Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2459 0 пікір 26 Маусым, 2009 сағат 05:10

Гүлжанат Шонабай. Қазақстанда 5 мыңға тарта босқын бар

 

 

Маусымның 20-сы күні әлемде босқындар күні аталып өтті. БҰҰ-ның босқындар ісі бойынша Жоғарғы комиссиясының мәліметінше, қазіргі таңда әлемде қуғын-сүргінге ұшырап, өз Отанынан кетуге мәжбүр болған 42 млн. босқын бар.
Ал Қазақстанда халықаралық көмекке зәру азаматтар мен босқындардың саны – 4800 адам деп айтылады.
Алматы қаласы бойынша Көші-қон департаментінің директоры Гүлсара Алтынбекованың мәліметінше, қазіргі уақытта бір ғана Алматы қаласының өзінде ресми түрде босқын деп танылған 510 шетел азаматы тұрады. Бұлар негізінен Ауғанстан, Сомали, Эфиопияның өкілдері. Басқа шетелдік азаматтармен салыстырғанда, босқын мәртебесі бар адамдардан республика аумағында еңбек ету үшін арнайы рұқсат талап етілмейді. Сондай-ақ Алматыда ата-анасы босқын деп танылғаннан кейін дүниеге келген 89 сәби бар.
Қазақстанда босқындардың мәселесі әлі күнге дейін «Көші-қон туралы» заңға сәйкес реттеліп келеді. Арнайы министрліктің хабарлауынша, босқындар туралы заң жобасы осы жылдың аяғына дейін қабылдануы тиіс. Бұл заңның қабылдануы елдегі босқындардың құқықтық мәртебесін реттеуге жол ашпақ.
– Қазіргі таңда босқындардың барлығының өз еліне қайту мүмкіндігі бар деп айта алмаймын. Басым бөлігі үшін бір ғана жол – Қазақстанда қалу. Бұдан жергілікті интеграция мәселесі туындайды. Себебі, азаматтығы жоқ тұлғаға берілетін куәлік ықтияр хат, азаматтық алу мәселелері әлі күнге дейін шешімін таппай, созылып келеді. Құқықтық жағынан бөгеттер көп. Босқындардың өздері бұл мәселені шеше алмайды. Бүгінгі таңда олар бізде уақытша келген шет ел азаматтары есебінде тұрып жатқандықтан, оларға қандай да бір артықшылықтар қолданыстағы заңда қарастырылмаған. Олар мұнда қалып, ықтияр хат, азаматтық ала алмайды. Ол үшін елшілікке өтініш беріп, анықтама қағаз алулары керек. Ауғанстан мен Өзбекстан азаматтарынан төлем қабілеттілік талап етіледі, яғни заң бойынша қазіргі кезде олардың банктегі есепшотында кемінде 11 мың АҚШ долларына тең қаражаты болуы керек. Мұндай ақша кез келген адамның қолында жоқ. Ал мұнсыз ықтияр хат пен азаматтық алу мүмкін емес,– дейді Алматыдағы адам құқығын қорғау және заңдылықтардың сақталуы жөніндегі қазақстандық бюроның заңгері Денис Джива.

 

 

Гүлжанат Шонабай   
«Қазақстан Заман» газеті 25 маусым 2009 жыл

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1469
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3244
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5404