Сенбі, 23 Қараша 2024
Әдебиет 10580 21 пікір 7 Шілде, 2020 сағат 11:10

Отшашу

Нұр-Сұлтан қаласындағы отшашу. Сурет әлеуметтік желіден алынды

Есей Жеңісұлы

Ескерткішің бар енді таза мыстан,
Тұтты, сірә, қызғанып аза дұшпан.
Күллі әлемнің өкпесі күйіп жатыр,
Сенің тойың бітпеді-ау, Қазақстан...

Билігіңде ешкім жоқ шала милы,
Бірақ шаруаң қалмай-ақ барады игі.
Бетпердесін иекке түсіре сап,
Бетке ұстайды топ адам қаралы үйді.

Кімнің қалай болады айып ісі,
Жарға барып тірелді қайық ұшы.
Дәріханаң бар болғыр аспиринді
Қымбат сатып, келеді байығысы.

Танылғымыз бар еді атырапқа,
Матаға да зар болдық, жапыраққа.
Жедел жәрдем - үнемі шабан жәрдем,
Қайыр күткен жұрт түгел ақымақ па?

Мерейтой ма... көкпарын ала шапты,
Көксау халқы күтеді ағаш атты.
"Бұл отшашу не керек?" деп кесетін
Сөзді бекер күттім-ау парасатты.

Әлде халқың аурумен аз алысқан,
Тойын жасап, ертесі қаза құшқан.
Көр үстінде көп шайтан билегендей,
Отшашуың бітпеді-ау, Қазақстан...


Мақпал Жұмабай

Отшашу

Отты шашу дүңкілдеді,
Ауылыңа жетті ме үні?

Шоғы түсіп жүрегіңе
Күйдірді ғой, кешір, күнім.

Отшашудан сенің даусың
Естілмейді, естілмейді...

Жан бауырым, кешіре алсаң,
жалынамын, кешір деймін.

Сезесіңдер, барлық көздер
енді оттай жарқылдайды.

Осы отты жарқыл енді
Жанарлардан жоғалмайды...


Танакөз Толқынқызы

Ошақта отым өшті.
Өлдім мен. Атым өшті.

Қиын ғой оқыс өлген,
Көздер көп оты сөнген.

От шашып тойлағандар!
Отпенен ойнамаңдар!

Көз жастың хақы болар,
Тозақтың оты болар.

Шер қатқан қырауы бар
Наланың сұрауы бар.

Іздейміз әрнені жоқ,
Халқым бар дәрмені жоқ.

Ел де жоқ. Отан да жоқ.
Ел бастар атан да жоқ.


Светқали Нұржан

Екі Отан

Сізден маған еш пайда жоқ, ей, аға!
Аспаным бар, зәру емен саяңа.
Жылап келдім, жылап өтем өмірден
– Ақсын қаным! Шықсын жаным! Аяма!

Аямайсың! Аямасын білгенмін,
Сен
Есікті теуіп ашып кірген күн.
Тесігінен кіжінгенмен Түрмемнің,
Жортқан Баққа ере алмайды Үрген Мұң.

Кәр қылар деп мен де ыға алман, ай, тақсыр!
Енді менде жай қалған жоқ тайқақсыр.
Атақтарын арт жалаумен шығарған,
Көп жәреуке жасай берсін айтақшыл!

Қызармауға үйренгесін бет ептеп,
Ер басына шатыр болған етек көп.
Еңбегіңіз төте сіңген, жүре бер
Текесінген ақ шыбышты жетектеп.

Әншің – әрлі. Заңшың – зәрлі. Ақын – шат.
Ай-һай, заман, тұрсыз таққа тақым сап.
Сіз ұрсасыз – күңіренсек, аһ ұрсақ,
Біз сияқты болмайсың, – деп, – сатымсақ.

Тек сіздікі – ордамыз бен қордамыз,
Тек сіздікі – дорбамыз бен жорғамыз.
Сізбен бірге шыға алмаймыз жолға біз,
Елің – еру! Елеңдеуші болмаңыз.
Би орнына кіл желғауыз болды абыз,
Жүрегімде – өрт, көзімде – күл, қолда – мұз.

...«Жүрек» деген бозторғайды қорғаңыз,
«Ізгі қала» жайындағы, Сорлы Аңыз!..
Өріп шыққан құбыжық пен жалмауыз!
Ар-аманат-қазынама салды ауыз.
Дегенменен абайлаңыз, армаңыз,
Қанды ауызда Сіз де кетіп қалмаңыз!

Төріңізді толтырғасын кіл кезбе,
Білінуші ед, ілінуші ед кім көзге!
Отан жайлы тебірене көрме тек,
Біздің Отан сіздікінен мүлде өзге.

Біздің Отан – өртке үйтілу, шарпылу,
Сіздің отан: басы – гу-гу, арты – ду.
Біздің Отан – өксу менен өкіру,
Сіздің отан – ыңырсу мен алқыну.

Біздің Отан – әруақ қонған бейітте,
Сіздің отан – жармақ толған сейфте.
Біздің Отан – арман бүрген Жүректе,
Сіздің отан – жалған күлген кейіпте.

Бірде – орысқа, бірде – шүршіт, штатқа
Бірдей бұлғап, құйрығынды ұстатпа!
Сіздің отан – қолдан соққан ұшпақта,
Біздің Отан – сордан соққан қыстақта.

Тулақ болған бұралқы мен өгейге,
Ертең: «Мынау кімнің жері?» – демей ме...
Сіздің отан – Астана мен Алматы,
Біздің Отан – Арал менен Семейде.

Зәузатымның Есесінен төленген,
Сіздің отан – жасалған шарт көп елмен.
Біздің Отан – Ұлытау мен Байқоңыр,
Су орнына у жауатын төбеңнен!

Сіздің отан – алғыс, қаума... көк орман,
Біздің Отан қарғыс, дауда жоғалған.
Сіздің отан – шетелдердің банкінде,
Біздің Отан – Маңғыстауда тоналған!

Хабарың кем, біздің Отан жұтай ма?..
Сіздің отан ұттырмайтын ұпайда.
Біздің Отан – қора, мола адыра
Қалған жерде – кеткен кеше Қытайға!

Біздің Отан – қысқы қырда тұл қалған,
Сіздің отан – күшті жырда жүлде алған.
Біздің Отан – арын сатқан нан таппай
Арулардың ышқырында былғанған!

Сіздің отан – атқалы тұр жел берсе,
Біздің Отан – қорғайды елін өлгенше!
Біздің Отан – мұхит асып жоғалған
Тумай туа шөккен бақсыз көрдемше!..

Біздің Отан – «дана түрде» шешілген
Мыйлау заңның моншасында шешінген.
Сіздің отан – қара түрме халыққа,
Біздің Отан: Ана тілде – кесілген!

Сіздің отан – мәрмәр үйлер қоздаған,
Біздің Отан – боз торғайлы боз далам.
Сіздің отан – ібілістер әнінде,
Біздің Отан – қыл қобызда боздаған.

Біздің Отан – бершімек зар тумаған,
Сіздің отан – Шәддад-бақтай шулаған.
Біздің Отан – Қазақстан-бекіре,
Құлқын атты қызғылт ауда тулаған...

Жә! Күйзелме, күңіренбе, сарқылма!
– Мола бағып отырған жоқ нар тұлға:
Қолданбаған ақыл бар-ды қартымда,
Жолданбаған хатым қалды артымда.

Сарқылмайтын жымысқы арбап, жау ішсін,
Несібем бар – күнім бұлтқа қауыссын!
Мен шыдаймын – тырымды ұрлап тауыссын,
Сіздің отан жырын жырлап тауыссын!

Сәби-халқым! Жәутеңдеген құлдықта,
Мың жұт көрдің, Шыдашы еңді Сын-Жұтқа.
Біздің Отан жеткізеді хабарын
Ертең деген – өртенбеген Шындыкқа!

Қашып жатыр – алдап-арбап туды алған
Зыр-зыбылдар – ақша-масы туғаннан.
Біздің Отан алады Ертең Азаттық,
Тәуелсіздік Түрмесінде уланған.

Далам менің!
Орда тіккен мың атам,
Көк байрақтай аспанынды ұнатам.
...Ешқашан да Отан екеу болмайды:
Қалады әлі
Жалғыз Отан – Шын Отан! Ұлы Отан!..


Бақыт Беделхан: Жүрегiме кiр жасырғым келмейдi - Balbal ...

Бақыт Беделхан

Жан шырылы

«Қайнайды қаның
Ашиды жаның...» Абай

Дүниенің дүр-дүр еткен дүрмегін,
бір жығылып, бір сүрініп сүргенім,
кімге керек,
пайдасы жоқ білгенім?
Не үшін керек, күмілжулі күндерім?
Жылағаным – күлгенім.
Қуанғаным – мұң, менің...
Өтіріктен көремін,
Замананың нұрлы өңін.
Иттен басқа білмейтін,
Биттеп жатса, бір жерің...
Шырылдаған шындықтың
Кім сүртеді кір-көңін?!
Ібіліске ашылды
Ізетпенен иілген - сол, ілгегің.
Қор сияқты көрінеді кейде, осы,
Ақын болып, менің бүйтіп жүргенім!..

Бүйтіп жүрген ақындығым құрысын.
Уға толы ырыс құяр ыдысым.
Қуанғаным - не үшін?
Жылағаным - кім үшін?
Өрісі кең болса - деп,
Жұртты ойладым - қыз үшін.
Ырысы мол болса – деп,
Ұлтты ойладым - ұл үшін.
Көре берем, сезе берем неліктен,
Тәж-тажалдың умаждаған уысын,
Ақ ажалдың сыр-сыр еткен тынысын?!..

...Ай, Ханым – деп, айта алмадық өткір түк;
Қара нарды шөктіртіп,
Қабырғасын сөктіртіп.
Айтқаныңмен тыңдамас,
Көтіне басқан байлығы
Делебесін қоптыртып.
Тыңдаса, боғын шашар ма,
Мынау қара халықтың
Қанды жасын төктіртіп?
Жан шырылдап, тән тұншығып жатқанда,
Көкке қарап от бүркіп,
Тәңірім де әне, кетті үркіп!

Үркіте-үркіте үрпидім.
Қорқыта-қорқыта - тымпимын.
Алдай-алдай – араммын.
Жылай-жылай – кіртидім.
Енді еңсемді тіктермін,
Қамшымды екі бүктермін.
Қынымнан қылыш жарқ етер,
Қырсықтың күні біткен күн!!!

Abai.kz

21 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1470
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3245
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5408