Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3911 0 пікір 2 Қараша, 2011 сағат 05:23

Әшірбек Амангелді. Мағжанды жазып жазықты болып едік...

 

Әшірбек Амангелді. Мағжанды жазып жазықты болып едік...

Сөзден-сөз туып, бірде студент жігіттің:

- Аға, Мағжан беріде ақталған екен ғой? Оған дейін ол «жабық есім» болып келіпті ғой?- деп таң қалғаны  маған терең ой салды. «Апырай-ә,- дедім іштей,- 37-нің зұлматы мен зобалаңынан бейхабар ұрпақ өсіп келеді екен-ау?».  Бұған да тәубе.

Соның алдында ғана қазақ радиосынан Шынболат Ділдебаевтың «Шындық туралы»:

Айтса нанар момын халық едік қой,

Момындықтан талай таяқ жедік қой.

Халқымыздың қамын жеген ұлдарды,

О масқара, «халық жауы!» дедік, қой,- деген жолдары бар термесін тыңдағанмын. Қарап отырсақ, шынында да талай қайғы-қасіретті, қысастық пен қиянатты бастан кешірген екенбіз.

Тарих өзгереді, ұрпақ алмасады деген рас. Кей оқиғаны тұтас бір ұрпақтың  санасынан шығарып жіберу немесе қайта жаңғырту түк емес екен.

 

Әшірбек Амангелді. Мағжанды жазып жазықты болып едік...

Сөзден-сөз туып, бірде студент жігіттің:

- Аға, Мағжан беріде ақталған екен ғой? Оған дейін ол «жабық есім» болып келіпті ғой?- деп таң қалғаны  маған терең ой салды. «Апырай-ә,- дедім іштей,- 37-нің зұлматы мен зобалаңынан бейхабар ұрпақ өсіп келеді екен-ау?».  Бұған да тәубе.

Соның алдында ғана қазақ радиосынан Шынболат Ділдебаевтың «Шындық туралы»:

Айтса нанар момын халық едік қой,

Момындықтан талай таяқ жедік қой.

Халқымыздың қамын жеген ұлдарды,

О масқара, «халық жауы!» дедік, қой,- деген жолдары бар термесін тыңдағанмын. Қарап отырсақ, шынында да талай қайғы-қасіретті, қысастық пен қиянатты бастан кешірген екенбіз.

Тарих өзгереді, ұрпақ алмасады деген рас. Кей оқиғаны тұтас бір ұрпақтың  санасынан шығарып жіберу немесе қайта жаңғырту түк емес екен.

Біз мысалы Мағжан Жұмабаевтың кім екенін білмей өстік. Сондықтан оның ақындық талантынан, шығармаларынан мүлде хабарымыз болмады. Тек беріректе сексенінші жылдары біреулерден «Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов, Міржақып Дулатов» дейтін талантты ақын-жазушылар болған дегенді  еміс-еміс ести бастадық. Оның өзінде олар жан-жағына барлай қарап, сақтана сөйліп, сыбырлап қана айтатын. «Байқаңдар, бұлар «халық жаулары» атанып, ұсталып кеткен» деуші еді. Сондайда бойымызда қандай да бір қорқыныш пен үрей сезімі жүріп өтетін. Бірақ, бізбен құралыптас  бозбалаларды   өзіміз мектепте шығармаларын оқып өскен  Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин және  Ілияс Жансүгіровтердің үшеуінің де бір жылда, яғни «1938 жылы қайтыс болғаны» таңдандыратын. Көкейімізде осыған байланысты «неге бұлай болды екен?» деген сұрақ жүретін.

Кешегі 80-ші жылдары жастарға ғылым мен білімнің нәрін беріп, сусындатқан «Білім және еңбек» журналында әрқайсысының өзіндік қолтаңбасы мен ерекшелігі  бір топ жас жігіттер жұмыс істедік. Әлібек Асқаров, Қынабай Аралбаев, Алпысбай Шымырбаев және мен. Ішімізде белгілі қаламгер Танаш Дәуренбеков, танымал фотожурналист Жүнісбек Пайызов, корректор Жаманкүл Муштаева сияқты үлкен кісілер де болды. Бас редакторымыз бүгінде айтулы жазушы Бейбіт Қойшыбаев еді.

Жастық шақтың «жаңа бір нәрсе жасасақ» дейтіндей  жалындап, алып ұшып тұратын, алға ұмтылатын, құлшынысты, өршіл  өзгешелігі болады. Сондай албырттықтың әсері шығар, жастар жағы журналды жұрт қызыға оқитындай етіп шығарғымыз келді. Ол үшін әрине, бұрын-соңды қозғала қоймаған, елді елең еткізетіндей тың тақырыптарды көтеру керек. Осындай ой-мақсатпен ықылым заманнан бері келе жатқан, қазақ арасындағы емшілік, тәуіптік, бақсылық-балгерлікті жазуды жөн көрдік. Мұны өзімізше жан-жақты талқылап, саралап «Халық медицинасы: пікірталасқа шақырамыз» деген айдар тағып, «Бақсылықта құпия бар ма?» деп ортақ тақырып қойып, екі мақала жариялап кеп жібердік. («Білім және еңбек», 1982, №10) Бірі - Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейінің бөлім меңгерушісі Күзенбай Байбосыновтың «Балбике бақсы»  да, екіншісі - Қазақ КСР Ғылым академиясы Ш.Уәлиханов атындағы тарих, археология және этнография институтының ғылыми қызметкері Самат Өтениязовтың «Көне деректерге көз жіберсек...» деген мақаласы.

Бұлардың алдына «... талай ғасырдан бері ұрпақтан-ұрпаққа тарап келе жатқан халық медицинасының мүмкіндігін ешкім де жоққа шығармайды. Оның көмегімен емделіп, айығып кеткендер қаншама. өйткені ол өмірдің өзінен жинақталған тәжірибе. Кейбір діни-соқыр сенімдерге байланысты жақтарын ескермесек, халықтың емшілік өнерінің толып жатқан пайдалы, прогрессивті тұстары бар. Өкінішке қарай, кейде біз көріп-білмей, ғылыми медицинаны бетке ұстап, ел арасындағы емдеу тәсілдерін орынсыз жоққа шығара береміз. Сірә, бұл халық медицинасы жөнінде  тиянақты да тұжырымды ғылыми еңбектердің , зерттеулердің тапшылығынан болса керек. Сондықтан да қазақ арасындағы емшілік, тәуіпшілік, бақсылық объективті түрде зерттеуді, лайықты бағасын беруде қажет етеді» деп басталатын  сол кездегі саясатқа қиғаш келмейтіндей түсініктеме аннотация бердік. Бір жағынан, құпиясы мен сыры онша ашыла қоймаған жалпы осы бақсылық жайында жұртшылық  арасында қозғау салып, ғалымдарды, мамандарды, дәрігерлерді, көзі ашық, көкрегі ояу оқырмандарды пікірталасқа, ой бөлісуге шақыруды мақсат еттік.

Алғашқы мақалада автор Балбике бақсы жайында ешбір алып-қоспасыз көрген-білгенін жазса, екіншісінде ХVІІІ ғасырда қазақ сахарасындағы бақсылыққа  П.С. Паллас, П. Рычков сияқты саяхатшылардың мән беріп, өз естеліктерінде жазып қалдырғаны, сонан соң оны бурят ғалымы Доржи Банзаров (1823-1855), қазақ ғалымы Шоқан Уәлиханов (1835-1865), бұлардан сәл ертерек ағылшын философы Капрлейл Томас (1795-1881) зерттегені, сондай-ақ, бұл тақырыпқа ХІХ ғасырда Г.Н. Потанин, Ф.Поярков, Ә.Диваев, Б. Досымбеков т.б. ден қойғаны айтылды. Тіпті, бақсылықтың тамырының тым тереңде жатқанын білдіру үшін мынандай қызықты дерек те келтірілді. «Мысалы, V ғасырда ғұндар патшасы Аттилла (Еділдің) айналасында көптеген талантты бақсылар болған. Олар болатын әрбір оқиғаны күні бұрын болжап, патшаға жеткізіп отырған. Мәселен, 451 жылғы тарихта бұрын-соңды болмаған әйгілі қырғын - Каталуния шайқасын алдын ала сол бақсылар құмалақ ашып, болжап, шайқастың тағдырын қандай болатынын да айтып берген. Айтқандары артынан айдай келген...» ( Иордан.О происхождении и деяниях гетов, Москва, 1960. 104-109 беттер)

Ақиқатын айтқанда, бұл мақаланы көтеріп отырған мәселеміз жалаң болмасын, әрі тақырыптың тұздығы болсын, оның үстіне журналымыз ғылыми-танымдық басылым ғой, деп  әдейі қостық. Бір айта кетерлігі, мақаланың ішінде атақты Қойлыбай бақсы туралы:

Ертеде ел бар екен аты найман,

Қытайға қалың найман қанат жайған.

Қалың найман ішінде - бағаналы,

Қазақта бақсы асқан жоқ Қойлыбайдан.

Қойлыбай жын жүгендеп, пері мінген,

Астында жорғалаған шашты сайтан.

Қойлыбай қобыз алса-ақ, қалбалақтап,

Қоқаман жетіп келер әлдеқайдан, - деп басталлатын жырдан үзінді де берілді. Журнал жарық көріп, жұртқа тарап та кетті. Ендігі жерде: «әй, бір қызықты  пікірталас туатын болды-ау?!» деп жақсыдан үміт етіп, оқырмандардың ықылас-көзқарасын күтіп жүрдік.

Не керек, бір күндері : «ойбай не дейсің, «Білім және еңбек» журналы ескілікті қозғап, феодалдық дәуірді дәріптеп, бақсылық туралы мақала жариялапты. Онымен қоймай «халық жауы» Мағжан Жұмабаев дейтіннің Қойлыбай бақсы жайында поэмасынан үзінді беріпті!» деген жаманатты сөз шықты. Шындығында біз әлгі жырдың Мағжандыкі екенін білген жоқпыз, тіпті ішімізде Мағжанның атын естімегендер де болатын. Өйткені, ол кезде Мағжан, Ахмет, Әлихан, Міржақып, Жүсіпбектердің есімдері тас  бүрекеулі еді. Сондықтан мұны асыра сілтеуші кейбір жандайшаптар әр саққа жүгіртіп,  «олар мұны біле тұра әдейі жариялаған» дегендей өсек-аяң тараптып, қауесет қаулап кетті. Мұны күтпеген біз абдырап қалдық. Оқиға бұлай өрбиді деп үш ұйықтасақ түсімізге  енген емес.

Обалына не керек, осындай бір пәлекеттің боларын сезді ме, я болмаса 37-ші жылдың зобалаңын есітіп, елуінші жылдардың қуғын-сүргінін шет жағасын көргендіктен бе, ішіміздегі ересек журналистер, үлкен кісілер:

- Сол бақсылық-балгерлік дегенді жазбай-ақ қояйық та. Ертең феодалдық байшыл заманды аңсапсындар, ескілікті қозғапсыңдар, деп бәле салып жүрер, - деп сақтық танытқан. Оған біз бойдағы қызуқандылық жастыққа тән албырттық әрі аңғалдықпен: «өй, объективті, әділетті турде жазсақ бізге не істейді?!» - деп бой бермегенбіз. Әрі кәзір «асыра сілтеп, жазықсыз жазалай беретіндей» баяғы «37-ші жыл» емес, заман түзелген, біздер  «кемелденген социализм» жағдайында  өмір сүріп жатырмыз дегенбіз. Сөйтсек, мықтап қателескен екенбіз.  «Отыз жеті» мен елуінші жылдардың  салқыны мен сарқыншағы әлі қала қоймаған екен..

Бұл әңгіме өрши түсіп, ақырында республикадағы бар билікті уысында ұстап тұрған Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетіне жетіп, ондағылар комсомолдың орталық комитетіне «Білім және еңбек» журналының мәселесін қараңдар, саяси тұрғыдан баға беріңдер, тәртіпке салыңдар!» деген тапсырма берген көрінеді. Айтқандай-ақ, көп ұзамай республика комсомолы ОК бюросында біздің мәселеміз қаралатыны белгілі болды. Біз де жаманшылық тілемей, жақсылықтан, ақиқаттан үміт үзбей: «бәрін әділетті объективті қарап, ақты - ақ, қараны - қара дейтін шығар, кемшілігімізді көрсетіп, оны түзету жөнінде бағыт-бағдар беретін шығар», деп ойладық. Сондықтан жіберген комиссиясының алдына жасаған жұмыстарымызды, барымызды жайып салуға тырыстық. Жер-жердегі оқырмандардың, авторлардың қолдап-қуаттауымен «Келешек келбеті» деп аталатын, жас мүсіншілер мен суретшілердің туындыларынан тұратын көрме ұйымдастырғанбыз. Оны талайлар көріп, тамашалап тамсанып кеткен. Соны көрсеттік. Бірақ та жіберілген комиссия мүшелерінің көңіл ауанынан, іс-әрекет пен қойған сұрақтарынан байқағанымыз олар бізден кемшілікті, қателікті көбірек табуға, сөйтіп анықтама-қорытындыны теріс сипатта жазуға келген екен.

Дүниедегі ең қиын нәрсе жазықсыз жапа шегу. Негізсіз жаманатты болып қалу. Сондықтан біз де қарап қалмай, тал қармап, өзімізді қорғайтындай дәлел-уәж іздей бастадық. Бізге тілектестер, барынша қол ұшын беруге тырысқандар болды. Біреулерден «Мағжан Жұмабаев 1960 жылы Түркістан әскери округы трибуналының үкімімен ақталған» дегенді естідік. Қателеспесем, ол үкімнің көшірмесін редакцияға Мағжанның туысы,  кезінде Түркістан легионында болып, Сібірде жазасын өтеп келген, ақын Хамза Абдуллин ақсақал әкеліп берді. Сондай-ақ, жиырмасыншы жылдары Мәскеудегі Көркем әдебиет институтын басқарған, орыстың әйгілі ақыны Валерий Брюсевтің сондағы бір курстың жетекшісіне Мағжан туралы: «Мен сізге қазақтың Пушкинін жіберіп отырмын» деп жазған хатының   мәтінін де сол кісінің қолынан көрдік. Біз білмегенімен жұрттың біразы, әсіресе, аға буынның өкілдері Мағжанның ақындығын, өлеңдерін жақсы біледі екен. Базы біреулер:

Түркістан  - екі дүние есігі ғой,

Түркістан - ер түріктің бесігі ғой.

Тамаша Түркістандай жерде туған,

Түріктің тәңір берген несібі ғой, - деп жазған сол ақын ғой, дегенді сыбырлап айтып  жүрді.

Тіпті, кейбір білетіндердің айтуынша 1969 жылы  Мағжанның шығармашылығы жайында «Простор» журналына  көлемді материал жариялау әрекеті де болған көрінеді. Бірақ оны өзге емес (кәзір атын айтсаң, жүзің ұялатын), өзіміздің атақты жазушыларымыз Орталық Комитетке  «ойбай-ау, ол халық жауы ғой!» деп, шағым айтып,  «аттандап» жүріп, мақаланы  шыққалы тұрған жерінен алдыртып тастапты.

Әрине мұның бәрі кәзір айтуға оңай. Бұл оқиға кезінде біздің талай уақытымызды алып, жүйкемізді әлденеше есе жұқартты. Жұмыстың да берекесі кетті. Баяғы жастық құлшыныс пен энтузиазм су сепкендей басылды. Дегенмен басымызда «қара бүлт үйрілген» сол бір күндерде басшымыз болған, журналдың Бас редакторы Бекеңнің (Бейбіт Қойшыбаевтың) жас та болса үлкен төзімділік пен сабырлылық танытқанын айту парыз. Оның өзін сондай қалыпта ұстауы жігеріміздің жасымай, үмітімізді сөнбеуіне зор ықпал етті деуге болады.

Сөйтіп, не керек, ақыры «Білім және еңбек» журналының мәселесін, яғни жастар мен жасөспірімдерге коммунистік тәрбие беруде жіберген кемшіліктері бойынша Қазақстан комсомолы орталық комитетінің бюросында тайлы-таяғымызбен шақырып қарады. Бірінші хатшы Серік Әбдірахманов дейтін азамат. Әрине бүгінгі күннің деңгейінен «өйту керек еді, бүйту керек еді» деп айта беруге болады. Бірақ ол кезде де төменнен бастап, жоғарыға дейін басшының қай-қайсысы да жүйенің ымырасыз орындаушылары болды. Кәзір де сол әдеттен арылдық, аулақ кеттік деу қиын. Сондықтан оған да жоғарыдан сондай «тапсырма» берілген болуы керек. Өйткені, ол уақытта комсомол партияның сенімді серігі, лайықты резерві ғана емес, айтқанын екі етпей орындайтын қолғанаты әрі қолбаласы-тын. Ал, партияның тапсырмасын орындамау өзіңді оққа байлаумен тең. Ер-тоқымың сыпырылып, көшеде жұмыссыз қалуың оп-оңай еді. Дегенмен, алдыңғылардың қателігін кейінгілер қайталамауы үшін ақиқатты әдебімен айтып отырған жөн.

Бюро мүшелері де біздің мәселемізді қарауға «тас түйін» дайындалған екен. Іштерінде қазақша біліп, журналды түсініп оқитындары бар, оқымайтындары бар бірінен соң бірі шығып, қызына сөйлеп, әрбір ісімізден кемшілік-ілік  іздеп тауып, бізді қаралап жатты. «Коммунистік тәрбиеге жат, қайдағы бір бақсылықты жазып нелерің бар,  Мағжан Жұмабаев деген «халық жауының» өлеңін қайдан алдыңдар, оны сендерге кім берді, біле тұра әдейі бастыңдар», деп кінәлады. Ол кісі (Мағжан Жұмабаев)1960 жылы Түркістан әскери трибуналының үкімімен ақталған екен деп, ақтау қағазының көшірмесін көрсеткенімізде олар: «бұл нағыз саяси ақтау емес, жәй азаматтық ақтау» деп шығарды. Аңғалдық әрі тәжірибесіздік қой, біз бұған кәдімгідей тосылып қалдық. Артынан анықтап білсек «ақтау» (реабилитация) «саяси» және «азаматтық» деп бөлінбей біреу-ақ болады екен. Мағжан Жұмабаев басқадай қылмыстары үшін емес, саяси көзқарасы үшін сотталған және сол бойынша ақталған болып шықты.

1981 жылы Қазақстанның Ресейге қосылуының 250 жылдығына орай, осы оқиғаны алға тартып, журналдың бетінде Абылайхан мен Әбілхайыр жайында материалдар беріп, суреттерін жариялағанбыз. Осынымызды да «саяси  таяздық», идеологиялық қателік деп тапты. Біз олардың прогрессивті жақтарымен қатар, кемшіліктерін де сынап көрсеттік дегенімізді қаперлеріне де аламады. «Сынап жетістіріпсіңдер, жұрт оларды хан көтеріп, ұлықтап үйлерінің төрлеріне іліп қойыпты», десті.

Тіпті олар,  қыза-қыза келгенде деген журналдың аты затына сай емес,  «Білім және еңбек» болғандықтан сендер 50 процент білім, 50 процент еңбек туралы жазуларың керек, дегенге дейін барды. Осыған байланысты бас редакторымыздың журналдың аты олай бейнелі түрде қойыла береді, бұл жастарға арналған ғылыми-көпшілік танымдық басылым, мәселен Мәскеуден «Огонек» дейтін журнал шығады, бірақ та ол от  туралы жазбайды, ал Қазақстанда «Жұлдыз» дейтін журнал басылады, бұл да  жұлдыздар жайында жазбайды деп еді. Бұл сөз бюро мүшелерінің шамына тиіп, жағдайды одан әрі ушықтырып жіберді. Олар бұрыңғыда да өршелене түсті. Бюроға бізбен бірге басқа да жастар мен балалар басылымдарының редакторлары, республикамызға танымал, атақтары дардай ақын-жазушылар қатысып отырды. Әншейінде адуынды, кеуделерін қағатын, сол аға-апаларымыз  әділін айтып, бізге ара түсетін шығар десек, қайта бұқпантайлап, бастарын құмға тыққан түйеқұстай «сен тимесең, мен тименге» көшіп, тіпті, кейбіреулері  балағымыздан тартып, «ойбай, отыр, үндеме!» деп аузымызға қақпақ бола берді.

Ерте аққан жұлдыздай ертерек бақилық болған, аңқылдаған  ақ жарқын азамат, белгілі спорт журналисі, марқұм Қынабай Аралбаев ол кезде біздің журналда қызмет істеуші еді. Сол әлгіндей бізді орынсыз қаралау мен кінәлау қызған шақта шыдай алмай орнынан атып тұрып:

- Біз комсомолдың журналымыз. Сондықтан оның жоғары ұйымынан бастауыш ұйымына дейін бізді қолдап, көмектесулері керек. Ал, біз жергілікті жерлерге барғанда керісінше небір таңқаларлық жәйттерге тап боламыз. Кейбір аудандақ комсомол комитетінің бірінші хатшылары «Білім және еңбек» дейтін журналдың бар екенін де білмейді. Ол журнал Мәскеуден шыға ма, әлде Алматыдан шыға ма? деп сұрайды, - деді.

Бұған бюроны жүргізіп отырған комсомолдың бірінші хатшысы кекесінмен  жауап қатып:

-   Әй, Қынабай, - деді. - Ол бірінші хатшылар сенің журналың түгіл мен барсам, мені де танымай қалуы мүмкін. Сондықтан оларға еш ренжуге болмайды.

Қынабай да қалыспай:

-   Секе, сізді білмесе білмесін. Бірақ жалғыз ғылыми-көпшілік журналды білуі керек! - деп қойып қалды.

Шамасы, бірінші хатшы мұндай сөзді күтпеген болуы керек. Өйткені ол кезде бюроның үстінде бірінші басшыға қарсы сөйлейтіндер болмайтын. Сондықтан  ызаға булыққан ол:

- Жолдас, Аралбаев, - деді сәлден кейін, - кәзір сен журналдың білдей бір қызметкерімін деп сайрап отырсың ғой. Бірақ, сенің  осы арадан қызметіңнен қуылған, жұмыссыз болып шығуың оп-оңай. Сондықтан тыныш отыр! - деді. Жұрт сілтідей тынды.

Үлкендер мұндайды аңғалдық, балалық деуші ме еді. Сол айтпақшы, біздікі шын балалық жөне аңғалдық екен. Өзімізше қисынды пікір, орынды дәлел айтсақ құлақ асатын шығар деп жүрміз ғой. Сөйтсек онымыздың бәрі бос әурешілік болып шықты. Жоғарыдан бәрі алдын ала кесіліп, мәселе шешіліп қойған екен.

Сонымен не керек, бюроның қорытындысы бойынша Бас редакторымызды қызметінен босатты да, калғандарымызға бір-бір сөгісті арқалатып жіберді. Осымен іс бітті деді. Басты төмен салып, үнжырғамыз түсіп бюродан шығып жүре бердік. Мен өзім әлі күнге ұмытпаймын. Басымызға бұлт үйіріліп, теперіш көрген сондай бір қиын сәтте, көрнекті қаламгер сыншы, қоғам, мемлекет қайраткері дәрежесіне дейін өскен, аяулы азамат Сағат Әшімбаев ағамыз біздерге кісілік пен парасаттылықтың биік үлгісін көрсетті. Еңсеміз түсіп, жігеріміз құм болып тұрған бәрімізді жинап алып:

- Әй, жігіттер, кешке  Бейбіттің үйіне барайық,- деді. - Ат үстінде, қызметте жүргенде жаныңнан шықпайтын жағымпаздар көп болады. Қызметтен түстің бе, ондайлар зым-зия жоғалады. Біз адамдық қасиетімізді сақтап, азаматтың жанына жалау болып, көңілін аулап қайтайық. «Лениншіл жас» газетінде жүргенде мұндай әділетсіздікті мен де бастан кешкенмін.- деді. Айтқандай-ақ, Сағат аға бас болып, Бекеңнің үйіне барып, басу айтып, түннің бір уағына дейін отырып қайттық.

Адам бәріне шыдағанымен, әсіресе, қиянат пен әділетсіздікке шыдай алмайды екен. Елдің арасында біздің журнал туралы неше түрлі қауесет, алып-қашпа әңгіме тарады. Біреулер: «өздеріне де сол керек, бақсылықты жазып,, «халық жауының» өлеңін жариялап несі бар» десті. Енді біреулер: «бұл өзі әу бастан ұлтшылдық, керітартпа бағыттағы журнал, бұған өмірі басшы құтайған емес» дегенді айтып жүрді. Соңғы сөздің расында да «жаны бар» еді. Өйткені, бұған дейін де «Білім және еңбек» талай рет саясатқа қайшы келетін мақалалар жариялап, талай рет басына «қара бұлт» үйірілген екен. Мысалы бір жолы қазақтың ру-шежіресін жазып, тағы бір жолы «алашордашыл» ғалым Әлімхан Ермеков туралы мақала басып жазықты болған көрінеді. Ал ғылымның мүддесі, ғылымның көкжиегі саясат шеңберінен әлдеқайда кең екенін, оның ондай қасаң ноқтаға басы сыймай, күрмеуін үзіп кете беретінін аңғал халық, қайран казекем, қайдан білсін!

«Шешінген судан тайынбайды». Көрер көзге жасалған қиянатқа төзе алмай біз ұжым болып, төрелік сұрап Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетіне, тура Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың өзіне шағым хат жаздық. Өйткені, жұрттан ол кісінің алдына барған адамның меселі қайтпайды, қолына тиген арыз-шағым қараусыз қаламайды дегенді еститінбіз. Кеудеміз мен көкейімізде сондай сәулелі үміт пен сенім болды.

Көп болып, ұжымның атынан жазылған соң ба, сәл күннен кейін-ақ «дұрыстап дайындалындар, сендерді Қонаевтың өзі қабылдайды» деген сөз шықты. Біз бойымызды-ойымызды түзеп, айтатын сөздерімізді пысықтап, ол кісінің алдына кіргенше әрі қуанып, әрі қобалжып жүрдік. Бірақ бер жақтағы жандайшаптар бізді барынша үлкен кісінің алдына жібермеуге тырысып бақты. Ақыры дегендеріне жетіп, бізді Димекең емес, идеология жөніндегі хатшы Кәкімжан Қазыбаев қабылдайтын болды. Бұған да шүкір дедік. Себебі, ол кісі біздің аға буын әріптесіміз. Бұған дейін ҚазТАГ-тің директоры болған. Алматы облыстық «Жетісу», республикалық «Лениншіл жас» газеттерінде қызмет істеген. Сондықтан мәселенің ақ-қарасын айтатын шығар, деп үміттендік. Бірақ ол кісі де бізді ренішпен қарсы алды. Ортамыздағы үлкендеріміз  Танаш аға Дәуренбеков пен Жүнісбек аға Пайызовты бұрынан таниды екен. Олардың әрқайсысының журнал редакциясында қанша уақыт бері жұмыс істеп келе жатқандарын сұрады. Ішіміздегі тағы бір жігітке бұрылып:

-                            Сен өзің партия ұйымының хатшысы екенсің. Айтшы, кімдікі дұрыс?- деп еді. Анау өзінің кәдімгі көңілжықпас әдетіне басып:

-                            Сіздердікі де дұрыс, біздікі де дұрыс,- дегені. Сонда Кәкең басын шайқап:

-                            Егер соғыс бола қалса мына қу екі жаққа бірдей қызмет етіп жүре беретіннің өзі ғой,- деді. Бәріміз ду күлдік.. Бірақ, бір жағынан қатарымыздағы бір азаматтың бұлай сөйлегеніне ыңғайсызданып  та қалдық.

-   Елді шулатып, бұлай еткендерің жарамады,- деді одан әрі сөзін сабақтап.. Сонан соң журналдың бетінде жіберген «біраз кемшіліктерімізді» айтып өтті. -Жетекші басылым «Социалистік Қазақстанның» өзі «январь», «февраль», «март» десе, сендер қолданыстан қалған, қайдағы бір ескіше атауларды тауып алып: «қаңтар», «ақпан», «наурыз» деп бүйректен сирек шығарасыңдар,- деді.- Ұзын сөздің қысқасы бұрыңғы бас редакторларыңды қайтара алмаймыз. Орнына жақында бір білікті азамат барады. Сол бәрін түзеп, қалпына келтіреді»,- деп қорытты. Шамалауымызша бұл кісі де әділетсіздіктің болғанын, асыра сілтеудің орын алғанын - бәрі-бәрін біліп, көріп отырса да сол кездегі жүйенің, биліктің ықпалынан шыға алмады.

Бірақ, әйтсе де Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаев  Бейбіт Қойшыбаевтың СОКП Орталық Комитетіне жазған арызына орай, өзі қабылдап сөйлесіп, тікелей «Социалистік Қазақстан» газетіне бөлім меңгерушісі етіп орналастырды. Ақиқаттың кешігіп жеткеніндей бұл да болса кішкене көңілге демеу болып, біздің шындық іздеп, шырылдап жүргеніміздің  тегін емес екенін жұрт сәл де болса ұққандай болды.

Міне, сол оқиғадан бері де талай заман өтті. Бәрі өтеді бәрі өзгереді деген рас. Қоғамымызда, елімізде адамның түсіне кіріп шықпайтыңдай талай өзгерістер белең алды. Біз бүгінде басқалармен терезесі тең егеменді ел, өз алдымызға тәуелсіз мемлекет болдық.

Заман солай ма, әлде кейбір адам солай ма? Баяғы бізді «ұлтшылсындар, ескі байшыл-феодалдық қоғамды аңсайсыңдар!» деп кінәлаған қулардың кейіннен заманның ағымына қарай өзгеріп, уақыттың ту көтеруші белсенділері болып алды. «Елім, халқым, қазағым!» деп еңірегеңде етектері жасқа толды. Ал «Білім және еңбек» Мағжан Жұмабаев дейтін «халық жауының» өлеңінен үзінді жариялапты!» деп қоламтаны қоздырып, отқа май құюшылар ше? Олар артынан Ахмет, Әлихан, Мағжан, Жүсіпбектердің жоқтаушысына айналды. «Есіл, ерлер-ай!...» деп аһ ұрып сөйлегенде  көзіңе еріксіз жас келіп, қабырғаң қайысатындай еді. Тек олардың кешегісін жақсы білетіндер ғана іштей қынжылып, амалсыз бастарын шайқайтын. Ендігі жерде мұндайдан кейінгі ұрпақ сабақ алса екен, екіжүзділіктен аулақ болса екен деп тілейсің.

Егемендігіміз ұзағынан болып, келешегімізді бергей дейсің!  Бір қуанатынымыз, қараңғы қапаста жатып:

Абақтыда айды, күнді жаңылдым,

Сарғайдым ғой, сардаламды сағындым.

«Қарашығым, құлыным!» - деп зарлаған,

Алыстағы сорлы анамды сағындым.

 

Алтын Күнді, қара жерді сағындым,

Жан жолдасым жүйрік желді сағындым.

Асау тайдай еркелетіп өсірген,

Ағайынды, туған елді сағындым.

 

Қазағымды қалың елді сағындым,

Сарыарқамды, сайран жерді сағындым.

Балдай бұлақ, мөлдір күміс көбікті,

Арқадағы айдын көлді сағындым,- деп жырлаған ақиық ақын, Байрон, Пушкин секілді қазақтан шыққан романтикалық поэзияның талантты өкілі Мағжан Жұмабаев халқымен қайта қауышты. Әдебиетіміздің төрінен өзінің лайықты орнын алды. Артында өлмес мұрасы қалды. Мағжанды  кешегідей «халық жауы» емес, қазақтың мақтан етуге тұрарлықтай көрнекті ақыны деп танитын, әрі бағалайтын жаңа ұрпақ, жаңа буын өсіп жетілді. Бұған да тәуба.

"Абай-ақпарат"

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5354