Данагүл МАХАТ. Баспасөз және сталиннің жеке басына табыну
Қоғамда әміршілдік-әкімшілдік жүйе идеологиясы өз жемісін бере бастаған 1929 жылды И.Сталин “ұлы бетбұрыс” жылы деп атады. Партиялық мерзімді басылымдар коммунистік саясат пен идеологияны насихаттаумен қатар, партия көсемін мақтап-мадақтаудың ерекше үлгісін көрсетті. И. Сталиннің 50 жасқа толуына орай жарияланған мақа¬лалардың негізгі мазмұны партия көсе¬мінің марксизм-ленинизм теория¬сын дамытудағы ерекше рөлін, социа¬лизмді іс жүзінде орнатудағы шексіз үлесін дә¬ріптеді. “Правда” газетінде Л.М. Кага¬нович, К.Е. Ворошилов, А.И. Ми¬коян және басқалардың көсемді мақтап-ма¬дақтаған мақалалары жария¬ланды. 1929 жылғы желтоқсан айында жарық көрген қазақстандық мерзімді басылымдардың да осы науқанға ілесе кеткені айтпаса да түсінікті.
Мерейтой тарқағаннан кейін де бұл үрдіс үдемесе толастаған жоқ. “Ұлы данышпан” Сталинді қазақ халқы ғана емес, бүкіл кеңес жұрты жырға қосты. Орталық басылымның жолынан ауытқы¬майын дегендей, басқа ұлт тілдерінде шығатын мерзімді басылымдар “Правда” газетінің “Сталин жолымен” деген тақырыпта көсемге арналған өлеңдер топтамасын аударып басты. Кеңес Одағы Коммунистік партиясы съездері мен конференцияларына қатысушы делегат¬тар Сталинді “Сталин жолдасқа – ура!”, “Сталин жолдас жасасын!”, “Ұлы Ста¬лин¬нің даңқы арта берсін!”, “Дүние жүзі еңбекшілерінің ұлы көсемі – Сталин жолдас жасасын!” деген тәрізді ұрандар¬мен қарсы алып, шығарып салуды дәс¬түрге айналдырды. Осындай асыра мақтап-мадақтаулар мен көтермелеулер мерзімді басылымдар арқылы да халыққа тарап жатты. И.Сталин өзінің 50 жасқа толуына байланысты құттықтаулар жіберген барлық ұйымдарға жолдаған хатында (“Правда”, 22 желтоқсан, 1929 жыл №302): “Жұмысшы табының ісіне, пролетарлық революцияның және дүние¬жүзілік коммунизмнің ісіне барлық күшімді, барлық қабілетімді, ал қажет болса, бір тамшысын қалдырмай барлық қанымды беруге бұдан былай да әзірмін, бұған күмәнданбауларыңызға болады”, – деп жазды.
БК(б)П Орталық Комитеті, БК(б)П Қазақ Өлкелік Комитеті Баспасөз саяси бөлімдерінің нұсқауымен партиялық басылымдарда Сталиннің және комму¬нистік партияның басқа да көсемдерінің сөйлеген сөздері, комсомолдың, пионер¬дің туған күндері мен Қазан төңкерісі жеңіске жеткен күн және тағы басқа да большевиктік мерекелер маңызы ерекше насихатталды. Республикалық “Советская степь” газетінің 1931 жыл¬дың 2 тамызында жарияланған баспасөзге шолуында: “Көсемнің нұсқауларын қалың еңбекші бұқара игілігіне айнал¬дыру керек. Бұл нұсқауларды бұқараға жеткізумен шектелмеу керек, жұмысты Сталин нұсқауына бейімдеп қайта құрып, көсемнің айтқандарының тұтастай орындалуын қамтамасыз ету керек. “Жаңаша жұмыс істеп – жаңаша басқару керек”. ... Әрбір газет Сталин жолдастың сөйлеген сөзін уақытын¬да әрі толықтай басып отыруы керек. Әр газет Сталиннің сөйлеген сөзіне үн қосушылардың пікірін ұйымдастырып беріп отыруы керек”, – деп облыстық және аудандық газеттер міндеттерін де атап көрсетті. Саяси сауат ашу мектептерінің көптеп ашылуына қарамастан, партия мүше¬лерінің көбінің 20-жылдары саяси сауаттылық деңгейі төмен болатын. Алайда, Сталиннің діни семинарияда алған білімі арқасында өз идеяларын қысқа, есте сақтауға жеңіл, қанатты сөздермен, анық әрі тікелей түсінік беретін тұжырымдармен жеткізуі, айтатын негізгі ой-тұжырымдарын бөліп, сандармен белгілеп қою әдісі оның сөйлеген сөздері мен нұсқауларын қара¬пайым халықтың қабылдауына жеңілдік туғызды. Сталиннің мұндай баяндау тәсілі сталиндік тұжырымдар мен тео¬рияларды орташа теориялық дайындық¬пен-ақ қабылдауға мүмкіндік жасады. Ау¬ызша және жазбаша насихат құрал¬да¬ры Коммунистік партияның және оның көсемінің мемлекеттік саяси билікке құқықты екендігін кеңінен насихаттады.
Әміршілдік-әкімшілдік жүйе идеоло¬гиясын толық орнықтырудағы нақты қадамдардың бірі болған И.Сталиннің “Пролетарская революция” журналының 1931 жылғы №6 санында жарияланған “О некоторых вопросах истории боль¬шевизма” деген хаты мерзімді басылым¬дар ғана емес, радиогазеттер арқылы да кеңінен насихатталды. Радиогазеттер жұ¬мысын нығайту мақсатында “Казахстан¬ская правда” по радио” редакторлығына Бушаев, редактор орынбасар¬лығына Ос¬танин, “Социалды Қазақстан” радио ар¬қылы” редакторлығына Мүсірепов, ре¬дак¬тордың орынбасарлығына Хангелдин бекітілді.
И.Сталиннің бастамасымен БК(б)П Орталық Комитетінің 1935 жылғы ақпан пленумына КСРО-ның 1924 жылғы Конституциясын өзгерту мәселесі қой¬ылды. 7-сайланған КСРО Орталық Ат¬қару Комитетінің бірінші сессиясы 1935 жылғы 7 ақпанда Конституцияның жаңа мәтінін жасап, КСРО Орталық Атқару Комитетінің бекітуіне тапсыру үшін И.В.Сталинді төраға етіп Конституция ко¬мис¬сиясын құрды. 1936 жылғы 11 мау¬сымда КСРО Орталық Атқару Комите¬тінің Президиумы жаңа Конституция жобасы туралы Сталиннің баяндамасын тыңдады. И.Сталин “ССР Одағы Конс¬ти¬туциясының жобасы туралы” баянда¬масында: “Бұл дәуірдің ішінде қоғамы¬мыздың құрылысында да терең өзгерістер болды. Өнеркәсіп саласында кап謬талис¬тер табы жоғалды. Ауыл шаруашылығы саласында кулактар табы жоғалды. Товар обороты саласында купецтер мен сп¬ек¬улянттар жоғалды. ... біздің елімізде жұмысшы табы, шаруалар табы, интел¬л謬генция қалды. Совет өкіметі орнаған¬нан бергі жылдар ішінде бұл әлеуметтік топтардың өздері де орасан өзгерді”, — деді. Конституция комиссиясы тапсырған жоба мақұлданып, КСРО Консти¬туция¬сының жобасын қарау үшін Кеңестердің Бүкілодақтық съезі шақырылсын деген қаулы алынды. 1936 жылғы 12 маусымда КСРО Кон¬ституциясының жобасы баспасөз бетінде тал¬қылауға ұсынылды. Конституцияны “талқылау” деген аты болмаса, “Жеңген социализмнің сталин¬дік конституциясы” (“Правда”, 12 июнь 1936 ж.), “Кадрға ерекше көңіл бөліп, тәрбиелеп отыру керек” (“Социалды Қа¬зақстан”, 30 наурыз 1936 ж.), “Сталиндік Конституция және большевиктік бас¬па¬сөздің міндеттері” (“Социалды Қазақ¬стан”. 15 желтоқсан, 1936 ж.) және бас¬қа да мақалаларда “Мемлекет жұмы¬сындағы, кадр мәселесіндегі сталиндік стил” үшін күрес, үгіт-насихат жалғасын тапты. Сталиннің “Біздің партиямыз қамал – оның есіктері тек лайықты кі¬сілер үшін ғана ашық болады” деген сөзі саяси ұран әрі іске басшылық болып саналды. Сталиндік Конституция жо¬басына сын пікір болған жоқ. 1936 жылдың 5 желтоқсанында Кеңестердің Бүкілодақтық VІІІ төтенше съезі И.Сталиннің баянда¬ма¬сынан кейін оны бір¬ау¬ыз¬дан бекітті. КСРО Консти¬ту¬циясы негізінде Қазақ автономиялы республикасы одақтас республика болып қайта құрылды. Осыған орай Қазақ КСР-інің жаңа Конс¬титуциясын жасау қажеттігі туындады. 1937 жылғы 9 ақ¬панда Қазақ КСР-і Конс¬ти¬туциясының жобасы талқы¬лау үшін баспасөзде жария¬ланды. 1937 жылдың 21-26 наурызында Алматы қала¬сын¬да өткен Кеңестердің Бү¬кілқазақстандық төтенше Х съезі Қазақ Кеңестік Со¬циа¬листік Рес¬¬пуб¬ликасының Консти¬ту¬циясын бекітті. Кеңестердің Бүкілқазақ¬стан¬дық төтенше Х съезінің де¬ле¬гаттары И.Сталинге алғыс хат жолдады. Хаттың мәтіні баспасөзде жарияланды. Хатта: “Біздер, халықтың қалап сайлаған адам¬дары... бүгін Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының Кон¬ституциясын бекіттік. ...Қымбатты ұстаз, кө¬сегесі көгерген қазақ халқының шын жүрек¬тен берілгендік және сүйіс¬пеншілік сезімін қабыл ал, қазақ халқы коммунизм орнату ісіне барлық күшін, бар¬лық жігерін жұмсайды, жаулар ша¬буыл жасаған күнде біз ұлы, тамаша социалистік Отанды кеуде төсеп қорғауға әзірміз деген сертімізді қабыл ал” деп жазылды. Сталиндік Конс¬титу¬ция¬ның жетістігін ха¬лыққа түсіндіру науқаны мерзімді басылымдарда жалғаса берді. Барлық облыстық партия ко¬митетте¬рін¬дегі жауапты адамдар, газет редак¬торлары басылымдарды мезгілімен шығарып, БК(б)П Орталық Комитеті нұсқауларын тыңғылықты орындауды қамтамасыз етті. Қоғамдық ғылымдар саласын партиялық саясатқа бағындырудың теориялық негізін салған “БК(б)П тарихы қысқаша курсының” шығуы елде ерекше үгіт-насихаттық саяси науқанға ұласты.
1939 жылдың 4-9 қаңтарында өткен Қазақстан К(б)П Орталық Комитетінің Пленумы БК(б)П Орталық Комитетінің ““БК(б)П тарихы қысқаша курсының” шығуымен байланысты партиялық нас謬хатты жолға қою туралы” қаулысын жүзеге асыру жайында мәселе қарады. Пленум Орталық Комитеттің партиялық насихат бөлімін, облыстық партия ко¬митеттерін, облыстық және республика¬лық газеттердің редакторларын барлық партия және комсомол газеттерінде на¬сихат бөлімдерін ұйымдастыруға, олар¬дың алдына міндетті түрде теориялық мәселелер жөніндегі мақалаларды, насихатшылардың кеңестерін, дәрістерін және оқушылардың сұрақтарына жауабын үнемі жариялап отыруға міндеттеді.
И.Сталиннің аталған еңбегі ерекше көп тараған кітап болды. “Тура айту керек, марк¬сизмнің өмір бойында сонша көп тараған марк¬систік кітаптың біріншісі осы”, деп жазды Жданов. Нақтырақ айтар болсақ, он жыл ішінде (1938-1948 жылдары) “БК(б)П тарихы қысқаша курсы” 34 миллион 219 мың дана болып тарады. Орысша 71 рет басылып 27,5 миллион дана, Кеңестер Одағының тағы басқа тілдерінде 5,5 миллион дана болып шықты. Бұл кітап Қазақстанда 700 мың дана болып тарады. Соның ішінде қазақ тілінде 3 рет басылып, 250 мың дана болып шықты.
Партияның көпшілік арасындағы насихат жұмыстарының ең маңызды бір тарауы – В. Ленин мен И. Сталиннің өмірбаяндарын насихаттау болатын. Кө¬семдер өмірбаяндарын жеткілікті дәре¬жеде насихаттамағаны үшін Талдықорған облысының “Семиреченская правда” және “Сталиншіл” газеттері Қазақстан К(б)П Орталық Комитетінің органы – “Коммунист” журналының қатаң сынына да алынды.
Маркс-Энгельс-Ленин институтының қазақ бөлімшесі – ҚК(б)П Орталық Комитеті жанын¬дағы Партия тарихы институты И.В.Сталиннің қысқаша өмірбаянын қазақ тіліне аударды. Ау¬дар¬маны ҚК(б)П Орталық Комитетінің редакциялық комиссиясы тексеріп, ҚК(б)П Орталық Комитеті мақұлдады. 1947 жылы Қазақтың Біріккен Мемлекет баспасынан “Иосиф Виссарионович Сталин. Қысқаша өмірбаяны” деген кітап 50 мың данамен басылып шықты. Аталған кітапқа “Коммунист” журна¬лында Қасым Шәріпов: “И.В. Сталин қысқаша өмірбаяны” – біздің ұлы көсеміміздің өмір мектебі. Лениндей, Сталиндей қайраткер болу үшін совет адамдары осы мектептен сабақ алулары керек. И.В.Ста¬лин¬нің өмірбаянын құнттап үйрену кадрларымызды идея жағынан қаруландырып, коммунизмнің толық жеңуі жолындағы күреске жұмыл¬дырады”, деп пікір жазды.
Коммунистік партия көсемінің 50, 60, 70 жасқа толған мерейтойларының бәрін мерзімді басылымдар ерекше насихаттады. Кеңестер Одағында тотବ¬литарлық жүйе толық орныққан 1920 жылдардың соңы мен 1950 жылдардың ортасында кеңестік идеология “күнәсіз, кемшіліксіз, кіршіксіз таза көсем” мен “халық жауының” образдарын қалып¬тас¬тырды. Мұстафа Шоқай кеңестік көсемге табыну турасында былай деді: “... “Известия” мен “Правда” газеттеріне басылған материалдарды оқысаңыз – осының бәрі тек Сталиннің жеке басын дәріптеп, оны тәңірге айналдыру үшін істелген бе деген ойға келесіз.
Алдымен суреттер көзге ұрады. Сталин Қазақстан өкілдері арасында, Стବлин Тәжікстан өкілдері арасында, Сталин қарақалпақтармен бірге, Сталин өзбектер ішінде, Сталин түркімендермен бірге, Сталин, міне, қазақ жұмысшы¬лары¬мен жүздесіп тұр, Сталин, міне, кішкентай тәжік қызын көтеріп құшақтап тұр, оған алтын сағат сыйға тартты. Өзбектер Сталинге сый шапан кигізіп жатыр. Бір қазақ барыс терісін сыйлады...
Сталин... Сталин... Сталин... Ол барлық то¬рай¬лар мен бұзаулардың “құр¬метті атасы”, мақта ма¬маны... Мәскеудің “жаңа сара жолы дегеніңіз – Сталинге табыну, басшыларға табы¬нудан тұрады”.
Мерзімді басылымдар кеңес халқы сталиндік заманды мақтаныш ететінін жарыса жазып жатты, бұл науқан 1949 жылдың желтоқсан айында И. Сталиннің 70 жасқа толуы қарсаңында тіпті ерекше қарқын алды. “Социалистік Қазақстан” газеті Жамбыл ақынның “Жүрекке құйылған нұр Сталиннен, жыр болып төгіледі қызыл тілден” деген өлең жолдарын газеттің ұраны етіп алып, Л. Хамиди мен Х.Ерғалиевтің “Сталин туралы жыр”, Т.Жароковтың “Отаным Сталиннің аясында”, О.Шипиннің “Менің шашуым” және басқа өлеңдер топтамасы мен В. Молотовтың “Сталин және сталиндік басшылық”, А.Ковалев¬скийдің “Сталин жолдас – совет хал¬қының Ұлы Отан соғысындағы жеңісте¬рінің дем берушісі және ұйымдасты¬рушысы”, М. Әуезовтің “Адам ұлының ардақтысы”, Т.Мұқановтың “Халықтар¬дың бақыты, ойы, жүрегі” деген құт¬тықтау мақала¬ла¬рын басты. Қазақстандық ақындар көсемге арнаған шығармаларын үлкен жауапкершілікпен жазуы мін¬деттелді. “Тегінде, автор Отан аты, Сталин жолдастың есімі аталса болғаны, ондай өлең тоқтаусыз қабылдана береді деп ойлайтын болса... ол қате пікір. Тіпті, ұлы көсемнің қасиетті есімін жаман өлеңнің ішіне тықпалай беру – саяси айып” болып табылатыны ескертілді. Қазақ¬стандық мерзімді басылымдар “көсемге” арналған
Көк алыбы, жер шұғыласы Күн мен Ай,
Жер алыбы, тау тәңірісі Гималай
Адамзаттың ең алыбы ғалымы –
Ұлы Сталин – ұлы Ленин данадай!
* * *
Ленинше туды ұстаған,
Ленинше елді бастаған,
Бүгінгі Ленин – Сталин
* * *
Сталин – ту бар елде,
Сталин – күн әлемге, – секілді өлең шумақтарын мерейтой тарқаған соң да жүйелі түрде жариялап тұрды. “Коммунист” журналының 1950 жылғы №11 санындағы С.Бәйішев “И.В.Ста¬лин – Қазақстандағы социализм жеңістерінің дем берушісі және ұйымдас¬тырушысы” деген мақаласында: “Қазақстанның әрбір еңбекшісі республикамызда болған социалистік өзгерістердің үлкенді-кішілі мә¬селелерінің бәрі де Сталин жолдастың қатысуымен шешіліп келгенін білуге тиісті. Қазақстандағы партия және мемлекет құрылысының мәселе¬лерінен бастап, өнеркәсіп орындарын, шаруа¬шылық құрылыстарын салу, ғылыми және мәдени-ағарту мекемелерін ашу мәселелеріне дейін біз Сталин жолдастың қандай болса да бір принципті нұсқауын, кеңесін, ұсынысын кездестірмей қоймаймыз.
...Қазақстандағы партия және мем¬лекет құрылысының барлық маңызды мәселелері Сталин жолдастың тікелей қатынасуымен шешілді”, деп жазды.
Сталиннің аузымен айтылған әр сөз, ол жазған әр сөйлем мемлекеттік идеологияға айналдырылды. Ол – жалпы коммунистік идеологияның өзегі болып табылды. Коммунис¬тік саясат пен идеологияға бағынды¬рыл¬ған мерзімді басылымдар партияның бүгіні мен ертеңі туралы мифтер мен ми¬фологияны насихат жұмыстары арқылы адамдар санасына сіңіре берді. Мем¬лекеттік биліктің коммунистік партия мен оның басында тұрған жеке адамның қолына шоғырлануы қоғам¬дық-саяси өмірде демо¬кра¬тияның шектелуіне әкелді. Шынайы демокра¬тиядан алшақ тұрған тоталитарлы әміршіл-әкімшіл жүйе халықты саяси биліктен шеттетіп, мемлекет пен қоғамдық өмірдің барлық салаларына толық үстемдігін орнатты.
Данагүл МАХАТ, тарих ғылымдарының докторы, Мемлекет тарихы институтының деректану, тарихнама және мемлекеттің қазіргі заман тарихы бөлімінің бастығы.
«Егемен Қазақстан» газеті 24 маусым 2009 жыл