Бізді сорлатып отырған не?
«Тарихты жасайтын тұлғалар» деп жатады. Дұрыс. Келісемін. Сол секілді қатып қалған мемлекеттік жүйеге үлкен өзгерістер әкелетін де, тың бастамалар көтеретін де, соны соқпақтармен алып жүретін де саясатқа тосын келген азаматтар. Мәселен АҚШ президенті Дональд Трамп, Қытай басшысы Си Цзиньпин, Франция президенті Эммануэль Макрон, Ресей президенті Владимир Путинді айтсақ болады.
Трамп кіші Буш пен Обама кезінде ішкі-сыртқы саясаты әрі-сәрі күй кешкен АҚШ-ты тік тұрғызды, бизнестен келседе саясатта балықтай жүзді, АҚШ өркениеттің көш басында тұрған мемлекет екенін жаһанға мойындатты, Си Цзиньпин мемлекеттегі бар билікті бір қоға жинап, ымырасыз саясат жүргізетін бір беткей басшы екенін танытты, Эммануэль Макрон тек Францияны ғана емес, үйірлес елдер – Еуродақты АҚШ-тың алдына бас имейтін тәуелсіз одақ ретінде көргісі келіп, соның қамын жасап жатыр. Ал, Путин Ельцин кезінде тозып, пұшайман болған Ресейді қайта «тірілтті». Экономикасы әлсіз болған мен қарумен әлемді үрейде ұстауда. Орыс мүддесін алға шығарды.
Аты аталған басшылардың қай-қайсысы да өздері (жақсы ма, жаман ба оған біз баға бермейміз) басқарған елдерде үлкен дүмпу жасады. Қасаң жүйені өзгертті. Мемлекеттің мүддесін қорғады.
Ал, бізде ше? Өкініштісі, тәуелсіз ел атанған 29 жылда кещегі кеңестік жүйенің негізінде құрылған, сол арнамен әлі күнге келе жатқан саяси жүйемізді өзгертуге тырысқан бірде бір тұлға шықпады. Негізі шығармады. Неге? Өйткені билік яғни мемлекеттік қызмет белгілі бір шеңбердің ішіне кіргізілген. Оған бей-сауыт ешкім кіре алмайды және шығада алмайды. Оған кіру мен шығу "АҒАШКАЛАРДЫҢ" ишарасы арқылы жасалады. Шеңбердің ішіндегі мемлекет қызметкерлері (әкімдер, министрлер олардың орынбасарлары, премьер министр, депутатар, сенаторлар) әлде бір жағдаймен қызметтен босатылғанымен, екінші бір орынға барып жайғасады. Я болмаса орын алмасады. Кешегі әкім бүгін министр, бүгінгі министр ертеңгі әкім не болмаса тағы бір лауазымды қызмет дегендей. Сүйтіп шеңбердің ішінде айналып жүре береді. Бұл өте тиімсіз жүйе. Мемлекеттің дамуына тұсау. Демек мемлекеттік қызметтегі «шеңберді» бұзу керек. Білікті кадрлар қызметке келуі тиіс. Былайша айтқанда «қан жаңартып» отыру жүйесін қалыптастыру қажет. Сонда ғана мемлекетте оңды өзгерістер, серпінді даму болмақ. Ал, қазіргі жүйе өзгермесе осы сорлағанымыз сорлаған. Мұның түбі әлеуметтік жарылыстарға алып келері хақ.
Бұған жол бермейміз десек, тек қарақан басын ойлайтын мемлекеттік қызметтегі біліксіз, білімсіздердің орнына мемлекет мүддесін, ұлт мүддесін, халық мүддесін бірінші орынға қоятын мемлекетшіл кадрлар келуі тиіс деп ойлаймын.
Азаматхан Әміртайдың желідегі жазбасы
Abai.kz