Нағашыбай Қабылбек. Өмір-көкпар
1
Көкпарды көріп желпініп,
Шығармақ болып ер атын.
Жаратып, бапқа келтіріп,
Сынады қазақ екі атын.
Тұлғалы жан ед ер мүсін,
Тұла бой толы күш еді.
Өмірден көкпар еншісін,
Ала алмай жүрген кісі еді.
Жайлауда еркін жайылған,
Айдатып алып қос атты.
Көк шөпке әбден тойынған,
Іштерін жыннан босатты.
Шақырды таныс жандарды,
(Мақтану жат па пендеге).
Торы мен сұлу шабдарды,
Байлады әкеп кермеге.
Тесілген көзде есеп жоқ,
Сиқырлап алған шабдарға.
Көрінген торы мәстек боп,
Сынаған тайыз жандарға.
Алдымен қазақ көріксіз,
Торыны мініп байқаған.
Қимылын көріп еріксіз,
Түңіліп басын шайқаған.
Көкпарда қалай шабам деп,
Торы атты сынап-сорына.
Жүрісі жайсыз, шабан деп,
Салғанды қойдың соңына.
Шабдарға мініп таң қалды,
Жүрісі жайлы, биік деп,
Тазыдай ұшқыр шабдарды,
Тақымға басқан жүйрік деп.
Тағдырдың бұлда сынағы,
Талғамға талас болған ба.
Таланттың жағар шырағын,
Болмады бір жан сол маңда.
Торыға түсті бүкіл жүк,
Көтерсе оны танылар.
Дүбірді көрсе тыпыршып,
Қалатын еді жануар.
1
Көкпарды көріп желпініп,
Шығармақ болып ер атын.
Жаратып, бапқа келтіріп,
Сынады қазақ екі атын.
Тұлғалы жан ед ер мүсін,
Тұла бой толы күш еді.
Өмірден көкпар еншісін,
Ала алмай жүрген кісі еді.
Жайлауда еркін жайылған,
Айдатып алып қос атты.
Көк шөпке әбден тойынған,
Іштерін жыннан босатты.
Шақырды таныс жандарды,
(Мақтану жат па пендеге).
Торы мен сұлу шабдарды,
Байлады әкеп кермеге.
Тесілген көзде есеп жоқ,
Сиқырлап алған шабдарға.
Көрінген торы мәстек боп,
Сынаған тайыз жандарға.
Алдымен қазақ көріксіз,
Торыны мініп байқаған.
Қимылын көріп еріксіз,
Түңіліп басын шайқаған.
Көкпарда қалай шабам деп,
Торы атты сынап-сорына.
Жүрісі жайсыз, шабан деп,
Салғанды қойдың соңына.
Шабдарға мініп таң қалды,
Жүрісі жайлы, биік деп,
Тазыдай ұшқыр шабдарды,
Тақымға басқан жүйрік деп.
Тағдырдың бұлда сынағы,
Талғамға талас болған ба.
Таланттың жағар шырағын,
Болмады бір жан сол маңда.
Торыға түсті бүкіл жүк,
Көтерсе оны танылар.
Дүбірді көрсе тыпыршып,
Қалатын еді жануар.
Тумады айы оңынан,
Көргені ауыл, өріспен.
Жайылған қойдың соңынан,
Еретін маубас жүріспен.
Соңынан қойдың қалмады,
Торы аттан солай күй кеткен,
Ұшқырлық қана шабдарды,
Құтқарып қалды бейнеттен.
Қимылын кербез көргенде,
Жасандылыққа алданып.
Ойнақшып билеп жүргенге,
Қалатын бәрі таңданып.
Ауыздықпенен алысып,
Құтырып қөққе шапшитын.
Көргендер таңдай қағысып,
Мынауың тұлпар ат дейтін.
Торыны көрсе ойласар,
(Мінез жоқ онда шапшитын).
Жүрісін көріп жайбасар,
Қой үшін туған ат дейтін.
Көрсетер өзін сын көзге,
Келсе де сәті танылар.
Табиғат берген мінезден,
Ауытқымайтын жануар.
Дамылсыз қойға салғанда,
Еңсесін басар күш кілең.
Арқасы пышақ болғанда,
Түсетін тоқым үстінен.
Топырақ әбден жұққанша,
Тақырға аунап алатын.
Құмардан сосын шыққанша,
Жарысып желмен шабатын.
2
Жел жетпес жүйрік шығар деп,
Арындап қатты шапқанға.
Тұрқыда биік, шыдар деп,
Шабдарды қосқан көкпарға.
Қинады оны ышқынтып,
Сағымдай арбап әр төбе.
Серейген боймен, ұшқырлық,
Бермеді оған мәртебе.
Серкені алып қашқанда,
Моншақтап тері, тамшылап.
Тәкаппар қырдан асқанда,
Қалғанды шабдар қалжырап.
Кетсе де баста алшақтап,
Шаңына көміп аттарды.
Тынысы еркін қарсақ ат,
Жетуге бұған шақ қалды.
Бойында қуат таусылып,
Шиқандай ісіп кеңсірік.
Тынысы бітіп тұншығып,
Келеді шабдар теңселіп.
Тұяқтан дала дүрлігіп,
Сынауда дүлдүл аттарды.
Оңтайлы сәтті қу жігіт,
Аңдумен келе жатқанды.
Тасқындап, бірде құйындап,
Кейіндеп, бірде жақындап.
Жас жігіт мінген жүйрік ат,
Келеді қалмай тақымдап.
Жіберіп атын еркіне,
Бағуда жігіт аңысын,
Қол салды келіп серкеге,
Шабдардың байқап шабысын.
Шірене тартты тақымға ап,
Құламай шабдар шақ қалды.
Әкетті жұлып арынды ат,
Қарулы қолдан көкпарды.
Ышқынып барын төгеді,
Жеткенше шабдар өресі.
Қамшылап оны келеді,
Ашуға мінген иесі.
Өкінбей бұған көр енді,
Ыстық қан қайнап жүректе.
Иесі қызба жан еді,
Жинаған күшін білекке.
Көкпардан басы салбырап,
Мүжіліп қайтты бор жаны.
Әлсіздер мінген арғымақ,
Әкетті қолдан олжаны.
3
Шылбырын ұстап үміттің,
Шығарып естен өткенді.
Тулатып қанын қазақтың,
Думанды күнде жеткенді.
Самарқау тірлік жүдеткен,
Дарыны бойда тұншыққан.
Соңында қойдың күні өткен,
Торыны мүлде ұмытқан.
Бұлшық еттері ойнаған,
Серкені тартып жігіттер.
Қамшыны тістеп шайнаған,
Күш алып содан білектер.
Қайнаған кенет ортадан,
Бөлініп шықты жалғыз ат.
Үп еткен жел жоқ қырқада,
Соғып тұр ыстық аңызақ.
Барады оқтай зымырап,
Барынша сермеп құлашын.
Тұяқпен жерді бұрғылап,
Кеткенді дара қыр асып.
Көргендер естен танғанды,
Жүйрік деп желмен жарысқан.
Жұлдыздай аққан шабдарды,
Таныды халық алыстан.
Үркердей аз топ қиқулап,
Нысана қылып қараны.
Тұяқтан шерткен күй тыңдап,
Шабдарды қуып барады.
Мінезге ұшқыр салам деп,
Шабдардың атақ қуғаны.
Көрініп көзге шабам деп,
Келеді әрең қу жаны.
Қапырық ауа, алды орап,
Қарқыны бойдан ажырап,
Ауырлап дене салдырап,
Жыраға жетті ол қалжырап.
Титықтап әбден әлсіреп,
Секіріп шығып жырадан.
Биігім жеткен осы деп,
Зорығып шабдар құлаған.
Қия алмай жанын ардақты,
Кісінеп, жылап соңғы рет.
Зорығып өлді ол, ел жатты,
Жыраға құлап өлді деп.
Ажалдан келді бұйрық деп,
Жанбады бағы таланы.
Шабдарды дарын жүйрік деп,
Жыраға жапты жаланы.
Додаға барын салатын,
Тұлпар деп халық адасқан.
Жүргенде тірі алатын,
Асуы көп деп тарасқан.
4
Машина күндер зырлаған,
Көшесін жылдың шаңдатып.
Торы атта әбден қартайған,
Иесіде оның шау тартып.
Ғұмыры өтіп өрісте,
Артынан қойдың ілескен.
Булығып, үнсіз жүріспен,
Жүйріктің дарын үні өшкен.
Қожасы бәйге, көкпарға,
Қиюға жанын бар еді.
Сенбейді бірақ аттарға,
Өзіне ғана сенеді.
Қызынып бойы өртеніп,
Көкпарды көрсе жатпайтын.
Сарп еткен күштің өтеуін,
Аттары ақтап шықпайтын.
Бір күні мініп торы атқа,
Бақылап бәрін алыстан.
Қой жайып жүріп қыратта,
Көкпарды көрген таласқан.
Шашылған қойға қарамай,
Тартпаны мықтап тартқанды.
Делебесі қозып шыдамай,
Торы атқа қамшы басқанды.
Тигенде қамшы селт еткен,
Сүріне жаздап шақ қалды.
Қарайып қалған шабытпен,
Тоңқаңдап торы шапқанды.
Осқанда қамшы денесін,
Шиыршық атып таңданды.
Енжарлық басқан еңсесін,
Күтпеген торы мұндайды.
Қаншама жылдар тереңдеп,
Шатасқан түйін шешілген.
Тер шығып бойы жеңілдеп,
Бауырын жазып көсілген.
Тас кене дала жабысып,
Бауырына алды тығылып.
Келеді торы ағызып,
Апшысын жердің қуырып.
Манағы шапқан қой жатқан,
Қырқадан кетті алшақтап.
Иесі келеді аруақтап,
Көзінен жасы моншақтап.
Торы аттай ол да желпінді,
Жасарып көңіл толқыды іш.
"Өмірден көкпар еншімді,
Ала алмай кетсем өкініш".
Келеді сеніп үмітпен,
Торы аттай кәрі досына.
Құм жеген құрыш тұяқпен,
Жүрегі шапты қосыла.
Қиқулап жатқан жандарға,
Киліге кетіп қырқадан.
Серкені жұлып алды да,
Суырылып шықты ортадан.
Жеткізбес енді аттыға,
Барады торы жолды ұтып.
Борбайлап біраз шапты да,
Ұшқырлар қалды шаң жұтып.
Кейінге сақтап тынысын,
Алғандай қуат даладан.
Торының әсем шабысын,
Қызықтап халық қараған.
Самғауды көкте құс білер.
Торыда ұшты аспанға ай.
Шапқанда қосып күш жігер,
Арындап еді тасқындай.
Аламан топта торының,
Кезіде келген танылар.
Мойындап көптің қалғанын,
Білген жоқ бірақ жануар.
Аңсаған күнге жеткенін,
Сезініп, тулап қаны бар.
Өзінің жүйрік екенін,
Түйсікпен білген жануар.
Мақтаныш бойда ән шырқап,
Көңілі толып табысқа.
Иесі келеді таңырқап,
Табынып мынау шабысқа.
Іздеген жүйрік арман боп,
Қартайып түсті қолына.
Өкінді қалай салғам деп,
Торыны қойдың соңына.
Өкінішпенен азаптап,
Көңілін енжар сабаған,
Торы аттың мойнын құшақтап,
Еңіреп сосын жылаған.
«Абай-ақпарат»