Сенбі, 23 Қараша 2024
2887 0 пікір 7 Мамыр, 2020 сағат 17:21

Целиноград ауданы жедел жәрдем қызметкерлері үстемақыны тағы талап етті

6 мамырда Ақмола облысындағы Целиноград ауданына қарасты Қосшы ауылындағы облыстық жедел жәрдем стансасының отыз шақты фельдшері мен жүргізушісі жұмысқа шығудан бас тартып, мемлекеттен коронавирус індеті кезінде үстемақыны бәріне бірдей беруді талап етті.

Жүргізуші Досбол Далабеков наурыз айында жалақысынан бөлек банк картасына 11 мың теңге түскенін айтып, "бұл не ақша, егер коронавирус үшін берілген ақша болса, бермегені дұрыс" деді.

Оның сөзін қоштаған фельдшерлер биліктен не себепті Нұр-Сұлтан қаласындағы жедел жәрдемнің коронивируспен жұмыс істеген тобына мемлекет бөлген үстемақыны толық көлемде алғанын, өздерінің қалыс қалғанын түсіндіруді талап етті. Мекеменің аға фельдшері Айгүл Бетенбаева ауыл фельдшерлерінің үстемақыны қалай алатынын шешіп отырған комиссия өкілдерінің араларына келіп бірге жұмыс істеуін сұрады. Айтуынша, үстемақыны есептеуге келгенде жергілікті билік өздерін короновирусты тасыған сағатын ғана санап, ал оған бармаған фельдшерлер мен жүргізушілерді тізімнен шығарып тастаған.

Наразы фельдшерлер "Бізді коронавируспен ауырғандармен қатынаста болмады дегенмен біз оларды күнде тасымалдаған әріптестерімізбен бірге кезекшілікте жүрміз. Қалай бізді байланыста болған жоқ деп тізімге енгізбейді? Бұл әділетсіздік. Біреуге 146 теңге ғана берген. Бұл не мазақ?" деді.

Жедел жәрдем қызметкерлерімен Ақмола облыстық жедел жәрдем стансасының бас дәрігері Александр Высоцкий мен Целиноград ауданы әкімдігі қызметкерлері кездесті.

Целиноград ауданы әкімінің орынбасары Алма Айтқожинова фельдшерлерге "жұмысқа келгенде қандай жалақы алатынын білдіңіздер" деп сөгіп, тағы қосымша бірнеше жұмыс істеуге шақырды.

5 мамырда да Ақмола облысы Целиноград ауданының жедел жәрдем қызметкерлері биліктен қосымша үстемақы талап еткен еді. 6 мамырда оларға құқық қорғау органдары ескерту жасаған.

Бұл – жедел жәрдем қызметкерлерінің бірінші наразылығы емес. Бұған дейін Ақтөбе, Нұр-Сұлтан, Ақтау қаласы жедел жәрдем қызметкерлері де наразылық білдіріп, биліктен пандемия кезінде қосымша үстемақы талап еткен.

30 наурызда Қазақстан билігі коронавируспен күресуге атсалысқан дәрігерлер жалақысына қызметінің қауіптілігіне қарай 212 мың - 850 мың теңге аралығында үстемақы қосылатынын жариялаған.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1469
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3245
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5404