Біз осы қандай мемлекетте тұрып жатырмыз, Баталов мырза?!
"Мәлім" сайтынан бір мақала оқып, жағамды ұстадым. Бір ғана отбасының басындағы бірнеше проблема бар. Әлеуметтік, заңдық, психологиялық тұрғыда және денсаулығы да көмекке зәру бүлдіршіндердің жағдайын жыламай оқу мүмкін емес. Бұл мәселеге Алматы облысының әкімі Амандық Баталов бей-жай қарамас деп ойлаймын! Galymurat Zhukel бауырым, мынаны Амандық Ғаббасұлына жеткізгейсіз! Мынадай сорақылықтың алдын алдын алу керек. Осыны оқыған адамдар бөлісе отырғайсыздар! Мақаланың сілтемесі пікірлер арасында.
– Иә. Менің екі баламды бірдей қағып кетті. Құдай қаққанда көп қан жоғалтпай, аман алып қалды. Бірақ, әлі күнге ауырады, жиі қаралып, емделіп тұрамыз.
– Қашан? Осы ауылдың ішінде қақты ма?
– Иә, мектептен келе жатқанда, жолдың шетінде кетіп бара жатқан жерінен қаққан ғой. 2016 жылы 7 қазан күні. Жолдан өтіп бара жатқан емес, шетінде келе жатқан баланы екі машина жарысып келе жатып, ие бола алмай қалған ғой рөлге. Екеуін де қағып кеткен. Сол жерде тас-құм таситын көліктер тұратын еді, солар көрген; «вулканизация» бар еді, сол жердегі жігіттер көрген. Қан кетіп жатқаннан кейін, өздері көліктеріне салып ап, ауруханаға апарған. Соның арқасында аман қалды.
– Қандай жарақат алды?
– Тістері түсті, жағы сынды, маңдайы жарылды. Басынан соққы алған. Арада біраз уақыт өтті ғой, әлі күнге күн суытса бастары ауырады. МРТ-ға түсіріп тұратынбыз. Жақында қарасам қызымның төсінде ісік пайда болыпты. Барып тексертсек, кезінде алған соққыдан қалған, бесінші қабырға мен төртінші қабырғаның арасы ашылып кетіпті. Жауырыны сынып, бітіп кеткен. Дұрыс емдемеген соң, қисық бітіп кетіпті. Басында Берікбол Сәбитұлы деген дәрігер екі баланың жағдайы да ауыр, аман қалған жағдайда да еске сақтау қабілетін жоғалтады, кішкентай бала сияқты болып қалады деді. Екеуіне де 3-4 сағаттан ота жасады, үш күн жансақтау бөлімінде жатты. Бұдан кейін әліг Берікбол Сәбитұлы деген дәрігеріміз 4-5 айға дейін жоғалып кетті. Ақыры, ештеңе түсіндірместен, балаларымның жағдайын жеңіл жарақат деп шығарып берді ғой.
– Қай ауруханада жатты?
– Іле ауданындағы ауруханада, балалар бөлімінде. Мұндай жарақатпен ешкімге барып, ештеңе дәлелдей алмайсыңдар деді адвокаттар. Бүкіл ауруын жасырып тастады ғой былайша айтқанда.
– Қазір қалай балалар?
– Балаларым ауруханадан шыққан соң бір жарым жылдай үйден оқыды. Үйде сонша уақыт жатқан соң, ешкімге қосылғысы келмейді. Ынжық болып бара жатыр. Қызым қолын аузына салып, бетін тыржитып, бір түрлі қылықтар істей бастаған соң, мектеп директорына айтып, қайтадан мектепке бердік. Балалармен аралассын, ашылсын деп. Қазір айтқаныңды қазір ұмытып қалады, көзін жыпылықтата береді.
Жылына екі рет неврологияға қаралып, ауруханаға жату керек болатын. Қазір мына жағдайдан оны да істей алмай отырмыз. Өзіміздің де жағдай мәз емес, жолдасым осы балаларды емдетеміз деп көлігін сатты. Бұл екеуінен кейін тағы үш баламыз бар. Мен жұмыссызбын, жолдасым Азат күзетші болып жұмыс істейді. «Времянкада» тұратынбыз, сыймай кеттік шыны керек, сосын, жолдасымның атынан несие алып, үлкенірек үй бастағанбыз. Ол да бітпей тұр.
Сосын, сол машина қаққан кезде мен 200 мың теңгеге адвокат жалдадым. Дауылбай СҮЛЕЕВ Қарабайұлы деген адвокат, үлкен кісі. Ол да сатылып кетті.
– Сатылып кеткені қалай?
– Бізге айтпай, жасырын сот болып кеткен ғой. Үш айдан кейін болыпты. Мен бір сотына да қатысқан жоқпын. Талғардағы аудандық сотта болған. Адвокатыма хабарлассам, ылғи «өзім реттеймін, өзім шешіп жатырмын» деп, екі жылға дейін солай созып жүрді ғой. Екі жылға дейін не деген бітпейтін сот десем, мені алдап жүріпті. Мен балаларымды қағып кеткен кезде жаңа босанғам, ары-бері жүгіруге шамам да болған жоқ, оның үстіне, шыны керек қой, заңды білмейміз.
– Сізге кінәлі тараптан ешқандай өтемақы төленген жоқ па? Сотта қандай жаза тағайындалғанын білесіз бе?
– Ешқандай өтемақы төленген жоқ. Жетігенде тұратын орыс кісі, қазір түк болмағандай жұмысын істеп жүр. Мен адвокатыма айттым, ең болмаса жақсы дәрігерлер тауып берсінші, балаларымды қарататын деп. Мүлде елеген де жоқ. Мен журналистерден көмек бола ма деп, «Дау-дамайсыз», «Қарекет» бағдарламаларына, Дина ТӨЛЕПБЕРГЕНГЕ, бәріне жаздым. Хабарласқан жоқ. Ең болмаса, балаларымды емдеуге көмектессе дедім. Ұлым Алтынбек қазір 6-дан 7 сыныпқа көшті, қызым Аяна 5 сыныпқа көшті. Көлік қаққанға дейін сабақ үлгерімдері жақсы еді, қазір төмендеп кетті. Баламның барлық сабағы «5» болатын, қызым еркелеу болды, бірақ, ол да қазіргіден жақсы оқитын. Балам түсініксіз сөйлеп жібереді, кейбір сөздерін мүлде ұқпай қаласың. Еске сақтау қабілеттері мүлде төмендеп кетті.
– Істі қайта қарау туралы ешқандай жерге арыз жазған жоқсыз ба?
– Бардым ғой. Аудан әкіміне бардым, прокуратураға бардым. Талдықорғанға біреулердің көмегімен интернет арқылы арыз жаздым. Бірақ, сауатым болмаған соң да шығар, ешқайсысынан жауап та болмады, ештеңе шықпады. Адвокат жалдауға ақша кетеді, жалдаған адвокатымыздың істегені анау болды… Ана қаққан адам «Тау-Терминал» деген фирма бар Өтеген батырда, сонда істейді екен. Соның адамдары араласқан да, істі жауып тастаған ғой.
– Бес балаңызға мемлекеттен әлеуметтік көмек, жәрдемақы аласыздар ма? 42 500 теңгеге іліндіңіздер ме?
– Жоқ, ілінген жоқпыз. Өтініш жазып едік, екеумізге де «отказ» келді. Карантин басталған соң округ әкіміне кірдім. Барып ем, ол сіз жәрдемақы аласыз деді. Қазір 5 балама түсіп тұрған (әр балаға 10 500 теңге) 53 мың теңге ақша бар, сосын АӘК деп беретін 7 мың теңге.
– Сонда 7 мың теңге барлығыңызға ма?
– Иә, 7 адамға 7 мың теңге. Негізі 21 мың теңге беру керек қой әр адамға, кейін, табысыңды есептейді де, соның жетпей тұрған сомасын беретін болыпты ғой қазір. Бізге түсіп тұрған арнайы әлеуметтік көмегі сол. Несие төлейміз,айына 58 мың теңгеден. Соның бәрін айтып ем, әкім «Нұр Отанның» 50 мың теңгелік көмегін аласың деген, екі ай өтті одан бері, ештеңе алған жоқпыз. Менің балаларым да армандайды, үлкен үйде тұрсақ дейді. Қазір көршілерге, туыстарымның балаларына айтады екен, «біздің үй де бітіп келе жатыр, біз де жақында үлкен үйге көшеміз», деп.
– Қосымша табыс көзі жоқ па?
– Мен бүгін түске дейін алқапқа шығып, қияр теріп келдім. Жетіген жақтағы түріктердің жері ғой, сағатына 700 теңге төлейді. Оған жиі бара алмайсың, балалар кішкентай. Уайымдайсың. Ара-арасында істейтін осындай жұмыс болмаса, басқа табыс көзі жоқ.
http://malim.kz/4122/?fbclid=IwAR1sVss29tT3qKppmL925ipfqIpXl_Kf4abdc6JMJh8KUKq8r9Y5VvEMpZ4
Қанат Әбілқайырдың желідегі жазбасы
Abai.kz