Сервистік полиция. Жаңа модель қандай болуы керек?
«Кездесу орнын өзгертуге болмайды» деген кеңестік сериал есіңізде ме? Сол фильмнің бас кейіпкері капитан Жеглов қылмыскерге: «Менің міндетім – сен секілді қаныпезерлерді ұстау, шыңғыртып түрмеге отырғызу!» дейді.
Шынын айту керек, күні бүгінге дейін көпшілік құқық қорғау органдарының жұмысын дәл осылай деп қабылдап келді. Көпшілік дейміз-ау, сол полиция қызметкерлерінің өздері негізгі міндеттеріміз – қылмыспен күресу ғана деп, түсінді. Осыған байланысты жалпы ішкі істер саласында кемшіліктер көбейіп, проблемалар қордаланып қалды. Ең қиыны полиция мен халықтың арасы алашақтап кетті.
Бүгінгі қазақ полициясының имиджі қандай?
Жасыратыны жоқ полиция десе, жол бойында тұрған МАЙ қызметкері, жазықсыз жанның қалтасына әлде бір «ұнтақты» салып жіберіп, арандататын жедел уәкіл (опер), қала берді күдіктіні «айыбын» мойындату үшін қанжоса қылып сабайтын қаныпезер тергеуші көзалдымызға келетін болды. Барлық полиция қызметкеріне топырақ шашудан аулақпыз. Бірақ, кейбір орган қызметкерлерінің осындай ассоциация қалыптастырғаны рас. Оған БАҚ-тағы теріс пікірлердің де әсер еткені бар. Ал, қиын сәтте ерлік көрсетіп, халықтың ортасында нағыз полицияның образын қалыптастырып жүрген құқық қорғау органдарының қызметкерлері жайлы оң имидж жоқтың қасы. Болған күннің өзінде ол қазіргі қазақ полициясының беделін көтере ала ма?!.
Не істеу керек?
Мен жаңалық ашып отырған жоқпын. Бұл Мемлекет басшыларынан бастап, бүгінгі Ерлан Тұрғымбаев басшылық ететін Ішкі істер министрлігі өкілдерін де алаңдатқан сауал! Тіпті, белгілі спортшы Денис Теннің қазасынан кейін, «ІІМ-не реформа жасау керек» деген бастамашыл топ та пайда болды. Сөйтіп, төмен жақ пен жоғары жақ сол реформаның кілтін іздеуге кірісті. Кілт табылған сияқты. Ол – сервистік полиция!
«Полицей болсаң, халықпен бірге бол!»
Сервистік полиция деген әңгіме аспаннан түсе қалған жоқ. АҚШ пен Еуропа елдерінде әлдеқашан қолға алынып, бүгінде өз жемісін бере бастаған әдіс. Бір сөзбен айтқанда, бұл Жеглов айтқан «Полицияның міндеті – түрмеге тоғыту емес, керісінше қылмыстың алдын алып, халықпен етене жұмыс істеу» деген сөз. Әлгі «Әкім бол, халқыңа жақын бол» дегенді енді, «Полицей болсаң, халықпен бірге бол» деп айтсақ болады.
Еуропадағы «сервистік полиция» мысалы...
Мысалы, Германияда «сервистік полиция» белгілі бір аймақта, ауданда, тұрғындарға қызмет көрсету мен айналысады. Олар күштік құрылым емес, сервистік қызмет ретінде жұмыс жасайды. Халық олардың офистеріне түрлі проблемалар мен жағдайларын айтып келеді. Полиция өз кезегінде ол мәселелерді шешуге тырысады. Немістегі сервистік полициясының негізгі міндеттері: қылмысты ескерту және зерттеу, қоғамдық тәртіпті бақылау, сондай-ақ, қылмысты ашудан бұрын оның алдын алу, азаматтардың полицияға айтқан өтініштері бойынша оларға көмек көрсету... Демек, ішкі мәдениет пен этика ең жоғары дәрежеде. Францияда да солай. Тіпті, олар сервистік полицияны «Police de proximit» деп те атайды. Қазақша «Жанға жақын полиция» деген мағынаға саяды. Бұлардың да атына заты сай. Бұл полиция шынымен де халықпен өте жақын жұмыс жасайды. Негізгі міндеті – қоғамды заң бұзушылықтан қорғау және әр азаматтың қауіпсіздігін сақтау. Америка құрама штаттарында да дәл солай.
Қазақстанда ше?
Енді осы реформаны Қазақстан жағдайында қалай қолдануға болады? Рас, соңғы екі жылда ішкі істер саласында сервистік полиция моделін енгізу жөнінде біраз қадамдар жасалуда. Атап айтар болсақ, Қарағанды, Алматы, Көкшетау, және тб қалаларда оның алғы шарттары жасалды. Учаскелік полицейлердің жұмыстарына өзгерістер енгізілді. Олардың суреттері мен телефон нөмерлерін кез келген үйдің кіреберістерінен көретін болдық. Кейбір қалаларда азаматтарды қабылдайтын полиция офистері де пайда болды. Грузиядағыдай, бір айдың ішінде полицияның 70-80%-ын қысқартып, орнына жемқорлыққа былғанбаған жаңа кадрлар алынбаса да, баяу да болса, сервистік полиция моделіне көшу басталды деуге болады.
Бірақ, біздіңше дәл қәзіргі қалпында сервистік полицияның болашағы Еуропа елдеріндегідей бола қоюы неғайбыл. Тіпті, Грузиядағыдай болады деп те айта алмаймыз.
Ең бірінші - кадр мәселесі! Мысалы, АҚШ-та полиция қатарына қабылдану үшін, сол елдің азаматы екі жылдық дайындық курстарынан өтеді. Сол жерден сертификат алады. Сертификаттың өзі полиция қатарына алынады дегенді білдірмейді. Ол тек психологиялық жағынан өзін өзі қалай ұстау керектігі жағынан, тұрғындармен қарым-қатынас тілі қандай болу керектігі жөнінен мағлұмат алады. Полиция жөніндегі ілімін толықтырады екі жыл курстан өткеннен кейін ол полиция колледжіне немесе академиясына түседі. Түрлі дайындықтардан өткен соң ғана полиция қатарына қабылданады.
Бізде ше? Әлі күнге дейін полиция қатарына қабылданушылардың ең алдымен физикалық дайындығына назар аударылады. Оның құқықтық сауаты халық пен тіл табысуы және психологиялық мінездемесі екінші кезекте. Нәтижесінде түрлі конфликті ситуацияларда полиция қызметкері жұртшылық алдында күлкіге қалып жатады. Тіпті, журналистер мен блогерлердің хайп жинайтын тақырыбына айналғанын да мойындау керек. Мысалы, өткенде «Сіз халыққа қызмет етесіз бе?» деген арандату сұраққа полиция қызметкерінің күмілжіп, «Мен халыққа қызмет етпеймін» деп жауап бергенін де көрдік. Бұл да дайындықтың болмауы мен саяси сауатсыздықтың бір көрінісі. Сервистік полиция бір ғана полиция қызметкерінен ғана тұрмау керек. Қазіргі ашылып жатқан сервистік офистерде полиция қызметкерлерімен қатар әлеуметтік сала мамандары мен психологтар отырғаны дұрыс. Еуропа елдерінің бәрінде солай. Ал, сол мамандар мен қатар отырған полиция қызметкерінің сауаты мен біліктілігі қандай? Бұл үлкен мәселе.
Еліміздегі Ішкі істер саласының академиялары мен иституттары енді «ұрда жық, дөрекі кадрларды ғана дайындауды тоқтатып, біліктілігі жоғары, әр нәрседен хабары бар психологиялық жағынан мығым қызметкерлерді дайындауға кіріскені жөн. Бұл бір екі айдың көлемінде енгізе қоятын реформа емес, бүгінгі полицияның құрамы, бірнеше жылдар ішінде жаңағы біз айтқан критерийлерге сай келетін кадрлар мен толықтырылып біткенше реформа бітпек емес.
Ел-жұрттың сенім кредитіне ие бол алмай келе жатқан Қазақстан полициясының саяси мәдениетін көтеру үшін әуелі - сервистік полиция қажет. Тіпті халқымыздың менталитетіне де өте жақын деп айтар едім. Қазақ даласында ешқашан түрме болмаған. Тентегін халық өзі ақылдасып отырып, «тезге» салып отырған. Яғни, өз іштерінде жала жаппаған. Қандай да қылмыс жасалса, билер алқасы ақылдасып отырып, оның шешімін жасаған. Ендеше сервистік полиция бізге жат емес.
Жанар Тұранқазықызы,
журналист, заңгер.
Abai.kz