Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3499 0 пікір 26 Маусым, 2009 сағат 05:23

Жаһанда ұйғырларды жарылқаған жалғыз мемлекет – Қазақстан! - дейді, бізде қонақта болған ұйғыр зиялыларының ортақ ұйғарымы осындай

Біздің басылымның ұйғыр диаспорасының кейбір өкілдерінің сепаратистік пиғылы һәм қылмыстық іс-әрекеттерін сынға алуы, базбір ұйғыр зиялыларын бей-жай қалдырмапты.

Қазақ пен ұйғырдың әріден басталатын туыстығының дәйім жалғасын таба беруін жан-жүрегімен қалайтын ұйғыр диаспорасының өкілдері Русланжан Арзиев пен Смайылжан Әбдіқадірұлы бізде мейман болып, қазақ халқы жөніндегі ақжарма пейілін ақтарып салды.

Жүрегімнің жартысы ұйғыр, жартысы қазақ...

Біздің басылымның ұйғыр диаспорасының кейбір өкілдерінің сепаратистік пиғылы һәм қылмыстық іс-әрекеттерін сынға алуы, базбір ұйғыр зиялыларын бей-жай қалдырмапты.

Қазақ пен ұйғырдың әріден басталатын туыстығының дәйім жалғасын таба беруін жан-жүрегімен қалайтын ұйғыр диаспорасының өкілдері Русланжан Арзиев пен Смайылжан Әбдіқадірұлы бізде мейман болып, қазақ халқы жөніндегі ақжарма пейілін ақтарып салды.

Жүрегімнің жартысы ұйғыр, жартысы қазақ...

Руслан Арзиев: «Бауырмал қазақ халқының панасында өмір сүріп отырған ұйғырлар ешқашан туыстықтан аттап, бастан асырып сөз айтқан емес. Менің жүрегімнің жартысы ұйғыр болса, жартысы қазақ. Ал, кейбір оғаш пікірлерді айтып жүргендер туыстығымызға сына қаққығысы келген тоғышарлар немесе бұл сыртқы саяси күштердің ойыны деп ойлаймын. Дүниеге тарыдай шашырап кеткен ұйғырларға өз тілінде мектеп ашып беріп, ұлттық болмысының сақталып қалуына жағдай жасап отырған әлемдегі жалғыз мемлекет - Қазақстан. Қазір менен біреу: «Әлемдегі ұйғырлардың ең жақын туысы кім?» деп сұраса, ойланбастан: «Қазақтар» деп жауап берер едім. «Дүниедегі ең бақытты ұйғыр қайда тұрады?» деп сұраса, тағы да: «Қазақстанда» деп жауап берер едім. Себебі, өздеріңіз білесіздер ұйғырлардың ең көп шоғырланған һәм ата қонысы саналатын Суар жаппай ұйғыр мектептеріне қытайландыру саясаты жүргізуде. Алдағы елу немесе жүз жылдан кейін Шыңжанда өз тілінде сөйлейтін ұйғырдың қалуы неғайбыл. Сондай-ақ, өткен ғасырдың отызыншы жылдары Қазақстанда 60 мың ұйғыр болса, Өзбекстанда 300 мың ұйғыр бар болатын. Қазір, Қазақстандағы аз ұйғыр ұлттық болмысын сақтап қалды да, Өзбекстандағы 300 мың ұйғыр ассимилияцияға ұшырап, өзбектерге сіңісіп кетті. Қазақстандағы аз ұйғырдың ұлттық болмысының сақталып қалуына Мәскеудің жүргізген саясаты сеп болды десек қателесеміз. Мәскеу ұйғырды жарылқаған болса, Өзбекстандағы 300 мың ұйғырға да жағдай жасаған болар еді. Сол кездегі Қазақстандығы 60 мың ұйғырдың бүгін де 250 мыңға дейін көбейіп, ұлттық тілі мен болмысын сақтап қалуы тікелей қазақ халқының туысына деген жылы шырай танытуынан деп білемін. Сондықтан, тағы да қайталап айтайын әлемде ұйғырлардың ең жақын туысы, сөз жоқ - Қазақтар.

«Қазақстан-ZAMAN» газетінің соңғы жылдары орын алған кейбір оқыс оқиғалардан кейін ұйғырлардың соңынан шырақ алып түсуі менің көңілімді құлазытқанын жасырғым келмейді. Әсіресе, газеттің соңғы санындағы С.Өзбекұлының «Біз, қазақ - ешкімді басындырмаған елміз!» деген мақаласындағы ұйғырларға қарата айтылған тіркестер, кәдімгідей, мені қынжылтты. Жәй адам емес, Қазақстан Заң Ғылымдары Академиясы Президентінің ұйғырлардың атына қатты сөздер айтуы, мәселенің біраз жерге барып қалғанын көрсетсе керек. Мәселе, бұлай өрби беретін болса, онсызда тағдырдың тәлкегіне ұшыраған ұйғыр ұлтының алдағы күні не болмақ? Осы жағдай мені қатты алаңдатады. Шелек, Малыбай және Шонжы оқиғаларындағы ұйғыр өкілдерінің оғаш әрекеттері, жалпы ұйғырдың көзқарасын білдірмейді. Біз, ондай әрекеттерді ешқашан қолдаған емеспіз. Ондағы оғаш әрекеттерді сол адамдардың қылмысы деп түсінген жөн.
Өткенімізге үңілсек, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісте қазақ пен ұйғырдың бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, Патша үкіметіне қарсы күресуі, Кеңес Үкіметінің алғашқы жылдарында өмір сүрген О.Жандосов пен А.Розыбакиевтың арасынан қыл өтпес достықтың орнауы, 1986 жылғы желтоқсандағы қазақтың тәуелсіздік жолындағы көтерілісіне ұйғырлардың да бірге қатысуы, қазақ пен ұйғырдың ежелден туыс ел екендігін көрсетеді. Бірді-екілі оқыс оқиғалар мен Қ.Мәсімидің шала зерттенген кітабына бола, қазақ пен ұйғырдың арасындағы қаншама ғасырдан бері орнаған туыстықты ұмыта салуға болмайды ғой.
Мен Қ.Мәсімидің кітабын ғылыми шығарма деп айта алмаймын. Басқа қателігін айтпай-ақ қояайын, Қ.Мәсіми сол шығармасында адам, тайпа, жер-су аттарының этимологиясына қатысты көптеген жаңсақтыққа ұрынған. Бұл пікірді мен тілші, ғалым ретінде айтып отырмын. Мәселен, Қ.Мәсіми: «Авар» сөзінің шығу төркінін ұйғырша «аварә», яғни, әуре болып кетті деген сөзден шықты» деп жорамалдайды. Бұл, лингвистиканың не екенін білмейтін адамның сөзі. Яғни, бұл кітаптағы негізсіз пікірлерге сіздер қаншалықты қынжылсаңыздар, бізде соншалықты қынжылыс білдіреміз. Қазақ халқына деген мен өзімнің ізгі сезімімді қалай жеткізерімді білмеймін. Қазақ әдебиетін сонау 9 сыныпта «Қан мен терді» оқыған кезімнен бері сүйіп оқимын. Теледидарда «айтыс» болып жатса, ішкен асымды жерге қойып, тыңдаймын. Қазақ ақындарының өлең-жырларын әлі күнге дейін ерекше ынтызарлықпен оқып жүремін. Қазақтың домбырасының күмбірлеген үні менің көңілімді дутардан кем тербемейді.

Өткен ғасырдың орта шенінде автономия мәселесінің болғаны рас, жоққа шығара алмаймыз. Бірақ, бұл ойынның Мәскеу тарапынан жүргізілгенін көзі қарақты адамның бәрі түсіне алады. 1986 жылғы желтоқсан көтерілісі кезіндегі Алматыдағы коньяк зауытының басшыларының бірі армян Сергей Карапетьяннің Жетісуда ұйғыр автономиясын құру жөніндегі пікірін де, қазақ пен ұйғырдың туыстығына сызат түсіргісі келген арандатушылық деп қабылдаймын. Бұл арандатушылықтың да түп-төркіні Мәскеуден шыққандығы айтпаса да түсінікті. Сондай-ақ, С.Өзбекұлы көтерген «Иени хаят» газетіндегі бір автордың әлгіндей суық пікірі болғаны да рас. Бірақ, біз бұндай суық пікірлерді ешқашан қолдаған емеспіз, қолдамаймыз да. Белгілі саясаткер Д.Көшімнің: «Қазақтың тәуелсіздігін ұйғырлар мойындағысы келмейді» деген пікірін де артық сөз деп бағалаймын. «Ұйғыр авази» газетін оқыған болсаңыздар, ұйғыр зиялылары өз оқырмандарына ұдайы қазақ мемлекетінің тәуелсіздігі мен біртұтастығына  құрмет көрсету жөнінде үндеу айтып келеді. Қазақстандағы ат төбеліндей аз ұйғырдың автономия деп жүріп, жығылған үстіне жұдырық жейтін жағдайы жоқ.
Ұйғыр ауданының атын өзгерту мәселесіне келетін болсақ, егер, үкімет бұл атау біздің мемлекеттің геосаяси жағдайына нұқсан келтіреді деп, ауданның атын өзгерткісі келсе, оған ешкім қарсы тұра алмайды. Бірақ; «Ұйғыр халқы жаман» - деп, күш көрсетіп ауданның атын өзгерту де дұрыс болмайды деп ойлаймын. Ал, ұйғырларды диаспора деп атау керек деген мәселеге келетін болсақ, бәлкім, құқықтық тұрғыдан алғанда осылай аталуы дұрыс шығар, дегенмен, менің пікірімше әрбір халық қай жерде болмасын халық болып қала береді.  
«Қазақстан-ZAMAN» газетінің өткен айда ұйымдастырған қазақ және ұйғыр зиялыларының диалогына біздің келмей қалған себебіміз, қазақ зиялылары өкпе-назға басымдық беріп, әңгіме арасында қысыр сөздер айтылып жүрер, - деген ой болды. Әрі ресми орындармен хабарласқанымызда, біздің кездесуге бармағанымыздың жөн екенін ескертті. Алдағы күнде дәл осындай бейбіт әңгіме ұйымдастырылатын болса, ұйғыр зиялылары келетен еді.

Менің екі ана тілім бар...

Смайылжан Әбдіқадірұлы: Менің ең жақын достарым қазақтар Кез-келген адамның бір ғана ана тіл болады. Бірақ, менің екі ана тілім бар. Бірі ұйғыр тілі болса, екіншісі қазақ тілі. Неге десеңіз, мен қазақтардың арасында өстім. Әкемнің ең жақын араласқан адамдары қазақтар болды. Әкем Әбдіқадір жыр алыбы Жамбылдың батасын алып, оның өкіл баласы болған. Қайтыс болатыннан бұрын Жамбыл менің әкеме: «Балам мен өлгенде жаназамды сен шығар» деп, өтініші айтқан. 1945 жылы 22 маусымда Жамбыл дүниеден өткенде, Сәбит Мұханов менің әкеме: «Әбеке Жәкеміздің маған айтқан аманаты бойынша, жаназасын сен шығаруың керек» дегенде, әкем коммунистік жүйенің қылышынан қан тамып тұрғанына қарамастан, Жәкеміздің жаназасын шығарған екен.

Бала кезімізде қазақтардың арасында өстім. Солармен туыс болып қоян-қолтық араластық. Менің шешем Кіші Ақсудың ұйғыры болатын. Шешемнің төркін жағынан Еркін және Нұрқасым деген қазақ ағаларым келгенде, шешем; «Исмайылжан ағаларың келді» деп ойнап жүрген жерімнен мені шақырып алатын. Олар келгенде үймізде кішігірім той болушы еді. Еркін мен Нұрқасым әпкесі саналатын менің шешемнің қолынан ыстық тандыр нан жеп, әткән шай ішетін. Қызық әңгімелер айтылып, біз арқа-жарқа болуші едік.   
Қазақ пен ұйғырдың тарихы бір, өмірден көрген ащысы мен тұщысы бір. 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісте екі ағайынды халық Патша үкіметіне тізе қоса отырып қарсы шықты. 1941-45 жылдардағы Ұлы Отан соғысына Қазақстаннан қазақпен бірге ұйғыр да аттанды. 1986 жылғы желтоқсан көтерілісіне 33 ұйғыр қатысқан. Тарихымыз, тіліміз бен дінміз бір болғандықтан, біз әманда қазақ халқымен біргеміз. Қазақ халқының бізге жасаған қамқорлығына біз тек алғыс жаудырамыз. Жаңа, Руслан айтып өтті; «Әлемде ұйғырларға қамқор болып отырған жалғыз мемлекет - Қазақстан». Менің де айтатыным: «Жаһанда ұйғырларды жарылқаған жалғыз мемлекет - Қазақстан! Сіздер осы елдің азаматы болсаңыздар, бізде өзімізді осы елдің баласы деп білеміз. Сіздер Қазақстанды Отанымыз деп қабылдасаңыздар, біз де Қазақстанды Отанымыз деп танимыз. Біздің тарихи отанымыз Шыңжан болғанмен, осы жердің ауасын жұтып, суын ішкеннен кейін Қазақстанды жан-жүрегімізбен Отанымыз деп білеміз.

Қазақ пен ұйғырдың ақсақалдары мәселені бірге отырып шешсек...

Маруана Хамзақызы: Мен қазақ пен ұйғырға арағайындық жасау үшін Руслан мен Исмайылжанды ертіп келіп отырмын. Мәселені тек ашық сөйлесумен ғана шешуге болады. Өткендегі диалогқа ұйғыр зиялыларының келмей қалғаны дұрыс болмаған. Шын патриоттар мына менің екі досым секілді өз пікірін ашық білдіруі керек деп ойлаймын. Менің айтпағым, жаман ұлт болмайды, жаман адам болуы мүмкін. Кезінде Желтоқсан көтерілісінде кейбір ұйғырлар айтаққа еріп жасақшыларға ерсе, ал, құқық қорғау органдарында жұмыс істеген кейбір ұйғыр жігіттері қазақтың жігіттері мен қыздарын босатып жіберіп отырған.  Өткен жылы Қытайдағы Тұрпанға барғанымда ұйғырлар мені туысымыз келді деп құшақ жайып қарсы алды. Бұл жөнінде мен бірнеше мақала жаздым. Әсілі, біз туыстығымызды арттыратын мүмкіндіктерімізге көзжұмбайлықпен қарап жүрміз. Алдағы уақытта қазақ пен ұйғыр зиялылары осы жәйтті ескерсе екен деймін.

Мұхан Исахан: Мен Түркістанның түлегімін. Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінде оқып білім алып, осы ЖОО бірнеше жыл жұмыс істедім. Түркістан - түрікшілдіктің ордасы. Онда оқыған саналы азаматтар түрікшілдікпен қаруланып, осы идеямен қанатын қатайтады. Менің түрікшілдік түсінігімде әрбір түркінің баласы бір-біріне құрметпен қарауы тиіс. Өз жерінде қай түркінің баласы мемлекет құрған болса, өзгесі шаңырақтың бір уығын көтерісіп, сол мемлекеттің нығаюына атсалысуы қажет. Егер, ұйғырлар Қашқарда тәуелсіз мемлекет құрса, оған сондағы қазақтар мойынсұнуы керек. Сол сықылды біздің де мемлекеттілігімізге ұйғыр ағайындар құрметпен қарауы тиісті. Түркі тектестер бір-біріне құрметпен қарағанда ғана басы біріге алады. Қарапайым ғана осы түсінікті игере алмауымыз, біздің басты қателігіміз.

Сіздердің көңілдеріңіз қалып отырған С.Өзбекұлы менің ұстазым. Ол кісі де тұла бойын түрікшілдікпен суарған адам. Мақаланы дұрыстап оқыған болсақ, С.Өзбекұлы тоқсаныншы жылдары қазақ пен ұйғырдың татулығы хақында сөз айтқан. Ал, қазір неге ұйғырларға шүйлігіп отыр? Оның себебі, соңғы кездері «мемлекет сендердікі, жер біздікі» деген әңгімелер айтылды. Одан қалса, ұйғыр зиялыларының диалогқа келмей қалуы, ұстазымның қытығына тиді. Соған байланысты, ол кісі ұлт мүддесін қорғау мақсатында қолына қалам алған болуы керек.

Ю.Азаматовтың: «Қазақстан-ZAMAN» газеті қазақ пен ұйғырдың арасына от жағуда» - деген пікірімен мүлде келіспейміз. Өйткені, біздің басылым мемлекетіміздің біртұтастығына нұқсан келтіретін кез-келген мәселені көтеруге дайын. Мәселен, кезінде казактар елімізде әскери  қоғам құрамыз дегенде, оған тиісті жауабын бердік. Өзбек диаспорасының кейбір өкілдері Сайрамға қатысты біржақты пікір білдіргенде, оған да ғылыми тұрғыдан тойтарыс жасадық. Бұдан басқа Моловодныйда шешендердің шектен шыққандығын, Маятастағы күрд жігітінің айуандық ісі секілді мәселелерді дер кезінде көтеріп, азаматтық пікірімізді ашық білдірдік.
Ал, менің ұйғырларға қатысты мақала жазған себебім, Жетісуда біздің үлесіміз бар деген сепаратистік пиғылды тойтару болатын. Қ.Мәсімидің көзқарасы секілді сандырақ пікірлерге орын берсек, біз ешқашан біріге алмаймыз. Бұзық пікірдегі ағайындар АҚШ, Ресей, Қытай секілді алпауыттардың ойынын ойнап жүргенін түсінсін. Бүгінгі айтқан әдемі әңгімелеріңізді ұйғыр ағайындарға да барып айтсаңыздар, көптеген мәселелер оң шешімін тапқан болар еді деп ойлаймын.

Ертай Айғалиұлы: Екеуіңіздің өз ұлтыңызға жандарыңыз ашып,  күңіреніп келгендеріңіз мені қуантып отыр. Қазақ халқына деген пәк пейілдеріңізді білдіргеннен кейін сіздерге қалай ризашылығымды айтарымды білмей отырмын. Біз өткендегі кездесуді ұйымдастырған себебіміз, бір-бірімізді сыртымыздан ғайбаттап, осы күнге дейінгі орын алған мәселені ұлғайтпай, Қ.Мәсіми секілді адамдардың айтып жүрген оғаш пікірін қазақ пен ұйғырдың ақсақалдары бірге отырып шешсек деген ой еді. Алайда, сол жиынға қатысуға уәде берген ұйғыр зиялыларының келмей қалуы, бізді шынында да ашындырды. Біз, бұны ұлтты сыйламағандық деп ұқтық. Ұйғыр зиялылары сол жиынға қаймықпай келгенде,  арада мұндай әңгімелер жүрмеген болар еді. С.Өзбекұлының мақаласы осы өкпе-реніштен жазылды деп ойлаймын. Бірақ, біз ол мақаладағы артық ауыз сөздердің бәрін қысқарттық. Біз ешқашан ұйғыр ұлтын жаман деген емеспіз, кейбір қылмыстық оқиғалар мен сепаратистік пиғылды ғана мәселе етіп көтердік. Егер, мәселеге біржақты қараған болсақ, Ахмадиев, Кузиев секілді ұйғыр диаспорасының өкілдерінің мақалаларын газетімізге баспаған болар едік. Біздің редакциямызда үш ұйғыр жұмыс істейді. Олармен тату-тәтті араласамыз. Бастығымыз А.Аляздың ұлты түрік. Ол кісі барлық түрік тектес ұлттарға тең қарайды. Түріктің бір баласы қазақ болса, бір баласы ұйғыр. Оған ешкім дау айта алмайды. Біздің басылымның басты мақсаты түрік халықтарының ынтымағын арттырып, болашағын жарқын ету. Бүгінгі сіздермен болған әдемі әңгіме, осы ынтымақтастықтың басы болсын деп тілеймін.

 

 

Мұхан Исахан

«Қазақстан Заман» газеті 18 маусым 2009 жыл

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3242
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5394