Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Әлеумет 4428 0 пікір 9 Маусым, 2020 сағат 12:30

Қазақ тілді интернет арналардың болашағы бар ма?

«Қай тілдегі TV немесе Internet TV қазақ көрермендерінің санасын жаулай алады деген зобалаң сауал алаш қоғамында туындап отыр. Біздегі этникалық азшылықтың қажетін өтеуші орыс тілді сайттар мен телехабарлар үкімет қолдауына зәру емес, тек қазақ жеріндегі этникалық көпшілік үшін және басқа елдердегі қазақ дисапорасы үшін мемлекеттік тілдегі медиа-концерндер ғана қажет.

Ал, ана тіліміздегі медиа-концерндер құрамына енетін Internet TV тек қазақ көрермендерінің сұранысын өтеп қана қоймайды, қазақ тілін еркін түсінетін өзге елдердегі түркі ұлттарының да қажетіне жарай алады. Ол үшін еліміздегі барша тележарнама тек қазақ тілінде берілсін деген Заң шығарып, TV саласындағы отарсызданудың батыл қадамы керек. Бұл қадамсыз қазақ Internet TV алға басқан адымы кері кетеді. Қазақ тілінің ТМД кеңістігіндегі түркі тілдес ұлыс пен ұлттар үшін халықаралық тілге айналуында Otau TV абонент төлемге құрылған Internet TV сегментінің болашақта алатын орны ерек екенін ел үкіметі мен бизнес қауым осы бастан ескеруге тиіс.

Біз неге бұны сөз етіп отырмыз!? Қазақ Internet TV дамып кетуінен, оған алаш экономикасының зор мүмкіндігі барлығынан, қазақ тілділердің бұны жүзеге асыру жолындағы «орыс әлемін» еш керек етпейтін көптілділігінің алапат интеллектуалды қуатынан және өз жеріндегі қазақ диаспорасының «бесінші колониялылығынан» қатты қорыққан РФ БАҚ «Қазақстанда орыс телеарналарына тыйым салынады» деп осы бастан байбаламға басуы әм зар қақсауы тегін емес. Еліміздегі дәл қазір орыс тілді аудиторияның көңілін аулап келген Ресей арналарын түптің түбінде діні жат Батыс пен АҚШ былай қойғанда, ділі мен мәдениеті жақын парсы, араб, қытай, кәріс, жапон әм түрік теле өнімдерін алаш этностық дүниетанымы мен рухани мәдениетіне бейімдей алатын қазақ Internet TV алмастыратын болады. 

Түбі Internet-TV қазақ көрермендерінің санасын жаулаудың «Соғыстық форматында» көрермендер назарын өзіне аударып, TV шайқаста жеңіп шыға бастайды. Осы орайда рухани-мәдени өмірімізге енді ғана қадам басқан қазақ тілді Internet арналардың болашағы бар ма!?

Жаһанда бүгінгі күні Internet көрсетілім өз дамуының жаңа сатысына көтерілді. Әлемдік ғаламтор пайдаланушылары үшін БАҚ осы түрі дәл қазір қасқалдақтың қаны емес, керісінше жыл санап орасан зор кеңістікті аса зор жылдамдықпен жайлап алу үстінде. Бұл орайда көрерменді бірінші кезекте дәстүрлі TV еш жүзеге асыра алмайтын үлкен таңдау мүмкіндігі өзіне ынтықтыра тартады.

Қазақ үшін Інтернет-телеарна дегеніміз ұлттық БАҚ орыс отаршылдығының еш салқыны тимеген, Тәуелсіздік дәуірінде өмірге келген  рухани-мәдени феномен болып табылады. Үкімет бұл жаңа журналистік саладағы мемлекеттік тілді қолдау үшін еш қайран қылмаса да бұл бағыттың өзіне тән қас сипаты, форматы мен жанрлық сан алуандығы ел назарын өзіне аударып, алаш қоғамының бір бөлшегіне айналып үлгерді. Иә, қазіргі аяғын апыл-тапыл басқан ұлттық Інтернет-телеарна әзірше орыс тілді Үкімет пен Оппозицияның қолдауы мен жарылқауына ие емес БАҚ бір бөлшегіне айналғанымен, тілдік этнофашизмнің кесірінен өзімен-өзі қалған алаш үшін тек қана ақпараттық бағдарламаларды ғана емес, түрлі тақырыпты қамтитын айдарлар мен жарнамалық роликтерді де қазақ көрермендеріне бірте-бірте ұсына бастады. Міне, осы тыныс-тіршілігімізге жаһангерлікпен араласқан ұлттық  Інтернет-телеарналар ғалымдар мен әлеуметтанушылар тарапынан қазақ тілді ареал болғандықтан зерттелінбей отыр. 

Елімізде қоғамдық және коммерциялық теледидар 30 жыл бойы қазақ тілін шетке ығыстырып тек орыс тілінде ғана дамыды. Мемлекеттік телеарналарға этностық мәдени-рухани әм милеттік ділдік-діндік интеллектуалдық тұрғыда мүлдем көңіл бөлінбей, орыс тілімен қосанжарластырылды. Тек соңғы жылдары ғана ана тілімізде ғана хабар тарататын мемлекеттік екі телеарнаға қол жеткіздік. Іс сонымен бітті. Қазақ өз жерінде ұлттық көпшілікке айналған тұста өмірге келген ұлттық Інтернет-телеарналар жайында сөз бөлек. 

Інтернет-телеарнаның табысқа жетуі көбіне қазақ тілді  аудитория сегментінің көңілін көншітіп, назарын аударуға бағытталған бағдарламалар жанрына, телеарнаның ресми биліктің жетегінде кетпейтін БАҚ ретіндегі ұстанған дербес концепциясына әм журналистік өнімдерінің рухани-интеллектуалдық сапасына  байланысты болып келеді. Қазір тек жеңіл әзіл-сықақ және ән-думанды бағдарламалар халық көңілін жаулап алып келсе, жақын арада жаңа телеконтент қалыптасып, оны өмірге әкелушілер тарапынан ұсынылатын бағдарламалар форматы, ұстанған концепциясы мен осындай телеарналардың редакциялық саясаты біржола қазақ аудиториясының қажеті мен қызығушылығын өтеуге бет бұра бастайды. Журналистер қауымының қарасы осы салада өз бағын сынаған полиглот ұлттық интеллектуалдар есебінен артады. Қазақ саяси элитасы мен ресми билігі осыған дайын ба!?

Алаш теле индустриясының қазіргі қалыптасқан моделдері:

  • Коммерциялық телеарна 
  • Қоғамдық телеарна 
  • Мемлекеттік телеарна 
  • Інтернет телеарна 

Коммерциялық және қоғамдық телеарна бағдарламалық саясаты жағынан ғана емес, экономикалық қызметінің тұрпаты жағынан да өзгешеленеді. Алғашқысы жарнамадан ақша тапса, соңғысы абонентік жарна арқылы нәпақасын айырады.

Ал, біздегі мемлекеттік телеарналарды Үкімет жоспарлы әм орталықтанған сипатта бюджет есебінен қаржыландырады.

Қазір көгілдір экранға телмірушілердің саны азайып, еліміздегі көрермендердің 70% ұялысын шұқылап, ұлттық интернет-арналарды тамашалауға біржола көшті. 

Қазақ Internet TV дегеніміз – жұрттың бәрі үшін ашық, тұрақты дамып тұратын ана тілімізде көптеген орта және ұсақ бейне-өндірушілер ұсынатын авторлық  контент. Бұл әлемдегі бейнематериалдар жан-жақты әм сан алуан тақырыпты қаузап, оларды не тәуелсіз студиялар, топтар мен жеке адамдар алаш баласының игілігі үшін ұсынып келеді.

 «Экспо-1998» кезінде АҚШ-та өмірге келген Internet TV қазақ өмірінің бір бөлшегіне айналды. Бірақ АҚШ мен Батыстың алдыңғы қатарлы телеарналарын қазақ көрерменіне ұсынатын інтернет жобалар жоқ. Қоғамдық телеарналар тек қана дайын күйіндегі орыс телеөнімдерін ұсынумен келеді. Айлық көрсетілімі халықтың қалтасын қақпайтын Otau TV үшін абонентік төлемі 5 долларды құрайтын ілеспе аудармалы CNN және ABCNews және басқа арналардың сервистерін тұтынатын, NBA және MLB басқа салалардағы спорттық репортаждар, балалар хабарларын тарататын медиа холдингтер құрылып, бүгінгі тек орыс тілді телеөнімдерді тықпалайтын Internet Service Provider (интернет-провайдер) қазақ тілді Internet Service Provider алмастыруы уақыт талабы. 

Қазақ інтернетіндегі бейнесайттарға қолдау мен жебеу керек. Қос көршіміз: Қытай – 1993, Ресей – 1995 жылы інтернет хабар таратуды жолға қойды. Нәтижесінде қытайда CNNIC (1997), ресейде 2000 жылы «Телеком-Центр» құрылып, інтернетте тележобалар жүзеге асырыла бастады. Нәтижесінде РФ «МИР», «НТВ», «Россия» т.б.  ірі медиа-концерндер өмірге келіп, Орталық Азия елдерін Internet Service Provider көмегімен медиа ортарлай бастады. Ресейшіл Internet Service Provider РФ кең жолақты қол жетілімдіктегі  жер серіктік әм федералдық арналарын теледидар арқылы ғана емес, компьютер арқылы да Орталық Азия елдеріне таратып әм жеткізіп отыр. 

Интернет басылымдар дәстүрлі БАҚ (баспа, телеарна, радио) электронды нұсқасы; тек қана інтернетте желісінде ғана ұшырасатын желілік БАҚ деп екі топқа бөлінеді. Ал, желілік БАҚ іштей егіз қозылықтағы «клондық» баспа, телеарна, радио ыстанса; жиендік жапсардағы онлайн-режімде қосымша қызмет ұсына алатын «гибридтік» түр өзгертушілік аңыстағылық деп сараланады. 

Бұдан бөлек қазақ интернет басылымдарын біліктілігіне қарай кәсіби және әуесқой десек, ақпарат беру сипатын орай аналитикалық, ақпараттық әм сауық-сайрандық деп тарамдаймыз. Аудиторияны қамтуына орай сапалы танымдық хабарлар азшылыққа арналса, жеңіл-желпі ұғынылуы оңай тақырыптарды шығарушылар белгілі бір аудиторға, мәселен, әйелдер қауымына немесе белгілі бір жастағы балаларға бағдар ұстайды. 

Қазақ інтернет теларнасының артқышылығы өз эксклюзивімен қатар, ТМД кеңістігіндегі орыс цензурасы рұқсат етпейтін АҚШ және Батыс жаңалықтарын жұртқа жеткізе алады. Бұдан бөлек дәстүрлі телеарналардығы уақыт жағынан шектеушілік мүлдем жоқ. Қазақ тілін ұғынатын барша көрерменге қол жетімді. 

Түйін.The Walt Disney Company-ге  жататын ABC (American Broadcasting Company) телеарналық желілерін, Францияның – TF-1, Ұлыбританияның – Channel 4, Италияның – Rai және Испанның – Telecinco, Алманияның – VOX және т.б. елдердің ірі  коммерциялық теоеарналарын ілеспе аударма арқылы қазақ көрерменіне ұсынатын кез туды. Қазір қазаққа әнші жұлдыздардың жүрген тұрғаны емес, ресми билік сөз еткізбейтін дүниелерді көтеретін жаңалықтық, пікірталастық әм авторлық жаңашыл бағдарламалар керек. Бұл үшін Otau TV бар қазақтар жарнасын төлейтін ұлттық інтернет арналардың қауымдастығы құрылып, РФ теле басқыншылығынан құтылатын жол іздейтін кезең туды. 

Кезінде телеарналардың баспасөзді құрта алмағаны сияқты, інтернет арналар да, телеарналарды мүлдем жойып жібере алмайды. Үшеуі де бірінде жоқты бірі толықтырып жарыса өмір сүреді. 

Әбіл-Серік Әліакбар

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2048