«Ұлы даланың» «сыңары» нені көздейді?
Саясаттанушы Айдос Сарым бастаған ынталы топтың «Ұлы дала» қозғалысын құрып жатқанынан көзі қарақты жандардың көпшілігі хабардар. Бұл туралы саясаттанушы отандық БАҚ-тарда соңғы бірнеше айдың бедерінде үнемі айтып келеді. Сөзі мен ісі үнемі елді елең еткізіп жүретін Айдос Сарымның мұндай тың бастаманы қолға алуы Қазақстанның саяси кеңістігінде салмағы бар ықпалды ұйымның дүниеге келгелі жатқанын аңғартады.
Саясаттанушы Айдос Сарым бастаған ынталы топтың «Ұлы дала» қозғалысын құрып жатқанынан көзі қарақты жандардың көпшілігі хабардар. Бұл туралы саясаттанушы отандық БАҚ-тарда соңғы бірнеше айдың бедерінде үнемі айтып келеді. Сөзі мен ісі үнемі елді елең еткізіп жүретін Айдос Сарымның мұндай тың бастаманы қолға алуы Қазақстанның саяси кеңістігінде салмағы бар ықпалды ұйымның дүниеге келгелі жатқанын аңғартады.
Бір қызығы, тұңғыш құрылтайы өтпеген, яғни, ресми түрде өмірге келіп үлгермеген «Ұлы далаға» бәсекелес болатын ұйымдар қазірдің өзінде бой көтеріп жатыр. Қызық болғанда, аталмыш қозғалыстардың аты да, заты да Айдос Сарымның «бел баласынан» аумай қалған. Кеше елордадағы Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ сазды драма театрында «Ұлы дала қырандары» атты кезекті бір қозғалыстың құрылтайы өтті.
Кез келген саяси партияның танымалдығын түсіріп, беделін белден басу үшін аты мен заты соған ұқсайтын балама ұйым құру тәсілі - бұған дейін талай мәрте жеміс берген үйреншікті құбылыс. Сәдібек Түгел мен Марат Нәбиев теңтөраға болған «Ұлы дала қырандары» осындай саяси тәсіл емес пе?
Осыған ой жүгіртпек болып Сәдібек Түгел мырзаға хабарласқанымызда:
- Олар «Ұлы дала» десе, біз «Ұлы дала қырандарымыз». Біздің бұл идеяны тынбай айтып келе жатқанымызға он жылға жуықтады. Сол қозғалысты құрудың сәті енді ғана туды. Иә, «Ұлы дала» деген де қозғалыс құрылып жатыр. Мен ол жігіттерге хабарластым, айттым өз сөзімді. Оларды құрметтейміз, істеріне сәттілік тілеймін, басқа айтарым жоқ. Олар қозғалыс құрмақшы, біз құрып қойдық «уже». Мақсатымыз - ұлы дала өркениетін өркендету, жастарды ұлттық рухта тәрбиелеу. «Жапалақ жемін басып жейді, қыран құс шашып жейді» дейді қазақ, біз өзіміздің шапағатымызды айналамызға тигізсек дейміз. Қоғамдағы кейбір келеңсіздіктерге тосқауыл қою үшін құрып отырмыз қозғалысты, - деген жауап алдық.
Айдос Сарымның айтуынша, алдағы сенбі күні «Ұлы даланың» да құрылтайы өтпек. Саясаттанушы қозғалыстың жай-жапсарын содан кейін баяндап беретіндігін жеткізді. Қысқасы, бас-аяғы бірер аптаның ішінде елімізде атаулары егіз қозыдай қос қозғалыс өмірге келетіндігі белгілі болды.
Жоғарыда айтып кеткеніміздей, белгілі бір саяси ұйымның қауқарын азайту үшін атауы һәм іс-әрекеті егіз қозыдай ұқсас екінші бір балама ұйым құру - бұрыннан бар үйреншікті тәсіл. Мұндағы көздеген мақсат - жұртшылықты екеуінің қайсысы шынайы бет-бейнесімен, қайсысы бетпердемен жүргенін ажырата алмайтын әуре-сарсаң күйге түсіру. Кезінде еліміздегі «Азат» қозғалысы, «Ақ жол» партиясы тағы да басқа ұлттық бағыттағы ұйымдар саяси күшке айналып келе жатқан тұста осындай саясаттың құрбанына айналғаны мәлім. Ақыр-соңында аталмыш ұйымдардың артына ерген жұртшылық оларды бір-бірінен ажырата алмай, әрі-сәрі күйге түскен болатын.
Айдос Сарымның «Ұлы даласы» ә дегеннен-ақ осындай саясаттың кезекті нысанасына айналғаны ма? «Ұлы дала қырандарының» шынайы мақсаты қандай? Осы сауалға жауап табу әзірге қиынға соғып отыр. Әрине, уақыт өте келе жұртшылық қайсысы «жасанды дала» екендігінен хабардар болатыны сөзсіз. Әйтсе де, ұлт мүддесіне келгенде көлеңкелердің ілесе жүруі жан ауыртады. «Қыран» болса, көлеңкесін түсірмей-ақ қалықтай бермей ме?
«Нұр Астана» газеті