Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Әлеумет 5098 2 пікір 22 Маусым, 2020 сағат 12:16

Отандық телехикаялардан не үлгі аламыз?

Соңғы жылдары мемлекет тарапынан мәдениет саласына, оның ішінде кино өндірісіне, ерекше көңіл бөлініп отырғанын жоққа шығаруға болмайды. 2017-2019 жылдар арасында бірнеше миллиард қаражат бөлініп,105 телесериал түсіріліпті. Бұрынғы Ақпарат министрі Дәурен Абаевтың мәліметіне қарағанда 2019 жылы әртүрлі жанрда түсірілген 40-тан аса сериал көрерменге ұсынылыпты.

«Негізгі мақсат - ұлтымыздың салт-дәстүріне, тарихына назар аудару, отбасылық құндылықтар мен береке-бірлікті насихаттау, халқымыздың бай тарихы мен дәстүрін көрсету. Біз көрермендерімізбен зиялы қауым өкілдерінің пікірін біліп отырамыз, мақсатымыз сапалы отандық телесериалдардың санын арттыру» - дейді..

Күнделікті көрсетіліп жатқан отандық  туындылар осы талапқа сай ма? Өкінішке орай көптеген телесериалдарда ізгілік, жайсаңдық, жасампаздық, жомарттықтың орнына, заманның шынайы көріністері деп ұлтымыздың әдет ғұрпына үйлеспейтін, қатыгездікке, зұлымдыққа, сатқындыққа, екіжүзділікке  және т.б. тәлім-тәрбиелік мәні жоқ қылықтарға, көбірек көңіл бөлінуде. Тұжырымым дәлелді болу үшін бірнеше мысалдар келтіргенді жөн көрдім.

 «Айман- Шолпан» телехикаясында адалдық пен сатқындық, екіжүзділік пен зұлымдық, көрсеқызарлық пен дүниеқорлық, бір сөзбен айтқанда, қазіргі өмірдің көлеңкелі тұстарына көбірек көңіл бөлінген. Әртістердің біразы рөлдерін дұрыс сомдаған, бірақ Айманның рөлі сәтті шықпаған, қызметіне салғырт қарайтын, жалқау, өтірік айтатын жынды сүрей сияқты. 

 Қазіргі нарықтық экономика жағдайындағы өмірді бейнелейтін «Ұлжан» телехикаясының бір сериясын көрдім. Басты кейіпкер жасы 30-дан асқан,  көркіне мінезі сай, жалғыз басты кәсіпкер әйел, арманы нәрестелі болу. Күйеуге шықпай жүкті болған жақын апайымен бірге тұратын бойжеткенмен босанғаннан кейін баласын беруге келісім жасайды. Болашақ нәресте дұрыс өссін деп күнделікті азық түлігін, көкөнісі мен жеміс жидегіне дейін тасиды, демалып қайтсын деп оны Түркияға жібереді. Ұлжан тұрмысқа шықпаған құрбысымен әйелі қайтыс болған, орта жасқа жақындаған көрікті ер адамды таныстырады. Ол туған күнін атап өту үшін әйелді үйіне шақырып, гұл шоқтарын ұсынып тұрғанда 14-15 жастағы қызы жержебіріне жете ұрсып, әкесіне үйлендірмейтінін  айтады. Әрине, бұл ұлтымыздың қазіргі рухани құлдыраған заманындағы өмір шындығы екенін түсінемін; бірақта үлкенді, әсіресе әке мен шешені силап, құрметтемеу ұлтымыздың  салт дәстүріне жат құбылыс.    

 Үстіміздегі жылы Қазақстан телеарнасынан «Өсиет» деп аталатын телесериал көрсетілді. Басты кейіпкерлер жас шамасы алпыстан асқан банкир Сабыржан, оның  үш қызы мен күйеубалалары. Аяқ астынан қарттың денсаулығы сыр беріп, жағдайы күрт нашарлағанын естіген қыздары әкесінің үйіне жиналады. Ол айықпас дертке шалдыққанын айтып, дүние мүлкіме ие болғыларың  келсе, жекежайға көшіп келесіңдер, бірге тұрамыз - деп талап қояды. Ортаншы қызы Ажар алтын сақианасы мен сырғаларын  кепілдікке беріп, шөптен ем жасайтын танысынан құтыға құйылған дәрі әкеледі. Науқастың жағдайы оны екі -үш рет қабылдағаннан кейін нашарлай түседі, қан қысымы төмендеп, бір екі рет есінен танып қалады. Сабыржан  емшісіне  дәріні тексертсе, ол у болып шығады. Әкесінің жекежайына көшіп келген апалы сіңлі үш қыз  байлық қалай бөлінеді, кімге не тиеді деген оймен бірін бірі көре алмай, күнде ұрыс пен керіс басталады, арты кейде төбелеске  дейін барады.

Үлкен күйеубаласы Дастан атасының банкісінде директор қызметін атқарады, ортаншысы бөлім бастығы. Шалдың қаржысын  иемденудің жолын іздеп, Дастан бажасы Талғатпен  ақылдасады, бірақ ол сатқындыққа бармайтынын мәлімдеп, кіші  күйеубала Артурға  айтады. Дастан бірге қызмет істейтін көңілдесінің үйіне жиі барып тұрады,  ол әйеліңнен қашан ажырасатын болдың?- деп мазалап, екіқабат екенін айтады. Күйеуінің қылықтарынан сезіктенген Зәуреш, ажырасу үшін банкте заң қызметкері  болып істейтін сыныптасының үйіне іздеп келеді. Алдында ғана осы үйден Дастан шыққан еді, жуынатын бөлмеге сағатын қалдырып кетіпті. Соны байқаған Зәуреш  ашуланып, күйеуімен ажырасатынын айтып, долданып үйінен қуады. Артур шетелге жиі баруды шығарады, бір әйелге екі мың евро қаржы жібергені белгілі болады. Оның әйелі Ажар сыныптасына күйеуін  аңдытады. Кейін екеуі  кездесіп,  біраз сыр шертіп, мектепте оқыған кездерін еске алып, оны үйіне ертіп келеді. Ажардың отбасымен таныс жігіттің шешесі қыздың үйіне телефон соғып, қонып қалатынын ескертеді.  Ертеңінде сыныптасы Ажарға: «Мынау күйеуіңнің көңілдесі үшін салған үйі» деп жаңа жекежайды көрсетеді. Артур оны отбасы үшін салдырғанын,  әйеліне тосын сый жасамақ болғанын айтып ақталады. 

Дастан банк қаржысын асылтұқымды жылқы алуға жұмсап отырғаны белгілі болады. Сабыржан күйеубаласының іс әрекетіне қатты ашуланады, оны Талғат пен Артур қолтығынан  сүйреп  қайынатасының алдына әкеледі. Атасы Дастанның қызметтен және отбасынан қуылғанын, енді банкіні ортаншы күйеубаласы  басқаратынын  мәлімдейді. Дастан көңілдесіне келіп   есепшоттарда  қаржысы жеткілікті екенін, оған үйленетінін айтады. Бірақ  әйел ұсынысын қабылдамайды, түсік тастағанын айтып, енді маған жолама, аулақ жүр дейді. Көңілі  жабырқаған Дастан кафеге барып араққа сылқия тояды, даяшы жігітке  буда буда ақша  ұсынады. 

 Осы кезде үш қыз әкесінің үйінде бас қосып, татуласайық, өмірде қиыншылықтар кездессе бір бірімізден көмегімізді аямалық деп құшақтасып,  мәз мәйрем болып отырған еді. Кенеттен Дастанның көлік апатына түсіп, мерт болғаны жайлы  суық хабар жетеді. Зәуреш әкесіне жүгіріп келіп: «Бәріне сен кіналы, сенің кесіріңнен күйеуіммен ажырастым, ол жол апатынан қайтыс болды» - деп кіналайды. Жүрегі қысылып Сабыржан ауруханаға түседі. Әкесінің жағдайын білуге келген қыздары дәрігерлерден   оның обыр ауруына шалдықпағанын, жүрек талмасы ұстағанын  біледі. Үш қыз жекежайды тастап, өз үйлеріне көшіп кетеді. Сабыржанның жағдайын білуге  келген көңілдесі Жамила хәл үстінде жатқанын байқап, баласына: «ол сенің әкең еді» - деп жасырып келген сырын айтады.  

Телесериал сюжеті осылай өрбиді. Мүмкін нарықтық заманға байланысты байлық бәрін билеп, отбасы құндылықтарын елемей, көлеңкелі табысқа кенелу, сатқындық жасау, азғындық жолға түсу қоғамымыздың рухани құлдырауын сипаттайтын шығар. Дегенмен  сериал  сюжетінің шынайылығы,  әртістердің рөлдерді сомдау шеберлігі жағынан сын көтермейді. Мәселен Дастанның көңілдесінің төсегінде шолжиып жатуы, әкесіне қызының дәрі орнына у сатып алуы, апалы сіңлілердің бір бірімен шаңқылдасып ұрсысуы, тіптен төбелеске дейін баруы, Ажардың бойдақ жігіттің үйінде қонып қалуы, дүние мүлкінен үлес алу үшін шешесі баласына Сабыржан сенің әкең еді деп алдауы және т.с.с. эпизодтар.

«Әулет ары» деп аталатын телесериалдың мазмұны да осы шамалас. Негізгі оқиға бір бірімен бәсекеге түскен екі  кәсіпкердің текетіресі жайлы өрбиді. Саламаттың баласы Ермек  көңілдесі Назбен жиі кездеседі, әйелі  Дана оның үйіне келіп, отасқандарына онбес жылдай  болғанын, мектепке баратын ұлы мен қызы бар екенін айтып,күйеуін  жайына қалдыруды сұрайды. Наз: ол мені сүйеді, екіқабатпын, үйленетін болдық - дейді.  Көп ұзамай қастандық жасалып Ермек қайтыс болады. Әкесін  сағынған ұлы зиратқа барып, бейіт басында ұйықтап қалады. Баланы Тасқын деген жігіт тауып алып, үйіне әкеледі. Балалар үйде отыра бермесін, көңіл көтеріп, серуендеп қайталық - деп ол  Данаға келуін жиілетеді. Күйеуінің зиратының топырағы кебе қоймаған әйелдің көңіле оған ауа бастайды. 

Кәсіпкер Жәңгір Ермектің әкесі Саламаттың кәсібін тоқырату үшін біраз  әрекет жасайды. Дананың інісі Дәмірді пайдаланып, 20 млн сыйақы берем деп, компанияның осал тұстарын білмек  болады. Көп ұзамай оның сатқындығы әшкереленеді. Дана інісінің үйіне  барып атасына опасыздық жасамауын сұрайды. Дәмірдің әйелі: «Бізде не шаруаң бар, аулақ жүр, алдымен өзіңді түзеп ал»- деп үйінен қуады.Тасқын да Жәңгірдің адамы,  оның мақсаты Данаға үйлену арқылы Ермектің кәсібін қолына алу. Әйелі Сәуле күйеуінің Данамен жиі хабарласып, сөйлесетінін және кездесіп жүргенін біліп жанжал шығарады. Ермектің кәсібін сақтап қалу ұшін Саламат  шетелде оқып, кәсіпкерліктің қыр сырын меңгерген екінші баласы Асхатқа әмеңгерлік жолмен жеңгесіне үйленуді ұсынады.           

Наз мінезі дөрекілеу келген Жорамен кездесе бастайды. Ол бір қолымен әйелді құшақтап тұрып, екіншісімен қалтасындағы пистолетті суырып алып, стол үстіне қояды. Көңілдесі маған қару атуды үйрет деген соң, екеуі көшеге   шығып нысана атады. Жәңгір Жораны шақырып алып, адам өлтіруге тапсырыс береді, егер орындамасаң қайтадан түрмеге тығам - деп қоқан лоқы жасайды. Ол: «қанша адамды одүниеге аттандырдым, енді кімге кезек келіп тұр екен»- деп ойға қалады. Дана асхана бөлмесінде тамақ дайындап жатып, Жорадан: «Әкең мен шешең бар ма»? - деп сұрайды. «Әкем маскүнем еді, жиі арақ ішетін, бірде шешем екеуі ұрсысып, оны бауыздап өлтірді»- дейді. Осы арада Жәңгір Жорамен хабарласып, тапсырма бар, тез  жет дейді. Ол: «Наздың мекен жайын білесің бе?, енді соның көзін құрту керек, көп нәрсені біледі» - дейді. Тапсырманы орындағанын нақты білу үшін артынан аңдытады. Жора асүйде тамақ дайындап жатқан Наздың қасына келіп, қаруын сұрайды. Ол: «Немене тағы да тапсырма алдың ба, енді кімді өлтірмексің»?- дейді. Жора көңілдесін маңдайдан көздеп, қарудың  шүріппесін басады. Омырауы қанға боялып, еденде жатқан мәйітті ұялы телефонына түсіріп, Жәңгірге жібереді. Жора мәйітті қаппен орап, әрең дегенде көтеріп, есік алдында тұрған автокөліктің жүк салатын қуысына тығып, ауыл сыртындағы қорымға келіп, көр қазып жатады. Наз көліктен түсіп: «Қазып болсаң жетер, кеттік» - дейді.

Жора  қала шетінде тұратын, кезінде түрмеде бірге отырған досының үйінде көңілдесін қалдырып,   тапсырыс төлемін алу үшін Жәңгірге келеді. Жораны оның екі үш жендеті  ұрып соғып, қолдарын артына қайырып байлап, зират басына алып келеді. Жәңгір Мирас деген қарақшысына: «Мынаның денесін бөшкеге салып, үстіне әк құйып көзін құрт» - деп, өзі екі жендетімен Назды іздеуге кетеді. Мирас үстіне бензин құйып, өртемек болып, сіріңке шаға бергенде, байлаулы, жерде жұлқынып жатқан Жора қолын босатып алып,   бас жағында жатқан тапаншамен оны атып өлтіріп, Наз паналаған досының үйіне келеді. Екі жендетімен Жәңгір осында еді. Үйдің төменгі қабатында  тығылған Наз өзін іздеп келген қарақшыны атады, Жора Жәңгір мен қасындағы жендетін жайратады, сонымен айналасы екі үш сағатта төрт адам өлтіріледі. Жора мен Наз ештеме болмағандай, үйде жайбарақат, енді не істейтіндерін жоспарлап отырады.  

Телехикая сюжетінің шынайылығы мен көркемдігі төмен екені бірден байқалады, ең бастысы шектен шыққан қатыгездік пен тағылықты, зорлық  зомбылықты, екіжүзділік пен сатқындықты насихаттаудың қандай қажеттілігі бар?

Жақында «Қазақстан» телеарнасынан «Иірім. Ана қадірі» деп аталатын телесериал көрсетілді. Негізгі кейіпкер студент Азаматтың рөлін толықтау, жасы отыз- отызбеске келіп қалған жігіт ағасы ойнайды. Курстасымен бір  пәтерде тұрады, екеуін көшеде полиция тоқтатып құжаттарын сұрайды. Азаматтың куәлігі болмағандықтан қызметкер екеуін тұратын пәтеріне ертіп келіп, бірден тінтуге кіріседі. Шкафтың жоғарғы тартпасынан пакетке салынған ұнтақ тауып алып, «мынау есіртке, қайдан алдың» - деп қоқан лоқы жасайды. Үш жүз мың теңге берсе мәселені тіркемей, жабатын болып келіседі. Азамат ауылда тұратын шешесіне келіп: «оқуыма қаржы қажет  болып тұр» - деп ақша сұрайды. Ол танысынан: «кешке қарай жұмыстан бос уақытта дүкеніңде сатушы болып өтеймін» - деп қарыз алады. Пәтер жалдап тұратын шешесі сырқаттанып қалып: «сүйегім жат үйдің босағасынан шыға ма?» - деп уайымдайды. Үйдің иесі: «Ар намыс емес, ақша сөйлейтін заман болды ғой» деп - пәтерақысын сұрайды. Кітапханағаға сабаққа дайындалу үшін барып, стол үстінде ұйқтап қалған Азаматты кезекші оятады. Ауылдасы  Гаухармен хабарласып, жолдасы екеуі қыздың пәтеріне келеді. «Бір екі тәулік тамақ ішпеген едік» - деп ауыздары босамай, апыл-ғұпыл асап жатады.

Ертеңінде үшеуі театрға баратын болып келіседі, бірақ сол күні Азамат көшеде қымбат автокөліктің қасында жөн жосықсыз күліп тұрған сымбатты  бикешке жолығады. Қасына келіп: «Сен массың, көлікті қалай айдамақсың?»- деп кілтін алып, рөлге отырып, қызды үйіне жеткізіп тастайды. Көп ұзамай екеуі университет алдында жолығып қалады, қыздың аты Лязат екен, үйіне шақырады. Жол жөнекей шешесі қайтыс болғанын, әкесі екеуі тұратынын айтады. Үй иесі жігітті жылы жүзбен қарсы алып: «оқуыңды бітірсең болды, жұмыс табылады»- дейді.    

Телехикая сюжетінің шынайылығы үлкен күмән тудырады. Біріншіден, студент Азаматтың рөлін ойнауға жас жігіт табылмады ма, не себепті жасы қырыққа тақаған әртіс ойнайды? Тапайдың талтүсінде автокөлік айдаған жас қыздың мас болуы, жаңа ғана танысқан жігітті үйіне ертіп келіп, әкесімен таныстыруы. Азаматты болашақ күйеу бала ретінде қабылдап, жұмысқа орналастырам деп уәде беруі ұлтымыздың салт дәстүріне сай келмейтін ойдан құрастырылған сюжеттер. 

«Хабар» арнасынан «Көкжалдар» деп аталатын, шындығын айтсақ   «Маугли» фильмінің сәтсіз көшірмесі  (калька) көрсетілді. Бұтында лыпасынан басқа киімі жоқ, шашы өскен жас жігіт орманда биік төбеде тұрып қасқырша ұлиды, қасындағы қасқырмен (ит екені білініп тұр) алысады. «Қасқырлардың арасындағы мақұлықты ұстауымыз керек» - деп бірнеше қаруланған адам автокөлікпен жігітті қуады. Олар: «Өлтірсек аң болмай, адам болса не істейміз, заң алдында жауап беруге тура келеді» - деп күмәнданып, «Бұд бөлтіріктеріңді өлтірген адам» - деп көкжалдардан кешірім сұрайық дейді. Осы кезде телеарнадан «Ақсу-Жабағлы» қорығын мекендейтін жабайы адам жайлы хабарды екі кішірек баласымен көріп отырған әйел: «Мынау сендердің жоғалып кеткен ағаларың» - деп талып қалады. «Қашқынды ұстау керек» - деп мұздай қаруланған бірнеше адам атпен, тікұшақпен қуады. Жігітті атып алмақ болғандардың артынан жүгіріп келген шешесі: «Атпаңдар, ол менің балам, аты Мұрат» - деп жалынады.   Баласын құшақтап тұрып: «әкеңді кешір балапаным» - деп жылайды. Фильмнің сюжетіне назар аударсаңыздар не көркем, не мультфильм емес, шынайылығы ешқандай сын көтермейтін қойыртпақ. 

Ілияс Есенберлиннің трилогиясының негізінде 34 млн доллар жұмсап АҚШ Ресеймен бірлесе түсірген, біраз басты рөлдерді шетел әртістері ойнаған  «Көшпенділер» көпшіліктің оң бағасын ала алмады. Оны Талғат Теменовтың жетекшілігімен режиссер Иван Пассер, оператор Юли Стейгер   бастап, Сергей Бодров пен Ден Лаустсен аяқтап, түсіруге 160 шетел мамандары қатысқан көрінеді. Есесіне аталған автордың «Алмас қылыш» романының негізінде түсірілген «Қазақ елі» сериалы сәтті шыққан, тарихи шындықтан ауытқымайды, халқымыздың салт дәстүрі жақсы көрсетілген. Бірақ та, ұсақ түйек кемшіліктер кездеседі. Мәселен, жаңа қоныста үйлер тігіліп жатқанда  Қасым мен Бұрындықтың бикештерімен ат үстінде ойқастауы, бұлақ басында айтқан әңгімелері оғаш көрінеді. Аманатқа қалдырылған Бұрындықтың Моғолстан ханы Досмұхамбетпен қатар отырып, биші қыздармен көңіл көтеруі, Жүнісханның шағын сарбазбен ағасын тақтан тайдырып, орнына отыруы. Шайбаншақтың ойлы қырлы далада тарантасқа отырып соғысқа аттануы және т.б. көріністер. 

Әрине отандық киноөндірісінде іраз ілгерілеу бар екенін жоққа шығаруға болмайды.«Сырғалым», «Қарашаңырақ», «Бажалар», «Қыз жолы»    «Тасөткел» және т.б. телесериалдар тартымды, әртістер де рөлдерін жаман ойнамайды. «Земля предков» сериалында оқиға Қазақстанмен қатар  Қытайда өрбитіндіктен, негізгі кейіпкерлердің екі-үш тілде сөйлеуі оғаш көрінбейді. «Тасөткел» оқиға желісінің тартымдылығы мен шытырмандығы, әртістердің рөлдерді ойнау шеберлігі жағынан дұрыс әсер қалдырады. Бірақ та Түркияда тұрып жатқан жігіт ашаршылық жылдары бес алты жасар  кезінде Арал өңірінен жер ауған әкесімен теңізден қайықпен өткені есіне түсіп, ол қай теңіз екенін білмеуі, немесе әкесі қызына үйленейін деп жүрген жігітіңді ертіп кел деп, болашақ күйеубаланы үйіне шақыруы т.с.с. көңілге қонымсыз эпизодтар кездеседі.  

Отандық телесериалдардың сюжетіне қысқаша тоқталғандағы басты мақсатым: біріншіден, олардың тақырыбының өзектілігі мен шынайылығы күмән тудыратынын; екіншіден әртістердің рөлдерді ойнау шеберлігі көңіл көншітпейтінін көрсету; үшіншіден - қатыгездік пен тағылықты, зорлық  зомбылықты, екіжүзділік пен сатқындықты насихаттаудың қандай қажеттілігі бар, олардан қандай үлгі өнеге алуға болады?

Күнделікті тұрмыс ауыртпалығынан, баспана болмауынан, жарқын болашаққа үмітсіздіктен, ұлттық сана-сезімнің құлдырауынан қаншама жастар отбасын құра алмай жүр, некелескендерінің үштен біріне жуығы ажырасып тынуда. Кезінде Бейсен Құралбек жүргізген «Қарекет» бағдарламасында ер азаматтарды былай қойғанда, екі үш баласын тастап, жеңіл жүріске салынған әйелдер жайлы да айтылған еді. Өткен жылғы деректерге қарағанда үш мыңға жуық кәмелетке толмаған қыздар екіқабат болған, оның көпшілігі қандастарымыз шоғырланған бұрынғы Оңтүстік Қазақстан, қазіргі Түркістан облысынан. Мыңнан аса оқушы қыз түсік тастатқан. 

Қазақ әдебиеті мен киносының қазіргі жағдайы жайлы Алпамыс Файзолла:    «Керемет керемет әдеби шығармалар жазылды, бірақ көпшілік қазір кітап оқымайды. Бүгінгі таңда иедеология құралы, тәрбие тетігі кино. Әлем елдері тарихын кино арқылы танытып паш етіп жатыр. Ал біздің тарихи киноларымыз әзірше әлсіздеу, өзге халықтармен салыстыруға келмейді» -деп түріктің «Ертұғырыл» телесериалынан үлкен әсер алғанына тоқталыпты.  

Отандық телесериалдардың көпшілігінің сюжетінің тартымдылығы мен  шынайылығы, әртістердің рөлдерді ойнау шеберлігі  қанағаттандырмайтын дықтан көбінесе қазақ тіліне аударылып, дубляж жасалған Түркия, Корея, Малайзия, Жапония елдерінің сериалдарын көруге тура келеді. Оларды  қызыға қарайсың, әртістер рөлдерін шынайы ойнайды, жасандылық жоқ. Көрістер мен жапон елдерінде үлкенді силау, құрметтеп, тағзым ету сияқты ұлттық дәстүрлер қатаң сақталатыны, қыз бен жігіт арасындағы махаббат пен сүйіспеншілік көріністері  шектен шықпайтыны байқалады. Салт дәстүрі мен мәдениеті  өзімізге жақын Түрік фильмдеріне көбірек назар аударам. Хабар арнасынан олардың орыс тіліне, Қазақстаннан ана тілімізге аударылғандары көрсетіледі.

Соңғы жарты жылда «Абдулхамит хан», «Шытынаған тағдыр», «Жат мекен», «Кешіккен хат», «Қайран күндер», «Көсем», Шексіз сезім сериаладарын көрдім. Тәлім тәрбиелік мәні шамалы болса да оларды қызыға қарайсың, әртістер өз рөлдерін тамаша ойнайды, жасандыдыұ, тұрпайылық жоқ, не болар екен деп келесі серияларын тағатсыз күтесің. Түрік пен Ресей кинолары мен телесериалдары болмаса біздің телеарналар не көрсетер еді, уақытты қалай өткізер едік деген ой мазалайды.   

Отандық телесериалдардың көркемдігін, көтерілген мәселелердің өзектілігі мен тәрбиелік мән-мағынасын, әртістердің рөлдерді ойнау шеберлігін тексеріп анықтайтын кеңес жоқ шығар деген пікір қалыптасады.  Телесериалдарда бай ана тіліміздің шұбарлануы, кейбірінде Баян Алагөзова  сияқты әртістердің орыс тілінде сайрауы көңілге қонбайды. Бір сөзбен айтқанда «қой дейтін қожа, ай дейтін ажа» жоқ, тәрбиелік мәні, шынайылығы мен әртістердің ойнау шеберлігі көңіл көншітпейтін сериалдар көгілдір  экранда  көпщілікке көрсетіліп жатады. Осы орайда осыдан бір ғасырдай бұрын Әлихан Бекейхановтың: «Өз тізгініңді өзің алып жүре алмай, шатақ даудан шықпай ақ қойдың, бір екі ауруың бар ғой қазағым. Қылығыңды көріп ішім күйеді»  -деп жазғанын еске алу орынды сияқты. 

Жақында «Ашық алаң» бағдарламасында әртістеріміздің ән орындағанда фонограмма пайдалану мәселесі  талқыланды. Белгілі әнші Майра Ілясова осыдан жиырма жылдай бұрын фонограмма ене бастады, жасымызда кәрімізде соған еліктедік, ол вирус сияқты кең таралып кетті, қазір әншілердің 99 пайызы соны қолданатынын  айтты. Қыдырәлі Болман әлемде фонограммамен қойылатын концерт бағасы жанды дауыспен айтылатындарға қарағанда бес- он есе қымбат болатынына тоқталып, оны қарпайым халықтың қалтасы көтере ала ма? деген ой білдірді. Пікірталаста әннің мәтінін жазып, әуенін шығаратын ақындар мен сазгерлердің біразының кәсіби леңгейі төмен, көбінесе көршілерімізден көшірме жасайтыны, қазіргі жастар  хайп қуатыны, конкурстан өту үшін болашақ ұрпаққа тәрбиелік мәні жоқ жеңіл саз бен әуендерге әуестенетіні, тіптен боқауыз сөздер қолданатынын айтты. Вицеминистр Нұрғиса Дәуленов мәдениет туралы заңға өзгерістер, өнер адамдары әндерді жанды дауыспен орындауын талап ететін ереже енгізілетінін, фонограмма пайдаланған жағдайда ол міндетті түрде ескертілетініне, әншілер мен сазгерлердің  репертуары көркемдік кеңесте қаралып, бекітілетініне тоқталды. 

Мұрат Қойшыбаев

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2048