Балташ Тұрсынбаев: Оппозиция алауыз, ал билік былыққа белшеден батты
Белгілі қоғам қайреткері, азаматтық қоғамның белсенді өкілі Балташ Тұрсынбаевпен сұхбат
-Балташ аға, сіз көп уақыт бойы ауыл шаруашылығын басқардыңыз, бұл сала сізге етене таныс. Соңғы кездері Ресей тарапы кедендік одаққа біріксек те «қазақ малының етін сатып алмаймыз» деген әңгіме қозғап жүр. Олар неге кекірік атып отыр?
- Біздің елімізде үлкен көлемде ет өнімдерін дайындап экспортқа шығаруға мүмкіндігі бар компаниялар жоқ. Оған біздің ауыл шаруашылығымыз дайын емес. Керісінше, қазіргі күні біз өзімізге қажетті еттің 40 пайыздан астамын шеттен сатып алып отырмыз. Демек, мұндағы бірінші сұрақ Ресейдің біздің етімізді сатып алуы немесе сатып алмауы емес, оны өндіру болып тұр. Иә, Кеңес үкіметі тұсында біздің республикамыз жыл сайын 300 мың тонна етті одақтың есебіне өндіріп тұрды. Ол еттен Мәскеу мен Санкт-Петербордағы ет комбинаттары түрлі өнімдер шығаратын. Қазір Ресей бізден ет алып отырған жоқ. Анау шекара маңындағы ауылдарда аздаған ауыс-түйістер болып жатуы мүмкін. Бірақ ол тұтас экономиалық үдерістреге үлес қосатын деңгейде емес. Негізі Ресей бізден ет алмаймын демейді, беретін етіміз жоқ.
- Көшпелілердің ұрпағы, бабасынан кәсібі мал шаруашылығы болған қазақтар неге бүгін төрт түліктің қызығын көре алмай отыр? Сөйте тұра мал басы өсіп жатыр деп бөркімізді аспанға атып жүрміз ғой?
- Оған халық кінәлі емес. Бұл ұжымдасып, кеңшар құрып мал бағуға үйренісіп кеткендіктен. Кеңшарларда кезінде орта есеппен 15-20 мың қой, 3-4 мың ірі қара мал болатын. Әр кеңшар еш қиналмастан айына кемінде 1 мың тонна ет беретін. Қазір ондай жоқ қой. Әркім өзінің күнделікті қажеттілігіне жететін, бала-шағасының нәпақасын айрытан мал ұстайды. Одан артыққа шамасы жетпейді. Жем-шөп қымбат. Мал басының өсіп келе жатқаны рас. Бірақ тоқсаныншы жылдардың басымен салыстырғанда өте аз. Еліміздің ішкі мұқтаждығын ішінара өтейтін мал шаруашылықтары бар. Ауылдағы азаматтар шаруашылығын ірілендіріп, сапалы ет өндіруі үшін қажетті мүмкіндік мемлекет тарапынан жасалған жоқ.
- Ауыл деп отырсыз ғой, бүгінгі ауылдың халі нешік? Қазақтың бәрі ауылдан шыққан жоқ па? Енді сол қасиетті ауыл ешкімге керексіз болып қала ма? Кезінде ауылға үш жыл арнап ұрандатсақ та жағдайы түзелмей-ақ қойғаны несі?
- Тәуелсіздік алып, жекеменшікке бөліс басталысымен ауылдың берекесі кетіп, іргесі шетіней бастады. Бүгінде ауылда жастар жоқ. Жеріміз кең байтақ, ұлан-асыр. Бірақ соған ие болатын, көркейтетін жастар ауылда емес. Ондағылар тек қарттар мен қалаға көшуді жағдайы көтермейтін әл-аухаты нашар отбасылар ғана. Жастар ірі мегаполистер мен облыс орталықтарына жаппай қоныс аударды. Ондағы болашағы, тірлігі қандай боларына ешкім бас ауыртқан жоқ. Жұмыс бола ма, жоқ па оны ойлап бас қатырғандары кем. Әйтеуір ілдебайлап күн көруді білді. Шынында, қалаға келіп көсегесі көгеріп кеткендер аз. Басым бөлігі баспанасыз, тұрақты жұмыссыз, пәтерден пәтерге ауысып сандалып жүр. Сөйте тұра ауылға барғылары келмейді. Өйткені ауылда да олар айналысатын іс жоқ. Мал шаруашылығымен шұғылдану үшін қор болу керек. Ол мал тұрақты өсіп отыруы шарт. Мәселен, 10-15 бас мал сатып алып өсіріп, қызығын көру үшін кем дегенде 3 жыл уақыт керек. Ол үш жылда күнкөрісін немен айырады? Бала-шағасын қалай асырайды. Яғни, бұл жерде мемлекеттің ауыл шаруашылығын, соның ішінде мал шаруашылығын дамытуға арналған бағдарламасының осалдығы көзге ұрып тұр. Осы саладағы реформалар жемісін берген жоқ. Ауыл шаруашылығы жүйелілікпен, реттілікпен қаржыландырылмай отыр. Бір сөзбен айтқанда мемлекеттік қолдау жетімсіз. Соңғы жиырма жылда мал шаруашылығын әлсіретіп алдық.
- Осы соңғы жиырма жыл бойы Нұрсұлтан Назарбаев билік басында отыр. Ол кісі алғаш билікке келген кезде сіз де жоғары лауазымды қызметтер атқарып жүрдіңіз. Жиырма жыл бұрын Назарбаевтың саяси амбициясы қандай болып еді. Бүгін қандай?
- Иә, Нұрсұлтан Назарбаев 1989 жылы бірінші хатшы болып, 1991 жылы президент болып сайланды. Ол кездері мен ауыл шаруашылығын басқаратынмын. Көзді ашып-жұмғанша 20 жыл сырғып өте шығыпты. Өмірде талай өзгерістер болып жатыр. Дегенмен, өз басым ешкімге тікелей мінездеме беруге зауықты емеспін. Сондықтан Назарбаев туралы да естелік айтып отырғым келмейді. Жиырма жылда елді қалай басқарғанын бәрі көріп-біліп отыр. Халық бәріне төреші.
- Жалпы соңғы уақытта күзге қарай билік өзгеруі мүмкін деген әңгіме жиі естілетін болды. Бұл сөз шындыққа айналады деп ойлайсыз ба?
- Билікті сөз жоқ ауыстыру керек. Билік міндетті түрде өзгеруі керек. Неге десеңіз, біздің қоғамның дамуына биліктің бір қолға шоғырлануы кері әсер етуде. Мен әрине, көріпкел емеспін. Сондықтан бұл әңгіменің немен аяқталатынын айта алмаймын. Бірақ, Назарбаев халықты ойлайтын болса, мына дағдарыстан шығып, экономиканы көтеріп, ел боламыз десек биліктің жақын арада өзгергені керек. Президент мынау «Нұр Отан» деген партиясын құрып қойды. Ол партияның бұрынғы КПСС-тен еш айырмашылығы жоқ. Тіпті дарақылық жағынан одан да асып түсті. Миллиондаған, тіпті миллиардаған қаржыға офистарын салды. Оның жергілікті жерлердегі басшылары жастар. Президент жастар басқарсын деп ұран тастады. Әрине, «жас келсе - іске» деген. Бірақ көзіміз көріп жүр ғой, партияның жергілікті ұйымдарын басқаратындардың бәрі дерлік шікірейіп қалған тәкәпарлар. Халықпен араласып көрмеген, елдің мұң-мұқтажын білмейді. Әйтеуір, француздың костюмін киіп, италияның галстугін таққанға мәз. «Нұротандықтар» жалпы халықтан өздерін жоғары қояды. Жұрт алдына шықса жаттап алған тәтті сөздерін айтады. Халық ондай сөзге тойып болған. Елге көпіршіген бос сөз емес, нақты іс керек. Бұл партия биліктен бақ тайған күні тарқайтын партия. Және есіңізде болсын, қазіргі билік сасяи сахнадан тайған күні сол әлгі италиянның галстугін тағып кісімсіп жүргендер бірінші болып ашылып сайрайды. «Партияның қателіктері осындай еді, мен оны білген едім, бірақ айтқызбады, кіріптар болдым» деп көлгірситін солар болады.
- Яғни, биліктен бақ тайған күні чемоданын арқалап шетелге қашуға дайын отырғандар көп болғаны ғой. Назарбеав өзінің орнына қалдыратын адамын дайындап қойған екен, әне-міне өзгеріс болады деген әңгіменің өршіп кетуіне Рахат Әлиевтің кітабы әсер етіп отыр деп ойламайсыз ба?
- Рахаттың кітабын интернеттен алып оқып шықтым. Ондағы ақпараттардың тоқсан пайызы бұрыннан айтылып жүрген әңгіме екен. Сондықтан оның кітабы елдегі саяси өзгерістерге ықпал етеді деп ойламаймын. Дегенмен, бір нәрсемен келісемін. Шынында да президенттің айналасындағылардың 99 пайызы жағымпаздар, жәдігөйлер, «жабық жемқорлар». Яғни, сыбайлас-жемқор демесін деп бәрін таныстары мен туыстарының атына жазып қойып үлкен бизнестерге ие болып отыр. Олардың қатарында елдің ертеңін ойлап отырған ешкім жоқ.
- Жаңағы 99 пайыздың қатарына жатпайтын ат төбеліндей аз шенеуніктің арасында Нұрсұлтан Назарбаевқа ізбасар болатын, елді жарқын болашаққа апара алатын тұлға бар ма?
- Жоқ. Айтып отырмын ғой, ол елді басқарған 20 жылда жағымпаздықтан алдына жан салмайтындарды ғана төңірегіне топтастырды. Өзіндік ойы бар, азаматтық ұстанымы бар жігіттерді жанына жуытқан емес. Керісінше оларды енді қылтиып көтеріліп келе жатқанда көктей қиып отырды. Сондықтан ол кімді қалдырса да халық ол адамға сенбейді және қайта-қайта алдағанға көнбейді. Егер бұған дейін халық бәріне төзген болса көнбістігінен, ұятты бірінші қоятын кішілігінен деп білу керек. Бірақ әр нәрсенің шегі бар.
- Билікті ауыстыратын, оған қарсылас болатын оппозиция неге өздері қырықпышақ болады? Олар неге біріге алмайды?
- Біздің оппозицияда ешқашан бірлік болған емес. Олар өзара кім мықты деп жұлқысады да жатады. Партиялардың көп болғаны елге пайдалы болуы керек еді. Бірақ керісінше болып тұр. Көптеген партияларда идея болғанымен оны жүзеге асыратын қаражаты жоқ. Ал ақшасы бар партиялар кедей әріптестерін менсінбейді. Жалпы бұл сонау патша заманынан қалыптасқан менталитет. Қазақтың руға, жүзге бөлінетінін білген соң отаршылар «бөліп ал да билей бер» саясатын ұстанды. Сол тәсілді бүгінгі билік те сәтімен пайдаланып отыр. Әйтпесе бүгін ақылдасатын, бірлесіп шешетін шетін мәселе аз ба? Мынау қаржылық әрі рухани дағдарыстан қалай шығамыз, одан шыққан күні қандай бағытта дамитын боламыз деген мәселе төңірегінде бас қатырудың орнына өзара айтысады да жатады. Осыны қоймасақ, бір-бірімізді тыңдап үйренбесек елдің соры қайнайды ғой. Алауыздықтан тиылмасақ тәуелсіздігімізге де сызат түседі. Демократияның ең басты нышаны қоғамдық пікірмен санасу десек, бұл бізде жоқ.
- Бүгінгі оппозицияда елге тұтқа бола алатын азаматтар бар ма?
- Бар, әрине. Бірақ оларды аяқтан шалатын, етектен тартатындар да сол оппозицияның өз ішінде аз емес. Атын атап, түсін түстемей-ақ қояйық, бірақ ондай аптал азаматтар бар. Өз басым оппозициядағы көптеген жігіттерді қолдаймын. Олардың ешқайсысы қолға қару алып елде дүрбелең тудыруды көздемейді. Біз неге оппозицияны кеудеден итеруіміз керек? Ондағылар да өзіміздің бауырларымыз, олар да еліміздің ертеңі үшін бас ауыртса неге қолдамасқа?
- Кейінгі кездері үлкен лауазымдарда жүрген мемлекеттік шенеуніктер жиі тұтқындалып жатыр. Бұл нені білдіреді: ЕҚЫҰ-ға төрағалық етер алдында сыбайлас-жемқорлықпен күресіп жатырмыз деп демократияның нышанын көрсетіп көз алдау ма, әлде биліктің айналасындағы топтардың арасында жан беріп, жаны алысқан майдан жүріп жатыр ма?
- Жалпы, коррупциясы жоқ мемлекет деген болмайды. Біздің мемелекетіміз әлі жас. Тәуелсіздік алып, жекеменшікке бөліс басталған кезде қолда бардан айырылып қалмау үшін көптеген коррупцияға көз жұма қарағанымыз рас. Өйткені, іргемізде Ресей жатыр еді. Әлемдеі ең ұзын шекара - Қазақстан мен Ресейдің арасындағы 7,5 мың шақырымдық шекара. Осы ұлан асыр аумақтан орыстар ішкерлей еніп елдің байлығын өздеріне тасып әкетпесін, одан да өзіміздің жігіттер ие болып қалсын деген ниетпен ұзақ уақыт бойы көптеген коррупциялық негіздегі іс-әрекеттерге тосқауыл қойылмады. Сөйтіп сыбайлас-жемқорлық бүкіл қоғамның дертіне айналып кетерін ескермедік. Коррупцияны түбірімен құрту мүмкін емес, бірақ азайтуға болады. Ол үшін әрбір саналы азамат онымен күресуі керек. Осы орайда алып қарағанда аталған шенеуніктердің қамалып жатқаны қалыпты үрдіс деп ойлаймын. Кейбір азаматтар, соның ішінде оппозиция өкілдері 37-жыл қайталанып жатыр деп байбалам салуда. 37-нің зұлматы ешқашан қайталанбайды, ондай сұмдықты ешкім де қайталап жасай алмайды. Мысалы қазір «Қазатомды» басқарған Мұхтар Жәкішов туралы түрлі пікірлер айтылып жүр. Кейбір оппозициялық басылымдар оны жақсы жігіт еді, бұл саяси тапсырыс деген әңгімелер айтады. Мүмкін, расында жақсы жігіт болған шығар. Бірақ коррупцияға жол бергені, сыбайлас-жемқорлықпен айналысқаны айдан анық. Сондықтан оның ісін сот қарап әділ шешімін беруі керек. Оны ақтауға күш салудың қажеті қанша! Мұхтар Жәкішев, Нұрлан Ысқақов секілді көптеген шенеуніктер оппозицияға үш қайнаса сорпасы қосылмайтын, биліктің сенімді өкілдері емес пе еді. Егер олар биліктің саясатымен келіспей қызметінен кетіп, сонан соң қылмыстық іс қозғалып жатса, саяси астар іздеуге болады. Әйтпесе біз неге көлденеңнен килігіп оларға жанашыр болуымыз керек. Ұрылар жазасын алуы тиіс.
- Ал Даниал Ахметов туралы не айтасыз? Ол стратегиялық маңызды саланы басқара отырып қоластындағылардың қыруар қаржыны қымқыруына жол берді. Оны экс-министр мырза көрмей қалды, білмей қалды дегенге ешкім сенбейді. Ендеше, билік Ахметовке қатысты жұмсақ саясат ұстанып отырған жоқ па?
- Әрине, Даниал Ахметов етегіне намаз оқып жүр деп айта алмаймын. Қорғаныс саласында қатал тәртіп орнатып, елдің тыныштығын күзетудің орнына ұрлық-қарлықпен айналысып жүрген әскерилер көп. Ахметов осылай әншейін отставкаға кете салады дегенге өз басым сенбеймін. Оған қатысты қазір тергеу шаралары жүріп жатыр деп ойлаймын. Өйткені маңызды келісімдер мен қыруар қаржыға бағаланатын құжаттарға ең соңғы болып өзі қол қойды. Сондықтан ол барлық былық-шылықты әу бастан біліп отырды деп санаймын.
Сұхбаттасқан Бек Датұлы.