Бұрынғы орфографиялық сөздіктегі қателерден арылу қажет
Орфографиялық сөздіктің соңындағы «Қазақ тілінің негізгі емле ережелерінің» «Қосымшалардың жазылуы» атты бөлігінде: «§35. Соңғы дыбыстары рк, рг, нк, нг, кс, кт, ск, лк, нкт, кль, брь, бль сияқты дауыссыздар тіркесіне біткен сөздерге қосымшалар әрдайым жіңішке түрде жалғанады. Бұлар к, г дыбыстарының және жіңішкелік белгісімен келген р, л дыбыстарының жіңішке айтылуына байланысты. Мысалы: парктен, паркке, паркі, митингілер, митингіге, фактіге, фактісі, полкке, полктер, полкі, ансамблъге, ансамблі», – делінген. Осыған байланысты «к, г дыбыстары мен жіңішкелік белгісімен келген сөздер жіңішке айтылуына байланысты қосымшалар әрдайым жіңішке түрде жалғанады» деген тұжырымға келуге болады. Қазақ тілінің өзіндік ерекшелігіне сәйкес к, г, е дыбыстары жіңішке сөздерде ғана келеді. Сол себепті Ахмет Байтұрсынұлы мұндай дыбыстары бар сөздерге дәйекше қоймаған. Қазіргі кезде Қытайдағы қазақтар да осы ұстанымды басшылыққа алып отыр. Енді сөздіктегі к, г дыбыстарының және жіңішкелік белгісімен келген сөздердің берілуіне көз салайық.
к, г дыбыстарына біткен сөздерге қосымшаның жалғануы: альпениток, альпенитокке, альпенитогі; аммиак, аммиакқа, аммиагы; аналитик, аналитикке, аналитигі; аншлаг, аншлагқа, аншлагы; антибиотик, антибиотикке, антибиотигі; бақ, бакқа, багы; банк, банкке, банкі; бантик, бантикке, бантигі; бундестаг, бундестагқа, бундестагы; бурак (діни), буракқа, бурагы; гайдамак, гайдамакқа, гайдамагы; гамак, гамакқа, гамагы; дашнак, дашнакқа, дашнагы; лак, лакқа, лагы; мүбәрак, мүбәрагі; пиджак, пиджакқа, пиджагы; фрак, фракқа, фрагы; т.с.с. Бұл сөздерге қосымшалардың жалғануында да бірізділік байқалмайды. Жоғарыдағы ереже тағы сақталмаған. Тұтастай алғанда, ак буынына біткен немесе құрамында жуан дыбыстары бар сөздерге қосымша жуан жалғанып, ик буынына біткен сөздерге жіңішке жалғанатыны туралы айтуға болатын сияқты. Алайда мүбәрак, мүбәрагі кірме сөзі бұған келмейді. Сол сияқты банк сөзі к дыбысына бітіп, құрамында жуан дауысты болғанмен, қосымша жіңішке жалғанған. Ал ик буынына біткен кірме сөздерге жіңішке жалғанатыны аңғарамыз. Ендеше, ережені нақтылау қажет.
Жоғарыда келтірілген 35-ереженің соңында ескерту берілген: «Ескерту. Жіңішкелік белгісіне аяқталған бір буынды сөздер мен соңғы буынында ё, э дыбыстары бар сөздерге қосымша әрдайым жіңішке жалғанады. Мысалы: тюльдер, тюлі, Пётрдің, Пётрге, актёрге, актёрлер, дуэттер, дуэті». Бұл ескертудегі жіңішкелік белгісіне қатысты тұсының қажеті жоқ. Себебі ереженің өзінде де жіңішкелік белгісімен келген (дұрысында, жіңішкелік белгісіне біткен болуы керек, себебі жіңішкелік белгісі сөздің ортасында келетін тұстары қамтылмаған) сөздерге қосымшалар әрдайым жіңішке түрде жалғанатыны туралы айтылған. Енді бір жіңішкелік белгісіне аяқталған бір буынды сөздерге қатысты ескертудің қажеті қанша? Жоғарыдағы ережеден ауытқып тұрмағандықтан, ескертудің жіңішкелік белгісіне қатысты тұсын алып тастау керек.
Енді жіңішкелік белгісіне біткен сөздердің ережеге қаншалық бағынып тұрғанын тексерейік. ь жіңішкелік белгісіне біткен сөздерге қосымшаның жалғануы: аэрозоль, аэрозольға, аэрозолі; ведомость, ведомосқа, ведомосы; госпиталь, госпитальға, госпиталі; грамм-моль (хим.), грамм-мольға, грамм-молі; газель, газельге, газелі; дирижабль, дирижабльге, дирижаблі; капсюль, капсюльге, капсюлі; квадруполь, квадрупольға, квадруполі; квадрупольдік; коктейль, коктейльге, коктейлі; король, корольға, королі; корольдық, корольдығы; фестиваль, фестивальға,фестивалі, фестивальдар; фестивальдық; т.с.с. Мұнда да қайшылықтар бар екені байқалады. Жіңішкелік белгісіне аяқталған сөздердің бәріне қосымша жіңішке жалғана бермеген: бірде жіңішке, бірде жуан. Тағы да «Сөздің соңғы буыны жуан дауыстыға бітсе, қосымша жуан, жіңішке дауыстыға бітсе, қосымша жіңішке болатын шығар» деуге де келмейді. Себебі сөздің соңғы буыны жіңішке дауыстыларға біткен жағдайда осылай тұжырымдауға болғанмен, сөздің соңғы буыны жуан дауыстыға біткен сөздерде әркелкілік орын алған: аэрозоль, аэрозольға, аэрозолі; аэрозольді; аэрозольдік; госпиталь, госпитальға, госпиталі; грамм-моль (хим.), грамм-мольға, грамм-молі; квадруполь, кинофестиваль, кинофестивальга, кинофестивалі, кинофестивальдар; король, корольға, королі; корольдық, корольдығы; модальдық; модуль, модульға, модулі; модульдік, модульдік жүйе; мораль, моральға, моралі; моральдық; нивальдық; рояльшы; табельші; т.с.с. Бұл сөздерде дауыстыдан басталған қосымша жіңішке жалғанып, дауыссыздан басталатын қосымша жуан жалғанғанын аңғаруға болады. Алайда бұл да жалпылық сипат алмаған: барыс септік тұлғасы, көптік қосымшасы (бірде көрсетіліп, бірде көрсетілмеген) жуан тұлғада келген де -лық/-лік, -шы/-ші жұрнақтары бірде жуан, бірде жіңішке жалғанған: госпитальдық, квадрупольдік, корольдық, нивальдық, модальдық, модельді, модульдік, моральдық, моральшы, автомобильші, модельші, рояльшы, фестивальдық, табельші, т.с.с. Мұндай алақұлалық сөздікті құрастырушылар тарапынан ғана жіберілмеген сияқты. Себебі кітаптың кіріспе сөзін жазған профессор Н.Уәлидің келтірген мысалының өзінде де біркелкілік жоқ: турист, туриске, турисі; ведомость, ведомосқа, ведомосы; стоматолог, стоматологке, стоматологі; пароль, парольға, паролі: грамм, грамға, грамы т.б. Орфографиялық ережені дайындау, көпшілікті дұрыс жазуға шақыратын сөздікте мұндай әралуандық, шалағайлық болмауға тиіс. Сөздік құрастырушылардың өздері ұстанымдарын нақтылай алмай отырса, көпшілік, әсіресе оқушылар, тілді жаңадан үйреніп жүрген жандар норманы қалай түсінбек? Сөздердің қазақ тілінде дұрыс жазылмауы, көпшіліктің бұл іске салғырт, немқұрайды қарауына сөздіктегі осындай шалағайлықтар себеп болуы әбден ықтимал.
Жоғарыда келтірілген ескертуде соңғы буынында ё, э дыбыстары бар сөздерге қосымша әрдайым жіңішке жалғанатыны туралы айтылған еді. Орфографиялық сөздіктің соңындағы «Қазақ тілінің негізгі емле ережелерінде» ё әрпінің емлесі туралы: «§6. э, ё (йо) әріптері орыс тілінен және орыс тілі арқылы өзге тілдерден енген сөздерде ғана жазылады. Мысалы: экономика, этика, эстетика, дуэт, эволюция, этнография, экспорт, электр, Пётр. Ескерту. Жазу тәжірибесінде ё (йо) таңбасының орнына көбінесе е әрпі қолданылады, бірақ сөзді ё (йо) дыбысымен айту қажет: актёр (айтылуы – актиор), Петр (айтылуы – Пиотр)», – делінген.
Бұл орайда ё әрпін э-ге қосақтамай, ю, я әріптері сияқты жеке беру керек. Себебі бұлардың бәрі – бірнеше дыбыстан құралған, кірме әріптер. Ал э әрпі жалаң. ё әрпі й мен о әріптерінен құралған, сондықтан соңғы дыбыс – о, жуан. Ендеше, оған жалғанатын қосымша да жуан болуы тиіс. Алайда сөздікте ё әрпіне біткен сөздердің бәріне де қосымша жіңішке түрде жалғанған: актер, актерге, актері; актердей; бронетранспортер, бронетранспортерге, бронетранспортері; бруцеллез, бруцеллезге, бруцеллезі; вахтёр, вахтёрге, вахтёрі; дирижёр, дирижёрге, дирижёрі; дирижёрлік, дирижёрлігі; дублёр, дублёрге, дублёрі; жонглёр, жонглёрге, жонглёрі; жонглёрлік, жонглёрлігі; режиссер, режиссерге, режиссері; режиссерлік, режиссерлігі; репортер, репортерге, репортері; т.с.с. Ескертуде көрсетілгендей, сөзді ё (йо) дыбысымен айтатын болсақ, оған жіңішке қосымшаны қосып айту мүмкін емес: актёр+ге (айтылуы – актиор+ге), Петр+ге (айтылуы – Пиотр+ге). Сондықтан сөздіктегі ё әрпіне аяқталған сөздердің бәріне де қосымша жуан түрде жалғануы керек. Жуан түрде жалғанған жағдайда «Қосымшалар сөздің соңғы буынындағы дауысты дыбыстың әуеніне қарай буын үндестігі бойынша я жуан, я жіңішке болып жазылады. Мысалы: жұмыс-шы-лар-дың, инсти-тут-тар, пле-нум-да, бюлле-тень-дер, мұға-лім-ге, по-ляк-тар», – деген ережеге де қайшы келмейді (Орфографиялық сөздік. 6-басылуы. Алматы: Дәуір, 2013. - 715-б.).
Ескертуде э дыбысы бар сөздерге қосымша әрдайым жіңішке жалғанатыны туралы айтылғанымен, құрастырушылар бұл ұстанымды әрдайым басшылыққа ала бермеген (дұрысында, бұл жерде де э дыбысы бар сөздер емес, соңғы буынында э дыбысы бар сөздер болуға тиіс). Мысалы: кэш (экон.), кэшқа, кэшы; миелопоэз (биол.), миелопоэзға, миелопоэзы; минитрэк, минитрэкке, минитрэкі; минитрэк, минитрэкке, минитрэкі; мэр, мэрға, мэры; рэкет, рэкетке, рэкеті; сэр, сэрге, сэрі; алоэ (өс.), алоэге, алоэсі; апноэ (мед.), апноэге, апноэсі; афорфэ (экон.), афорфэге, афорфэсі; каноэ, каноэге, каноэсі; каноэші; каратэ, каратэге, каратэсі; каратэші; дуэль, дуэльге, дуэлі; дуэт, дуэтке, дуэті; т.т. Бұл жерде құрастырушылар не себепті кэш (экон.), кэшқа, кэшы; миелопоэз (биол.), миелопоэзға, миелопоэзы; мэр, мэрға, мэры сөздеріне қосымшаларды жуан түрде жалғап, ережеге қайшы қайшы келгендері түсініксіз.
2013 жылғы сөздіктің соңындағы ережеде: «§28. Екі түбірден құралып, ғылымның әр алуан (саяси-әлеуметтік, лингвистикалық, филологиялық, биологиялық, астрономиялық, физика-математикалық, химиялық т.б.) саласында терминдік мәнге ие болған атаулар бастапқы тұлғаларын сақтап, бірге жазылады. Мысалы: баспасөз, өнеркәсіп, кәсіподақ, арасалмақ, арақатынас, келіссөз, көзқарас, еңбеккүн, шикізат, көкжиек, кемпірқосақ, шоқжұлдыз, оттегі, сутегі, қостотық, үшбұрыш, сегізжақ, көпмүше, тозаңқап, гүлтабан, тамыржеміс, сүтқоректілер, оңқанаттылар, сөзжасам», – делінген. Алайда термин сөздерді жазуда да бірізділік, жүйелілік сақталмаған: бесбұрыш (геом.); доғал бұрыш; дөңес көпбұрыш; көпбұрыш (геом.); көпбұрышты; сыбайлас бұрыш (геом.); төртбұрыш (геом.); төртбұрышты; тік көпбұрыш; тік төртбұрыш; тікбұрыш (геом.); үшбұрыш (геом.); үшбұрышты (геом.); үш бұрышты хат; хордабұрыш; т.с.с. Тікбұрыш сөзі бірге жазылатын болса, доғал бұрыш; сыбайлас бұрыш сөздері неге бөлек жазылуы керек? Үшбұрышты; төртбұрышты; көпбұрышты сөздері бірге жазылса, үш бұрышты хат дегендегі үш бұрышты неге бөлек жазылады?
Сөздіктен адам айтқысыз; адам төзгісіз, айырып алғысыз, көз жеткісіз сияқты бірліктер бөлек жазылса, адамкөргісіз (адамкөргісіз болу) не себепті бірге жазылатынын түсіну қиын. Сөз байлатқыш, бактерия жайғыштық, ауыстырып қосқыш, т.с.с. сөздер бос аралықсыз жазылғандықтан, асфальтқыздырғыш, асфальттөсегіш, әксөндіргіш, балықөткізгіш, бояутозаңдатқыш, бөренетасығыш, буқозғалтқыш, буөлшегіш, бояуүккіш, дәнсепкіш, дыбысбәсеңдеткіш, дыбысжазғыш, жантыныштық, дәкетаңғыш, т.с.с. сөздердің не себепті бос аралықпен жазылуы керектігі түсініксіз. Сол сияқты адалжіп сөзі бірге жазылатын болса, адал жіпсіз не себепті бөлек жазылуы керек? Салбөксе сөзі бірге жазылатын болса (494-б.), сал бөкселену не себепті бөлек жазылуы (160-б.). керек? Мұндай әркелкілік сөздікті пайдаланушылар үшін көп қиындық тудыратыны түсінікті. Байқап отырғанымыздай, тіркестің соңғы мүшесіне қосымша жалғанғанда сөздік құрастырушылар көбінесе бос аралықтарды жойып, сөздерді біріктіріп жіберіп отырған. Алайда ол көзшалымға қиындық келтіретінін, оқуға қиын болатынын, тілдің заңдылығына қайшы келетінін ескермеген. Осыған байланысты қазақ тілінің жүйесіне қайшы біріншіреттік сияқты қолданысты да құптауға келмейді. Себебі әрдайым бірінші рет бола бермеуі де мүмкін. Мәселен, қоссайысшылар бірінші рет атқан кезде тигізе алмай, кейінгі атқандарында тигізуі мүмкін. Сонда ол сөздердің бәрін біріктіріп жазуымыз керек пе? Біріншіреттік деген сөзді ғана бірге жазып, басқаларын бөлек жазсақ, тілдегі жүйеміз бұзылады.
Сөздіктің соңындағы ережеде: «§ 22. Күрделі сан есімдердің, күрделі сын есімдердің әрбір сөзі бөлек жазылады. Мысалы: он бір, он сегіз, жиырма бір, жиырма сегіз, жүз он жеті, екі жүз жетпіс төрт, бір мың тоғыз жүз елу үш, төрт жарым, отыз екі жарым;қара ала, көк ала, қара көк, ақ сұр, құла қасқа, құла жирен, торы төбел, ақ шабдар», – деп жазылғанмен, орфографиялық сөздікте оған қайшы келетін қолданыстар баршылық: қоңырсалқын, қоңырсалқын жер; қызылшырайлы, қызылшырайлы қыз; қысқамерзімді, қысқамерзімді несие (экон.); қысқамерзімді ноталар (экон.);қысқамерзімді салым; қысқамерзімді тратта (экон.);жалғызбасты, жалғызбасты әйел; қыл жалаулы қалмақ; т.с.с. Бұл орайда академик Р.Сыздық: «§48. Түсті білдіретін екі (кейде үш) сын есім қатар айтылып, үшінші бір түстің атауы болып тұрса, олар бір-бірінен бөлек жазылады: қара күрең, қара торы, қызыл ала, қызыл күрең, қара көк, сары ала, көк ала, ақ сары, ақсұр, шұбар ала» деген тұжырымын басшылыққа алу қажет.
Ғалым анықтағышында: «§53. Есімдер мен етістіктерден араласып құралған, бір мағына беретін тіркестердің әрбір сөзі бөлек жазылады: жұмыс істеу, қызмет ету, жәрдем беру, қол шапалақтау, ат қою, егін ору, жер қазу, жер өлшеу, іс жүргізу. Мұндай тіркестердің соңғы компонентіне жұрнақтар жалғанып, туынды сөз жасалған күнде де әр сөз бөлек-бөлек жазылады: қызмет етуші, жәрдем бергіш, ат қоюшы, егін орушы, жер қазушы (адам), сөз жасаушы (жұрнақ), іс жүргізуші (делопроизводитель). Есім мен етістіктерден жасалған тіркестер -у, -мақ жұрнақтарымен келіп, заттық ұғымды (демек, бір ғана заттың, құбылыстың, ұғымның атауын) білдірген күнде де олар күрделі сөз ретінде бөлек-бөлек жазылады. Мысалы: ду қол шапалақтау, астық жинау басталды (мұндағы астық жинау заттық мағынада жұмсалып жүр)», – дейді. Алайда сөздік құрастырушылар бұл қағидатты да ескермеген. Сол себепті сөздікте газөңдеу, газөңдеу зауыты; ақшасанау: ақшасанау мәшинесі; ағаш өңдеу өнеркәсібі; ағаш өңдеу станогі; жалаңбастану; тізеқосушылық; бастартушылық, белбайлаушылық, балықөсірушілік, қолбайлаушылық, т.б. бірліктердің құрамындағы есім сөздер мен етістіктер бос аралықсыз жазылған. Келтірілген бірліктер қазақ тілінің құрылымына, жүйесіне жат. Дұрысында, газ өңдейтін зауыт, ақша санайтын мәшине; ағаш өңдейтін өнеркәсіп; ағаш өңдейтін станок түрінде келіп, қимыл атауынан кейін -шылық/-шілік қосымшалары жалғанбауы тиіс. Себебі орыс тіліндегі -ство қосымшасының мәні қимыл атауы арқылы беріледі. Ендеше, плеоназм жасап, үстіне зат есім тудыратын жұрнақ жалғаудың қажеті жоқ.
Академик Р.Сыздық «Қазақ тілінің анықтағышында» «ғылымның әр алуан саласына жататын күрделі терминдердің компоненттері бөлек жазылатынын ескерте келіп (§ 57, 42-б.), ондай күрделі атауларға тәуелдік жалғаулы сөзбен келген күрделі атауларды да жатқызады да анықтағыштың соңындағы сөздікте дүние жүзі, жер жүзі сияқты бірліктерді ережеге сәйкес бөлек жазады. 1988 жылғы орфографиялық сөздікте де осы ұстанымға сәйкес дүние жүзі, жер жүзі тіркестері бос аралықпен таңбаланған. Ал 2005 жылы жарық көрген (Қазақ тілінің орфографиялық сөздігі. – Алматы: Арыс, 2005. 616 б.) пен 2007 жылы шыққан «Орфографиялық сөздікте» (Алматы, 2007. – 480 б.) бұл бірліктер (дүние жүзі, жер жүзі) бірге жазылған. Сол сияқты 2013 жылы жарияланған сөздікте де бұл атаулар бірге жазылған: жержүзі, жержүзін мекендеу; дүниежүзі, дүниежүзі тілдері дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы. Алайда сөздіктен жүзі сөзінің басқа сөздермен тіркесі бос аралықпен берілген: ауыз жүзінде; іс жүзінде. Яғни бірізділік жоқ.
Сөзжасамның тіркесу тәсілі де барын ұмытпауымыз қажет. Жаңа сөздің бәрі де бірігу арқылы жасала бермейді. Күрделі сөздер көп бөлігі сөздердің тіркесуі арқылы жасалған. Оны жоққа шығаруға болмайды. Жекелеген азаматтардың докторлық диссертациясының тақырыбына лайықтап, тілдегі жүйені бұзып, барлық сөзді біріктіре беруге болмайды. Жаңа сөздің жасалуына бірігу тәсілінен басқа да тәсілдер қатысатынын естен шығармауымыз қажет. Әрине, терминнің ықшам болғаны дұрыс. Бірақ шаруашылық, асты, үсті, т.с.с. сөздерді алдыңғы сөздермен біріктіріп, сөздің тұрпатын ұзарта бергеннен гөрі тіркесу тәсілі арқылы жаңа сөздердің жасалуына да мүмкіндік беруіміз керек. Сөзтізбеде жер асты бірлігі бос аралықсыз жазылғандықтан, қазір әрдайым біріктіріп жазу үрдіске айналды. Алайда жер астындағы қазба байлық, жер үстіндегі тіршілік, жер бетіндегі тіршілік, т.с.с. қолданыстар бос аралықсыз жазуға келмейді. 268-бетте сөзтізбеде жерасты, жерасты суы түрінде беріліп, 367-бетте қат сөзінің реестрінде жеті қат жер асты түрінде берілгендіктен, оқушылар да, оқулық авторлары да, редакторлар да қай нұсқаны жазарын білмей қиналады. Сол сияқты басыбүтін, басыбүтін бере салу бірге жазылып, басы ашық бөлек жазылғандықтан, дұрыс нұсқасы қайсысы екенін таппай, дағдарушылар көп. Дүниежүзі, жержүзі бірге жазылғандықтан, сол үлгі бойынша жер шары тіркесі де бірге жазылып жүр. Бұл орайда сөздік түзушілердің тілдік жүйені бұзуына жол бермей, академик Р.Сыздықованың ұстанымдарын басшылыққа алып, тәуелдік жалғаулы сөзбен келген күрделі атауларды бөлек жазуымыз керек. Осыған байланысты атәбзел, бақсыойнақ, кітапсөре, бақаот (өс.), ғарышайлақ, мұзайдын, мұзқойма, суқойма, жерқойма, т.т. атауларды, шаруашылық сөзімен бірге жазылып жүрген жасанды қолданыстарды тіліміздің заңдылығы бойынша таңбалауымыз керек.
2013 жылғы сөздікте от сөзімен келген тіркестер біріктіріліп, соңындағы тәуелдік жалғауы түсіріліп жазылып келеді:
Ботаника терминдерінің арасында тәуелдік жалғауынсыз, анықтауыштық қатынасына құрылған атау да көп: ащыот (бот.), қараот (өс.), бозот (бот.), бозот жайылымы, ақот (өлеңшөп), арамот (бот.), күреңот (өс.) , құлақот (бот.) , семізот (өс.) қызғылт семізот, т.с.с. Алайда оларды бақаот (өс.) , бұлдырықот (өс.) , киікот (өс.) , қазот (өс.) , қойот (өс.) , қоянот (өс.) , маралот (өс.) , т.с.с. атаулармен шатастырмау қажет. Себебі алғашқылары сын есім мен зат есімнің анықтауыштық қатынасына құрылса, кейінгілері тәуелдік жалғаулы сөзбен келген. Сол сияқты ағаш ұста тіркесін ағаш шебері тіркесінің үлгісімен ағаш ұста түрінде; алмаағаш, зәйтүнағаш, жидеағаш, ибей ағаш, қараағаш (өс.), құрмаағаш, өрікағаш, шынар ағаш, шамшатағаш, т.с.с. бірде бос аралықпен, бірде бос аралықсыз – әртүрлі жазылып жүрген тіркестерді тәуелдік жалғауын толық көрсетіп, бөлек жазу керек. Тіл өз еркімен дамуы керек, тіл жүйесін бұзып, нұқсан келтіруге болмайды.
2013 жылғы сөздікте тұқымдас, тәріздес, тектес сөздерімен келген атаулар да түрліше берілген:
Тұқымдас сөзімен келген атаулар 348-бетте қайың тұқымдасы; 350-бетте қалақай тұқымдасы (бот.); 374 қияқ тұқымдас (бот.);375-бетте қоға тұқымдас түрінде үш түрлі жазылған. Жазарман қай норманы басшылыққа алуы керек?
Мақаламызда қазіргі қазақ тілінде термин сөздердің берілуін сипаттау мақсатында 2013 жылы жарық көрген сөздіктегі таңбалануын негізге алдық. Байқап отырғанымыздай, сөздікте терминдердің берілуінде бірізділік сақталмаған, тілімездегі жүйе сақталмаған. Болашақта жарық көретін орфографиялық, терминологиялық сөздіктерде бұл кемшіліктерді болдырмауға тырысуымыз қажет. Бұл орайда Қазақ білімпаздарының тұңғыш съезінде термин (пән сөзі) мәселесі турасында баяндама жасаған Елдес Омаровтың «Қазақ тіліне жат сөздерді кіргізгенде оның жат дыбыстарын бұзбай кіргізуге болмайды; жат дыбысқа жалпы бұқараның тілі келмейді де ішінде жат дыбыс бар жат сөз жалпыға жат болып қала береді; сөйте келе қазақша әдебиет тілі бұқараның тілінен мүлде басқаланып, қат танитұн бұқара біздің жазған сөзімізге түсінбейтін болады. Ол болмай, ойда жоқ бір керемет себептер болып, бұқара оқығандардан қалыспай, жат сөздерді жат дыбыстармен бұлжытпай айта алатұн болып кетсе, қазақтың тілі бұзылады. Мұның қайсысы болғанда да жақсы болмайды» деген сөзін жадымызда ұстағанымыз ләзім.
А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты Грамматика бөлімінің меңгерушісі, филология ғылымының докторы О.Жұбай
А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты Терминология бөлімінің меңгерушісі, филология ғылымының докторы Қ.Айдарбек
А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты Терминология бөлімінің меңгерушісі, филология ғылымының кандидаты Б.Жонкешев
Abai.kz