Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3159 0 пікір 26 Маусым, 2009 сағат 05:18

Мұхан Исахан. Шығыс әлемі - шығармашылығымның шырайын келтірді

 

Өтеген Күмісбаев - ақын, прозаик, аудармашы, парсытанушы, сондай-ақ, кезінде діни жанрда қалам тербеген Тұрмағанбет пен Шәкәрім шығармаларын цензурадан ықпай, алғаш рет ғылыми айналымға енгізуші ғалым. Көп жылдардан бері әдебиет әлемінде тынбай еңбек етіп келе жатқан ғұлама ағамыз биыл жетпіске толып отыр.

Бізге, өмірден көргені мен түйгені мол ағамызбен сұхбаттасудың сәті түскен еді.

Өтеген аға, Қазақстандағы шығыстану ғылымының көшбасында тұрған атпал азаматтардың бірісіз. Алдымен әңгімені шығыстану ғылымына қалай келгеніңізден бастасақ?

 

Өтеген Күмісбаев - ақын, прозаик, аудармашы, парсытанушы, сондай-ақ, кезінде діни жанрда қалам тербеген Тұрмағанбет пен Шәкәрім шығармаларын цензурадан ықпай, алғаш рет ғылыми айналымға енгізуші ғалым. Көп жылдардан бері әдебиет әлемінде тынбай еңбек етіп келе жатқан ғұлама ағамыз биыл жетпіске толып отыр.

Бізге, өмірден көргені мен түйгені мол ағамызбен сұхбаттасудың сәті түскен еді.

Өтеген аға, Қазақстандағы шығыстану ғылымының көшбасында тұрған атпал азаматтардың бірісіз. Алдымен әңгімені шығыстану ғылымына қалай келгеніңізден бастасақ?

Менің шығыстану ғылымына келуім, өзінше бөлек бір қызық әңгіме. 1960 жылдары ҚАЗМУ-дің филология факультетінде оқып жүргенімде араб тілі мен әдебиетіне деген ерекше қызығушылығым болды. Араб тілі мен әдебиеті менің шығыс әлеміне бетімді бұрғызып, шығыс шығармаларына деген ішкі шырайымды тудырып, шығыс жұлдыздарына деген ілтипатымды арттырды. Бұрын біз араб ақындарының өлеңдерін орысша аудармасынан оқитынбыз. Араб тілін үйрене бастағаннан кейін, араб шығармаларын түп нұсқадан оқи бастадым. Араб ақындарының өлеңдерінің шуағы ақындыққа жетелеп, мен 1964 жылы «Тұңғыш» деген өлеңдер жинағымды шығардым. 1964-69 жылдары Қазақстан Жазушылар Одағының көркем әдебиетті насихаттау бөлімінде қызмет істедім. Сонымен қатар, «Егеменді Қазақстан» газетінің әдебиет бөлімінде қызмет еттім. 1969 жылы ҚР Ұлттық Ғылым Академиясы, М.Әуезов атындағы әдебиет институтында кіші ғылыми қызметкер ретінде жұмысқа қабылдандым. Ол кезде мені жұртшылық ақын ретінде танығанмен, менің негізгі ойым ғылыммен шұғылдану болатын. Академияда бір жылдай жұмыс істедім. Бір күні институттың директоры Мүсілім Базарбаев мені кабинетіне шақырды. Ол кісі Қазақстанның екі рет сыртқы істер министрі болған, жиырмасыншы жылдардағы қазақ әдебиетін, дәлірек айтатын болсақ, Шәкәрім мен Мағжанды зерттеп, докторлық қорғаған адам болатын. Мүсілім ағамыз маған: «Мәскеуге оқуға барасың ба?» деді. Ол кезде 22-23 жастағы бойдақ кезім. Осы бойдақтықты қимадым ба, білмеймін, мен бірден жауап бере алмай, тосылыңқырадым. Мүсілім ағамыз: «Мәскеудің Шығыстану институтынан шақырту қағаз келіп отыр. Бұл шақырту бойынша біз Мәскеуге бір жас маманды оқуға жіберуіміз керек. Осыған сені таңдадық» деді. Мен: «Бір күн ойланып көрейін» дедім. Ертесіне келіп, келісімімді бердім. Мүсілім ағамыз: «Кіммен ақылдастың?» деді. Мен: «Жүріп жүрген қызым бар еді, сонымен ақылдастым. Қалыңдығым: «Үлкен кісілер, сенім артып, жіберіп отырса, барғаның жөн» деп отыр. Қабырғаммен кеңесе келе барсам барайын деген шешімге келдім» дедім. Сонымен мен Мәскеуге аттанып кетттім.

Сол жылы Мәскеуде КСРО жас жазушыларының бірінші құрылтайы өтті. Осыған Қазақстаннан Қалдарбек Найманбаев, Бекежан Тілегенов, Мұхтар Шаханов, Ақұштап Бақтыгереева, Сәтімжан Сәнбаев секілді барлығы он жазушы мен ақын аттандық. Осы құрылтайдың поэзия бөлімінде мен өлеңдерімді оқыдым. Жұрт жақсы қабылдап, оң бағалады. Осы құрылтайда Шолохов, Гагарин секілді ұлы адамдармен жүздестік. Бұл кездесулер менің шығармашылығыма қанат бітірді. Алматыда орыс ақындарына өлеңдерімді орысшаға аудартқан болатынмын. Оған Олжас Сүйлейменов алғы сөз жазып берген еді. Сол жылдары шыққан «Литература ити» деген альманаққа өлеңдерім еніп, оны Мәскеу жұртшылығы жылы қабылдады.

Алғашқы шәкәрімтанушы

Мәскеудің Шығыстану институтында жүрген кезіңіздегі шығармашылығыңызға кеңірек тоқталып өтсеңіз?

- Алғашқыда, Шығыстану институтына машықтанушы-зерттеуші болып жұмысқа қабылдандым. Бір жылдан соң осы институттың аспирантурасына түстім. Аспирантурада оқып жүріп ғылыми жұмысымның тақырыбын «Тұрмағанбет Ізтілеуов және оның Рүстем дастаны» деп бекіттірдім. Шығыстану институтының «Иран әдебиеті бөлімінде» жұмыс істей жүріп, шығыс әдебиетінің тұңғиығына түсіп кеттім. Менің ғылыми жұмысыма ұлты әзірбайжан, профессор Газенфор Әлиев деген жігіт жетекшілік жасады. Жетекшім маған ағылшын, араб, парсы тілдерін оқып үйренуім керектігін айтты. Араб тілінен Юрий Николайвич Ансец деген Польша университетін бітірген кісі сабақ берді. Ол атақты Юрий Крачковскийдің шәкірті болатын. Ал, парсы тілінен Кирин Николайовна Юрома деген ғылым кандидаты дәріс берді. Осы кісілерден екі жылдай уақыт сабақ алып, араб және парсы тілдерін меңгеріп шықтым. Мен Мәскеуге өзіммен бірге елден Рүстем дастаны, Ләйлі Мәжнүн, Сейфул-Мәлік, Шахнама туралы жиырмаға тарта қисса-дастандар ала келген едім. Осы қисса-дастандарды ғылыми сүзгіден өткізіп, мақалалар жазып тұрдым. Тырнақ алды алғашқы ғылыми шығармам ретінде Шәкәрімнің «Ләйлі-Мәжнүн» дастанына қатысты зерттеуімді айта аламын. Ол кезде Шәкәрімнің атын атуға, оның шығармасын оқуға тиым салынған кез болатын. Осыған қарамастан, Мәскеу мұрағаттарынан Шәкәрім шығармасы жөнінде каталогтарды қарап шығып, оның «Ләйлі-Мәжнүн»дастанын тауып алдым. Шәкәрімнің бұл дастанын Мұхтар Әуезов 1922 жылы Ташкентте «Шолпан» журналында ескі араб әрпімен басып, жариялаған екен. Кейін, 1935 жылы Сәкен Сейфуллин алғы сөз жазып, бұл дастанды жеке кітап етіп шағарған. Осы дастандағы стиль, мақам, сипат, теңеу мен оқиғалар өрісін өзге «Ләйлі-Мәжнүн» дастандарымен салыстырып, сондай-ақ, бұл дастанның қазақтың эпикалық жырларына әсерін талдай келе орыс тілінде ғылыми мақала жаздым. Шәкәрім жөнінде айтуға тиым салынғанмен, менің батылым жетіп, автордың ойлау жүйесі мен көркемдік тілі жөнінде кеңірек тоқталып, ғылымдағы алғашқы қарлығашымды ұшырдым. Сол жылдары Мәскеуде өткен конференцияда бұл жөнінде баяндама жасадым. Конференцияда менің бұл зерттеуіме ғалымдар ерекше қызығушылық танытты. «Шәкәрім деген қандай ақын? Неге бұл дастанды жырлаған?» деген сұрақтар қойды. Мен: «Қазақ халқында сондай бір жақсы дәстүр бар, өзге елдің ғибратты, гуманистік тұрғыдағы жыр-дастандарына қазақы рең, түс бере отырып, өз тілінде жырлайды. Шәкәрімнің «Ләйлі-Мәжнүн» дастаны осы сипатта жазылған шығарма» деп жауап бердім. Шәкәрім дастанының кіріспесінде мұндағы оқиғалар өрісін Физули деген парсы ақынының шығармасынан алғанын айтады. Мен Физулидің «Ләйлі-Мәжнүні» мен Шәкәрімнің дастанында сюжеттік ұқсастық бар ма? деп салыстырып көргенімде, Шәкәрімнің оқиғаларға өз ойынан ештеңе қоспастан, дастанды тек қазақы теңеу, ұқсас, ритмика, сөз тіркестер, мақал-мәтелдер, мақамдармен жырлап шыққандығына тәнті болдым. Шәкәрімнің «Ләйлі-Мәжнүні» жөніндегі бұл мақалам сол кезде Мәскеуде шығатын «Простор» журналында жарияланды. Екі-үш айдан кейін маған бір хат келді. Хаттың кімнен жіберілгенін қарасам «Ахат Шәкәрімұлы Құдайбердиев» деп жазылып тұр. Ахат маған жазған хатында: «Өтеген сенің Шәкәрім туралы мақалаңды оқып қатты риза болып отырмыз. Шәкәрім туралы қорықпай жазған алғашқы ғалымдардың бірісің. Бұдан кейін Шәкәрім туралы тереңірек жазамын деген ниетің болса, оның мынандай еңбектері бар. Маған хат жазып хабарлас» деп, жазыпты. Жалпы, мен ғылымға Шәкәрімнің шығармасын зерттеу арқылы келдім десем болады. Тұрмағамбет Ізтілеуовтың «Рүстем» дастанын да зерттеуім, мені биікке шығарды. Бұл дастанды зерттеп жүргенімде мен әдебиеттің керемет сырларына қанықтым деп айта аламын.

1973 жылы жоғарыда айтып өткен тақырыбым бойынша кандидаттық диссертация қорғадым. Сол жылдары КСРО Жазушылар Одағының Қазақ әдебиеті бөлімінде консультант болып жұмыс жасап жүрген Тәкен Әлімқұлов деген азамат мені шақырып алып: «Өтеш, мен елге қайтпақпын. Менің орныма сен жұмыс істе» деп өтінді. Мен аспирантураны оқи жүріп, осы қызметті қатар алып жүрдім. 1974 жылы елге оралып, әдебиет институтында қызметке орналастым. Осы институтта жүріп мен «Рүстем дастаны» деген кітабымды шығардым. Бұл кітаптың артынша «Қазақ-араб әдебиетінің байланысы» деген кітабым шықты. Мен осылайша шығыстану ғылымына келдім.

Сыр сүлейлерінің жұрнағы

Ал, әдебиетке қалай келдіңіз?

Мен өзі Сыр елінің тумасымын. «Сыр өңірі, жыр өңірі» демекші, жас кезімізде Сыр сүлейлерінің, жырауларының ортасында өстім. Әкем домбыраның құлағында ойнаған дәулескер күйші һәм бүркіт ұстап, саят құратын сал-серілікке жаны құмар жан еді. Біздің үйімізге сол кездегі Сыр өңірінің белгілі ақын-жыраулары келіп кететін. Жыраулар келгенде түн ұйқымды бөліп, жыр тыңдайтынмын. Одан қалса, мектептегі әдебиет пәнінің мұғалімі әдебиеттің жілігін шағып, майын ішкен адам еді. Ол кісінің әдебиетшілдігі мені әдебиет әлеміне жетектеп кіргізді.

Мен әдебиетке өлеңмен келдім. 1965 жылы «Алақан», 1969 жылы «Гүлсана бағы», 2001 жылы «Москвам менің көзіммен» атты өлеңдер жинағым шықты. Ал, прозаға 1965 жылы «Таңғы шық» деген әңгіме жазумен келдім. Менің бұл әңгімемді З.Шашкин, З.Серікқалиев, Қ.Ысқақ ұнатып, жылы пікірлерін білдірді. Олар маған: «Қолыңнан проза жазу келеді екен, проза жаз» деп кеңес берді. Сол жылдары «Мәдениет» деген журнал шығып тұратын. Осы журналға менің махаббат туралы үш новеллам шықты. Бұны ақын М.Мақатаев оқыған екен. Ол кісі: «Өтеш, саған өлең жазуды таста деп айта алмаймын, бірақ, сен әңгіме жазуға шебер екенсің, осы қабілетіңді де шыңдай түс» деп, мені проза жазуға қайрады. Осы кісілердің сөзі әсер етті ме, білмеймін содан пен проза жазуға бейім бола бастадым. «Тіршілік тоқтамайды», «Ауылдан шыққан жол», «Аспалы көпір» деген әңгімелер жаздым. Бұл әңгімелерім оқырманның ықыласына бөленіп жатты. Мен, прозадағы биік шығармам деп «Польша перзенті» деген романымды айта аламын. ХІХ ғасырдағы қазақтар жөнінде естеліктер жазған Адольф Янучкевичті басты кейіпкер етіп алған бұл еңбегім бірнеше тілдерге аударылып, жарияланды.

«Польша перзентін» жазуыңызға не себеп болды?

Алпысыншы жылдары меніңи қолыма «Алыстан жазылған хаттар» деген кітап түсті. «Бұл кітапта не жазылған екен» деп қарасам, ХІХ ғасырда қазақ даласында айдауда болған Адольф Янучкевичтің анасына жазған хаттары берілген екен. Ол осы хаттарында қазақтар жөнінде ғажайып құнды естеліктер жазған. Қазақтар қандай халық, түрі қандай, тілі қандай, мәдениеті мен салт-дәстүрі жөнінде кең толғамды мәліметтер берген. ҚАЗМУ-дің Палина Стеклова деген оқытушысы Польшаға барғанында осы естеліктердің орысша нұсқасын елге әкеліп, оны Сәрсекеев деген журналист қазақша тәржімалап жариялады. Осы естелікті оқып отырып, мен Адольф Янучкевичке қайран қалдым. Ол менің халқымды керемет сүйіп өткен азамат екен. Оны көрмесекте, естеліктен мен оның тұлғасын танығандай болдым. Қазағыма ғашық болған адамға мен неге ғашық болмайын. Сөйтіп Адольф Янучкевичке деген сүйіспеншік «Польша перзенті» романын жазуыма түрткі болды.

Өзіңізді қандай прозашымын деп ойлайсыз?

Мен өзімді лирик-прозайкпін деп қабылдаймын. Себебі, мен лириканы жақсы көрдім. Лирик жазушылардың шығармаларын сүйіп оқыдым. Жан дүнием лирикаға жақын болғандықтан, менің әңгімелерімнің де лирикалық сипаты басым. Мен жас кезімде Қарауылбек Қалзиев, Әлдиқан Қалдыбаев, Ерғали Ахметов, Мұхтар Мағауин, Әбіш Кекілбаев, Рымғали Нұрғалиев секілді талантты жазушылармен бірге оқып, етене жақын араластым. Осы орта менің жазушылыққа келуіме көп әсер етті деп ойлаймын.

Парсытану ғылымының пырағы

Ұстаздарыңыз ретінде кімдерді айтасыз?

Мен өзіме ұстаздық жасады деп Бейсенбай Кенжебаев, Мұхтар Әуезов, Ісмет Кеңесбаев, Терімғали Нұртазин, Нұртай Қабылғанов деген қазақтың ұлыларын айта аламын. Мәскеуде оқып жүрген шағымда Ғазенфор Әлиев, Кирин Юрома, атақты Конротов, Бертельс, Тенишев секілді ғалымдар ұстаздық жасады. Ұстаздарымның ішінде ерекше ғұлама деп Мұхтар Әуезовты айтар едім. Мұхтар Әуезов бізге студент кезімізде «Абайтанудан» дәріс оқитын. Мен ол кісідей білімді, шешен, ойы тым терең, жан-жақты, өзін өте ұқыпты ұстайтын энциклопедисті әлі көрген емеспін. Мұхтар Әуезовтың дәрістері мені ғылымға бастады десем, артық айтқаным емес. Себебі, біз Мұхтар Әуезовтің дәрістерінен Ұлы Абайды, Шәкәрімді, одан әріректе өмір сүрген Бұхар жырау, Ақтамберді, Дулат, Шал, Шортанбай секілді ақындармен, сондай-ақ, қазақтың ескі қисса-дастандары, эпикалық жырларымен таныстық. Әуезов менің көңіл әлемімде ғажап бір ескерткіш болып қалды. Мұхаңның дәрістерінен кейін қиялыңа қанат бітіп,  қазақтың әдебиетін зерттегің келеді де тұрады. Осындай ұлы тұлғалардан дәріс тыңдау мен үшін зор бақыт еді.
Отыз жылдан астам уақыт ұстаздық жасап келесіз, шәкірт тәрбиелеуде қандай жетістіктерге жеттіңіз?
Жалпы, парсытану саласы, жас сала. Бұл саланың дамуына шәкірттерім шама-шарқынша үлес қосып келеді. Г.Құдайбергенова, А.Боранбаева, Ғ.Жұмаділова, Ғ.Қамбарбекова, Ф.Ахметова, Т.Қыдыр секілді болашағынан зор үміт күттіретін шәкірттерім бар. Әсіресе, бұлардың ішінде Т.Қыдыр мен Ғ.Қамбарбекова секілді талантты шәкірттерімді ерекше айтып өтсем болады.

Аға, аудармамен шұғылданғаныңызды да білеміз?

Маған дейінгі ақындар араб-парсы ақындарының өлеңдерін орыс тілінен аударып келген. Менің аудармамның ерекшелігі Сағди, Омар Хаям, Рудаки, Физулилердің таңдамалы өлеңдерін тікелей түпнұсқадан тәржімаладым. Парсы ақындарының өлеңдерін аударып отырып аңғарғаным олардың дүниетанымына түркілер де ерекше әсер еткен екен. Мысалы, мен «Бабырнаманы» түпнұсқадан оқи отырып байқағаным, оның дүниетанымдық көзқарасы қазақтардың дүниетанымдық көзқарасына өте ұқсас. Аудармадағы менің тағы бір ерекшелігім, орыс аудармашылары парсы ақындарының теңеулерін түсініңкіремей, оларды әйел сүйгіш, нәпсі құмар, ішкіш ретінде сипаттады. Ал, түпнұсқаға қарасақ, парсы ақындары кейбір ішкі иірім мен рухани ләззатты бастан кешкен кезін «мас болдым» деген секілді теңеулермен түсіндірген. Осыны орыстың көзілдірігімен емес, тікелей түпнұсқадан қарағандықтан, мен мазмұнын бұзбай аударуға күш салдым.

Парсыларды бізге таныстырып келесіздер, бірақ, оларға қазақты танытуда не атқарылып жатыр?

- Өкінішке орай, бұл сұрағыңа мардымды жауап бере алмаймын. Себебі, парсыларда қазақтарды тануға деген құштарлық байқалмайды. Ал, өзіміздің парсытанушылар бұл тақырыпты әлі қолға ала қойған жоқ. Елімізге келген Иранның кейбір елшілері Абайды аударған сияқты болды. Бірақ, оған көңілім толмады. Қайбір жылы Иранға Президенттің делегациясымен бірге еріп барғанымда осы мәселені көтеріп: «Нұраға, Иранға қазақ әдебеиті мен мәдениетін таныстыруды қолға алуымыз керек» деп ұсыныс айтқан едім. Бұл ұсынысымды Елбасы мақұлдаған болатын. Әйткенмен, осы күнге дейін үкімет тарапынан ешқандай бір нақты бастама болмай отыр.

Ал, аға уақытыңызды бөліп, әңгімелескеніңізге рахмет. Жетпіс жасқа толған мерейтойыңыз құтты болсын деп тілейміз.

 


Мұхан Исахан

«Қазақстан Заман» газеті 25 маусым 2009 жыл

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1469
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3245
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5404