетінде, Семей облысының Жарма ауданында дүниеге келген.

... Төлеуғали 1942 жылдың соңында Панфилов атындағы дивизияның 1077- полкінің Калинин майданындағы қысқы шабуылдары басталғанда ең маңызды алғы шептерде болды. Оның нысананы дәл тигізіп атуы фашистердің зәресін алып, құтын қашырды. Ең таңдаулы деген фашист мергендері оның сонына түсті, алайда Төлеуғали оларды бір-бірлеп құртты. Сол бір қанды соғыс уақытында Кеңестік Қызыл Армияның құрылуына арналған мереке қарсаңында жаудың асқан шебер мергенімен жекпе-жек болды. Бұл кезде Төлеуғалиға суық тиіп, сырқаттанып жүрген. Гитлершіл қасқағым сәтке озып кетті. Бірінші оқ Әбдібековке тиді. Өлімші болып жараланған аға сержант дегенмен фашисттен кегін алып үлгерді. Гитлершіл мерген батыр қазақтың соңғы атқан оғынан сеспей қатты. Бұл атақты мергеннің есебіне енген 395-ші дұшпан болатын.

Өінің әріптестері Кеңес Одағы Батырлары, аты аңызға айналған снайпер В.Зайцев – 255, Ф.Смолячков 125 фашисті жойған. Олар Батыр атағын алды. Жылда, Жеңіс күні – 9 мамырда Мамаев қорғанында Зайцевтің құрметіне салют беріледі. Фашистер кезінде «қара өлім» деп атаған Т.Әбдібеков Кеңес Одағының Батыры атағын үш мәрте алуы керек еді. Майдан шебінде қаза тапқан Төлеуғали ағамыздың ең жоғары Батыр атағын үш рет алмақ түгіл, тым құрыса, бір мәрте де лайықты бағасын алмауы түсініксіз. Сол батыр В.Зайцевтің аталары өз уақытында кулак болған екен. Дегенмен, батыр атағын алды. Соғыс кезінде Кеңес Одағының Батыры И.В.Панфилов атындағы атқыштар дивизиясының 34 жауынгері Кеңес Одағының Батыры атанған. Жеңістің 40 жылдығына арналған «Панфиловшылар» атты кітапта Төлеуғали Әбдібековтің есімі тек кітаптың ең соңындағы хроникасында жай ғана атылып өткен. «Ұлы Отан Соғысы (1941 – 1945жж)» атты 1985 жылы Мәскеуде жарық көрген соғыс энциклопедиясында бұл кісінің есімі мүлдем жоқ. Нағыз қаһарман адамның бұдан былай да еліне елеусіз, белгісіз болып қала беруі қаншалық әділетті?

Төлеуғали орыс жерінде, Калинин облысында жерленген. Тек №2916 нөмерлі снайпер винтовкасы Қазақстан Республикасының емлекеттік мұражайында сақтаулы тұр.

Сулейменов Ибрагим

Құралайды көзге атқан Ыбрайым Сүлейменов

Ыбрайым Сүлейменов 1908 жылы Жамбыл облысының Сарысу ауылында туған. Ол әскерге алынғаннан кейін Мәскеу маңындағы үшінші екпінді армиядағы қазақтың ұлттық 100-ші атқыштар бригадасының құрамында болып, талай сұрапыл соғыстарға қатысты. Атақты мерген атанды.

1943 жылдың ақпанында 100-ші атқыштар бригадасы Невель қаласына беттеді. Маусым айында Калинин майданына қолбасшы болып А.Е.Еременко, ал 3-ші екпінді армияның басшылығына К.Н.Галицкий келді. Ұрыс алдындағы үзіліс кезінде әскери жаттығулар өткізілетін. Сондай жарыстарды Ыбырайым асқан шебер мерген екендігін көрсете білді. Майдан қолбасшысы Еременко оған әбден риза болып, кеудесіне Қызыл жұлдыз орденін қадап, қолына өзінің сағатын тақты. Содан соң қапсыра құшақтап: «Есеп бойынша 239 фашисті жер қаптырғаның рас екен. Әрдайым аман бол, сен – нағыз батырсың», - деді. Ал Галицкий өзінің «1941 – 1945 қаһарлы жылдар шежіресі» деген кітабында Ыбрайымның ерлігін сүйсіне жазады.

Тағы бір құнды дерек армиялық «Фронтовик» газетінің 1943 жылғы 10 наурызда шыққан санында басылған. Мұнда: «Мерген жолдас, Сүлеймен Ыбрайымдай бол!», деген жалпы тақырыппен құралайды көзге атқан мергеннің фашистерді мұрттай ұшырудағы тәжірибесі, айла-әрекеті басқаларға үлгі етіп ұсынылады. Беттің төменгі жағына: «Орденді мерген Ыбрайым Сүлейменов 239 немісті жер жастандырды», деген сөздер үлкен әріптермен жазылып қойылған.

Ыбрайым Сүлейменов 1943 жылы шілде айында Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылды. 3-ші тегеурінді армия әскері кеңесінің бұл ұсынысын Калинин майданының басшылары бір саты төмендетіп, Ленин орденіне түсірді де, Сүлейменовтің жауынгерлік құжаты жоғарыға, Мәскеуге жіберілді. Сол құжат бойынша Сүлейменовке КСРО Жоғарғы Советі Президиумының 1944 жылғы 4 маусымдағы Жарлығы бойынша Ленин ордені берілді.

Ол кезде Ы.Сүлейменов өмірде жоқ еді. 1943 жылы 15 қазанда Невель қаласын фашистерден қорғау жолындағы шайқаста бұрынғы 239 фашистің үстіне тағы 60 шақты жауды жойып, асқан ерлікпен қаза тапқан болатын.

Сонымен, атақты мергеннің қолынан оққа ұшқан неміс солдаты мен офицерінің саны 341 болды. Жалғыз оқты винтовкамен осыншама жауды жою – сол уақыттағы соғыс тарихында тек қана екі қазақта: -  бірі Төлеуғали Әбдібековте (395 дұшпан) және осы Ыбрайым Сүлейменовта ғана болған! Бірақ, екеуіде Батыр атағын ала алмады.

Қазақтың алғашқы офицер қызы

Офицер қыз Алтыншаш Нұрғожинова

Фашизмнің қара түнегі ел басына төнгенде Отанды қорғауға ерлермен бірге, әскери қызметке міндетті болмаса да мыңдаған қыз-келіншектер өз еріктерімен майданға сұранған болатын. Отан соғысында 100 мыңнан астам әйелдер ордермен, медальдармен марапатталды. 91 әйел Кеңес Одағының Батыры атағын алды.

Архивтік мәліметтерге қарағанда Қазақстаннан майданға 5183 қыз-келіншек аттанған. Олар қай майданда болмасын ерлік пен табандылықты, Отанға шексіз берілудің жарқын үлгісін көрсетті.

Қазақ даласының қос сұнқары Әлия мен Мәншүкті бүгіндері кім мақтан етпейді. Осы Отан соғысына қатысқан қазақ әйелдері аз емес. Оларды майданның әр тұсында, әскери құрамалардың әр түрінен кездестіруге болады. Айталық, штурман, гвардия лейтенанты «Халық Қаһарманы» Хиуаз Доспанова, ұшақ механигі Дәмелі Жәкеева, зенитті артиллерия расчетінің командирі Ақлима Ақжолова, танкисттер Жамал Байтасова, Күлкен Тоқбергенова, Гүлжәмила Талқанбаева, пулеметші Жәмилә Бейсенбаева. Сонымен қатар, Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылған, бірақ батыр атағын алалмаған Алтыншаш Нұрғожинованы айтуға болады.

1944 жылы майдандық «Патриот Родины» газетінде «Даланың тірі бір гүлі» деген тақырыппен жарияланған жауынгер ақын Михаил Левченконың өлеңін кездестіруге болады. Кейіннен ол майдан жырларын топтастырғанда бұл өлеңді жинағына еңгізген.

Автор өзінің өлеңінде: «Алтыншаш Нұрғожинованың өзім көзіммен көріп, куәсі болған ересен ерлігінің ізі суымай жатып жазған едім», - дейді.

«Ол кезде мен «Патриот Родины» газетінің қатардағы қызметкері едім. Майданда материал жинап жүріп, бір топ солдаттармен және офицерлермен бірге неміс фашистерінің қоршауында қалып қойдым. Меніңше, бұл Котовице маңында болса керек. Жағдай тым қиын еді. Кенет жауынгерлердің арасынан қаршадай бір қазақ қызы шыға келді де, қорғаныс ұйымдастырып алға ұмтылды. Гранатамен жаудың бір танкісін отқа орады. Орнынан тұрып, «алға» деп ілгері ұмтылғанда, тасадан екінші темір тажал шыға келгені ғой. Әлгі қыз ай-күйге қарамастан соған қарсы ұмтылды. Өзі де оқ тиіп мерт болды. Жолдастарына да жол ашты. Бұл осы батальонның комсоргі Алтыншаш Нұрғожинова екен. Қаза тапқаннан кейін бұрындары көрсеткен талай ерліктерімен қоса осы жолғы батырлығы үшін әскери кеңестің ұсынысымен, Кеңес Одағының Батыры атағына лайық деп құжат толтырылып Мәскеуге жіберілген көрінеді. Бірақ, жоғарғы жақтан қазақтың ержүрек қызына батыр атағы берілмеді», - дейді.

Осы батыр қыздың өмірбаянына келетін болсақ, ол 1924 жылы туған, ұлты қазақ. Әскерге Мәскеу қаласының Сталин аудандық әскери комиссариятынан шақырылған. 1941 жылы Орал әскери округінде алты айлық комсоргтар курсын бітірген, гвардия лейтенанты. Орталық, Воронеж және Украина майдандарында соғысқа белсене қатысқан. Оның денесі Польша жерінде Краковск воеводасының Гутополянск елді мекенінің солтүстік батыс жағындағы бауырластар зиратында жерленген.

Соғыстың алдында Алтыншаш Нұрғожинованың әке-шешесі Мәскеу қаласында қызмет істеген екен. Ал, қызы болса сонда мектеп бітіріп, жоғары білім алған. Жалпы, өмірбаянын тексеріп қарағанда ата-анасы Қазақстанның шығыс өлкесінен, деп жазылған. Нақты қай облыс екені белгісіз.

Қайткенде де, сол бір ержүрек қыз Алтыншаштың көрсеткен ерлігі ересен, батыр атануына  әр түрлі себеппен қол қойылмасада Мәншүк пен Әлия және Хиуаз сияқты ерлігі мәңгі жасамақ.

Бағаланбай қалған батырлар: Балтабек ЖЕТПІСБАЕВ

Ердің ері Балтабек Жетпісбаев

Балтабек Жетпісбаев 1907 жылы Семей облысы, Мұрат ауылында, шаруа отбасында дүниеге келген. Жастайынан тіршілік тауқыметін тартқан ол ерте ширап, алғыр болып өсті. Бала кезінен өмірге сын көзімен қарай білді. Жақсы мен жаманды, тендік пен теңсіздіктің арасын ажыратты.

1922 жылы Мұрат ауылындағы жастар бірігіп, комсомол ұясын құрады да, хатшысы етіп он бес жасар Балтабекті сайлады. Бұл ұяда қырыққа жуық мүше болады.

1926 жылы Балтабек Жетпісбаев Семей губерниялық комсомол конференциясына делегат болып қатысады. Сонан соң комсомолдық жолдамамен қазақтың 418-ұлттық атты әскер полкында әскердің командирі болып, полк командирінің орынбасары қызметін атқарады.

Отан соғысы басталғанда Балтабек Жетпісбаев генерал-майор И.В.Панфилов басқарған 316-атқыштар дивизиясының 1075-атқыштар полкінің комсомол бюросының хатшысы болып, әскери қызмет атқарды. Майданда жүріп, Балтабек Жетпісбаев көптеген ерен ерліктің үлгісін көрсетіп, қаһармандық таныта білді. Көрсеткен батырлығының түгелін тізіп жаза бермий, тек бір ғана ерлігін айта кетейік.

Қырғын шайқастардың бірінде Балтабек басшылық еткен артдивизион фашистердің 60 танкісі, 20 бронитранспортері бар күшіне кенеттен шабуыл жасап, қоршауға алып, жойып жібереді. Бұл соғыс уақытында Кеңес Армиясында осы уақытқа дейін көрсетілмеген ғажайып ерлік екен. Кейін бұл ерлік туралы әскери тілші Вадим Кожевников «Правда» газетінің 1944 жылғы 3 маусымындағы санында көлемді материал жариялайды. Кейіпкеріміздің мұндай шебер ұйымдастырылған теңдессіз ерліктер қаншама.

1967 жылдың 30 қыркүйегінде қазақ халқының белгілі өкілдері Ұлы Отан соғысындағы ерекше ерліктерін ескеріп Балтабек Жетпісбаевқа Совет Одағының Батыры атағын беруді өтініп, Мәскеуге хат жазады. Ол хаттың бір данасы Д.А.Қонаевқа берілді. Онда Бауыржан Момышұлы, генерал И.В.Панфиловтың қызы В.И.Панфилова, Мәлік Ғабдуллин, Хакім Әбдірашитов, Дмитрий Снегин, Ақай Нүсіпбеков, Андрей Кузнецов сияқты панфилов дивизиясының ардагерлері Жетпісбаев ерлігін жазады.

КОКП Саяси Бюро мүшелігіне кандидат, Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Д.А.Қонаев бұл хатты Кеңестер Одағының Маршалы, КСРО Қорғаныс министрі Р.Я.Малиновскийге жолдайды. Одан төмендегідей жауап келеді: «Б.Джетпысбаев награжден многими орденами и этого достаточно. Если товарищ Кунаев не согласен, может обратиться в ЦК КПСС».

Осыдан кейін, Д.А.Қонаев 1968 жылдың 12 науырызында КОКП Орталық Комитетіне Қазақстан КП Орталық Комитетінің бюросының «Панфиловшы – майор Б.Жетпісбаевқа Совет Одағы Батыры атағын беру туралы» деген арнайы қаулысын жолдап, Л.И.Брежневке өтініш хатын да қоса жібереді. Ал КСРО Жоғарғы Кеңесіне жолданған хат оның төрағасы Брежневтің қолына тигенде ол:

-Біз енді ешқашан Ұлы Отан соғысы оқиғасына оралмаймыз. Ол ескірген дүние, - деп жауап қайтарыпты.

Елінің абзал перзенті, Балтабек Жетпісбаевқа «Халық Қаһарманы» деген жоғары атақты беретін уақыт әлде қашан жетті деп ойлаймыз.

Егер айтар болсақ, Ұлы Отан соғысы кезінде 11 695 адам Кеңес Одағының Батыры атағына ие болса, осылардың 497-сі қазақстандық, бұлардың 98-і қазақтар. Сондай-ақ, осылармен қатар Кеңес Одағының Батыры атағына тағы ұсынылған қазақтардың саны 14 екен. Дегенмен, осылардың түгелі Батыр атағын белгілі себептермен ала алмаған.

Бейсенғазы Ұлықбек

Abai.kz

7 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3259
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5572