Шошанайлықтар қарттарға қарайласты
Кешегі талайлардың жанына терең жара салған, қасіретін сөзбен жеткізе алмайтын, дүниежүзін сансыратқан ІІ-ші дүниежүзілік соғыс өрті шарпымаған отбасы елімізді қойып, әлемде кемде-кем шығар.
Мұқағали атамыз айтқандай «біздер жеңдік жоқ болып, жаралы боп. Біз қуандық алдымен қаралы боп». Ауылынан шығып Еуропаның төріне қан майданды жаяу көктей өтіп барған (бармай қалғандары одан көп), бейбіт күнді жақындатқан кешегі майдангерлер қатары елімізде өрт шалған ормандай селдіреп-ақ қалды. Ал, біздің ауылымыздағы етігімен қан кешкен ерлердің бәрі бақилық болды. Дегенмен, уыздай бала болса да, бұғанасы қатпаған қыз-жігіттер болса да нардың жүгін көтеріп, тылда ерен еңбек етіп жеңіске өлшеусіз үлес қосқан қазыналы қарттарымыз бар. Соғыстан кейінгі қираған шаруашылықты қалпына келтіруге, қаралы жылдарда жаралы жандардың қолтығынан демеу болып, ел еңсесін көтеруге қабақ шытпастан ерекше еңбек сіңірген ата-әжелеріміздің жүріп өткен жолы біздер үшін өнеге. Бұл да болса елін, жерін сүюдің ерен үлгісі шығар.
Сол өнегелі өмір жолынан өскелең ұрпақ үлгі алсын деген ниетпен жыл сайын Шошанай орта мектебінде тыл ардагерлерімен арнайы кездесу ұйымдастырылатын. Алайда бүкіл әлемде орын алып отырған COVID-19 індетінің кесірінен биылға жоспарланған біршама іс-шаралар қатарында бұл кездесулер де өтпейтін болды.
Алайда, Шошанай ауылынан түлеп ұшып, бүгіндері Отанымыздың түкпір-түкпірінде жемісте де абыройлы қызмет етіп жүрген азаматтар биылғы Ұлы Жеңістің 75 жылдығын елеусіз қалдырмай ауылмыздағы ардагер қарттарға, сонымен қатар төтенше жағдайға орай әрі, қасиетті Рамазан айында ауылымыздағы көп балалы аналарды, аз қамтылған отбасыларды және басқа да әлеуметтік көмек алуға тиісті отбасыларды қуанту үшін қысқа уақыттың ішінде бір жағадан қол, бір жеңнен бас шығарып ұйымдаса кетіп, қаржылай көмек көрсетті. Ежелден үлкенін сыйлаған, жылағанын жұбатқан, сүрінгенді демеген қазақпыз. Атадан балаға мұра боп келе жатқан игі дәстүрдің желісін үзбей оны болашаққа да жалғау елдің мұраты, ердің ұстанымы. Қазақты осы күнге дейін қазақ етіп келген, сан түрлі апаттардан сақтап, сүрінсе де жығылтпай алып келе жатқан құдай сүйер қылығы – бауырмалдығы, жомарттығы мен дарқандығы болса керек. Күллі әлемді сынаққа алып отырған осынау қиын күндерде бұл біздің бірлігіміздің символы болғандай.
Осы ұстанымды нық ұстанған, ақыл тоқтатқан ағасынан жас жігітіне дейін ұйымдаса білген Шошанай перзенттерінің игілікті істеріне көңілі толған қарттарымыз азаматтарымызға ақ батасын бере келіп «қаз тойғанына емес, орғанына семіреді. Біз сияқты қарттарға кейінгілердің үлкен деп сәлем беруі, елеп-ескеруінен асқан сый-құрмет бар ма? Бүгінгі балаларымыздың осынау ісі бізді ерекше қуанышқа бөледі. Демек, біз текті ұрпақ тәрбиелеппіз. Жақсы ай, жақсы күнде істеген қайырымды істеріңе Алла разы болсын! Ауылымыз үшін алдағы уақытта да атқармақшы болып отырған істеріңе құдай береке берсін! Ендігі ұрпақ біз көрген қиындықты көрмесін! Еліміз аман, жұртымыз – тыныш болсын! Енді құдай ондай сұмдықты көрсетпесін!», - деген тілектерін де жеткізді.
От ішінде, өрт ішінде күйгенде,
Басыңды име, тізе бүкпе, именбе!
Ер еңкейсе еңкейеді тек қана,
Туған жердің топырағын сүйгенде!, - деп Қадыр Мырза-Әлі ағамыз жырлағандай аулымыздың азаматтары көбі бүгін ауылымыздан шалғайда сан түрлі қызмет атқарып жүрсе де осы әрекеттері арқылы туған жерлеріне тағзым жасады! Алдағы уақытта да ауылды қолдау мақсатында көптеген игі істерді жоспарлап отыр.
Ауылым деп ыстық ықыластарымен көмек көрсеткен, адал сүт емген азаматтарымыздың бәріне мың алғыс!
Төртеу түгел болса төбедегі келеді!
Бірлігі бекем елдің іргесі бүтін! Ондай ел қандай қиындық болса да жеңіп шығады! Отанымыз аман болсын! Аспанымызды бұлт шалмасын!
Біз біргеміз!
Айгүл Мәруанқызы Ұзақова, Шошанай орта мектебі тарих пәнінің мұғалімі, әлеуметтік педагог
Abai.kz