Сенбі, 23 Қараша 2024
Дидар-ғайып 9731 25 пікір 18 Мамыр, 2020 сағат 11:03

Қазақ тележурналистикасына «төңкеріс» жасаған тұлға еді

Ел-жұртқа есім-сойы кеңінен танылған журналист, тележүргізуші Бейсен Құранбек 49 жасқа қараған шағында дүниеден өтті.

«Белгілі журналист Бейсен Абайұлы Құранбектің қайтыс болуына орай, Амандық Баталовтың тапсырмасымен облыстық комиссия құрылды. Ағамызды соңғы сапарға шығарып салу облыстық деңгейде өтетін болады», - деп жазды Алматы облысы әкімінің баспасөз хатшысы Ғалымұрат Жүкел.

Бейсен Абайұлы шын мәнінде қазақ журналистикасының, қазақ телеэфирінің сақасына айналған адам еді. «Тоғыз ұлым – бір төбе, Ертөстігім бір төбе» дегендей, қазақ телеэфиріндегі қыз-жігіттердің ішінде Бейсен Құранбектің орны бөлек болды. Оның «Айтуға оңайы» елдегі телебағдарламалар арасында төңкеріс жасады. Қазақ телевизия саласындағы ток-шоу түсінігіне анықтама берді. Несімен дерсіз? Бұл сауалға «Айтуға оңайдың» миллиондаған көрермендері өзінше жауап айтар. Дегенмен, сол жауаптардың түйісер тұсы біреу – Бейсен Құранбектің «Айтуға оңай» - біздің өміріміздің шын бейнесін, әлеуметтік жағдайымыздың боямасыз шындығын көрсетті, айта білді.

«Білу – бөлек, түсіну – басқа.

Жыл басынан бергі ішкі арпалысқа толы күндерімде, ұйқысыз түндерімде үш нәрсені тереңірек түсіндім... Бірінші:

Ұстазым жиі айтатын «бұл өмірде ақшадан да, биліктен де құдіретті дүние бар. Ол ниеттің, тілектің, батаның күші» деген сөздің рас екенін.

Екінші, халқымыздың «басты байлық – денсаулық» деп бір ауыз сөзбен айта салған даналығына бас идім. Ұйқы тыныш, тәбетің жақсы боп, ертеңгісін еш жерің ауырмай оянудың өзі жарты бақыт екенін ұқтым.

Үшіншіден, бабаларымыз қалдырған «Байлық – қолға ұстаған мұз, Бақыт – басқа қонған құс, Бала – артта қалар із, бұл өмірдің қызығы – Сіз бен Біз» деген сөзінің тұтас өмірлік философия екенін, өмірдің мәні де, сәні де сыйластықта екенін әр клеткаммен сезіндім.

Менің ешқандай «заслугам» жоқ туған күнімде ақжарма тілегін ақтарған баршаңызға мың қайтара алғыс айта отырып, бір-біріміздің тілеуімізді тілеп, денсаулықтың қадірін біліп, бір-бірімізді шын көңілмен құрметтей білейікші дегім келеді.

Бар болыңыздар!!!»

Бұл Бейсен Құранбектің 48 жасқа толған туған күнінде жазған әлеуметтік желідегі соңғы жазбасы.

Былтырғы жылдың соңында тележүргізушінің ауыр дертке шалдыққаны туралы хабар тарап кеткен еді. Ол 2019 жылдың ақпан айында желідегі парақшасына бір жарым жылдың ішінде дәрігерлердің екі рет аман алып қалғанын жазған. Ал әріптестері бұл мәліметті жоққа шығарып, тоқтаусыз жұмыс істегендіктен жүйкесіне салмақ түскенін, ем алып жатқанын, жақын арада жазылып, жұмысына қайта кірісетінін айтқан.

Бейсен Құранбектің отбасына, туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтамыз!

Abai.kz ұжымы


 

Бейсен Құранбек: Менің формулам

Мен өзіме формула жасадым. Кез келген адам он жылда өз саласының мықты маманы бола алады. Мейлі қай саланы таңдасаңдар да, бəрібір он жылсыз жетістікке жету қиын. Мықты маман болсаңдар, рахаттанып өмір сүресіңдер.

Ал мықты маман болу жолында төрт нəрсе кедергі. Оның біразын бабаларымыз бұрыннан айтып кеткен. Тағы бір кедергі түрін өзім қостым.

Біріншісі – кежірлік. Яғни, кері тартушылық. Адам таңертең тұрады да, жүгіріп келуді ойлайды. Сыртқа шыққан сəтте «Неғыласың жүгіріп, бүгін дала салқын, жаңбыр жауып тұр, Берік пен Самат та жүгіріп жүрген жоқ қой» деген сияқты желкеден тартар ой келеді.

Сөйтіп, жүгіргелі тұрған адамды кертартпалық алды да, үйге кері қайтарды.

Екінші жау – жалқаулық. Кейде интернетте 4-5 сағат отырасыңдар ғой, иə? Кейбіреуді сериал ұстап отырады. Бір нəрсе істейін дейсіңдер де, қолды бір сілтеп, орындарыңнан тұрғыларың келмейді.

Ал үшіншісі – ұйқышылдық. Түнде ұйқыларың қанғанша ұйықтаңдар. Бірақ, сабаққа ұйықтап келіп, ұйықтап қайтуға болмайды. Ондайда ойың сабақта емес, басқа жақта отырады. Рас па?

Талай уақыт бұрын Мəшһүр Жүсіп Көпеев «Осы үшеуі жігітті кедей қылады, сорлы қылады, өмірін қор қылады»деп жазған. Бұл үш жаудан қалай құтылуға болады деп, арнайы тренингтер де өткізеді.

Сонда бəрібір бірдеңе жетпей қалады. Сөйтсек, жігітке сенімсіздік пен қорқақтық та үлкен кедергі екен. Бірнəрсені үйренуден де, жасаудан да қорқамыз. Батырлық деген төбелесу мен ұрыс емес.

Батырлық деген – өзіңнің қалаған жұмысыңды істей алу, ата-анаңа,қыздарға қамқор болу, сөзіңде тұру,қиындыққа шығу, өз мақса-тыңа жету жолында өзіңе талап қоя білу. Ал осы төрт кедергіден қалай құтыламыз?

Айтайын. Кежірліктен құтылу жолы – тілалғыштық қасиетті күшейту. Ата-анаң, мұғалімің айтқан тапсырманы дəл сол сəтте орындап тастау. Бір күн түгілі, бір сағатқа да кешіктірмеуге тырыс. Мəселен, ертең апайың саған Италияға жарысқа барасың десе, не істер едің? Жанталасып, жинала бастайсың. Ұйқы да, жалқаулық та жайына қалады. Сондай өзіңе ұнайтын, қалайтын ісің болу керек.

Ал қорқақтықтан қалай құтыламыз? Балалар, ҰБТ-дан, емтиханнан қорқуға болмайды. Қорқамын дегенше, жақсылап дайындалу керек. Сол оқыған сұрақтарың келеді ғой. Сосын жас кезде жылдам қимылдаңдар. Əбден толысып, бəріне қол жеткенде асықпай жүрсеңдер болады. Ақыл айту оңай, əрине. Дегенмен, тырысып көріңдер.

(Думан Бықайдың парақшасынан алынды)

Abai.kz

25 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1482
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3254
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5498