«Ханның қызысыз ба, Гүлшара апай?»
Біздің елде әкім-қаралар іс-сапарға шықса, олар өтетін жолды жауып, халықтың жүріп-тұруына кедергі жасайтын көне дәстүр бар. Орта ғасырдағы әміршілерге ғана тән мұндай әдеттен арылу керек екені қанша айтылса да, қазақ шенділері құлақ асар емес. Әкім мен халық бір жолда қатар жүруге болмайды деген жазылмаған заңнан қашан құтыларымыз әлі белгісіз.
Қызылода облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова ханым да осындай дауға қалыпты. Бүгін әлеуметтік желіде Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданында түсірілген бейнежазба тарады. Оны желіге Сандуғаш Тұрлыбекова атты кісі жүктеген екен. Бейнежазбадағы диалогтан ұққанымыз, облыс әкімі Жаңақорған ауданындағы емхананы тексеруге келген. Әкім келеді деп алашапқын болған аймақ басшылары емхана маңындағы жолды жауып тастаған көрінеді.
Қоғамдық көлікпен емханаға келе жатқан жергілікті тұрғын бұған наразылық танытып видеоға түсіре бастаған. Видео авторының айтуынша, қоғамдық көлікті орта жолда тоқтатып, емхана маңына жібермеген. Жолаушы көліктен түсіп, емханаға дейін жаяу жеткен. Осыған ашынған әйел облыс әкімін күтіп тұрып, өкпесін айтты.
Әкім мен тұрғын арасындағы диалог:
- Сәлеметсіз бе, апай! Сіз бе Қызылорда облысының әкімі?
- Иә, иә...
- Сіз келе жатырмын деп жолдың бәрін жаптырдыңыз ба?
- Жоқ...
- Біз осында келе жатыр едік, маршрутты тоқатып, бізді түсіріп тастады, бері қарай жаяу келдік емханаға.
- Жоқ, жолды жапқан жоқпыз, жолды ашыңдар... (әкім осыны айтып машинасына беттеді)
- Сіз ханның қызысыз ба жолды жаптыратын?!
- Жолды мен жаптырған жоқпын, ашыңдар!
Осыдан кейін әкім көлігіне отырып кетіп қалды. Ал видео авторы «халықпен бірге емессіздер», «халықтың арасында жүрмеген соң несі әкім» деп наразылығын білдіріп жатты...
Әкімнің жауабы: Бәріне кінәлі учаскелік полицей!
Осыдан кейін облыс әкімі Гүлшара Наушақызының Сандуғаш Тұрлыбековаға берген жауабының видеосы жарияланды.
«Мен Жаңақорған, Шиелі аудандарында ауруханаларды аралап, біріншіден, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселелері, екіншіден, ауруханалардағы жасалып жатқан жағдай, үшіншіден, қазіргі оттегімен қамтамасыз ету мәселелерін қарап жатырмын.
Осындай іс-сапар кезінде Жаңақорған ауданының инфекциялық ауруханасының қасында тұрған менің машинама Тұрлыбеков Сандуғаш деген әйел келіп, жолды жабылғанын айтты. Бұл ыңғайсыздық тудырғанын айтып отыр.
Мен ешқандай жолды жабу туралы тапсырма берген жоқпын. Аудан әкімі де ешқандай жолды жабу туралы тапсырма берген жоқ. Сол жердегі ішкі істер бөлімінің басшысы да айтып отыр, «ондай тапсырма берілген жоқ» деп. Сол жердегі учаскелік полицияның шешімі болса, оның іс-әрекеті жөнінде мен облыстық департамент басшысы Сұлтан Бектөреге тапсырма бердім. Бұл іс-әрекеттің қаншалықты дұрыстығын, қандай, ол жағынан кемшілік жібергені туралы қызметтік қарау болады», - депті облыс әкімі.
;feature=youtu.beБіз Гүлшара Әбдіқалықова ханымның айтқан сөздерін қаз-қалпында қағазға түсірдік. Әкімнің жауабынан ұққанымыз - барлығына кінәлі учаскелік полиция-мыс. Сіз осыған сенесіз бе?
Abai.kz