Жұма, 22 Қараша 2024
Саңлақ 5708 20 пікір 8 Мамыр, 2020 сағат 23:38

Тағы да допинг дауы...

2012 жылғы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері, қазақстандық ауыр атлет Анна Нурмухамбетова допинг ережелерін бұзғаны үшін 4 жылға спорттан шеттетілді.

Допингке қарсы орталықтың хабарлауынша, спортшының қанынан тыйым салынған оралтуринабол препараты табылған көрінеді.

Нурмухамбетова 2019 жылы тамыз айында Талдықорған қаласында өткен Спартакиада ойындарынан кейін тест тапсырған. Дәл осы жарыс кезінде тапсырған қан сынамасынан тыйым салынған препарат табылып отыр. Дисквалификация мерзімі - 2019 жылы 17 қыркүйектен  бастап, 2023 жылы 17 қыркүйекке дейін.

Сондай-ақ, жеңіл атлет Любовь Ушакова, велошабандоз Роман Василенков, волейболшы Антон Кузнецов, самбошы Фарух Мирхакимовтар да төрт жылға спорттан шеттетілді. Ал жеңіл атлет Александр Безруков пен Олеся Задорожная, гимнаст Гаухар Тілеубаева екі жылға шеттетілді.

Негізі зілтемірші Анна Нурмухамбетова 2012 жылғы Олимпиада ойындарында 69 келі салмақ дәрежесінде бақ сынап, бесінші орын алған. Бірақ 2016 жылы Беларусь спортшылары Марина Шкерманкова мен Дина Сазановец допингпен ұсталып, отандасымыз Олимпиаданың қола жүлдегері атанған болатын.

Анна Нурмухамбетова допинг дауына ұшыраған алғашқы Олимпиада жүлдегері емес. Тіпті екі дүркін Олимпиада чемпионы Илья Ильиннің өзі медальдарын қайтарып берген.

2016 жылы Халықаралық Олимпиада комитетінің Тәртіптік комиссиясы (ХОК) мен Спорттық арбитражды сот (CAS) қазақстандық жеті ауыр атлет пен екі балуанның XXIX және XXX Олимпиада ойындарында жеңіп алған (Бейжің-2008, Лондон-2012) медальдарын жоққа шығарып, олардың допингке қарсы ережені бұзғандарын жария етті. Шешімге сәйкес атлеттер жарыстан шеттетіліп, нәтижелері жоққа шығарылды және медальдарды қайтаруға міндеттелді.

Допингпен ұсталған қазақстандық Олимпиада жүлдегерлері: ауыр атлеттер Илья Ильин (алтын медаль, 2008, 2012), Зүлфия Чиншанло, Майя Манеза, Светлана Подобедова (бәрі алтын, 2012), Ирина Некрасова (күміс, 2008), Мария Грабовецкая (қола, 2008). Еркін күрес шебері Таймураз Тигиев (күміс, 2008) және грек-рим күресінің шебері Әсет Мәмбетов (қола, 2008).

Допинг дауына ұшырап спорттан шеттетілген атақты спортшылардың қатарында Жасұлан Қыдырбаев, Владимир Седов сынды әлем чемпиондары да бар. Бұл тізімге Универсиада ойындарының (2015) жеңімпазы, жеңіл атлет Юлия Рахманова, 2014 жылғы Сочи Олимпиадасында Қазақстан құрамасының ту ұстаушысы Ердос Ахмедиев, танымал боксшы Назым Ищанова, «Қазақстан барысы» турнирінің 2017 жылғы жеңімпазы Еламан Ерғалиев, атақты шаңғышы Алексей Полторанинді қосуға болады.

Біздің елде жеке спортшының әлемдік аренада қол жеткізген жақсы нәтижесін бүкіл елдің жетістігі деп тану әдетке айналған. Билік халықты осыған үйретіп тастағалы қашан? Бірақ, спорттағы жетістікті мемлекеттің дамуымен тікелей байланыстыратын билік сол спортшының жеңілісін елдің кемшілігі деп санамайтыны тағы бар.

Мәселен, 2012 жылы Лондонда Қазақстан спортшылары 7 алтын медаль жеңіп алғанда, бұл біздің елдің әлемдегі алпауыт мемлекеттер қатарына қосылғанының белгісі деп үгіттеді. Алайда, арада біраз жылдар өткенде сол «алтындардың» төртеуін допинг дауына байланысты тартып алды. Ал бұл жағдайға билік өкініш білдірген жоқ.

Спорт пен саясатты араластырып, спортшының тек нәтижесіне ғана назар аударатын жауапты шенділердің қателігінен болар, елімізде допинг дауы әлі өршіп тұр. Тіпті соңғы бес жылда 263 спортшы рұқсат етілмеген дәрумен пайдаланған көрінеді. Бұл туралы ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Елдос Рамазанов мәлімдеген болатын.

«Кеңінен жүргізіліп жатқан насихат шараларына қарамастан, допингті пайдалану жағдайы азаймай келеді. Соңғы 5 жылда Қазақстан спортшылары тарапынан допинг пайдаланудың 263 оқиғасы анықталды», - деген еді Рамазанов Парламент Сенатындағы Үкімет сағатында.

Қазақстан Республикасы Допингке қарсы ұлттық орталығы соңғы бес жылда допингпен ұсталған қазақстандық спортшылардың тізімін жариялады.

Сөз соңында тағы бір мәліметпен бөлісе кетейік. 2008-2012 жылғы Олимпиада ойындарында допинг дауына ілінгендердің рейтингісін «ошақтың үш бұтындай аса тату көршілер» - Ресей, Қазақстан және Беларусь бастап тұр. Ресейдің 19 спортшысы Олимпиада медалін қайтарып берсе, еліміз спортшылары еншілеген 9 Олимпиада жүлдесі жаңа иесін тапқан. Ал Беларусь елінің 7 саңлағы медалінен айырылған екен (2018 жылғы дерек).

Қуаныш Қаппас

Abai.kz

20 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1455
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3218
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5264