Сағат Жүсіп. Кеңес заманындағы Киікбаевтар отбасының тақсыреті
Соңғы кездері кеңес заманында кеңестік жүйеге, коммунистік отарлау идеологиясына қарсы күрескен еліміздегі қазақ азаматтары жайлы әртүрлі деректі әңгімелер, естеліктер, тарихи жәйттар жариялануда, жарық көруде. Ол азаматтардың барлығы әрине, саналы, жүйелі түрде болмаса да, әртүрлі себептерден бастау алып кеңестік империяға, идеологияға қарсы шықты, күресті. Осы жолда қаза тапты. Олардың бәрін батыр, күрескер, бостандық қайраткері демесек те олардың өз білгенінше, қолынан келгенінше, қате басса да, жаңылса да кеңес жүйесіне қарсы күресі қазіргі таңда олар жайлы айту, еске алу қажеттілігіне әбден лайық дегеніміз жөн болар, тарих шаңында көмілмегені дұрыс болар деген ойдамын. Сондай отбасылардың бірінің тағдыры жайлы айтпақпын.
1998 жылы Қызылорда облыстық «Сыр бойы» газетінің 26 қыркүйектегі санында менің «Меңдияр аға диссидент пе еді немесе Киікбаевтар отбасының тақсыреті» атты мақалам жарияланған болатын. Енді сол мақаладан үзінділерді, мақаладағы Меңдияр ақсақалдың үлкен қызы Нұрханның атынан айтылған сөздерді келтірейін:
Соңғы кездері кеңес заманында кеңестік жүйеге, коммунистік отарлау идеологиясына қарсы күрескен еліміздегі қазақ азаматтары жайлы әртүрлі деректі әңгімелер, естеліктер, тарихи жәйттар жариялануда, жарық көруде. Ол азаматтардың барлығы әрине, саналы, жүйелі түрде болмаса да, әртүрлі себептерден бастау алып кеңестік империяға, идеологияға қарсы шықты, күресті. Осы жолда қаза тапты. Олардың бәрін батыр, күрескер, бостандық қайраткері демесек те олардың өз білгенінше, қолынан келгенінше, қате басса да, жаңылса да кеңес жүйесіне қарсы күресі қазіргі таңда олар жайлы айту, еске алу қажеттілігіне әбден лайық дегеніміз жөн болар, тарих шаңында көмілмегені дұрыс болар деген ойдамын. Сондай отбасылардың бірінің тағдыры жайлы айтпақпын.
1998 жылы Қызылорда облыстық «Сыр бойы» газетінің 26 қыркүйектегі санында менің «Меңдияр аға диссидент пе еді немесе Киікбаевтар отбасының тақсыреті» атты мақалам жарияланған болатын. Енді сол мақаладан үзінділерді, мақаладағы Меңдияр ақсақалдың үлкен қызы Нұрханның атынан айтылған сөздерді келтірейін:
« - Мен ол кезде отбасыммен Алматы қаласында тұратын едім. Менің ойымша бәрі Розаның (ата-анасының азан шақырып қойған аты Розалия) 1980 жылы Мәскеуге барып АҚШ елшісіне кіріп, АҚШ-а барғысы келетінін айтқан арыздан басталды ғой деймін. Міне осы уақыттан бастап біздің отбасымызға қайғының қара бұлты үйірілді. 1982 жылы інім Тасқынды Алматыда түрмеге салды. Одан Қызылордадағы жындыханаға әкеліп, 1984 жылы наурызда босатты. Босатқан кезде Тасқынды әбден ауру меңдеген, әртүрлі дәрі, сәулелермен денесін шаншыған, өлетін халге жеткен жағдайда еді. Алматыға қолыма алып келдім. 1985 жылы 4 қыркүйекте 36 жасында қолымда қайтыс болды. Сіңлім Розаны 1982 жылы Қызылорданың жындыханасына салды, одан кейін қысқа уақытқа босатып, 1983 жылы мамыр айында жындыханаға қайтадан салды. Бұл жерде әртүрлі дәрі-дәрмекпен «жағдайын» тындырған күйінде Қызылордадағы түрмеге салып, ол жерден Ташкенттегі арнайы мекемеге жіберді. 1983 жылы қазан айында маған Ташкенттен жеделхат жолдап шақыртты. Барсам, Розаның жағдайы біткен екен. Бас дәрігер айтты «енді ештеңе көмектеспейді - рак» - деді. 1984 жылы қараша айында Розаны Қызылорданың жындыханасына қайта әкелді. Осы жерде екі айдан соң, яғни 1985 жылы 8 қаңтарда қайтыс болды. Інім Болатты 1983 жылы тамыз айында үйден алып кетіп, Шымкенттегі түрмеге салды, ол жерден Болат 1985 жылы тамызда ғана босады. Сіңлім Гүлнәрді 1982 жылы Мәскеудегі Бутырка түрмесінде ұстап, кейін конвоймен Қызылордаға алып келді. Меңдияр әкемді, 70-тегі шалды МҚК (КГБ) күнде жауап алуға шақырып, ақыр соңында оған шыдамай, миына қан құйылып, ауруханада қайтыс болды. 1982-1985 жылдары біздің отбасымыздағы осы қайғылы жағдайларға басқа азапты тірліктер - милицияға, МҚК-а шақырулар, телефонмен қорқыту, учаскелік милиционерлердің келіп тұруы, жұмыста, қызметте, үкімет пен орган адамдарының «прфилактикалық» әңгімелері қосылып жүйкені жұқартып болды. Мен отбасындағы баланың ең үлкені болған соң іні-сіңлілеріме жауапты болдым. Біз ешкімге арыз-шағым айтып немесе үкіметке, мемлекетке қарсы ештеңе істеп көрген емеспіз. Осыншама азапты өмірге саларлықтай не жаздық!?»
Енді сөзді менің осы мақалама жаңғырық есебінде осы газетте мақаласы басылған МҚК полковнигі Ә. Бәкірұлыға берелік. Мақала қысқартылған күйде Ә.Бәкірұлының «Франц операциясы» кітабынан («Тұмар» баспасы, 2010 жыл) алынды:
«...Осындай асыра сілтеушілік болғаны рас. Бұл оқиғаға тікелей қатысым болған жоқ, бірақ көрген-білгенімді айтайын.
....Киікбаева Розамен бірге бір үйде сіңлісі Гүлнар және екі інісі Тасқын мен Болат тұратын. Әкелері Киікбаев Меңдияр балаларының анасы дүние салған соң басқа әйелге үйленіп, өз алдына бөлек шыққан еді. Балалары әкелерінің қылығын түсінгенімен де оған іштері жылымайтын. Үйлеріне келген кезде жақсы қарсы алып, сыпайыгершілік жасап шығарып салатын. Сонымен қатар балалары әкесін «КГБ-ң тыңшысы» деп есептейтін. Сондықтан да бұлар оған ағынан жарылып ештеңе айтпайтын.
Жалпы қауіпсіздік органдарының назарына Киікбаева 1979 жылдың соңында іліккен болатын. Ол Алматы қаласында шет тілдер институтында оқып жүріп, АҚШ-н гастрольге келген түрік азаматымен танысқан екен. Сөйтіп бір-екі ай жүргеннен соң екеуі үйленуге келіседі. Гастролі аяқталғаннан кейін түрік жігіті АҚШ-а оралып, артынша Киікбаеваға шақыру қағазын (виза) жібереді. Бірақ МҚК-ң ықпалымен тиісті органдар: «Бұл уақытша виза, мұнымен басқа мемлекетке барып тұруға болмайды» деген сылтаумен оған шетелге баруға тыйым салады. ...Киікбаева өзінің шетелге шыға алмағанына күйзеліп, жоғарғы инстанцияларға бірнеше мәрте шағымданған. Одан нәтиже шықпаған соң Мәскеуге және КСРО-ң басқа салаларына барып, шет елдік елші қызметкерлерімен және тағы осындай шет елдік ресми адамдармен жолығып жүрді. Әрине, мұның барлығы МҚК-ң назарынан тыс қалған жоқ. Сол кездегі заң бойынша Киікбаеваға қарсы оперативтік іс-шаралар жүргізілді. Мұның бәрін Киікбаева сезді ме? Әлбетте, сезді. Осыған байланысты есіме мынадай оқиға түсіп отыр. Бір күні басқарма бастығының кабинетіне кірсем, ол Алматы қаласынан арнайы шақырылған МҚК-ң қызметкерлерімен әңгімелесіп отыр екен. Түсінгенім, олар Киікбаеваның соңынан аңдып келе жатып, күтпеген жерден айрылып қалыпты. Не істерін білмей аң-таң болып тұрғандарында Киікбаева арт жағынан білдірмей келіп, біреуінің иығынан қағып:
- Передай привет полковнику и скажите, что я не такая дурочка! - деп мазақ етіпті. Осы сөздерді естіген басқарма бастығы өзін-өзі ұстай алмай:
- Сонда қалай, осындай сөздерді естіп үндемей тұра бердіңдер ме? Неге өздеріңді мемлекеттік қауіпсіздік комитетіне қатысы жоқ етіп көрсетпедіңдер? - деп әлгілерді сөкті.
Мемлекеттік қауіпсіздік комтетінің шараларына қарамастан Киікбаева шетел азаматтарымен кездесуін тоқтатпады. Керісінше, қай жерде шетелдік көрме немесе кездесулер болса сонда барып, оларға шағым айтып жүрді. АҚШ мемлекеттік департаментінің атына хат жазып, оны ресми түрде тапсыру жолдарын қарастырды. Аптасына бір-екі рет Мәскеудегі АҚШ-ң елшілігі оған телефон соғып тұрды. Кейде Розалияның өзі де Мәскеуге барып-келіп жүрді. Орталық барлау басқармасының (ЦРУ) уәкілдері оған ерекше көңіл бөліп отырды. Осындай жағдайда Киікбаева прокурордың келісімі бойынша басқармаға шақырылып, оның іс-әрекеттерінің келешекте мемлекетке қарсы қылмыстарға әкеп соқтыратыны туралы ресми түрде ескертіліп, оған тоқтам салу талап етілді. Қайта өршеленіп, «елді, халықты осындай жағдайға әкеп отырған коммунистерді ату керек, қыру керек, жою керек» - деді. «Олар, - деді Киікбаева, - коммунизм түгіл социализм де құра алмайды. Мұны билік басындағылар толық сезеді де, біледі де. Сондықтан олар халықты шатастырып, теріс бағыт беру үшін социализмді бірнеше кезеңге жасанды бөліп, оларды «нығайған» (развитой) социализм, «жетілген» (зрелый) социализм деп атап келеді. Ерте ме, кеш пе, халық мұны түсінеді. Түсінген бойда кеңес империясы құлайды. Бұл империя көзге ғана мықты, іс жүзінде әлсіз. (Бұл 70-жылдардың соңы болатын! - Ә.Б.). Әлем тарихында мұнан да зор Рим, Византия сияқты империялар құлаған. Кремль де бір сәтте құлайды. Бірақ, өзім күтіп отыра алмаймын. Шетелге барып, Қазақстанның егемендігі үшін күресемін!» - деді.
Осыдан соң Киікбаева бауырларымен бірге шетелге заңсыз кету жағын ойластыра бастайды. Географиялық карта сатып алып, маршруттарын белгілейді. Олар Армения арқылы Түркияға өтіп кеткенді дұрыс көреді. Алдын ала шекарадағы жағдайларды байқап білу үшін Тасқын Арменияға аттанады. Әрине, мұның барлығын МҚК-ң облыстық басқармасы біліп отырады. Сондықтан да шекараға барған жерде Т.Киікбаев ұсталып, елге қайтарылады. Оның әрекетінде қылмыстың белгісі толық болатын. Бірақ, МҚК-ң облыстық басқармасының ұсынысымен Орталық келісіп, тек ескерту шарасымен шектелді.
Бірте-бірте Киікбаеваның жүріс-тұрысында оғаштық пайда бола бастады. Кейін ол ақылы ауысқан ауруға ұшырады. Тап осы кезде АҚШ-ң барлау қызмет орындары (ЦРУ) Мәскеуде Киікбаевамен жиі кездесіп, оны өз мақсаттарына пайдаланғысы келді. Соған байланысты МҚК-ң облыстық басқармасының бастамасымен КСРО сыртқы істер министрлігі бөтен мақсатқа ауру адамды пайдалануға болмайтындығын ескертіп, АҚШ-а нота жолдады.
Сонымен қатар, МҚК-ң астанадағы басшыларының бірі Киікбаеваны әкесі арқылы есі ауысқандар ауруханасына жатқызып, оперативтік іс-шараларды тоқтатуды талап етті. Алайда әкесі бұған көнбеді. Сондықтан 1980 жылы 17 мамырдағы болған сот ұйғаруымен Киікбаева Өзбекстандағы республикааралық арнайы типті (жабық) есі ауысқандар ауруханасына мәжбүрлі түрде жіберілді. Бірақ, барған бойда, Киікбаеваның рак ісігімен ауырып жүргені анықталған. Соған орай, көп кешікпей ол Қызылордаға қайтарылып, осындағы жалпы типтік ауруханаға орналастырылды.
Киікбаеваның өмірінің соңғы сәттерін медициналық картасынан байқап білуге болады. Онда былай деп жазылған: «Киікбаева Розалия, 1955 жылы туылған. Өзбекстандағы республикааралық арнайы типті есі ауысқандар ауруханасынан келіп түсті. Ауруханаға түскеннен кейін сол күні ол «саяси ашаршылық» жариялады.... Жағдайы өте ауыр. Диагнозы: «Шизофрения». Сонымен қатар рак ісігі.. Науқасы күннен күнге ұлғайып барады. Есі бір кіріп, бір шығады. Есі кірген кезде өзінің абыройын жоғары ұстауға тырысады, сырбазданып сөйлейді... КГБ-ң қол астында екенін айтып, бостандықты арман етеді. Сіңлісі келгенде екеуі оңашаланып, сырласып сөйлеседі.... Кейде дәрігерлерге өзінің саяси тұтқын екенін айтады. Ұлылықтың маниясы бар. Өзін академик Сахаровпен теңейді. АҚШ пен КСРО қарым-қатынастары «Сахаров пен маған байланысты» дейді. Бірақ келесі күні бұл сөздерінен бас тартады.. Жағдайы бұрынғыша ауыр....
8 қаңтар 1985 жыл. Бүгін сағат 10.00-де Киікбаева рак ісігі ауруынан қайтыс болды».
Міне, ғұмыры тым қысқа болған Киікбаева Розалияның тағдыры осылайша тәлкекке түсіп, зобалаңның зардабынан құрбан болды».
МҚК полковнигі Ә.Бәкірұлының әңгімесі осылай аяқталады.
* * *
Кеңес заманында бір ғана отбасының басына түскен қасірет хикаясы осындай. Бұл отбасыдан қалған Нұрхан мен Болаттың тағдырынан хабарсызбын. Естуімше олар қазір Алматыда тұрып жатса керек.
Бір ерекшелігі, Киікбаевтар отбасына байланысты тағы бір жәйттің жолымда кездескенін айта кетейін. 2009 жылы «Қанішер Гержодтың қолжазбасы» атты тарихи деректі кітапты жазу барысында облыстық мұрағатта отырдым. 1917-1919 жылдардағы құжаттардың бірінде Перовскіде 10 абақты болғаны жазылыпты. Сол кездегі совдепке түрме басшылығы қамалғандардың тізімдерін де жіберіп тұрыпты. Сол тізімдердің бірінде Байсеңгір Киікбаев деген кісі 1919 жылдың 12 мамырында «үш линейкалы винтовканы тығып сақтағаны үшін» деп төрт айға қамалыпты. «Киікбаев» деген ат көзіме оттай басылып, апырай бұл мен білетін Киікбаевтардың аталары емес пе екен деген ой келді. Ол кезде жәй қазақтың үйінен винтовка шығу деген ерекше жағдай ғой. Сұрастырып көрсе қалай болар екен деп іздей бастадым. Мектепте қазақ әдебиетінен сабақ берген сүйікті мұғалімім Меңдияр Киікбаевтың әкесі емес пе екен деген ой келді. Іздестіре бастасам, дәл үстінен шығыппын! Сонда бұл кісі осы мақаланың кейіпкерлері Меңдияр ақсақалдың бауыры, Нұрхан, Гүлнәр, Роза, Тасқын мен Болаттың немере атасы болмай ма. Байсеңгір ақсақал өткен ғасырдың жетпісінші жылдарына дейін өмір сүріпті. Бірақ, еш уақытта басына түскен (түрмеге төрт айға қамалғаны жайында) оқиға жайлы ешкімге тіс жарып айтпаған көрінеді. Тек бір сөзінде, ұрпағына «мылтық ұстаушы болмаңдар» деп айтқан болса керек.
Міне, осы бір жағдай кездейсоқ па, әлде бір заңдылықтың нәтижесі ме? Атасы кеңес заманына қарсы шыққан кісінің ұрпақтары кеңес билігіне қарсы диссидент болған дейміз бе немесе күрескер болған дейміз бе, қарсы болғанын көріп отырмыз.
Бұл отбасы мүшелері жайлы олардың сұрауы бойынша жазып отырғаным жоқ. Осыдан 13 жыл бұрын жазылған мақалама тәуелсіздіктің 20 жылдығы аталып жатқанда қайта оралып отырмын. Бұл отбасы мүшелері туралы жазу өте қиын, өте ауыр. Кеңес зобалаңының қасіретін, оның ерекше ауыртпалығын көрген бұл кісілерге қазіргі биліктегілер қандай саяси баға, саяси мәртебе берер екен?
«Абай-ақпарат»