Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2018 0 пікір 13 Қазан, 2011 сағат 19:39

Жарасбай Сүлейменов: «Біз ұлт ретінде әлі ұйыса алмай жатырмыз»

- Қызылжар - Петропавлға бай­ланысты сіздің бастамаңызды журналистер мылтықсыз майданға теңеді. Осы бастамаға байланысты соңғы жаңалықтар не дейді?

- Қызылжар - Петропавлға бай­ланысты сіздің бастамаңызды журналистер мылтықсыз майданға теңеді. Осы бастамаға байланысты соңғы жаңалықтар не дейді?

- Мемлекетіміз жас болған­дық­тан ба екен, біздің қоғамда әлі де болса түйіні тарқатылмаған мә­се­лелер көп. Халық сеніміне ие бо­лып, Парламент қабырғасында жүр­­геннен кейін, соларды шешуге аз да болса үлес қоссам деген ниет­пен осы мәселені көтерген едім. Бұ­дан бұрын талай рет айтқанымдай, Петропавлға байырғы Қызылжар атауын қайтару жөніндегі сауал аяқ астынан туған ой емес. Петропавлды қазақтар ежелден «Қызылжар» деп атаған. Олай атауға негіз боларлық тарихи деректер де жеткілікті. Ке­зінде Қазақ өкіметі деңгейінде қа­ла­ны осылай атау жөнінде шешім де қабылданған. Ол кезде ортал­ық­тың өкім-зорлығы өршіп тұрған кез еді ғой. Соның салдарынан орынды шешім жүзеге аспай қалады. Содан бері ғасырға жуық уақыт өтті. Заман өзгерді, тәуелсіз ел болдық. Бұл өшкенімізді жандырып, жоғалт­қа­ны­мызды түгендейтін кез емес пе?! Өкінішке қарай, Қызылжардың ба­ғы әлі де байланып тұр. Мен өзімнің депутаттық сауалымда Қызылжар атауын қайтару не үшін керек екені жөнінде егжей-тегжейлі айтқан болатынмын. Қазір соның бәрін қайталап жатпай-ақ қояйын.
Депутаттық сауал қоғамда қызу пікірталас туғызды. Елдің тарихын құрметтейтіндер, болашағын ой­лай­­тындар, ұлт мүддесін бәрінен жо­ғары қоятындар бастаманы қызу қолдады. Мұндай сөздерден шоши­тындар да табылды. Ақыры не ке­рек, еліміздің ақпарат кеңістігі «мыл­­тықсыз майданға» айналды. Десек те, бас жарылып, көз шыққан жоқ. Қызылжар төңірегіндегі ай­тыс-тартыс басқа да біраз жайларға көз жеткізді. Соның бәрін ой еле­гі­нен өткізіп, «Мылтықсыз майдан немесе Қызылжар үшін қиын кү­рес» деген кітап жаздым. Сонда бі­раз жайлардың беті ашылады.
- Үкімет ауылынан көңілге үміт ұялатарлықтай жылы хабарлар бар ма?
- Өкінішке қарай, бір жылдан ас­там уақыт өтсе де, мәселе орны­нан қозғалған жоқ, сол құлағы қыл­тиған қалпында әлі тұр.
- Демек, мылтықсыз майданда «Қызылжар» ауылы жеңіліп қалған­дай ма, қалай өзі?
- Мен өзімнің туып өскен же­рі­ме жиі барып тұрамын. Жазғы де­малысымды да сол жақта өткіздім. Халық өткен жылдың аяғындағы Қызылжар атауына байланысты ай­тыс-тартысты ұмытқан жоқ. Еш­қандай күмәнсіз «сол мәселе қашан шешіледі?»деп сұрайды. Соған қа­ра­ғанда, Қызылжар атауын жақтау­шылар жеңіліс тапты дей алмаймын. Түптің түбінде биліктің де, бүгін соған қарсы болып отырғандардың да жергілікті халықтың талабымен санасатынына, сөйтіп, теріскейдегі көне қаланың қайтадан «Қызыл­жар» деп аталатынына сенемін. Қа­зақ аман тұрғанда, бұл мәселе күн тәртібінен түспейді.
- Сіз «мемлекеттік тіл ардың ісі» дедіңіз. Сіздің пікіріңізді естіп оты­рып маған жазушы Төлен Әб­дік­овтың «Оң қол» әңгімесінің оқи­ғасы оралды. Егер оқымаған болсаңыз ес­ке түсірейін. Бойжеткен аруды ыр­қы­на бағынбаған оң қолы түн ішінде ұрымтал сәтті пайда­ла­нып, буынды­рып өлтіреді. Тіл мә­се­лесіне қатысты бізге де еркімізге бағынбай жүрген «оң қолдар» ке­дергі келтіріп жүрген жоқ па? Қалай ойлайсыз?
- Бала кезімнен бойыма сіңген әдетім, бос уақытымда кітап оқи­мын. Биыл жағдайдың өзі соған итер­меледі ме, жаз бойы кітап оқы­дым. Бала кезімде оқыған Мұхтар Әуезовтің «Абай жолын», Сәбит Мұқановтың «Өмір мектептерін» соңғы жылдары жиі қолға алатын болдым. Сол сияқты, Рақымжан Отар­баевтың, Әкім Таразидың, Әб­іш Кекілбаевтың, Дүкенбай Дос­жан­ның, Мырзабек Дүйсеновтың, Роза Мұқанованың, Ғарифолла Есім­нің, Бүркіт Аяғанның, басқа да көптеген қаламгерлердің еңбектері­мен таныстым.
- «Абай жолын» не үшін оқиты­ны­ңыз түсінікті. Ал «Өмір мектебін» қайталап оқуыңызға не себеп болды? Одан не іздейсіз?
- Мені Қызылжар өңірінің та­ри­хы қатты қызықтырады.Осы өңір­ден шыққан тарихи тұлғалар жайлы еңбектер жазып жүрмін. Еге­мендік алғанға дейін бір жақты көзқараста болдық қой. Сәбеңнің еңбектерінде тарихтың ізі сайрап жатыр.
- Сонымен, кітапты көп оқимын дейсіз ғой...
- Иә, бірақ оны мақтаныш үшін айтып отырған жоқпын. Бұл арада айтайын дегенім, қазіргі жас буын кітап оқуды мүлдем ұмытып барады. Өз басым мұны адамның сана-сезіміне, өсіп жетілуіне, қа­лып­тасуына кері әсер ететін үлкен кемшілік деп білемін. Біз қоғам болып осы мәселені қолға алуымыз керек. Балаларымыз, немерелеріміз кітап оқымаса, Абайды, Мағжанды, Шоқанды, Смағұлды танымаса, тіліміздің де, еліміздің де көсегесі көгермейді. Ал Төлен ағамыздың «Оң қол» әңгімесіне келетін болсақ, жазушының айтайын дегені тереңде жатқан сияқты. Әйтеуір, мен өзім солай түсіндім. Шынында да бүгінгі таңда тек тіл төңірегінде де ғана емес, ұлттық мүдде таразы басына тартылатын кез келген мәселеде «қырық кісі бір жақ, қыңыр кісі бір жақтың» кебін киіп, біздің еркімізге бағынбай жатқан «оң қолдар» бар. Олар өздерінің ішкі қыжылдарына ғана бағынады, баяғы күнін аң­сай­ды. Содан да ел иесі, жер иесі - қа­зақтың үнін шығармауға, тілін тұншықтыруға құмар, байбалам салып шыға келеді. Мемлекеттік тіліміздің аса зор қоғамдық және саяси маңызын төмендетуге жан салады, тіпті болмаса қоқан-лоқы жасайды, Ата заңымызға қарсы шы­ғады. Біздің Конституциямызда «Мемлекеттік ұйымдарда және жер­­­­­гілікті өзін-өзі басқару орган­да­рында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» делінген. Ал қазіргі жағдай керісінше болып отыр ғой. Қазақ тілін төрге оздыру, тұғырына қондыру үшін әлі қыруар жұмыстар атқаруға тура келеді. Қа­зақ тіліне қамқорлықты күшейтейік дегенде, біз басқа тілдерді кем­сі­тейік деп отырған жоқпыз ғой. Тіл - халқымыздың сарқылмас қазына­сы, ең үлкен игілігі. Жиырма жылда осыны түсіне алмай, Елбасымыз­дың: «Өзіміз ана тілімізде сөй­ле­мейінше, өзге ешкім де бұл тілді шындап құрметтей қоймайтынын түсінуге тиіспіз» деген сөздеріне құлақ аспай келе жатқанымыз да өзекті өртейді.
- Тілге қатысты мәселе мемле­кет­­тік деңгейде көтерілсе, «ақ­па­раттық соғыстың» қарқыны күшей­еді. Мемлекеттік тілге қатысты жұрт назарына ұсынылмаған, Парламент қоржынына түсіп үлгірмеген жоба­ның жұртқа тарап кетуіне кім мүдделі болды?
- Жоғарыда айтқанымдай, мен халық арасында жиі болып тұра­мын. Түрлі аудиторияларда көпте­ген ұлттардың өкілдерімен кездесу­ге тура келеді. Осы күнге дейін «қо­лайсыз бір сұрақ қояды-ау?» деп жұрттың алдына шығудан жүрек­сінген сәтім болған жоқ. Кез келген адаммен кез келген мәселені тал­қы­лауға әзірмін. Міне,осындай кез­десулердің барысында Қызыл­жар атауына, тілге байланысты мә­селелер де көтеріледі. Жалпы ал­ған­да, халық жағдайды түсінеді. Ал енді шуылдап жатқандарға кел­сек, олардың қарасы көп емес.
- Бұл әрекетті сіз қалай деп ба­ға­лайсыз?
- Парламентке түспеген жоба­ның тарап кетуін кездейсоқтық дей алмаймын. Бұл арада бір жымысқы әрекет болған сияқты. Әлі иіні қан­баған, талқыға түспеген жобаның төңірегінде шу көтеру - бұл заң қабылдайтын адамдарға ашықтан-ашық қысым жасау, «сасқан үйрек артымен жүзедінің» кері. Басқа не дейміз?
- Сіз жыл басында «Тәуелсіздік мерекесі Жаңа жыл мерекесінің та­сасында қалып кетпесін» дедіңіз? Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығына ар­налған мемлекеттік деңгейдегі шара­лар ойыңыздан шыға ма?
- Тәуелсіздік - біздің баға жет­пес байлығымыз. Ол кейбіреулер ойлап жүргендей, өзінен-өзі келе қалған жоқ, жан алысып, жан бе­ріс­кен күреспен, ата-бабалары­мыздың қанымен келді. Сондықтан әрдайым оның шоқтығы биік болуы керек, басқа мерекелердің тасасын­да қалуға тиіс емес. Әрине, осындай ұлы мерекенің қарсаңында ел көле­мінде атқарылып жатқан шаралар баршылық. Оларды көзі барлар көруге, санасы барлар сезуге тиіс.
Дегенмен осындай айтулы ке­зең­де ұлт мүддесін қозғайтын мә­се­лелер де шешіліп қалса, көп нәр­се­ден ұтар едік қой деген ой кө­­­­­кейім­нен кетпейді. Мысалы, үс­тіміздегі жылы Мемлекеттік тіл туралы, Ономастика туралы заңдар қабылдасақ, жер-су атауларын тәр­тіпке келтірсек, мерекелік шаралар­дың шырайы да, мазмұны мен сал­мағы да өзгеше болар еді ғой.
- Сіз «Мемлекет дін мәселесіне араласуы керек» дедіңіз. Құптарлық. Себебі Ресейдің мемлекеттік деңгей­де өтіп жатқан іс-шараларында Бү­кіл Ресей Патриархы Кирилл жүреді. Тіпті, ғарышқа ұшқан ғарышкерлеріне сәттілік тілеп, Премьер Путиннің қа­сында жүргенін көзіміз көрді. Қа­нымызға сіңген, тәңір дінінің де, ша­ман дінінің де іздері бар ата дінімізді ұлықтап, мәртебесін асқақтатын кез келген жоқ па?
- «Мемлекет дін мәселесіне ара­ласуы керек» деп айтқаным рас. Мемлекет діннен бөлек деп бұл саладағы істің жайын бақылаусыз қалдыруға болмайды. Оның неге әкеліп соқтыратынын бүгін көріп отырмыз. Нақ осы күндері Парла­мент қабырғасында болған талқы­лаулар да біраз жайға көз жеткізді. Меніңше, қазір дінге ден қойған­дар­дың арасында білімсіздер көп. Дін дегенде біз ең алдымен иман­дылықты, адами қасиеттерді, адал­дықты ойлауымыз керек. Дін - ерік­кеннің ермегі емес, тұтас ғы­лым! Осы тұрғыдан алғанда, мем­­­лекет пен діннің мақсаттарының түйісетін тұстары аз емес.
Жақында мен аймақта болып қайттым. Сол сапарымда Қызыл­жар­дағы орталық мешітке де, ауыл­дардағы мешіттерге де соқтым, имам­дармен әңгімелестім. Өкініш­ке қарай, заман талабына сай сер­пілісті байқай алмадым. Баяғы дәстүрлі діни жоралғыларды орын­дау, садақа жинау... Бір сөзбен айт­қанда, қазіргі мешіттердегі жағдай баяғы кеңес заманындағы тоқырау­ды көзге елестетеді.
- Сіз мектеп жасындағы бала­лар­­дың дінге тартылуына қалай қа­райсыз?
- Қазір біздің қоғамымызда осындай бір құбылыстың да орын алып отырғаны шындық. Менің ойым­ша, балалар ең алдымен білім, мамандық алулары, оңы мен солын танып, азамат ретінде қалып­тасу­ла­ры, содан кейін өздері таңдау жасаулары керек. Қазір оларды бесіктен белі шықпай жатып адас­тыру­дың қажеті жоқ. Соқыр сезім­нің жетегінде дінге бетбұрыс жасау - ол дінді қолдау емес, қорлау бо­лып шығады.
- Тәуелсіздіктің 20 жылдығы Қазақ ұлтының болмысына қалай әсер етті?
- Жоғарыда айтқанымдай, Тәу­ел­сіздігіміздің 20 жылдығы ел өміріндегі айтулы оқиға, маңызды кезең. Осы уақыт ішінде біз үлкен жолдан өтіп, бүкіл әлемге таныл­дық. Оны бәріміз де мақтаныш етеміз. Әрине, қол жеткенді баянды ете отырып, жаңа биіктерге көтерілу үшін біз ең алдымен мемлекет құ­рушы ұлттың толағай тұлғасын қа­лыптастыруымыз керек. Қазір ұлы даланың төсін мекендеп жатқан­дардың барлығы мемлекет құраушы ұлтқа, яғни қазақтарға қарап ой түзеуге, бой түзеуге тиіс. Мұның үлкен жауапкершілігі бар. Осыны түсінсек қане?
- Өзіміз үлгі тұтатын көрші елдің мемлекет құрушы ұлты тәрізді қа­лыптасқан, іргелі ұлтқа айналуына бетбұрыстар бар ма? Әлде, біз әлі күнге дейін өзіміздің келбетімізді із­деп жүрміз бе?
- Шынына келсек, біз ұлт ре­тін­де әлі ұйыса алмай жатырмыз. Жүзге, руға бөлінуіміз былай тұр­сын, енді тіл мен дінге де көзқара­сымыз үйлеспей, шақшадай басы­мыз шарадай болып отырған жай­ы­мыз бар. Осының бір себебі, шынайы құндылықтарымызды анық­тай алмай жатқанымызда ма деп ойлаймын.
- «Қазақ кім?» деген сұраққа сіз не деп жауап берер едіңіз? Сұх­баты­мыздың нүктесін Қазыбек бидің сары­нымен түйіндесек...
- Сан ғасырлық тарихында мың өліп, мың тірілген қазақ ата-бабалары аңсаған азаттыққа да қол жеткізді. Ендігі міндет - оның баян­дылығын қамтамасыз ету. Осы орайдағы міндеттерімізді Елбасы­мыз Н.Назарбаев «Қазақстан жо­лы» деген еңбегінде былайша түй­ін­деген еді: «Еліміздің болашақ көшбасшылары - бүгінгі студенттер мен мектеп оқушылары Қазақ­станның іргетасына қаланған әрбір кірпішін білуге тиіс» Туған еліміздің серпінді дамуына, рухани баюына қызмет ететін осындай құндылық­тарымыздың қатарына «Алаш» қоз­ғалысын жатқызсақ, ешкім қарсы бола қоймас деп ойлаймын. Алайда қозғалыстың өмірге келгеніне, қа­зақ халқының ұлт-азаттық қозға­лысының дем берушісі - «Алаш» партиясының ресми түрде қалып­тасқанына 90 жыл толған күн бірен-саран шаралар болмаса, елімізде кең көлемде аталып өткен жоқ.
Біле білсек, біздің Тәуелсіздігіміз өз бастауын «Алаш» қозғалысынан алады. Халықтың қараңғылыққа қамалып отырғанын көріп, соған күйініп, оны өнер-білімге шақыр­ған, мәдениеті мен тілін қайта тү­летуді алдына айқын мақсат етіп қойған, отаршылдыққа қарсы кү­рес­кен, бірлігі мықты дербес ел болу идеясын ұсынған Алаш қай­рат­кер­лері емес пе еді?! Олай болса, осы бір сәтті пайдаланып, Отанын, ту­ған халқын шын сүйген, сол үшін жанын пида еткен Әлихан Бөкейха­нов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев, Сма­ғұл Сәдуақасов сияқты арыстары­мызды тағы бір «тірілтсек», олардың рухына тағзым етсек, бүгінгі ұрпақ­ты «Алаш» қайнарынан сусындатсақ артық болатын ба еді?
«Ауруын жасырған өледі» дейді, мүлт кетіп жатқан тұстарымыз да аз емес. Кезегін күтіп тұрған шаруалар бастан асып жатыр. «Құр қазақпын» деп кеуде қаққаннан ештеңе шық­пайды. Еліміз гүлденсін, ұлтымыз­дың бағы жансын десек, біз бәсе­кеге қабілетті болу жағын көп ой­­лауымыз керек. Қоғамның әрбір мүшесі жасалып отырған мүмкіндік­терді тиімді пайдаланып, алдымен өз жағдайын жақсартуы, қоғам үшін пайдалы іс тындыруы қажет.
- Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан
Гүлбаршын АЙТЖАНБАЙ

«Айқын» газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1486
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3256
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5517