Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 4315 0 пікір 10 Қараша, 2011 сағат 05:45

Өзін өлместей көрген диктаторлардың ақыры

Дүниені жалпағынан басып, таққа таскенеше жабысқан диктаторлардың соңғы сағаты тым аянышты. Өйткені бірі дарға асылса, енді бірі елден қуылған. Тағы бірі көзі бозарған күйі соттың үкімін күтіп, темір тордың ар жағында жатыр. Forbes журналы дүние жүзіне әйгілі 13 диктатордың атақ-абыройымен қоса өмір жолына үңіліп, тағдыр-талайына  талдау жасапты. Ендеше, сіз де таныс болыңыз, оқырман. Өзін жердегі құдайға балап, халқының қарғысына ұшыраған жандар қалай өлім құшады екен?

Муаммар Каддафи,

Ливия джамахириясының бұрынғы басшысы. Елді 42 жыл бойы басқарған. Көтерілісшілерден жасырынып, ақыры өзінің туған қаласында шабуыл кезінде қаза тапқан.

2011 жылдың тамыз айының аяғында ливиялық көтерілісшілер Муаммар Каддафидің Триполи қаласында орналасқан сарайына шабуыл жасап, оған басып кіреді. Шабуылшылардың біреуі сарайдан Каддафидің атақты бас киімін тауып алады. Ал оның өзі сарайды тастап қашып кеткен. Сондықтан Ливияның уақытша Ұлттық кеңесі Каддафидің басын сауғаға тігіп, оны ұстаған немесе өлтірген адамға 1,3 млн доллар беріледі деп жариялаған.

Дүниені жалпағынан басып, таққа таскенеше жабысқан диктаторлардың соңғы сағаты тым аянышты. Өйткені бірі дарға асылса, енді бірі елден қуылған. Тағы бірі көзі бозарған күйі соттың үкімін күтіп, темір тордың ар жағында жатыр. Forbes журналы дүние жүзіне әйгілі 13 диктатордың атақ-абыройымен қоса өмір жолына үңіліп, тағдыр-талайына  талдау жасапты. Ендеше, сіз де таныс болыңыз, оқырман. Өзін жердегі құдайға балап, халқының қарғысына ұшыраған жандар қалай өлім құшады екен?

Муаммар Каддафи,

Ливия джамахириясының бұрынғы басшысы. Елді 42 жыл бойы басқарған. Көтерілісшілерден жасырынып, ақыры өзінің туған қаласында шабуыл кезінде қаза тапқан.

2011 жылдың тамыз айының аяғында ливиялық көтерілісшілер Муаммар Каддафидің Триполи қаласында орналасқан сарайына шабуыл жасап, оған басып кіреді. Шабуылшылардың біреуі сарайдан Каддафидің атақты бас киімін тауып алады. Ал оның өзі сарайды тастап қашып кеткен. Сондықтан Ливияның уақытша Ұлттық кеңесі Каддафидің басын сауғаға тігіп, оны ұстаған немесе өлтірген адамға 1,3 млн доллар беріледі деп жариялаған.

Сонымен қатар көтерілісшілер сырттай Каддафиге егер де ол үкіметтен өз еркімен бас тартса, оған елден кедергісіз кетуге көмектесетіндерін айтқан. Бірақ талай жыл Ливия джамахириясына басшы болған диктатор радиодан берген үндеуінде өзінің өліспей беріcпейтінін, аяғына дейін шайқасатынын айтқан. Және айтқанында тұрып, аяғына дейін шайқасқан.

Тек 20 қазанда ғана көтерілісшілер Каддафидің туған қаласына шабуыл жасаған кезде ол жараланып қолға түседі де, екі аяғынан алған жарадан қансырап қайтыс болады. Көтерілісшілердің айтуына қарағанда, Сирт қаласынан қашып шығуға оған НАТО қарулы күштерінің жаудырған оғы мұрша бермеген.

Хосни Мубарак,

Египеттің бұрынғы президенті. Елді 30 жыл басқарды, қазір оның ісін сот қарап жатыр. Өлім жазасына кесілуі мүмкін.

Елдегі қиыншылыққа, тұрмыстың ауыртпалығына наразылық көрсетіп, шеруге шыққан халықты жазықсыз өлтіргені үшін және елде сыбайлас жемқорлықты асқындырғаны үшін Хосни Мубарактың үстінен қылмыстық іс қозғалып, қазір сот жүріп жатыр.

Үшінші тамызда өткен осындай сот мәжілісінің бірінде сотталушыларға арналған арнайы орында Хосни Мубарак пен оның екі баласы отырды. Зот залынан түсірілген осы кадр Интернет арқылы бүкіл дүние жүзіне тарады.

Хосни Мубарак үкімет басына 1981 жылы оның алдында болған ел басшысы Анвар Садатты өлтіргеннен кейін келген. Вице-президент қызметін атқарып жүрген Хосни Мубарак сол кезде жаралы болған. «Өз заманының фараоны» атанған Мубарак содан 30 жыл бойы үкімет басында отырды. Ол билік құрған заманда елде төтенше жағдайлар туралы заң жүріп, адамдар жазықсыз ұсталып, әуелі бір айға, кейіннен ол адамның үстінен қылмыстық іс қозғалып, әскери сотпен сотталып отырған. Бұл заң бойынша «қоғамның қауіпсіздігі үшін» осындай цензура енгізілген. Мубарак ел референдумында төрт рет президент болып сайланған және төртеуінде де жалғыз кандидат болған.

Өткен жылдың соңында күтпеген жерден елде революция басталып, Мубарак өз орнын кіші баласы Гамальға беруге үлгермей қалған. Каир, Александрия және басқа да қалаларда бір мезгілде басталған көтеріліс 18 күн бойы толастамай қойған. Соның салдарынан 800-ден астам адам полиция қызметкерлерімен шайқаста қаза тапқан. Мубарак халықты тыныштандырмақ болып, жаңа үкімет те құрды және өзі бұдан былай ешқандай сайлауға қатыспайтынын да айтып бақты.

Дегенмен 11 ақпанда ол тағынан кетуге мәжбүр болады. Ал наурыз айының аяғында ол үй қамауына алынып, сәуір айында оның екі баласы да тұтқындалады. Қазір бұл үшеуі де елде сыбайлас жемқорлықпен айналысқандарын мойындамай отыр, егер Мубарак бұл кінәсін мойнына алатын болса, оған өлім жазасы берілетіні сөзсіз.

Зин эль-Абидин

Бен Али,

Тунистің бұрынғы президенті.

Елді 23 жыл басқарып, ақырында қашып кеткен.

Зин эль-Абидин Бен Али үкімет басына 1987 жылғы төңкерістен кейін келеді. Бен Али 1994 жылғы сайлауда жалғыз кандидат болып президенттікке өтеді.

Ал Тунисте 2002 жылғы болған референдумның шешімі бойынша президент үш және одан да көп мерзімге сайлануға рұқсат етіліп, оның ел басқару жасы да 70-тен 75-ке дейін ұлғайтылады.

Сөйтіп, Бен Али үкімет басында ұзақ уақытқа дейін отырады. Ал елдегі саяси және жоғары лауазымды орындардың көпшілігінде президент пен оның жұбайы Лейла Трабелсидің туысқандары отырды.

Тунисте 2010 жылғы желтоқсан айында болған төңкерістермен бірге Араб елдерінің толқулары басталды. Көшелерге шыққан шеруілшілер негізінен елдегі жұмыссыздық пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы өз наразылықтарын білдірді. Араға үш апта салып көтерілісшілерге төтеп бере алмаған Бен Алиге өз жанұясымен бірге көрші Сауд Аравиясынан саяси баспана сұрауға мәжбүр болды.

Сөйтіп, ол 14 қаңтарда елден қашып кетеді. Маусым айында Бен Али мен оның жұбайы ұрлық-қарлықта кінәлі деп айыпталып, сырттай 35 жылға сотталады және елге келтірген зияны үшін оларға 65 млн доллар айыппұл салынады. Ал олардың елде қалған 30 шақты туыстары тез арада тұтқынға алынады. Сот үкімі шыққаннан кейін Бен Али БАҚ-тарға алғаш рет үндеу жасап, өзінің еш кінәсі жоқ екенін және Сауд Аравиясына ұшатын ұшаққа оны өтірік алдап мінгізгендерін жария етеді. Оның Швейцария банкінде сақтаған ондаған миллион доллары бар есепшоттарына қаңтар айында дереу бұғау салынады. Дегенмен де Бен Али мен оның жұбайы елден 60 млн долларға бағаланатын 1,5 тонна алтынды ұрлап алып шыққан.

Лоран Гбагбо,

Кот-Д'Ивуардың бұрынғы президенті. Елді 11 жыл басқарды, қазір тұтқындалып, түрмеде отыр.

Лоран Гбагбо 2000 жылы Кот-Д'Ивуарда өткен президент сайлауында жеңіп шығып, таққа отырады. Оның президенттік мерзімі 2005 жылы бітуі керек болған, бірақ Гбагбо келесі сайлауды болдырмай қояды. Өйткені елдің солтүстігінде дүмпулер басталып, 2002 жылдан бері халық қайта-қайта көтеріліске шығып отырған болатын.

Ал 2010 жылғы болған президент сайлауында екінші турда Гбагбо өзінің қарсыласы бұрынғы премьер-министр Алласан Уаттерден жеңіліп қалады.

Бірақ та Гбагбоға бағынышты болып тұрған Конституциялық кеңес сайлау қорытындыларын Гбагбоның пайдасына шешіп, жеңісті Гбагбоға береді. Кот-Д'Ивуарда қайтадан тәртіпсіздіктер басталып, көтерілістерге ұласады. Ал Гбагбоның үкіметі көшеге шыққан бейбіт халыққа оқ жаудырып, көтерілісті баспақшы болады.

Сол кезде Human Rights Watch ұйымы елдегі болып жатқан мұндай оқиғаны адамзатқа қарсы жасалған қылмыс деп бағалайды. Бұл оқиғаға БҰҰ-ы мен Франция араласып, олардың тікұшақтары 10 сәуірде Гбагбоның сарайына шабуыл жасап, оның әскери техникасын түгел дерлік жойып жібереді.

11 сәуірде Гбагбоның өзі де тұтқынға түсіп, түрмеге қамалады. Тұтқынға түсердің алдында Гбагбо өзінің жеңілгенін сезіп, өз жақтастарына артық қан төкпеуге, қаруларын өткізуге бұйырады, халықты тыныш өмір сүруге шақырады.

Саддам Хусейн,

Ирактың бұрынғы президенті. Елді 24 жыл басқарды, өлім жазасына тартылды.

1968 жылы болған төңкерістің нәтижесінде Ирак үкіметін «Баас» партиясы басқарады. Ал Саддам Хусейн сол партияның белсенділерінің бірі болып, вице-президент қызметін атқарады. Сонымен қатар ол елдің ішкі қауіпсіздігін, арнайы әскери қызметтерді және армияны өз қарамағына алады. 1979 жылы аль-Бакр президенттіктен бас тартып, оның орнына Саддам Хусейн отырады. Басшылыққа келген Саддам арада бір апта өтпей «Баас» партиясының қастандықтарын әшкерелеп, елдегі 68 жоғары лауазымды адамды «қаскүнемдікпен айналысқаны үшін» тұтқынға алып, 21 адамды өлім жазасына тартады.

Сол кезде Саддам Хусейн өз халқына: «Біз қазір сталиндік дәуірді бастан кешіп жатырмыз»,- деген еді. Саддам Хусейн режимінің құрбаны болған адамдардың нақты саны белгісіз, олар миллионнан асып жығылады. 1988 жылы Халабджа қаласында болған күрттердің газдық шеруінде 5000 адам қаза табады. Ал атақты «Анфаль» операциясы кезінде бірнеше жүз мың күрт өз үйлерінен қуылып, он мыңнан астам адам өледі.

1980-1988 жылдары болған Иран-ирак соғысы кезінде    300 000 адам қаза тауып, Кувейт қаласына шапқыншылық жасаған кезде жүз мыңнан астам адам қаза табады. Ондаған мың адам Ирак түрмелерінде зорлық көріп, қиыншылықпен қаза табады.

АҚШ 2003 жылы Иракқа қарсы әскери шабуылдар ұйымдастырады, ал сәуір айында жаяу әскер Багдад қаласын жаулап алып, Саддам Хусейн үкіметін құлатады. Оны 2003 жылы желтоқсан айында қолға түсіреді.

Халықты жазықсыз қырғаны үшін 2005 жылы Саддам Хусейнді соттап, 2006 жылы сот үкімі бойынша ол өлім жазасына кесіледі. Түрмеде отырған Саддам өлер алдында Құран оқып, бірнеше өлең жазады. 2006 жылы 30 желтоқсанда Саддам Хусейн дарға асылады. Бұл процесс бейнефильмге түсіріліп, Ирактың барлық телеканалдарынан көрсетіледі.

Слободан

Милошевич,

елді 11 жыл басқарып, түрмеде қайтыс болған.

Сербия елінің президенті бола тұрып, Слободан Милошевич 1999 жылы мамыр айында бұрынғы Югославияда адамзатқа жасаған қылмыстары мен геноцид үшін БҰҰ-ның әскери қылмыстар жөніндегі Халықаралық трибуналы бойынша жауапқа тартылады. Оны Косовода болған соғыста бірнеше мыңдаған Косово албандарын депортациялауға жауапты деп және Сребренице қаласында 8000 мың Босния мұсылмандарын жазықсыз өлтіргені үшін, сондай-ақ Хорватия, Босния және Герцеговинада этникалық тазалау операцияларын жүргізгені үшін айыптады.

НАТО әскерлерінің Сербияда жүргізген әскери шабуылдарынан кейін Косовода соғыс тоқтатылады. Осыдан кейін 2000 жылдың қыркүйек айында Милошевич мерзімінен бұрын президент сайлауын өткізеді. Осы сайлаудың алғашқы турында оппозиция белсендісі Воислав Коштуница 50 пайыздан артық дауыс жинап жеңіске жетеді.

Ал сайлау комиссиясы оның бұл жеңісін мойындамай, сайлаудың екінші турын өткізбекші болады. Екінші күні жүздеген адамдар сайлау комиссиясының шешіміне наразылық білдіріп, шеруге шығады. Сөйтіп, 27 қыркүйекте Сербияда көтеріліс басталады. Көтерілісшілер 5 қараша күні парламентке шабуыл жасап, орталық телевидениенің ғимаратын басып алады. Любислав Джокич деген жүргізуші шабуылға бульдозерімен шығады, сондықтан да бұл революцияны «бульдозерлі революция» деп атап кетеді. Ал 6 қараша күні Милошевич еріксіз тағынан бас тартады да, сайлау комиссиясы Кощтуницаның жеңісін қабылдайды. 2001 жылы наурызда Милошевич тұтқындалып, сотталады. Бірақ ол өзіне тағылған айыптарды мойындамай, шамасы келгенше өзін-өзі қорғайды. Дегенмен де сот үкімі шыққанша, ол 11 наурыз күні түрмеде қайтыс болады.

Николае Чаушеску

елді 24 жыл басқарды, кейіннен өлім жазасына тартылды.

1989 жылы 25 желтоқсанда Румыния Компартиясының бас секретары Николае Чаушеску мен оның әйелі Елена, Румынияның вице-премьері тез арада сотталып, ату жазасына тартылады. Өз елін 1965 жылдан басқарған Николае Чаушеску халықты геноцидке ұшыратқаны үшін және елді аштық пен жоқшылыққа әкелгені үшін айыпталды.

Тәртіпсіздік Румынияның Тимишоара қаласында 1989 жылы желтоқсан айында басталады. Бейбіт шеруге шыққан халыққа Чаушеску бірден оқ атуға бұйырады. 20 желтоқсанда жасаған өзінің телеүндеуінде Чаушеску бұл көтеріліске «шетелдік күштер» кінәлі дейді. Төңкеріс тез арада Бухарест қаласында жалғасын тауып, 21 желтоқсанда қалаға әскерлер кіре бастайды. Келесі күні елдің қорғаныс министрі Василе Миля қаза табады, біреулер оның өзін-өзі өлтіргенін айтса, енді біреулер ол Чаушескудің халыққа оқ ату туралы бұйрығын орындамағаны үшін атылды дейді. 22 желтоқсан күні Чаушеску көтеріліске шыққан халықпен тілдеспекші болады, бірақ халық оны тыңдамайды, керісінше, Компартия ғимаратын шабуылдап, басып кіреді. Ақырында Чаушеску жанұясымен бірге тікұшақпен қашып кетпекші болады, бірақ оның жүргізушісі көтерілісшілер жағына шығып, тікұшақты Тырговиште қаласындағы алаңға қондырады. Сөйтіп Чаушеску көтерілісшілердің қолына түсіп, сотталады.

Фердинанд Маркос,

Филиппиннің бұрынғы диктаторы, елді 20 жыл басқарып, ақырында қашып кеткен.

Фердинанд Маркос Филиппин президенті болып 1965 жылы сайланады, кейін 1969 жылы екінші рет сайланады. Осы орнында ұзақ уақытқа қалу үшін 1972 жылы Фердинанд Маркос елде төтенше жағдай жариялайды. Осы бұйрықтың шешімімен сөз бостандығына шек қойылып, мыңдаған адам жазықсыз қамауға алынады. Бұл бұйрық тек 1981жылы ғана күшін жояды. Арада екі жыл өткенде бұрынғы оппозиция өкілі Бениньо Аквино елге қайтып оралады. Бірақ ұшақтан түспей жатып оны атып өлтіреді. Оның зайыбы Корасон Аквино ерінің өшін алмақшы болып, 1986 жылы президент сайлауына қатысады. Ақырында Маркос жинаған дауысын өтірік сапырылыстырып, нәтижесін бұрмалаудың арқасында жеңіп шығады. Осыдан кейін Филиппинде тіпті әскери лауазымды адамдар екі жікке бөлінеді: бірі - Аквиноны жақтаушылар, екіншісі - Маркосты жақтаушылар. Бұл екі жақ үнемі бір-бірімен қақтығыста болады. Ақырында Маркосқа елден қашуға тура келеді. Ол АҚШ-қа қашып кетіп, арада үш жыл өткен соң Гавайяда қайтыс болады.

Маркос ел басқарған уақытта әйелі Имельда екеуі бірнеше миллиард долларды АҚШ пен Швейцарияның банктеріне аударып жіберген. Елдегі жоғары лауазымды орындарда тек қана президент пен оның әйелінің туыстары отырған, ал олар елдегі ірі-ірі компанияларды өз аттарына аударып алған.

Пол Пот,

Камбоджаның (Кампучия) бұрынғы премьер-министрі, елді төрт жыл басқарған, сол төрт жылда адамзатқа қарсы қылмыстар жасағаны үшін сотталып, сот процесі басталғанша қайтыс болған.

Камбоджада Пол Пот билік құрып тұрған дәуірде бірнеше миллион қызыл кхмерлер жазықсыз қаза тапты. Бұл - елдегі адам санының төрттен бір бөлігі болатын. 1979 жылы елге Вьетнам армиясының келуімен Пол Пот үкіметі ақырын-ақырын ығыстырыла бастайды. Дегенмен ол 20 жыл бойы қызыл кхмерлердің басшысы болып қала берді. Бірақ 1997 жылы Пол Пот өзінің бұрынғы үзеңгілес досы Сон Сенді бүкіл жанұясымен бірге өлтіруге бұйрық береді. Осыдан бастап елде тәртіпсіздік басталып, жер-жерден көтеріліс оты ұшқындай бастайды. Көтерілісшілер Пол Поттың өзін тұтқынға алып, 1998 жылы оны халықаралық трибуналмен соттамақшы болады. Бірақ Пол Пот сотқа жетпей қайтыс болады.

Жан-Клод Дювалье,

елді 15 жыл басқарып, ақырында қашып кеткен.

Гаити мемлекетінің басшысы болған Жан-Клод Дювалье билікке әкесі Франсуа Дювальеден кейін келеді. Жалған аты «Бэби Док». Елде 1971 жылы болған бүкілхалықтық референдум «Бэби Док» әкесінің орнын басатын мұрагер екенін дәлелдейді. Арада 15 жыл өткен соң 1985 жылғы референдумда Жан-Клод Дювалье өмір бойы елді басқару мүмкіндігіне ие болады, бірақ мұндай шешімге наразылық білдірген халық ақырын-ақырын көтеріліске шыға бастайды. Ақырында 1986 жылдың ақпан айында Жан-Клод Дювалье көтерілісшілердің қолына түсіп, әйелі екеуі Францияға жер аударылады. Бұлар шетелге қанша миллион ақша аударғаны әлі күнге дейін белгісіз, дегенмен де Жан-Клод Дювалье жанұясымен бірге Парижде салтанатты ғұмыр кешті. Биылғы жылдың қаңтар айында Дювалье Гаитиге қайтып келеді, бірақ екі күннен кейін ол қайтадан тұтқынға алынады. Ол елде сыбайлас жемқорлықты өршіткені үшін және адам құқығын бұзғаны үшін айыпталуда, ал соты әзірге болған жоқ.

Аугусто Пиночет,

Чилидің бұрынғы президенті, елді 17 жыл басқарды, халықты жазықсыз қырғаны үшін айыпталып, биліктен кетті, сот үкімі шыққанша қайтыс болды.

1973 жылы елде болған төңкерістің нәтижесінде Аугусто Пиночет билік басына келеді. Оның билік құрған заманында бірнеше мың адам жазықсыз қырылып, бірнеше мыңы қуғынға түсіп, тұтқындалады. 1988 жылғы референдумнан кейін Пиночет биліктен өз еркімен бас тартады. Ол 1990 жылы президенттіктен мүлде кетеді, бірақ кейінгі жеті жыл бойы бас әскери қолбасшы қызметінде болып, сенаттан орын алады. Бұл қызмет оған басына іс түскен жағдайда ешкімге бағынбауға, дербес құқықтық мәртебе иеленуге мүмкіндік береді. 1998 жылы Испания Пиночетті өзінің азаматтарын өлтіргені үшін айыптайды, сондықтан Чилидің Жоғарғы соты оны жоғарыда аталған құқығынан айырады. Міне, осыдан кейін Пиночеттің үстінен бірнеше рет қылмыстық іс қозғалып, ол адам құқығын бұзғаны үшін, адамдарды ұрлағаны, өлтіргені үшін айыпталады. Бірақ бірде-бір іс аяғына дейін жетпей қалады, өйткені 2006 жылы 10 желтоқсанда Пиночет кенеттен қайтыс болады.

Мануэль Норьега,

Панаманың бұрынғы

әскери диктаторы,

елді 6 жыл басқарған,

қазір түрмеде отыр.

1989 жылы АҚШ-тың Панамада жүргізген әскери шабуылдарының нәтижесінде бұрынғы диктатор Мануэль Норьега биліктен бас тартуға мәжбүр болады. Ол нашақорлықпен айналысқаны үшін, елді тонағаны, шетелге себепсіз ақша аударғаны үшін айыпталып, Американың түрмесінде 20 жыл отырады. 2010 жылы Норьега Францияға өтіп, нашақорлықпен айналысқаны үшін 7 жылға сотталады. Сол жылы тамыз айының басында Франция оны қайтадан Панамаға қайтарады. Мұнда Норьегаға адам құқығын бұзғаны үшін үш түрлі айып тағылады да, әрқайсысына 20 жылдан бас бостандығынан айырады.

Сухарто,

Индонезияның бұрынғы президенті, елді 32 жыл бойы басқарып, биліктен өз еркімен кеткен.

Индонезияда 1965 жылы болған коммунистік төңкерістен кейін үкімет басына Сухарто келеді. Бұдан кейін елде қуғын-сүргін басталып, 500 000 адам қаза табады.

Сухарто жеті рет президенттік сайлауға қатысады. 1998 жылы Азияда болған экономикалық дағдарыс кезінде Индонезияда студенттер Сухарто үкіметіне наразылықпен шеруге шығады.

Бірақ Сухарто оларды қатыгездікпен жазықсыз қырып тастайды. Бұдан кейін елде жаппай көтеріліс басталып, шабуылшылар парламентті басып алады.

21 мамырда Сухарто билік басынан өз еркімен кетуге мәжбүр болады. Соңғы он жыл ол Индонезияда тұрып, бірнеше рет сыбайлас жемқорлық үшін сотталады. Бірақ әр ретте ол денсаулығына байланысты ақталып шығып отырады да, 2008 жылы 27 қаңтарда қайтыс болады.

«Форбс» журналынан қазақшаға аударған

Айман ОСПАНОВА

P.S. Әнеки, абжыланның ақыры. Әйтсе де халықтың қаһарына ұшыраған патшалардың алды-арты бұлар емес. Өмір жазса, бұл тізім жиырмаға жеткенше, сізге таныс есім де бой көрсетіп қалуы әбден мүмкін. Мәселе оның қалай көз жұмғанында ғой. Тек елге кесірі тимесін деңіз.

«Общественная позиция»

(проект «DAT» № 38 (121) 09 қараша 2011 жыл

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1483
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3255
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5504