Сәрсенбі, 27 Қараша 2024
46 - сөз 4022 1 пікір 12 Маусым, 2020 сағат 13:02

Танымыңыз қандай?

Таным дүниедегі заттардың адам санасындағы бейнесі секілді нәрсе. Заттардың адам санасындағы бейнесі сол заттың түпкі мәніне сай болса бұл ДҰРЫС ТАНЫМ, ал олай болмаса БҰРЫС ТАНЫМ болады. Неліктен танымның дұрыс болуы маңызды? Себебі, таным таным күйінде қалмайды, ол қате қалыптасқан болса иесіне кесірі тиеді. Кейде адам айналасына қате қалыптасқан таным терезесінен қарағандықтан өзгелерге де зияны тие бастайды. Сондықтан қате таным – потенциалды зұлымдық. Адам кей кезде қандайда адамға/затқа қате таныммен қарайды да, нәтижеде пайда болған конфликті/қателікті жою үшін танымды түзеудің орнына сол сол адамды түзеуге тырысады. Бәленің бәрі осы кезде басталады.

Ақыл қандайда бір нәрсеге үкім берерде, оқиғаға баға берерде қолданатын құндылықтарды танымнан алады. Танымның ақылға ұсынған қате құндылықтары ақылдың қате пайым жасауына алып келеді. Ал қате пайымдаған ақыл қате әрекетке апарады. Танымда кеткен миллиметр қателік ой-пікірде метрге, ал іс-әрекетте километрге ұлғаяды.

Адамның іс-әрекетіндегі қателіктер сөз болғанда әңгімені осы танымнан бастау керек. Себебі іс-әрекеттің «пішінделіп», «қатталып» шығып жатқан жері осы таным. Іс-әрекет пен ауыздан шыққан сөз бәрі де осы таным деген қайнардан бастау алады. Танымды түземей іс-әрекетті түзеуге талпыну – тесік шелекке су құйғандай бос тірлік. Өйткені қолдан күшпен түзеген іс-әрекет уақыт өте қате танымға бағынып қайта ескі сүрлеуіне түседі.

Таным көйлектің алғашқы түймесі секілді. Ол қате түймеленсе, одан кейінгі түймелер де қате қадалады. Танымда кеткен қателік соңғы түйме – іс-әрекетте көрініс табады.

Мысалы, біздің елде жиі көрініс тауып жатқан әйелге жасалған зорлық - зомбылық оқиғалары қазіргі қазақ жігіттерінің әйелге деген танымында кілтипан бар екенін айғақтайды. Әйелдің де АДАМ деген статусы бар екенін, оның ана екенін, ұрпақ жалғайтын, тәрбиелейтін маңызды тұлға екенін бейсаналы түрде ескерілмеуі. Әйелге өзінің биологиялық қажеттіліктерін өтейтін объект немесе үй шаруасын жасайтын қызметші деп қарайтын еркек әйелге әлгіндей зұлымдық жасайды. Бұл танымның нәтижесінде – қатыны қыз туса қуана алмайтын еркектің «мушрики» типтері пайда болады.

Исламға дейінгі кезеңдегі Мекке мүшріктері әйелі қыз тапса салы суға кетіп, еңсесі түсетін. Осы нәрсе қазақ арасында да баршылық. Бір жігіт қызды болған екен. Сөйтсе жұмыстағы әріптестер жігіттер "Қыз да жақсы ғой", "Қыз берекелі дейді, негізі", "Әкеге ұлдан қарағанда қыз жақын болады" деп кезек-кезек жұбату сөздерін айтып кеткен ғой. Әлгі жігіт шыдамай: "Әй, жігіттер! Сендер мені жұбатып отырсыңдар ма? Мен қызды болғаныма қуанып отырмын" деп тыйып тастапты. Өмірге қыз, ұл келді емес, АДАМ келді деген пайым болу керек-ау. Әйелге деген танымды қайта қарау керек біздерге.

Нұрбол Сейілбектің әлеуметтік желідегі жазбасы

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1555
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3351
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 6226