Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жазылған жайдың жалғасы... 5285 15 пікір 21 Сәуір, 2020 сағат 17:56

Мәдениетімізге халық емес, «Композитор» жала жауып отыр

Қазақстан мен Қытай бірлесіп түсірген «Композитор» фильмі көпшіліктің көңілінен шықпаған секілді. Әлеуметтік желіде бұл фильмді сынаушылар көп. «Қытай «Композиторының» көздегені не?» атты мақаламызда біз де кинодағы келеңсіздіктер жайлы өз ойымызды айттық.

Фильмді екі ел теңдей қаржы шығарып түсіргенімен, қытайдың пайдасына көп жұмыс жасалғаны байқалады. Екі композитор - қытайлық Сянь Синхай мен қазақстандық Бақытжан Байқадамовтың достығы суреттеледі делінгенімен, фильмде тек қытай музкантын ғана көрдік. Ал Байқадамов бейнесі мүлде тасада қалған. Байқадамовқа қарағанда, оның қарындасы Дәнеш пен Сянь Синхай басты назарға алынғандай.

«Композиторға» Қытай басшысы Си Цзиньпин мен Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаев қолдау білдірген. Көпшіліктің фильмнен саяси астар іздеуіне осы жағдай себеп болса керек. Қарапайым өнер туындысы болса, халық та мұншалық дүрлікпес еді. Билік араласқан дүниені таза өнер туындысы ретінде бағалау қиын-ақ. Фильмді сынаушылардың бәрі осыны түсініп отыр.

Бірақ фильмнің тең режиссері Сәбит Құрманбеков мырзаның көзқарасы мүлде басқа секілді. Facebook желісіндегі жеке парақшасында «Композиторды» сынаушыларды жерден алып, жерге салып жамандап отыр екен. Ол кісінің ойынша, фильмге сын айтушылар «шовинистік - жалған патриоттық пиғылдағылар», «мәдениетімізге жала жабушылар», «қазақ кино өнеріне шабуыл жасаушылар»...

Сәбит мырзаның жанайқайын түсінуге болатын шығар. Өзінің қолтаңбасы қалған дүниені сынау кімге ұнасын. Бірақ фильмді сынаушылар, режиссердің кәсібилігіне, фильмнің сапасына сын айтып жатқан жоқ. Қазақ тарихы мен мәдениетіне жасалған озбырлыққа ренжіді. Қаңғып жүрген қытай композиторы жылдап жесір әйелдің үйінде жатып алса, ұлт болашағы болған жеткіншектерге қытай тілін үйретіп жүрсе кім ашуланбайды?...

Ұлттық болмысымыз бен салтымызға жасалған қиянатқа қарсы тұруға әркімнің қақысы бар. Ал оларды «жалған патриоттар», «мәдениетімізге жала жабушылар» деп кінәлаудың не жөні бар? Сәбит мырза қорғап отырған «мәдениетіміз» қайсы сонда? Қазақта «жаман үйді қонағы билейді» деген сөз бар. Жақсы қонақ ешқашан үй иесіне өз тілін үйретпейді, жесір әйелдің үйіне қонбайды. Фильмде қазақ мәдениетін көрсеттік деп отырған Сәбит мырзаның есіне, осыдан біраз жыл бұрын әлдебір қытай жазушысының «қазақтар қонағының қойнына қызын салып береді», деген арамза мақаласын саламыз...

Біздің білуімізше, қазақ мәдениеті мен тарихына «Композиторды» сынаушылар емес, сол «Композитордың» өзі жала жауып отыр.

Қазір ел арасында Қытайдың жымысқы саясаты жайлы әңгіме көп. Олардың Қазақстанда көбейіп келе жатқаны айтылады. Тіпті Қазақстанға келген соң жергілікті қыз-қырқынды жағалайтыны жайлы да сөз бар. Бұл тіпті парламент сенатында көтерілген мәселе. Осындай кезде Қытаймен бірлесіп фильм түсіріп, онда керіскедей қытайды жесір қазақ әйелінің үйінде жылдап тұрғызу қандай «киелі өнер»?

Сәбит Құрманбеков мырза жазбасында, «ұлттық тарихымызды қаралап, күйе жағу кімге керек», деп жазады. «Композиторды» сынаушылар қандай тарихқа күйе жақты екен?

Ашық дереккөздерде жазылуынша, Сянь Синхай Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде (1941 жыл) тағдыр айдап Алматыға келіп, Қазақстанда 1944 жылға дейін тұрған көрінеді. Осы аралықта оған Бақытжан Байқадамов қамқорлық танытыпты. Бірақ Байқадамов оны екі-үш жыл үйіне тұрғызып, бағып-қаққаны жайлы ешқандай нақты ақпарат жоқ. Тіпті Сянь Синхайдың өмірі жайлы Қытай деректерінде оның Алматыға келгені айтылғанымен, Байқадамовтың аты аталмайды да.

Болмаған тарихты (қытайды үйіне тұрғызу), болса да екінің бірі білмейтін, ұмытыла бастаған деректі қытайлар қазып алып шығып, қазақты арқаға қағып фильм түсірді. Бұл «тарихтың» өтірік екенін айтып, күмән білдірген қазақтың бәрі «ұлттық тарихымызды қаралап отыр» деу қисынға келе ме екен?

Сонымен қатар, Сәбит мырза жөнсіз жерге әнші Димашты қыстыра кетеді. Димаштың қытайда ән айтып жүргені мен «Композитордың» үш қайнаса сорпасы қосылмайды.

Тағы бір айта кетерлігі, Сәбит Құрманбеков тең режиссер деп көрсетілгенімен, негізгі шешім қытайлық режиссердің қолында болған секілді. Мұны Құрманбековтің «Егемен Қазақстанға» берген сұхбатынан аңғаруға болады. Оның айтуынша, қытайлық режис­сер біздің актерлерден Қытай киносына тән әсіре эмоциямен ойнауды талап еткен, әрі дегенін істеткен. Оның үстіне, киноға түсетін актерлерді, тіпті қазақстандық актерлерді де қытайлық режиссер таңдап алған. Сондай-ақ музыка, компьютерлік өңдеу, графикасымен толықтай қытайлар айналысқан. Сол үшін де қытайлар фильмді өз идеясымен түсіріп, не көрсеткісі келсе соны көрсеткен секілді.

Сөз басында айтқанымыздай, халықтың сыны тең режиссер Сәбит Құрманбековке емес, билікке бағытталған. Ұлттық идеологиядан жұрдай, қазаққа біресе орысты, біресе қытайды тықпалайтын шенділерді сынады. Биліктің кемшілігін айтудан жасқанбайдан режиссердің, дәл осы жерде билікке бағытталған сын садағына өз кеудесін тосқанын түсіне алмадық...

Сәбит Құрманбеков мырзаның екі постының толық нұсқасы: 

Художник-постановщик Сабит Курманбеков - ЕЛ АРНА - документальные ...

- Желіде жаман үрдіс пайда болды, бұл шовинистік - жалған патриоттық пиғылдағы МӘДЕНИЕТІМІЗГЕ жала жабу және ҚАЗАҚФИЛЬМ киностудиясы мен ҚАЗАҚ КИНО ӨНЕРІНЕ жасалған шабуыл деп санаймын! Бұл ауру асқынып кетсе тарихымызға да, мәдениетімізге де жасалатын қиянат болары сөзсіз. Дамбалдарымен дабыл қағып, шаптарын сабалап, тырнақ астынан кір іздеу, жоқ жерден жала жабу, ойбайлап тарихымыз бен мәдениетімізді саясатқа тықпалау - қайда апарар екен? Бүйтіп бүйректен - сирақ шығарып, ұлттық тарихымыздың бәрін қаралап, күйе жаққаннан кімге не пайда? Жан-жағымыздың бәрін жауға айналдырып бәрін араб құл, қытайқұл мен орысқұл қылып отырсақ шекеміз қызбас! Аспаннан түскендей болмайық ағайын, тарихымыз бүгінен басталып жатқан жоқ, ғасырлар бойы қалыптасқан тарихымыз бар, ұлтымыздың тағдырын біреу жазып берген жоқ, оны қайта жаза алмаймыз! Ашу мен соқыр ыза, көк бет кекшілдік пен жалған аттандау жақсылыққа апармайды. Өзімізді өзіміз сандыққа салып тығып тас тастап, бүркеніп алып өз осырығымызды өзіміз тұншығып иіскегеннен басымыз айналып жүрмесін. "Көршіні Құдай береді" деген бабаларымыз, сондықтан айтарым: Саясат өзгерер, билік ауысар ал Халық пен Ұлт қалады, сондықтан өркениетті ел боламыз десек, мәдениеттіміз бен өнерімізді жөнсіз жала жауып қараламайық.

- Бізде "тобырлық психоздық - паранойясы" басталғанға ұқсайды, жан - жақтан жау іздеу науқаны басталған секілді. "БІЗШЕ ОЙЛАМАСАҢ - СЕН ЖАУСЫҢ, СЕН САТҚЫНСЫҢ!" деген ұран мәдениетке де, өнерге де айтыла басталды! Елді жаман мен жақсыға бөлу, саясатты өнерге "майша жағу" өте қауыпты жағдай апаратыны сөзсіз. Қытай билігінің жексұрын саясаты біздің де жанымызға батады, бірақ билік пен саясатты, ұлт пен мәдениетті бір дорбаға салу меніңше дұрыс емес. Өйткені әлемде, қанды-қол саясаттан жапа шеккен халықтар аз емес, Үнді халқы Ағылшындарды өмір бойы көрмей өту керек еді, Вьетнам халқы Американы ата жауы болып қала беру керек еді, Еврей ұлты Немістермен бір көше тұрмақ - бір мемлекетте тұрмас еді, айта берсе мысал көп, ал сол жапа шегіп, қиянат көрген мемлекеттер өздерінің радикалды шовинистерін ғана тыңдап, тек солардың айтқанымен саясаттарын жүргізсе сол елдердің бір-де біреуі дамымас еді, тіпті әлемдік өркениетті ел деп саналмас та еді. Әр ұлттың өз басынан өткен қасіреті бар, сол қасіреттердің көбісі саясаткерлердің мойнында, бірақ, қанішер Гитлер неміс болғаны үшін Неміс ұлты жаман деп айтып көріңіз, Сталин оңбаған сондықтан Грузин халқы да жексұрын деп айтуға аузымыз бармайды. Саясат өзгереді, билік ауысады, ел басшылары кетеді - ал Халық пен мәдениет қалады, бұл адамзаттық қағида! Қытайдан жақсылық көрді, Қытай, атағын әлемге шығарды деп Димашты сотқа бермейтініміз сөзсіз! Өркениетті ел боламыз десек өз арамыздан жау іздемейік ағайын.

Қуаныш Қаппас

Abai.kz

15 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1494
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3265
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5602