Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2788 0 пікір 8 Қараша, 2011 сағат 14:21

Азаттық жолы азапты

Қазақстан өз тәуелсіздігін өзгелерден кеш жариялады. Неге?

Ел тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай түрлі БАҚ беттерінде жүздеген ма­қалалар мен пікірлер шығып жа­тыр. Олардың көбі өткен жылдардағы қол жеткен жетістіктер мен табыс­тар­ды саралап, халыққа таныта түсуге ты­рысады. Соның бел ортасында, әри­не, Президент Нұрсұлтан Назар­баев­тың дара еңбегі өз-өзінен көрініп тұ­ра­ды. Ал тағы біреулері кейбір келеңсіз жәйттерге көңіл аударғысы келеді. Соның ішінде Қазақстанның өз тәуел­сіздігін жұрттың ең соңынан жария­ла­ға­нына жармасып, мін тақпақ бола­тын­дар да бар. Олар Елбасы Н.Назарбаевтың жұрттан бұрын белсеніп, Тәуел­сіздікті басқалардан бұрын немесе қалмай жарыса жариялап, ураламаған сал­қын­қандылығына шүбә келтіріп, түрлі кінәрат таққысы келеді. Ал шын мәнінде Нұрсұлтан Назарбаев сол тарихи сәтте барынша дана шешім қабылдап, саяси жағынан өте ұстамды, білікті және бірден-бір дұрыс жол таңдаған еді.

Қазақстан өз тәуелсіздігін өзгелерден кеш жариялады. Неге?

Ел тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай түрлі БАҚ беттерінде жүздеген ма­қалалар мен пікірлер шығып жа­тыр. Олардың көбі өткен жылдардағы қол жеткен жетістіктер мен табыс­тар­ды саралап, халыққа таныта түсуге ты­рысады. Соның бел ортасында, әри­не, Президент Нұрсұлтан Назар­баев­тың дара еңбегі өз-өзінен көрініп тұ­ра­ды. Ал тағы біреулері кейбір келеңсіз жәйттерге көңіл аударғысы келеді. Соның ішінде Қазақстанның өз тәуел­сіздігін жұрттың ең соңынан жария­ла­ға­нына жармасып, мін тақпақ бола­тын­дар да бар. Олар Елбасы Н.Назарбаевтың жұрттан бұрын белсеніп, Тәуел­сіздікті басқалардан бұрын немесе қалмай жарыса жариялап, ураламаған сал­қын­қандылығына шүбә келтіріп, түрлі кінәрат таққысы келеді. Ал шын мәнінде Нұрсұлтан Назарбаев сол тарихи сәтте барынша дана шешім қабылдап, саяси жағынан өте ұстамды, білікті және бірден-бір дұрыс жол таңдаған еді.

1991 жылғы тамыз бүлігінен кейін КСРО-ның тарайтыны белгілі болып қалды. Барынша әлсіреп, саяси тұрғыдағы салмағынан әбден айрылып, дағдарысқа түсіп қалтыраған ор­та­лық­қа бағынғысы келмеген ұлттық респуб­ли­калардың бәрі де өз тәуелсіздіктерін жариялап үлгерді. Атап айтқанда, Украина 1991 жылдың 24 тамызында, Беларусь - 25 тамызда, Молдова - 27 тамызда, Әзербайжан - 30 тамызда, Қыр­­ғызстан мен Өзбекстан - 31 тамызда, Тә­жікстан - 9 қыркүйекте, Армения - 23 қыр­күй­ек­те, Түркіменстан - 27 қазанда өз тәуел­сіз­діктерін жариялады. Ал одақтас республикалар арасынан алғашқы болып тәуелсіздігін Литва 1990 жылдың 11 наурызында-ақ жариялаған еді. Оны сол кездің өзінде, алғашқы болып Исландия таныды. Одан кейін тәуелсіздігін 1991 жылдың 9 сәуірінде Грузия жариялады. Латвия мен Эстония тамыз бүлігінен кейін іле-шала 20 мен 21 тамызда өз тәуелсіздіктерін жариялады. Ал Қазақстан өз Тәуелсіздігін КСРО-ның ресми түрде таралуына 5-ақ күн қалғанда, яғни 16 желтоқсанда жариялады. Осының өзі өте дұрыс шешім болатын. Тәуелсіздігін біздің ал­ды­мызда, соңғы болып жариялаған Түркі­мен­станнан біз 1,5 ай кеш жарияласақ та, еште­ңе­ден құр қалған жоқпыз, есесіне елімізде тыныштықты сақтап қалдық.

Шын мәнінде тәуелсіздік кімге қарсы жа­рияланатын, кімнен еншіні алуға ұмтылған шара екенін ойланып көрелікші.

Ол, егер ұғымдарды әдейі оңайлатып сөй­ле­сек, ұзақ жылдар бойы одақтас респуб­ли­ка­ларды «бауырына басып», тыпыр еткізбей ұстап, тәуелді етіп отырған КСРО-ға қарсы жа­рияланатын шара немесе, сөздің турасын ай­татын болсақ, негізінен орыс өкіметінің қол ас­тынан шығу жолында жасалған акция бо­латын. Мұндайды, әрине, орыс халқы өкіл­дерінің бәрі бірдей ұната қоймасы белгілі. Оның үстіне, ұзақ жылдар бойы өте кең насихат­тармен, үлкен шеберлікпен, кейде тіпті дө­ре­кі­лік­пен жүргізілген урапатриоттық саясат олар­дың талайының са­насын ұлыорыстық шо­ви­низм­нің шырмауы­мен барынша құрсап, шыр­қау шегіне жеткізген еді. Ең жоғары дең­гей­де «біз орыс тілін ғана білуіміз керек, оны ба­рынша тез үйренсек, коммунизмге де сон­ша­лықты тез жетеміз» деген сияқты жауапсыз ай­тылған сөздер күнделікті саясаттағы бағдар­ла­малық ұстанымға баланды. Ешкім оған бір ауыз сөзбен қарсы шығып, жоққа шығара алмайтын. Ұлттық саясатта «ұлттардың гүл­де­нуі» және «ұлттардың бірігуі» тұжырым­да­ма­сын тең ұстанамыз делінген саясат осындай сөздерден кейін екіншісі біріншісінен басым­дыққа ие бола беретін тенден­ция­ға шығуымыз керек дегенге жеткізілді.

«Ұлы» халықпен жа­қындасу, оның тілін ғана емес, ділін, ғұрпын қабылдау ашықтан-ашық ба­рынша прогрессивті іс-әрекет саналды. Оны еуроцентристік ұстаным да ұштай түсті. Сөйтіп, ұлт­тарды біріктіру, сайып келгенде барлық ха­лықтарды тегіс біртұтас совет халқына, іс жү­зін­де орысқа айналдыру саясаты жүргізіліп, ол ұлт аймақ­тарындағы зиялы қауымның да, көзі ашық көпшіліктің де ашу-ызасын тудыратын. Бірақ өзін осындай жоғары мәртебеге қол жеткізіп жат­­қан сол солшыл саясат орыс халқының өкіл­деріне ұнамауы мүмкін емес еді. Қалың бұ­қарасы оны үнсіз мойындап, ішінен ма­сай­райтын. Ал алда-жалда оған қарсы абайлап қана, жұқалау пікір білдірілсе ерін мойнына алып тулап, ондай адамның білімі таяз, білігі аз деп мүйіздеп шыға келуге дайын болатын. Орыс зиялы қауымы өкілдері арасынан өз тарапынан осы саясаттың дұрыстығына, оның жандануына шама-шарқынша үлес қоспа­ған­дары кемде кем шығар. 1939 жылғы санақта бол­ған 193 ұлттың 1989 жылы 101 ғана қал­ған­дығы міне, осы сая­сат­тың өте жақсы нәтиже беріп келе жатқан­ды­ғы­ның көрінісі еді. Күн­нен-күнге бастырма­ла­тып келе жатқан бұл сая­сатты тежеуге, сөйтіп, им­периялық орталыққа деген жеккөрінішті сезімді азайтуға орталық үкіметті басқарып отыр­ған мықтылардың кө­ре­гендігі, қайраткерлік қа­ры­мы жетпеді. Горба­чев­тің кезінде бұл саясат­тың солшылдығы тіпті дәуірлеп, оның артынан Қазақстанда және басқа да республикаларда ұлт­тық қозғалыстар болып, қантөгіске ұласқаны белгілі.

Ұлттық республикалардың КСРО-дан тәу­ел­сіздік алуға, өз алдына жеке ел болуға жан­таласуының ең басты себебі, біздіңше, осы бо­латын. Яғни, ұлттық ерекшелігін, болмысын сақ­тауға, ұлттық мүддесін қорғауға барлық ха­лықтар да ұмтылып тұратын. Адамның бойын­дағы ең нәзік, барынша қастерлі дүниесі де ұлттық сезім екені белгілі. Патриотизмнің де қайнар көзі осы ұлттық сезім. Отанды қорғау жолындағы барлық жалынды өлеңдер, ұранды сөздер ұлттық сезіммен ұштасса ғана өтімді болатынын өмірде көрдік. Мәселен, Ұлы Отан соғысы жылдарында «Туған Отаным СССР-ды қасық қаным қалғанша қорғаймын» дегеннен гөрі «Қазақ елі, туған жерім, Отан анам сендерге жетпесін деп фашист аяғы кеудемді оққа төсеймін» деген мағынадағы сөздердің әсері әлдеқайда мықты болатын. КСРО-ның үгітші­ле­рі мен насихатшылары Отан соғысы жыл­да­рын­да патриотизмді лаулату жолында ұлттық се­зімді ұтқырлықпен қосып отырған себебі де сол.

Ал тәуелсіздік алдымен кез келген ха­лықтың ұлт ретінде сақталуына жол ашатын маңызды құрал екендігі даусыз.

Енді 1991 жылдың тамызындағы біздегі ұлттық ахуалдың қандай екеніне тоқталып көрелік. 1970 жылы Қазақстанда 13 млн. халық болған, соның 4,2 млн. қазақ, 5,5 млн. орыс, 1979 жылғы санақта 14,7 млн. халықтың 5,3 млн. қазақ, 5,9 млн. орыс болды. Тек 1989 жыл­ғы санақта ғана қазақ өз жерінде 1926 жылдан кейін алғаш рет көпшілікке жетіп, 16,2 млн. халықтың 6,5 млн. болды. Ал орыстар бұл кезде 6,2 млн. еді. Сөйтіп, қазақ 63 жыл өткен соң ғана республикадағы ең көп санды ұлттың дә­ре­жесіне жете алды. 1926 жылғы санақта Қа­зақстандағы барлық 6,1 млн. халықтың 3,6 млн. яғни 60 пайызына жуығы қазақ болғаны мәлім.

Бірақ сол 63 жылда өмірдің барлық сала­сын­да қазақтың орны екінші орынға әбден сы­рылған еді. Белсенді қоғамдық аренадағы қа­зақтың күйі өте қораш көрінетін. Эконо­ми­ка­ның ауыл шаруа­шы­лығынан басқа салалары­ның бәрінде, мәде­ниет, ғылым, білім, өнерде де қазақ екінші орын­нан аса алған жоқ. Солтүстік түгіл Орталық, Шы­ғыс, Батыс облыстардың барлық қалалы жерлерінде орыс тілі басымды сипатта болды. Сол­түс­тік пен Шығыста халық санының басым көп­ші­лігі орыстар-ды. Алма­тының өзіндегі жағдай сол болатын. Тек қазақ­тың ұлттық элитасы шоғыр­ланғандықтан ғана зиялы қауым ортасында қазақ тепе-теңдікке қол жеткізіп жүретін. Онда да бірде жетсе, бірде жетпей жататын.

60 жыл бойы өмірдің барлық саласында басымдыққа жеткен халықтың өкілдері өзінің қолтығында, екінші қатарда жүрген халықтың дегеніне бірден жығылып, өзінің тарихи ота­ны­нан тәуелсіз болғымыз келеді дегенін бірден мойындап, тілін үйреніп, ділін ұғуға көне ала ма? Ел де, жер де біздікі, республиканың негізгі халқы біз боламыз деген ұрандар оған жаға ма? Оның үстіне ол аты аталса болды «ұлы» деген мадақ бірге айтылатын (әсіресе Қазақ­стан­да), іргеде бүкіл әлемде алдыма жан сал­маймын деп азуын айға білеген империясы жатқан, жоғарыда айтылған солшыл саясат әбден кеудесін өсіріп, еңбектеген жасынан еңкейген кәрісіне дейін өркөкірек қылып жіберген орыс халқы болса - оны низамға жығу, у-шусыз, бүліксіз Қазақ елі­нің тәуелсіздігін мойындату - оңай шаруа ма еді? Қала берді орталықтағы империяшыл күш­тер­дің бағын­баң­дар деген ашық айғайлары да шы­ғып жат­қаны өтірік пе? 90-шы жылдардың ба­сында А.Солженицин «Как нам обустроить Рос­сию» деген еңбегінде Қазақстанның Сол­түс­ті­гін Ресей­дің «Оңтүстік Сібірі», Горбачев 5 облысты Ресейдің жері, одан Жириновский «жа­қын шетелдегі орыс халқына үндеуін» жариялап, Молдова секілді шағын республикалардың өзінде орыстар тығыз қоныстанған аумақтарда «Приднестровье» секілді сепаратистік республикалар құрылып жатса, біздегі орыстарды саба­сы­на түсіру оңай ма еді? Әрине, бәрі деп айт­пай­мыз, бірақ қалың көпшілігінің ауаны басқада болғанын көрмеу - «көрмес түйені де көр­местің» кебі болар еді.

Осындай жағдайда жұрттан бұрын белсеніп, тәуелсіздікті, яғни орыс империясының қол ас­ты­нан шығуды басқалардан бұрын жариялап көр? «Өзі де үркейін деп тұрған жылқыға жа­пы­рақ шашсаң не жорық» демекші, бұл онсыз да өрек­піп тұрған көңілдерге құрық беріп, ахуалды тіпті шиеленістіріп жіберетін көрсоқырлық болар еді.

Аумалы-төкпелі сол заманда өз басымыз, мәселен, Қызылжардағы ауытқуларды көзбен көріп, құлақпен естідік. Жергілікті орыстардың қалың өкілдері ашықтан-ашық «қазақтар бізге күн көрсетпей жатыр, біздің зор тіліміздің ауқы­мын екшеп, өздерінің қор тілін тықпалап, зорлап үйретпек, барлық жерде қазақ кадр­ла­рын өсіріп жатыр, біздің азаматтарымызды жұмыстан қуда­лау­да» деген секілді жалаларды лаулатып, қа­ла­ның қақ ортасында жиындар өткізіп тұратын. Қолынан басқа ештеңе келмеген соң облыс бас­шы­лары олардың жиынын көшеде өткізбейтін етіп, бұрынғы облыстық комсомол комитетінің кең залын босатып берді. Осы жерде әр аптаның сәрсенбісінде В.Супрунюк деген жәдігөй бас­таған жиын тұрақты түрде өткізіліп, онда халықты барынша қайрап, әлдеқандай әрекет дүңк ете қалса дайын болу қажеттігін ашық үгіт­теп жатты. Облыс әкім­дігінен ол жиындарға Асхат Сағындықов деген жігіт тұрақты қатынасып, айтылған әңгіме­лер­ді жазып әкеліп, басшыларға тапсыратын. «Аналардың сөзін естісең, төбе шашың тік тұрады, өз басым сол жиналыстардан үнемі жүрегім ауырып шығады», дейтін еді өмірден ерте кеткен марқұм.

Жиындарға Омбыдан, тіпті одан арғы жерлерден эмиссарлар келіп, халықты қоздандыра түсетін. Супрунюктің газеттері Омбыда басы­лып, бізге тасымалдап жеткізілетін. Оның шы­ғын­дарын да сондағы «жанашырлар» өз мой­ын­дарына алған сыңайлы. Соған қарағанда Ресейдегі империяшыл күштер мұндағы халық­тың өрекпуін «тиімді» пайдалануға барлық күштерін салып баққанын көруге болады.

Өзіміздегі орыстілдес басылымдар да ашық арандатудың иісі аңқыған мақалаларды қардай борататын. Осы күні нану қиын, ал сол кезде өкіметтің өзі қаржыландыратын облыстық «Ле­нинское знамя» газетінің өзі де «При­днестровьенің шоғы бізде де бықси бастады» және т.б. осы тақылеттес мақалалар шығарды. Осының бәрі орыстілдес ағайынымызды ашық әрекетке күннен-күнге дайындай берді.

Ерін мойнына алып мөңкіген олардың қоз­дануын казактардың да омыраулап, көшелерде емін-еркін ойқастаулары ұштай түсетін. Үс­те­ріне алабажақ киімдерін, бастарына папа­ха­ларын киіп алған олар қолдарына дойырларын ұстап кемінде 5-6-дан шоғырланып, кетіп бара жататын еді. Кейбір атамандардың жауапсыз мәлімдемелері де халықты үркіте түсетін. Мәселен, Қорған облысының бір атаман­сы­ма­ғы «мен орыс мүддесін қорғау үшін Қазақ­станға полк кіргізуге әзірмін» деп мәлімдеді.

Осындай жағдайда Қызылжардағы ат тө­бе­ліндей қазақтың (ол кездегі үлесі 8 пайыз!) зия­лы қауымы да бірігіп, қолдарынан келгенше ты­ныш­тықты сақтауға үлестерін қосуға ты­ры­сып бақ­ты. «Қазақ тілі» қоғамының жанына топ­тас­қан олар газеттерге шығып жатқан жау­ап­сыз мате­риалдарға, орынсыз үндеулерге қар­сы келіп, тыныштыққа шақырған мақалаларын қазақ, орыс тілдерінде жариялап, жиналыс, кездесу, бас­қосуларда үнемі арандатуға ұмтыл­ған­дарды әшкерелеп, сөйлеп тұратын. Бұл істе әсіресе, Қилаж Мағазов, Қосыл Омаров, Мәлік Мұқанов, Жарасбай Сүлейменов, Зейнолла Әкімжанов, Өмір Есқали және т.б. белсенділік көрсететін. Кейде әсіреқырағылықтар да болмай қалмайтын. Бірде осы жолдардың авторы­на бір ақсақал Мамлют ауданындағы бұрын казак станицасы болған селода танк тұрғанын айтты. Қайта-қайта анықтасам, ол да сөзінен жаңылмайды, дәл дүкеннің қасында гүрілдеп тұр дейді. Әрине, бұл қауіпті, дереу ҰҚК-дағы таныс жігіттерге мәлім еттік. Олар да сас­қа­лақтап, шұғыл барып тексерген екен... Сөйтсе, ол ескерткіш үшін тұғырға орнатылған танк­тың қаңқасы болып шықты. Бұл да халықтың әлде не болып кетеді деп жүйкесі жұқарып жүр­генінің белгісі еді. «Қорыққанға қос көрінеді» деп осындайда айтылса керек.

Ресей Федерациясына қарайтын «Оңтүстік - Орал теміржолының» бөлімшесінде жұмыс істейтін Қосман дейтін көршім үйге күнде бір үрейлі жаңалық әкеліп тұратын. «Аналар бүгін Мамлютке дейінгі жерді басып алып, Ресейге қосамыз деп жатыр... Булаевтың соларға берілгені рас па? Біз де қарулануымыз керек қой. Ата-бабамыздан қалған жерді жайдан-жай беріп қоямыз ба, бізді өлтірген соң алсын» деген секілді сөздерді ол күнде үрей­лене жеткізуші еді. Мен оған: «Қорықпа, милиция бар, әскер бар, қантөгіске жібермейді, ешкім де бізді басып алмайды» десем, «Ойбай-ау, олардың бәрі де сол жақтың адамдары ғой, әлдене болса со­лар­дың жағына шыға келеді ғой» дейтін. Бұл қара­пай­ым адамның көзі көріп тұрған ащы шындық еді.

Біз тым құрыса 5 жыл тәуелсіз ел болып, тұтас тұра алсақ жарар еді деп армандайтын едік. Сонда, тым болмаса артынан, «біз де тәуелсіз ел болғанбыз» деп айтар едік дейтінбіз.

«Қазақстанда орыстарға күн көрсетпей жа­тыр» дейтін жала Ресей БАҚ-тарынан да үнемі айтылып, ондағы жұртты да бізде дай­ын­да­лып жатқан «әрекетті» қолдауға әзірлеу жұмыстары жүргізіліп жатты. Ондағы халық шу дегенде КСРО-ның құлауына қарсы болмаса да қо­л­асты­нан Қазақстан секілді шикізат ба­заларының сусып кетіп бара жатқанын көр­ген­де империялық санасы оянып, айғай мен ой­бай­ға басып берген. Сол кезде Қазақстандағы орыстар­дың «қиын ахуалы» іздегенге сұраған болды.

Осындай жағдайда облыстық телера­дио­ком­панияның сол кездегі басшысы Мүтәллап Қан­ғожин біздегі шын ахуалды Мәскеуден көр­сету үшін «Мир» еларалық телеарнасынан жур­налист алдырып, оған барлық мүмкін­ші­ліктерді жасап, шынайы хабар дайындатқызған еді. Эфирден бірнеше рет қайталанған сол хабар ресейліктердің алақандарына түкіріп жүр­ген арынын біршама басқан.

Осы жолдардың авторы сол кезде Қызыл­жарда болған ахуалдың шынайы бейнесін «Өзгеленді бұл ғалам» кітабында көркемдеп жазды. Оның журналдық нұсқасы «Жұлдызға» да шықты (2010 ж., №12).

Жалғыз Қызылжар емес, осындай ахуал басқа халық өкілдері көп қоныстанған Солтүс­тік, Шығыс облыстардың бәрінде де болды. Әлемдегі ең сұңғыла саясаткерлердің бәрі Қа­зақстанның тып-тыныш, қантөгіссіз, тәуелсіз ел болып кететініне шүбә келтірді. Саясаттың жілігін шағып, майын ішкен З.Бжезинский сияқты қайраткерлер Орталық Азиядағы сая­сатында АҚШ-тың Өзбекстанға ғана ставка жасауы қажеттігін айтумен болды.

КСРО тарағанда ұлттық құрамы және содан туындайтын салдары жөнінен осындай қиын ахуал бізде ғана болған еді. Бізден басқа республикаларда негізгі халықтың үлесі 60 пайыздан кем болмаған. Ең аз деген Қырғызстанның өзін­де 1991 жылы жергілікті халықтың үлесі 54 пайыз болған. Ал біз 40 пайыздан енді ғана асқанбыз...

Енді бүгін, Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығын тойлағалы отырған мерекенің қарсаңындағы биіктен қарайтын болсақ, Қазақстанның сол кезде бір оқ шығармай тұтастығы мен азат­ты­ғын сақтап қалғаны - әлемдік тарихта ай­рық­ша орын алып, құрметпен аталатын оқиға және оны қамтамасыз еткен бірден-бір адам Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев еді деп батыл айтуға болады.

90-шы жылдардың басындағы КСРО-дағы саяси ахуалды еске алатын болсақ, сол кезде Нұрсұлтан Назарбаев есімі жұлдыздай жар­қы­раған, айрықша беделге ие болған еді. Оның жұлдызының жарығына сол кезде тек Б.Ельцин ғана ілесе алатын. Бірақ оның өзі зиялы қауым болмаса тым қарапайым, жұмысшы халықтың арасында Назарбаевтай беделге ие болған емес. Қара халық, қалың бұқарамен кездесіп сөй­лес­кен­де, ұзақ жылдар олардың арасында болып, жұртшылық психологиясын өте жақсы білетін Назарбаев оларды өзінің өтімді сөздерімен ма­құл­датып, бас шұлғытып кететін еді. Оның аурасына шырмалған халық ұзақ уақыт бойы, «Да, он вообще-то прав» деп оның сөзінің құ­ді­ретінен арыла алмай, әсертұтқын болып қалатын.

Ол кезде барлық ахуалды жақсы білетін Нұрекең Қызылжарға жиі келетін және келген сайын халықпен кездесіп, оларға Қазақ­стан­ның тәуелсіз ел ретінде дамығаны пайдалы екен­дігін, бірақ Ресеймен достықтан ешқашан қол үзілмейтінін қарапайым ұғыммен, асқан ептілікпен жеткізетін еді. Соның ішінде Қа­зақстанның дамуына тежеу жасағысы келетін кейбір ресейлік басшылардың қараулықтарын да адал көңілмен айтып кететіні есте. Қара­пайым тілмен жеткізілген шынайы сөздер жүректерге бірден жетіп, «орыс деп бізді ойлап жатқан ешкім жоқ екен ғой» деген сезімдер туғызатыны да рас-ты.

Қай күнде Президент келіп кеткеннен кейінгі ахуал ұзақ уақыт бойы жаймашуақтанып, көңіл-күй күнделікті проблемаларға аудары­ла­тын. Сол кезде Солтүстіктің әкімі болған В.Гартманның да еңбегін ешқашан ұмытуға бол­майды. Егер оның орнында басқа бір ұлттың өкілі болса, аран­да­ту­шылардың лидерлеріне тізені батыра алмас па еді деп ойлайсың. Пре­зи­денттің оның кандида­тура­сын дәл тапқандығы да көрегендіктің белгісі еді. Ұлты неміс болған соң В.Гартман өзінікіне бұ­рыл­ды деген айыптан қорықпай, батыл әрекеттер жасайтын. Бірде... Сол кездегі Солтүстіктегі ком­мунис­тердің басшысы, арандатушылардың жуан ортасында жүретін В.Ильинннің кабинетіне бара қалған едік. Дәл сол кезде Гартман телефон соқты. Барлық сөздер естіліп тұр. Ол коммунистер басшысының ит терісін басына қаптап, жерден алып, жерге салды. Сөздің мазмұны: аран­да­ту­шыларға сенің дем беріп жүргеніңді жақсы білеміз, егер бір от тұтанып кететін болса алдымен сен жауап бересің, біз сені табамыз дегенге сай­ды. Дауысы зор Гартман әбден гүрілдеп, теле­фондағы сөзінің өзімен Ильиннің әлек-шәлегін шығарды. Осыдан кейін Ильин үш тал темекі тартқан соң ғана зорға деп есін жинаған еді...

1992 жылы экономикалық қатынастар үзіліп, барлығы тоқырауға ұшырағалы тұрған кезде Елбасының өзі түрік миллионері Бекер Оканды Қызылжарға әкеліп, «Сұлтан» макарон фабрикасын салғызды. Халық Қазақстанның тәуелсіз экономикасының алғашқы қарлығаш­тары­ның бірі болған «Сұлтан» фабрикасын көріп, оның тамаша құрылысын, жоғары тех­нологияларын аузынан тастамай айтып жүретін болды. Сырттан инвестиция тартудың не екенін қызылжарлықтар алғаш рет осы жерден көрді. Осының өзі Ресейдің кө­ме­гінсіз-ақ өмір сүруге бола­тыны туралы қоғамдық пікір туғыза бастады.

Бізді тарих табыс­тыр­ған, тағдыр тоғыс­тыр­ған орыс халқының өкілдеріне ра­зылығымыз ерекше. Олар­дың басым бөлігі қа­зақ­тардың өз мемлекеттілігін құруы тарихи әділет­ті­лік екенін түсінді, сол ортақ мемлекетті бірге құ­рысты.

Н.Назарбаев сыртқы саясатта ең негізгі басым­дық­ты Ресей Федера­ция­сы­мен арадағы татулыққа берді. 1992 жылдың ба­сын­да-ақ ол осы елмен достық қарым-қатынас туралы екі­жақ­ты келісімге қол қоюға қол жеткізді. Осы істің басы-қасында болған Қа­сым-Жомарт То­қаев­тың айтуына қарағанда, ресейлік импе­рия­шыл күштер оның толық күйінде қол қойы­луына барынша кедергі жасап бағыпты. «Например, российская сторона настаивала на ис­ключении из текста договора пункта о признании территориальной целостности государств. Сейчас... такой подход кажется невероят­ным и даже абсурдным» деп жазады дипломат. («Свет и тень»., Астана 2007., 263-бет).

Әйтеуір Н.­На­зар­баев­тың дипломатиялық шебер әрекеттерінің арқасында ғана келісім-шартқа қол қойылған. Қ.Тоқаевтың аталмыш еңбегінен де, басқа да жүздеген дерек көздері­нен Н.Назарбаевтың Ресейдің саяси эли­та­сымен тығыз қарым-қатынас орнатқаны белгілі. Ал Президент Б.Ельцинмен екеуінің ара­сын­дағы байланыс адами, шынайы достық жағ­дайында болған. 1996 жылғы оның жүре­гіне ота жасал­ған­нан кейін ең алдымен Н.Назарбаевпен кездескенін де білеміз. Өзінің досы туралы: «Президент Нурсултан Назарбаев - выдающийся го­сударственный деятель международного масштаба» деген сөзді табиғатынан кесек пішілген Б.Ельцин ақ жүрегінен ақ­та­рылып айтқаны да талассыз еді.

Н.Назарбаевтың бүркемесіз, боямасыз өз елінің мүддесін қорғауы және оның дұрыс­тығына әріптесін мойындата алуы ең үлкен жетістік болды. Мәскеудегі көзқарасы ең жетілген, пікірлері әбден ұшталған биік орталардың өзінде сөйлеген сөздерінде Н.Назарбаев оларға тәуелсіз елдердің жеке өмірін тануды мой­ын­дата білді. Сонымен бірге, Еуразиялық одақ сияқты өтімді идеяларды да ептілікпен ұсынып отыра­тын. Соның арқасында алақандарына түкірген арандатушы күштер мына жаққа қиқу бере алмай, іштен тынып қалды.

Н.Назарбаевтың байсалды да көреген әре­кет­тері өрекпіген көңілдерді сабасына түсіре бас­та­ғанда экономикалық дағдарыс та бас­талды. Енді Ресейдің жоғары билігінде Қазақ­станның дербес ел болып кетуін қаламайтын күштер қолдарынан кел­генше экономикалық қысастықтар жасауға тырысып бақты. 1993 жылы ең жақын эко­но­ми­ка­лық әріптесі бола тұра бізге айтпастан өздерінің ұлттық валю­та­сын енгізді. Түкке жарамай қалған кеңестік сомдар Қазақстанға ағылып, тауар атау­лы­ның бәрін түк қалдырмай, сыпырып-сиырып алып кетті. Көмек сұраған кезде Ресейдің құ­рамы­на қай­тадан еніңдер деген қайраткерлері де болды.

Сол кездерде Қазақстанның тәуелсіз ел болғанын қаламаған сепаратистік күштер жаға­дан алған экономикалық дағдарыстың қиын­шы­лығынан елімізді тастап, көше бастады. Әсіресе, кеше ғана Қазақстанды уыстан шы­ғармаймыз деп жүрген белсенділер алдымен табандарын жалтыратты. Олардың кейбірі Қазақстаннан саяси көзқарасымыз үшін қуда­ла­нып келдік деп босқын мәртебесін алуға тырысқандары да, сол үшін Ресей өкіметінен көмек алғандары да болды.

1994-96 жылдардағы чешен соғысы да біздегі жағдайдың біршама салқындауына өз әсерін тигізді. Федерацияға дербес респуб­ликаны қата­ры­на қайтару түгіл, өзінің тұ­тастығын сақтап қалу проблемаға айналды. Сондықтан біздегі сепаратистік күштерді қолдау біршама тоқтатылғаны сезілді.

«Ораза, намаз тоқтықта» демекші күнде­лік­ті нәпақасын табудың өзі мұңға айналғанда ха­лықтың қалың бұқарасындағы өрекпігендердің империяшыл көңілі әбден басылды. 1992 жылдан бастап 1998 жылғы алғашқы дефолтқа дейін Ресей Федерациясының экономикасы бір­шама жақсы дамып, онда жұмыс орындары ашыла бастаған. Мұнай өндіретін Сібір қала­ларында құрылыс та интенсивті түрде жүргізілетін болды. Осының бәрі Қазақстаннан белсенді халықтың үдере көшуіне жол ашты.

Міне, осындай факторлардың арқасында Қа­­зақстанда сепаратистік күштердің бел алуына ырық берілмеген еді. Сол кездерде Қа­зақстан басшысы да елге инвестиция тартудың, эконо­ми­камызға шетелдік капи­тал­ды белсене аралас­тырудың жолында тиімді әрекеттер жасап бақты. Мұның өзі, сайып келгенде, Қа­зақ­станда тыныш­тықтың орнауына ірі шетелдік компаниялардың да мүдделі болуына әкеліп соқты. Олардың елдері, ірі де ықпалды мемлекеттер Қазақстан қауіп­сіздігінің сақталуына мүдделі екендіктерін айқын түрде жариялап жатты.

Елдегі ахуал осындай болғанда біздің Тәуел­сіздікті елден қалмай жарыса жариялап, жұрттан бұрын жар салуға, тіпті жариялаған күннің өзінде аспанға секіріп, қуануға мүм­кін­дік бермейтін осындай себептері болғанын ұмытпаған дұрыс.

Жақсыбай САМРАТ.

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1482
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3253
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5475