Бейсенбі, 21 Қараша 2024
Бір сауал 3548 4 пікір 24 Маусым, 2020 сағат 11:48

Қазақ журналистері кіріптарлықтан қашан құтылады?

Алда келе жатқан журналистердің кәсіби мерекесі күні қарсаңында көптен бері көкейде жүрген ойларымның бір парасын ортаға салғанды жөн көріп отырмын. Жалпы қазақ тілді бұқаралық ақпарат құралдарының ішінде облыстық деңгейдегі баспасөздің орны ерекше десек, артық айтқандық болмас.  Өйткені олар халыққа жақын, негізінене сол аймақтағы мәселелерді қамтиды. Міне, осындай себепті  республикалық газеттер оларға бәсекелес бола алмайды.

Ал енді сол газеттер өздеріне жүктелген міндеттерді қаншалықты толық атқарып келеді? Өз өңіріндегі түйінделіп қалған мәселелерді ашық жазып, қордаланған проблемаларға халықтың да, биліктің де назарын аударып жүр ме деген мәселерге келер болсақ, оған тұшымды жауап бере алмас едік. Басын ашып айталық, біз барлық кінәні бұл жерде газет редакциясына артып қоюдан аулақпыз. Облыстық бюджеттен толығымен қаржыланып отырғандықтан, құрылтайшысына, яғни облыс әкіміне тікелей бағынышты. Оның үстіне сол құрылтайшының өз газетіне қарауға мұршасы жоқ болғандықтан, барлық жүкті «мемлекеттік басқару органы» деп аталатын облыстық ішкі істер басқармасы дегеннің мойнына  біржолата артып қойған. Ол - бұл газеттер үшін «ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс», бетіне жан баласы батып қарай алмайтын мықты мекеме. Бұл енді еліміздің тәуелсіздік алғандағы келген «жаңалық». Бұрын газеттер тікелей обкомның идеология жөнінідегі орынбасарына қарайтын. Ондай орынбасарлар қазір де бар. Ол да бұрынғыдай бақылай алады. Алайда қазір бар билік жаңағы басқарманың қолында. Мүмкін, осындай қосымша басқарманы ойлап таппай-ақ бұрынғысынша бүкіл билікті сол орынбасарға берген дұрыс болар ма еді?  Керексіз аппараттарды тудыра беріп қажеті не? Тек бюджетке қосымша салмақ болмаса.

Ал бұл басқарма дегенің аса құдыретті мекеме. Облыстық қазақ газетіне кім болса, соны әкеліп қонжита салуы әбден мүмкін. Ең бастысы, сол басшыға жақсаң болғаны. Мүмкін, сыныптасы  шығарсың, мүмкін бір кезде бір мекемеде бірге істеген боларсың, болмаса, қазақта не көп, нағашы, жиен, құда, бөле деген туыстар болып жатыр емес пе? Таңдағаныңды ал. Ал енді оның газеттен қаншалықты хабары бар, жалпы осы газетке жұртты елең еткізетін мақала жазған жан ба, газет редакциясы деген ұжымның тыныс-тіршілігін біле ме, ол облыста қаншалықтьы мықты журналист есебінде танымал секілді ұсақ-түйек дүниелерге ешкімнің де басы ауырмайды.

Міне, осыдан кейін әлгі редактор облыстық әкімдікке қарап, жәутеңдеп отыратындығы белгілі ғой. Облыс әкімінің жүрген-тұрғаны, қайда барған, не дегеніне дейін газеттің әр нөмірі сайын тәптіштеп жазылады. Ол міндетті түрде суретпен әсемделеді.Оның үстіне ана мемлекеттік тапсырыс деген тағы бар. Онда жүйелі түрде жазылуға тиісті қыруар тақырып бар. Оны да қамту керек. Әйтпесе берілетін ақшадан яғни нәпақадан қағыласың. Мұнсыз күнің қараң. Газетке жазылудан түскен қаржы көп нәрсеге жете бермейді. Сонан соң, амалсыз алдымен әлгіндей мақалалардың газет бетінен түспеуін қадағалайсың. Олар негізінен мемлекетік органдардың «тамаша» жетістіктері жайлы болып келеді. Сын айтуға болмайды. Өйткені ол, біріншіден, мемлекеттік тапсырысқа жататын тізімге енбейді, яғни ақшасы төленбейді. Екіншіден, үлкен проблема көтерген, халықтың көкейін дөп басатын, шындықты шырылдатып айтатын кесек дүниелерді айтпағанда, сәл ғана сыны бар мақалаға әкімдіктегілер қашанда тіксіне қарайды. Олдардың ойынша облыстағы шешілмей жатқан дүниелерді жазу - облысты басқа өңірлермен салыстырғанда жаман жағына көрсету, яғни имиджін төмендетуге себепкер болады. Демек, мұндай даулы мәселелерден аулақ жүрген жөн.

Мен барлық жерде жағдай осындай сиықсыз күйде деп айта алмаймын. Өйткені мен барлық облыстарды аралап, газеттерін саралап отырған жоқпын. Әр жерде әртурлі, әрине. Мәселе, бір кезде мына қасымыздағы Солтүстік Қазақстан облысының әкімі болып істеген Тайыр Мансұровтың сол жердегі «Қызылжар» газетін мүсәпір күйінен ең жоғары дәрежеге жеткізгенін анық білемін. Өз көзіммен көрдім. Бір кезде «Орталық Қазақстан» газетін басқарған  марқұм Мағауйя Сембайдың да облыс әкімінің газетке деген ерекше қамқорлығын айтып, аузынан тастамайтын. Ана «Атырау» газетіндегі Исатай Балмағанбетовтың де мықты журналист екендігін білетіндіктен, сол газетте де көп проблема жоқ екендігіне сенімдімін.

Жалпы, бәрін де түгел әкімдікке жаба беруге болмас. Егер газетке атағы елге танымал, өзіндік пікірі, айтар ойы бар кәсіби журналист келсе, ол редактор есебінде биліктің де, оқырманның да жүректеріне жол тауып., қиыннан қиыстырып, облыстағы күрмеуі көп дүниелерден айналып өтпесі белгілі. Ал газетке кездойсоқ, тамыр-таныстықпен келген басшыдан ондай «ерлікті» күту қиын. Өйткені ол өз деңгейін біледі. Сондықтан да ең оңай жол - жергілікті билікті мақтаудан жамандық көрмесін бііліп, тып-тыныш отырады.

Әрине, өз құрылтайшы болып табылатын облыс әкімі оқтын-оқтын газет редакциясына келіп, ондағы қарапайым тілшілермен (редактормен емес) емін-еркін сөйлесіп, олардың көкейінде не бар екендігін біліп отырса, екі жаққа да пайдалы болар еді. Өкінішке орай, бізде мұндай жағдай көптен бері байқалмайды.

Мне осы жергілікті газетте көп жылдар істегеннен кейін кейбір мәселелердің бетін сипап ғана айтып отырмын. (Мәселен, өзгесін былай қойғанда, сондай тамыр-таныстықпен келген бір редактордың редакцияға тиесілі қаржыны қалтасына басып, сотталып кете жаздағанының өзі неге тұрады?) Егер ащы шындықты ашып айтар болсам, «Е, Жәкең өзі кеткен соң, көре алмай жамандап отыр ғой» деген қаңқу сөздердің өршіп кететіндігін жақсы білемін. Өткенде осы порталда «Облыс әкімі Архимед міне алты жылдан астам уақыт бойы өз газетінің есігін де ашқан жоқ» деген бір ауыз сөзім үшін маған қарсы бір емес, екі мақала жазылған. Мұндайда, әрине, әкімнің жандайшаптары мен жағымпаздары қарап қалмасы белгілі. Дегенмен, өмірімнің көп бөлігі осы газетте өткендіктен оның қазіргі тағдырына бей-жай қарай алмасым белгілі.

Мекерелерің құтты болсын, әріптестер!

Аса құрметпен, Жайберген Болатов, 

«Қазақстанның құрметті журналисі»

Abai.kz

4 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1431
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3197
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5094