Жұма, 22 Қараша 2024
жазылған жайдың жаңғырығы 5761 32 пікір 29 Мамыр, 2020 сағат 13:34

Зейнолла Сәнікті қаралаған Қабдештің өзі қандай?..

Автордың өзінің тақырыбы: Зейнолла Сәнікті қаралаған Тарбағатайдан «ел көшірген- идеолог» Қабдештің өзі қандай!

«Шыдай алмаған - буаз итін аңға қосады» дегендей, Қабдеш енді Асқар Иген деген біреуге қолқа салыпты. Ол Қабдешке ара түсемін деп, сол жақтасына Жанат Ахмадидің соққы боларлық көп сөйлемдерін қайталап айтып, өздерін-өздері масқаралаған. Ж.Ахмадиді «әр шөптің басын бір шалып...» дегені - жақтасына шоқпар боп тиген дәлелді сөздерді етегімен зорлап жауып, жоққа шығарғысы келгені. Жұртқа білініп болған нәрсе: «ел көшіргені», «идеолог» болғаны З.Сәніктің кітабын олай тықпалап, бұлай тықпалап ұрлап көшіргені тәрізді басы ашық шындықты Асқар Иген мысықтың тезегін көмгендей көміп әуреленген. Ал Қабдеш өзі жауап жазарлық беті болмай, барлық өтірігі ашылып, ұрлығы әшкереленген соң, жақтас іздеген. Бірақ елге мәлім Қабдеш бүйтіп дау қоздырған сайын өзінің бет пердесі жыртылып, абыройдан айырыла береді. Асқар мен Қабдеш Ж.Ахмадидің жанды дәлелдерін азырқанса, онда мен айтайын.

2002 жылдың күзінде З.Сәнік Алматыға көшіп келгенде Қабдеш жазған «Дарабозды» оқып, жағасын ұстады. «Менің жазғандарым тарауларында соқта-соқтасымен жүр. Тек тонын теріс аударып, өз ойы ғып жаза берген» деп жүрді. Алматыда Жағда ағаның ертеректе Қытайдан келген танысы, бір ақсақал Зейнолла ағаны қонаққа шақырған екен, мен Зекеңнің қазіргі үлкен кәсіпкер баласы Қанат екеуін машинамен алып бардым. Қабдеш пен Жағда аға және Қалдыбай ақсақалдан өзгелерін танымаймын. З.Сәнік Қабдешке онша іш бермей жүретін. Сол жерде «бірдеме» ұрттаса көңілденіп шыға келетін Қабдеш отырысты өзі баса билеп, ағынан жарылған еді. «Зеке аға, сіздің «Қабанбай батыр» кітабыңыз менің екі томдық «Дарабоз» романыма жақсы арқау болды» дегенін сол жерде отырған бәріміз естідік. Әсіресе сол отырысты бейне көрініске түсіріп алған Зейноллаұлы Қанаттың үйінде күні бүгін сақтаулы. Ал аузы-мұрны қисаймай ағынан ақтарылып, әлгі сөзді айтқан Қабдеш З.Сәнікке неғып өштесіп алды демейсіз бе?! Өзі сәл қарсы келген елдің сыртынан былғап сөйлемей, баспасөзде бір тиіспей қоймайтын Қабдеш: «Зейнолла деген біреудің «Қабанбайы» оқуға келмейді, шатпақ бірдеме» деп қаралап жүргенін естіген Зеке ағаң бір кездескенде оған: «Сенің оның не? Ар-ұяттан безіп, кітабымнан тұтасымен ұрлап пайдаланғанды білесің. Ол кезде мені Қытайдан келе қоймас деп ойлағансың. Соның өзінде мен саған тиісуге елден ұялып жүрсем, «Қабдеш» басыңмен сенің мұның қалай?!» деп, тыйым сала сөйлеген екен. Қабдешке сол дерт болып жабысқан. Содан тартып менің туысым З.Сәнікті «Жас Алаш» газетінде қасақана қаралауға шықты. Көзі тірісіндегісімен қоймай, әлі күнге дейін өмірден кеткеніне көп жыл өткен марқұмның аруағымен күндес боп алысуда. Бұрынғыларды қоя тұрғанда әлгі 6 наурыз 2020 жылғы мақаласында да сол баяғы тыныш жатқан аруаққа қайта соқтығып, Зейнолланың жазғаны «оқуға тұрмайды» деген негізде тағы жазғаны – ішін тырнаған өштіктің әлегі. З. Сәніктің бала-шағасы, отбасы азарланып, назаланып күңіренуде. Көзі жоқ адам дауласа алмайды дегені шығар. Зейноллаұлы Қанат ашынғанынан сотқа беріп отыр. Біз де куәнің бірі боламыз.

2008 жылы 6 маусымда Мұқаншыда Қабанбайға ескерткіш орнатылғанда ескерткішті сомдаған автор Болат Құсайынов қалыбын Алматыда дайындап, тұлғасы Бежін қаласында қоладан құйылғанын, аттың төрт аяғы Мұқаншыда құрастырылғанын айтқанда, «мен Бежінде мүсін құйылғанда арнайы бардым» деп жүрген Қабдештің аты аталмады. «Мүсінді құйғанда қасында болған едім, жақсы шығыпты» деп мақтанған еді. Мүсінші Болат Құсайынов оны аузына алмағанына қарағанда Қабдештің әлгі айтқаны күмәнді көрінді. Және одан бұрын Қытайға барғанда көп кідіртпей қайтарып жіберген Қытай өкіметі оны Бежінде сайрандатып қоймайтыны мәлім. «Ел көшірген өтірігі» тағы бар. Осы орайда айтпағым, сол жолы ескерткіш орнату салтанатының соңында Жарбұлаққа көл жағасына кәсіпкер Ұлықпан Сыдықовтар (інісімен бірге) қонақтарды сыйлаған дастарқан үстінде Қабдеш менің көзімді бақырайтып қойып, ауырып келе алмай қалған З.Сәнік туралы сөз бола қалғанда,: «Зейнолла деген біреу Қытайдан келіп, кетіп жүр дейді... Олардан аяқ тартпаса болмайды!.. Қытайдың тыңшы-шпионы еместігіне кімнің көзі жетеді» деп, жазықсыз адамның арына дақ сала сөйледі. Өз құлағыммен естіген мен міне тірімін. Дәл сол сияқты 2008 жылы қазан айының 24-күні Жаңақорғандағы Төлек Атаның кесенесі басында оған да жеке өзі ие бола сөйлеген Қабдеш өрлі-қырлы шалықтап, бөсе сілтеп, осы жақтағы бүкіл Наймандарға қатты мін тағып, баяғы (бетпақ) Қабдеш екенін көрсеткенін халық жақтырмай: «Мынау қандай адам өзі?!» десіп тұрғандары анық естілді. Және «мұнан кейін бұны шақыртпау керек» десіп жатты. Оны қойғанда тағы ең өрескел болған қиянаты басқарушыларға Қабдеш алдын ала З.Сәнік туралы «бұны Қытайдың жіберіп отыратын шпиондығынан сау емес» десіп жүргендер бар... Мұндай рухани қасиетті орында сөйлеткізбеңдер» дегенін сондағы басшы наймандардың бірі Сапарбай Олжабаев Зейнолла ағаға өз аузымен айтып беріп ақталған. Сөзім өтеді деп адам құқығын осынша аяққа басып қорлау - адамшылық па?! Қандай қара ниеттік десеңші! (Иә, Қабдеке, сол жолы Зейнолланы сөзге шығу тізімінен өшіртіп тастағаның әлі есіңнен шықпаған шығар?)  Қабдештің мұндағы қызғанышы не десеңіз – осының алдында бір күн бұрын, яғни 25 қазанда Түркістанда өткен ескерткіштің ашылу салтанатынан соңғы аста Зейнолланың тарихи дәлелді сөздеріне халық өте риза болып, Қабдеш шет қалған. З.Сәнік егініне түскендей болған.

2009 жылы қыркүйекте Талдықорғандағы Қабанбай ескерткішінің ашылу салтанатына Сейдақымет Шөрегеевтің шақыртуы бойынша мен арнайы бір күн бұрын бардым. Сейдақымет маған: «Алматыдан келген қонақтарды танисың, соларды күтесің» деп аттарын жазып берді. Білетіндерім Советхан Ғаббасов, Қабдеш қана. Дастарқан басқарып сөз беру Қабанбай кесенесінің шырақшысы Камал Әбдірахмановқа тиді. Өштескен адамын «ол неге сау жүр» деп өзі ауыратын Қабдеш қой... Онымен баяғыдан жауласып жүретін Қабдеш көкигеннен көкиіп қалды. Алғашқы сөз Қабдештен бұрын С.Ғаббасовқа берілді. Ең сорақысы, Ғаббасов тарихи деректерді қозғап сөйлей бастағанда-ақ, Қабдеш мына жақтан қап-қара боп бүлініп, оның сөзін бөле кетті: «Сен дәрігерсің бе, тарихшысың ба?» деп, айтып тұрған сөзін бұзды. Советхан ел алдында қатты ыңғайсызданып тоқтап қалғанда, Қабдеш онан ары тиісіп сөйледі. Сол арқылы оған алдымен сөз берген Камал Әбдірахманнан да өшін осылай алмақ болған. К. Әбдірахман да Қабдешке не істерін білмей үнсіз тұрып қалды. Сол сәтте тыныштықты мен бұзып: «Сіздер білім салыстырып; талас-тартысқа салу үшін келген жоқсыздар. Әр сөйлеуші өзінің білгенін айтуға құқылы емес пе» деп едім, Қабдеш мені атарға оғы болмай сілейіп қалды. Жиынның сыйқы бұзылды. Қабдештің жаңағы қылығына ашуланып кеткен Советан Ғаббасов өзін ұстауға мүмкіндігі болмай жұдырығын түйіп, қасындағы оны салып кетуге оңтайлана бергенде, абырой болғаны бір жігіт жүгіріп жетіп арашаға түсті. Қабдешке содан кейін сөз берілген еді. Тұлан тұтып қап-қара боп қантүленіп алған бойы сөйлемей қойды. Бұл жиында облыс басшылары бар еді. Қабдештің қылығы солардан өте ыңғайсыз болды. Қабдеш кешкі банкетке келмей қалды. Алдыңғы бүлігімен сыйы біткен сияқты. (Ел алдындағы бейнесі осы болды).

2010 жылы Жағда аға қайтыс болды. Ақын Қасымхан Бегмановтың Ж.Бабалықовқа арналған «Этнограф ағамен сұхбат» кітабының тұсаукесері Ұлттық кітапханада өтті. Қабдешке сөз берілмей тұрып, халыққа абыройлы ғалым Тұрсынбек Кәкішев сөйледі. Баяғы (көкдолы) Қабдеш сүйегіне біткен сүйкімсіздігімен Тұрсынбектің сөзін қайта-қайта бұзып, қарсы сөйлеп аузын қаға берді. Мәдениетті Тұрсекең көргенділігіне салып үндемей өз сөзін жалғастыра берген. Бірақ залда отырған мен танымайтын бір азамат: «Ей, Қабдеш, аузыңды жауып отырмайсың ба!» деп тастап еді. Қабдеш Тұрсекеңнің баяндама сөзін онан ары бұзып, әлгі жігітке де шаптығып, намысына тиетін бірталай ауыр сөз айтып, жиналыстың тыныштығын бұзып болды. Соңынан Жағда ағаның қызы Роза сол жерде дастарқан жайғанда халық жазушысы халықтың көзінше тағы біреумен шармаяқтасып кеткен еді. Оған қарсы сөйлеген біреудің зілді дауысы шығып жатты. Қабдеш амалсыз басылып қалды. Мен Қасымханнан кітабына қолтаңба алғалы жатып, Қабаңның кіммен ұрысқанын байқамай қалдым. Ел үдірейісіп қалған. Соның долығынан Қабдеш шаруаны ұйымдастырып жүрген Қасымханға сол жерде қатты дікілдеп сөйлеп: «Мені үйіме апарып таста» деді де, тұсаукесер иесін елден бөліп, ертіп шығып бара жатты. (Қабдеш кетіп қалса аспан жерге құлайтын сияқты). Есесіне зал толы зиялы қауымның наразылығына ұшырағанын білді ме екен. Осы әрекеттің барлығы «Қабанбайдың иесі жалғыз мен, өзгелер маған құрдай жорғалап тұруы керек» деген өзімшілдіктен шығатыны мәлім. «Асқан өзімшілдіктен бұзақылық туады» дегендей, сол өзі «жекеменшіктеп» иеленіп алған «Дарабозды» қалай жазғаны есінде жоқ...

06.03.2020 жылы «Жас Алаш» газетінің бетінде даукестігімен «даңқы» шыққан Қабдеш Жұмәділовтің «Әдебиетте оқиға ұрлаушы...» деген мақаласы шықты. Онда өзі тіс басып жүретін өзгелермен қатар қайтыс болғанына талай жыл өткен менің ағайым, жазушы Зейнолла Сәнікке де үшінші рет баяғы бір өштік жаласымен тағы тиісіп отыр. Ол аз болғандай, «Абай» порталында өзінің бір «жанашырына» Зекеңді тағы қарадүрсін долбар сөзбен қаралатып отыр. Қабдеш өзі мезі ғып болған Алматыдан ешбір сөз сөйлер «қамқор» таба алмай, Астанадағы Асқар Иген деген өзінше ділмәрсынған бір руласына (Дөртуыл) «қолқа» салған көрінеді. (Дұрыс, шариғатта да «туысыңа қамқор бол» дейді... Шайтанға шарық кигізгендей мыңдаған шақырымнан «кісінесіп» үн қосқан). Сол Асқар Иген Жанат Ахмадидің мен куә боп қол қойған нақты дәлелді мақаласынан олай аттап, бұлай аттап, шындықты етегімен жаппақ болыпты. Бойындағы өнерінің барынша шешенсіген Асқар Иген «керемет» теңеуімен: «Жанат Ахмади ер батқан аттай қайқаңдап, шөгір басқандай шөмшеңдеп...» дейді. Пө!.. Не-де-ген отауыз, орақ тілді еді. Өзінің жазғаны бойынша 30 жыл ауыз әдебиетін жинаған фольклоршы-тіл маманы «шөгір басқандай «шөмшеңдебін» өзінше алтын орнында айтып тұрғандай. «Теңіздің дәмі тамшыдан» сөзгерсіген А.Иген қандай фольклоршы екенін өзі шамалата бастады. Мақала авторын мұқатпақ болғандағы тағы бір сөйлемі: «Жанат Ахмади көшін тоқтатып қойып қоныс қарап...» деп өзі білетін бір дөйдала мақалын қолдана салады. Және әсіресе кітаби есім «Ахмади» дегенді «ақ», «қара» түске бөліп «Ақмади» деп жазғаны қабілетінің қаншалық екенін ашып тұр. Әрі Ж.Ахмадидің кітаптарының мұхабасындағы фамилияны оқып көрмей «Ақмади» деп жүрген адам Жанаттың жазғандары туралы шімірікпей «сөз қозғап», оны Қабдештің кітаптарымен «салғастырмақ» болады. (Біреу туралы бір нәрсе айту үшін алдымен соған қатысты бірдеңе білу керек қой). Ол ғана емес, өзіне ұнап кетсе керек, өзі қарсы жауап жазып отырған Жанат Ахмадидің мақаласындағы бір-екі мақалын Жанаттың өзіне қарсы қолданып та жіберіпті... Сол арқылы жұртты өзіне Асқар Иген деген мықтыға жалт қаратқысы келген. Иә, бірақ «сүйеушісі мықты сүйек жұтса да қақалмайды» дегендей, Қабдештей «сүйеніші» бар адам құрғақ талқан жеп отырып, сыбызғы тартса да қақала қоймау керек қой... Аптығып тауып, алқынып үйлескен. Бірақ «аптыққан қыран аң ілмейді, асықсаң да аптықпай асық» дегенді ойламай, өзін ұстап берген А.Иген З.Сәніктің баласы таспаға түсіріп алған Қабдештің сөзі туралы: «Қ.Жұмәділов басқаны айтса айтар, «Зеке, сіздің кітабыңыз мен «Дарабозды» жазғанда үлкен көмек жасады» деп айтпасы анық» дейді. Таспадағы бейнелерімен сол отырыс тұтас түсірілген сөзді заң алдында көрсетсек, не беттеріңді айтасыңдар?! Асқар Иген деген кім деп сұрастырғанымызда, оны Қытайда жүргеннен танитындар: «Қоңырауы қақпай жатып сылдырлайтын, тыныш жүрмейтін, жеңіл ауыз, жер тауысқан біреу болатын» дес-ті. «Бір елдің күресінін шоқыған қарға өзге бір елге барып «сұңқар» атанғысы келіпті» дегендей, Асқар «шешен» өзін былай қоя тұрып, алашқа әйгілі даукес Қабдешке «қайран руласы» ретінде жақтасқысы келіпті. Асқардың бұнысы онсызда 6 наурыз 2020 жылғы («Жас Алаштағы») мақаласымен тып-тыныш жатқан елді дүрліктіріп, басы бәлеге қалған Қабдекеңнің қотырының аузын онан ары тырнатып, тұз септіргеннен басқа пайдасы болмайтынын ойламаған. Ендігі іс заң орны арқылы шешіледі. Олай болса, енді Қабдештің ең сорақы ұрлығын ашайын.

1987 жылы ағам Мәукен Қытайдағы З.Сәніктен Қабанбай батырды зерттеп жазған үш дана кітап әкелген еді. З.Сәнік өз қолтаңбасымен бірін «інім Төкен Шотанбековке» деп маған, екіншісін де арабша қолтаңбасымен Жағда ағаға, үшіншісін жерлесі Мақсұт Шафиғиға жіберген екен. Айтқан адамдарына табыс еттім. Көп ұзамай Жағда аға маған телефондап: «Төкен, сен қолыңдағы кітапты маған оқуға әкеп берші... Менің қолымдағыны Қабдеш сұрап алды» деген соң, апарып бердім. Біраз уақыт өткенде Ж.Бабалықовтан өзім әлі оқымаған  кітабымды сұраған едім. «Қабдеш менен қоймай сұрап алды. Өзіндегісін біреу алған екен, кімге бергенін «ұмытып» қалыпты» деді. Таңырқап, ішімнен тындым да қойдым. Содан 1989 жылы отбасыммен Қытайға өзім барғанымда Сұлтан Шәкентайұлы деген ағайымнан әлгі «Қаракерей Қабанбай батыр» атты кітаптан біреуін алып келдім. Ең ғажабы, бұл кітап енді тағы Қабдешке керек бола қапты... Баяғы жұртқа сөзі өтетін Жағда аға 1990 жылы маған телефон шалып үйіне шақырды. Барсам: «Төкен, ана Қабдеш жазушылардың Горный гиганттағы демалыс үйінде Қабанбай туралы кітап жазып жатыр екен. Сенің кітап әкелгеніңді біреуден естіпті. Соны маған айтып, ат-түйедей қалап отыр. Сені соған шақырған едім, маған әкеп берші» деді. Жағда ағаның көңілін қимадым. Ішімнен: «апыр-ай, ә» деп, өзіме құтаймай қойған кітаптан үшінші рет тағы айырылдым. Кейін Жағда ағадан сұрасам, Қабдеш: «ой, қайда қалғанын білмеймін» депті. Сөйтсем, мен «қойын алдырып, қорасын бекіткен» дегеннің өзі болыппын. Кейін ойласам, З.Сәніктің кітабынан ұрлап кітап жазғысы келген Қабдештің сұмдығын өзінен басқа ешкім білмеуі керек болған екен. З.Сәнікті ол кезде Алматыға келмес деп ойлаған. «У жасауды қоймаған удан өледі», «жылан арбауды қоймаған жыланнан өледі» деген бар. Заң алдында кездескенше...

Дұғайы сәлеммен Төкен Шотанбеков

Қосымша: Abai.kz ақпараттық порталы еркін ақпарат алаңы. Мұнда ой жарыстырып, пікір алмастыруға әркім құқылы. Жоғарыдағы спикердің пікірі редакция ұстанымын білдірмейді. Алдағы уақытта мақалада есім-сойлары аталған жекелеген азаматтар редакциямызға жауап беруге ниетті болса, олардың да пікірін беруге әзірміз. 

Abai.kz

32 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1455
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3218
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5270