Текті тұлға
Өмірден өтті бір пенде. Қарапайым ғана адам. Өңіріне таққан керемет марапаттары да жоқ. Қара еңбегі ғана кеудесін күмбірлетіп, еліне сыйлы еткен аса кішіпейіл, азаматтығы басым, өзін емес, өзгенің қамын ойлағыш шынайы адал жан еді. Сол себепті де болар, ортасын ойсыратып, жетімсіретіп тастады. Алдымен Торғай өңірі жоқтады, сосын өзі зейнеткерлік көркем жылдарын өткерген елорда қайғырды... Бұл кім еді, бәтір-ау! Ақырын жүріп, анық басқандықтан халқына қадірі асқан қандай жайсаң еді? Ол - Зейнолла Шаймұханбетұлы еді. Кеңестік дәуірдегі қате жазылған төлқұжаты бойынша Шаяхметов. Ел оны есіне осы тегімен жаттап қалған. Дегенмен жұрт зердесіне Зекеңді осылайша түйгенімен, ақыретте өзінің анық ныспысы аталып кетті.
Өмірден өтті бір пенде. Қарапайым ғана адам. Өңіріне таққан керемет марапаттары да жоқ. Қара еңбегі ғана кеудесін күмбірлетіп, еліне сыйлы еткен аса кішіпейіл, азаматтығы басым, өзін емес, өзгенің қамын ойлағыш шынайы адал жан еді. Сол себепті де болар, ортасын ойсыратып, жетімсіретіп тастады. Алдымен Торғай өңірі жоқтады, сосын өзі зейнеткерлік көркем жылдарын өткерген елорда қайғырды... Бұл кім еді, бәтір-ау! Ақырын жүріп, анық басқандықтан халқына қадірі асқан қандай жайсаң еді? Ол - Зейнолла Шаймұханбетұлы еді. Кеңестік дәуірдегі қате жазылған төлқұжаты бойынша Шаяхметов. Ел оны есіне осы тегімен жаттап қалған. Дегенмен жұрт зердесіне Зекеңді осылайша түйгенімен, ақыретте өзінің анық ныспысы аталып кетті.
Зекең адал терімен туған еліне қалтқысыз қызмет еткен жылы жүректі жайсаң еді. Торғай өңірінің Аманкелді ауданында Абай атындағы кеңшардың қазығын өз қолымен қағып, жиырма жыл басқарды. Елі ішінде аңызға бергісіз әңгіме бар. Әлгі кеңшарды Зейнолланың оныншы баласына теңеп қойыпты. Тоғыз құрсақ көтерген зайыбы Орынтайдың оныншысына «жерік» болуын ел іші қызық әңгіме қылып айтады. Құмкөшу деген жерде алғашқы қазық қағылады. Күндіз бір төбе, түнде жел айдауымен басқаша жылжып жал-жал боп жататын сиқырлы құмды аймақта құрылыстың ірге тасын қалаудың қияметін айтпаңыз. Әйткенмен, Зекеңдер ойға алғанын тиянақтап тынды. Сол қалашық әлі күнге Торғай облысы тарап, жалпы ел сырдаң тартқанымен, құмда өскен гүлдей көз арбайды. Ықылас нұрымен суарылғандықтан болар, әр жүрекке жақын, етене боп кеткен. Азаматтың арымен, жанымен тұрғызылғанды адамдар ұмытпайды екен. Міне, Зекеңнің соңына қалдырған ескірмейтін ескерткіші.
...1990 жылдың басы. Құмкөшудегі Абай атындағы кеңшардың атағы алысқа кетіп, дүрілдеп тұрған дауылпаз кезі еді. Оны басқаратын Зейнолла Шаймұханбетұлының қоғамдық мал басын арттырып, егін түсімін еселеп, зор абыройға бөленіп жүрген желпініс шағы болатын. Ауылды жанай ұзын жол өтетін болғандықтан, Зекеңнің үйінен қонақ арылмайды. Арнайы шақырылған мейман емес, жүргінші жолаушылар. Соға кетеді, қыстың боранды түндерінде қонып та қалады. Танитыны бар, танымайтыны өзінше. Торғай жақтан жол азабын тартып келе жатып, жеті түннің ішінде Зекең үйінің есігін біз де қаққанбыз. Жыға жүздеспеген кезіміз. Құдайдай күтіп қарсы алды. Кешікпей алдымызға серкенің басы сәнденген табақ толы ет келе қалды. Түннің ортасы ауған шақ. Таңырқап отырмыз. Сөйтсек, Орынтай жеңгей алдын ала қойларды сойғызып, асып қояды екен де, күтпеген қонақ келгенде жылытып жіберіп, жаңа пісіргендей етіп, ұсынады екен. «Менің Орынтайым қонақтарын солай мырзалықпен күтуші еді», деп Зекең кейін де еске алып отыратын қадірлі зайыбын.
Тағдыр желі ала құйын ғой. Қай тұстан қалай ұйтқитынын кім білген? Маңайына өз қадірін асырумен бірге Зекеңнің де абыройын аспандатқан сол аяулы жан Алматыда дүниеден өткенде қайнысы Әбдісағит бірнеше көлікпен қыраулы қыстың ішінде елге әкеліп, арулап қойысқан болатын. Бұл қаралы кезең жайлы кейін Әбекең «Менің де бар еді аяулы жеңешем» деп жүрек жылататын эссесін жазғаны оңды болар ма. Әрине, кейінгілерге үлгі-өнеге үшін сүйікті жеңешесінің бейнесін ыстық сағынышпен сомдаған ғой.
Ұзын жолдың өтіндегі осы ауылдың иесіне қатысты тағы бір қызық та шыжық оқиға есіме түсіп отырғаны. Жаңбырлы күз. Шелектеп құйып тұр. Қайда тығыларымызды білмей тағы да Зекең үйін паналап қалыппыз. Келсек, ыңыранған өңкей дөкейлер төрде шалжиып жатыр. Бізге елең етісіп, күткендері болмағасын, бір төресі: «Зейнолла біздей қонақтарын өзі күтіспей мал қорасында не сандалып жүр», деп дауысын көтере дабыл қақты. Зекеңе осы сөз жеткен болуы керек, іле келіп, кешірім сұрап, әлгілердің ығына жығыла қоймай, қайыра мал басына жөнелген. Ел мүддесі үшін зыр жүгіретін Зекеңді ешкім «жөнге» сала алмайтын еді-ау! Ал былайша, шаруадан қолы сәл босағанда өзі ұршықша зырылдап, магниттей тартылып тұратын. Қарапайымның қарапайымы еді.
Осы аяулы азаматты елінің қалтқысыз сыйлайтын тағы бір жөні, себебі бар екен. Жасыратын несі бар, Зекеңді Әбдісағит Тәтіғұловтың туған ағасы болғандықтан да ел іші қадірлейді, құрмет тұтады. Әбдісағитты бүкіл еліміз біледі ғой. Даңғайыр сәулеткер. Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты. Кезінде Димекең - Дінмұхаммед Қонаевтың сеніміне ие болған жас өркен. «Казгор» жобалау академиясының басшысы, профессор. Оның сәулет өнеріндегі қолтаңбасы кез келген қазақстандыққа оттай ыстық болып көрінеді. Небір тамсандырар ғимараттарды көріп тұрып, «міне, мынау нағыз Тәтіғұлов перзенті» деп мақтанышқа бөленеді дерсің. Содан не керек, Зекеңді, сүйсінген жұрт Әбдісағиттың ағасы деп те көтермелеп жүреді. Одан аласарып жатқан Зекең жоқ. Қайта, төбесі көкке бір елі жетпей қалып жатады. Әманда Әбдісағитының амандығын ойлап, жүйке-жүйкесі босап жүреді...
Сол, былайша айбынды, салмақты, тегеурінді, қайыспас мінез иесі сияқты көрінетін, ал ішкі жан дүниесіне үңіле түссеңіз аса нәзік жүректі жаратылыс көркі Әбдісағит, ағасының басына құлпытас орнатып, мәңгіге ескерткіш қойған күні жүрегі қысылып, сөйлегелі тұрып, жантая жығылғанда, оны Зекеңнің тұңғышы Ғабдолла құлатпай ұстап қалғанда, академик Кенжеғали Сағадиев іле қолтықтан демесіп, дәрі-дәрмек беріп, көзін аштырып, жедел жәрдеммен Астана ауруханасына түскенде, бәріміз дүрлігісіп қалған едік. Денсаулығы күрт сыр бергені несі екен? Әлде, сөйлеп, еске алушылардың жүрекжарды лебізінен бауыры туралы тебірене толғанып кетті ме? Әлде, Зекеңнің құлпытасқа ойып жазылған: «Еліме менің, еліме менің сәлем айтыңдар...» деген соңғы демді сөзінің көкірек айырған сағынышын өз іңкәрлігіне балады ма, әйтеуір, кіндіктес ағаның қайғысы іні жүрегін алмастай қарып өткені аян еді... Содан Әбекең Астанада апта емделіп, Алматысында жүрегіне операция жасатып, өмірге қайтып оралғандай болған еді. Қаны бір, жаны бөлек қимастар-ай!
Әбдісағит інісінің талай ойға алған шаруаларының табысты тәмамдалуына қолдан келген көмегі мен сөз демеуін әманда жасап жүретін еді Зекең. Ата-бабаларының басын қарайтуға қамданыс кезінде (14.06.2000 ж.) Әбдісағит алыстағы ағасына хат жазып, ақылдасып, нақты іс-қимыл жоспарын айқындап, балаларын елге аттандырыпты. Сол хатында былай депті: «Маған өз аталарымның қорымының көрінісі көңілді қатты құлазытып, көкірегімде өшпестей өксік пен өкініш қалдырды. Осы біз өсіп келе жатқан ұрпақпыз ба, әлде әркім өзінің бүгінгі тіршілігін ғана ойлап, өткенді еске алмай, келешекке көз салмай өшіп бара жатқан ұрпақпыз ба деген ойлар содан бері бойымнан кетпей жүр...». Осындай іні ойымен аға ақылы қабыса кетіп, кейін ата-бабаларының басына сәулетті кесене орнатылған еді. Қанаттасқан қадірменділер еді бұлар.
Торғай өңіріндегі Зекең іздері бүгінде сайрап жатқандай. Ер өлсе де еңбегі еленіп, ескеріліп жүреді екен. Жасамыс ісі көзден таса қалмайды екен. Әрегідік ұсыныс, байламдар естіліп қалады. Зекеңді ұлықтау үшін өзі құрып, қалыптастырған Құмкөшу ауылына оның есімін беруді қалайды жұрт. Немесе Аманкелді селосының бір көшесін атаса. Мектеп те бұйырып жатса... Әрине, халық айтса қалт айтпайды. Көп көрінгенді елей бермейді. Көкірегінде алау тұтанып, от боп еліне қызулы еңбек сіңіргендерді ұмытпайды. Сондай ыстық ықылас Зекеңнің рухын асқақтататындай... Нәтижесін күтелік.
Иә, өнегелі ғұмырдың берекелі бастаулары қандай еді? Ол 1953 жылы Аманкелді орта мектебінің сегізінші сыныбын бітіріп, Қостанай ауылшаруашылық техникумына түседі. Бітірген соң атамекеніне келіп, Сарыторғай кеңшарында мал дәрігері, Сарыбас бөлімшесінің меңгерушісі қызметтерін атқарады. 1966 жылы Целиноград қаласында «Ауылшаруашылық басшы кадрларын даярлау» курсын бітіргеннен кейін, 1966-1970 жылдары Қазақстанның 40 жылдығы атындағы кеңшарда бас мал дәрігері, 1970-1973 жылдары Аманкелді ауданы мал дәрігерлері басқармасының бастығы болып жұмыс істеді. Ал өзі ашқан Абай атындағы кеңшарды жиырма жыл басқарған тұсында Алматы мал дәрігерлік институтын сырттай оқып бітірген. 1993-1995 жылдары Есір кеңшарын басқарды. 1995 жылы жергілікті халықтың қолдауымен Аманкелді ауылының әкімі болып сайланып, төрт жылдан соң зейнетке шығып, кейін Астанаға балаларының қасына көшіп келді.
Ол елордада да қарап отырмады. Қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, жастарға ақыл-кеңес беріп, тәжірибесімен бөлісіп жүрді. Өмір жолында тек адалдық пен шыншылдықты ту етіп, ойын ашық айтып, қиналғандарға қол-ұшын беруді өзінің азаматтық парызы деп білді. Еліне, жеріне ықыласы ерекше еді. Ата-қоныс елді мекенінің, еңбек еткен елінің хал-ахуалын, ондағы тұрғындардың жағдайын сұрап отыратын. Озық ойлы, заман ағысына ілесе білген, тұла бойына тектілік тұнған азамат еді. Бойында адамгершілігі мол, жаны жайсаң, мәдениетті, байсалды, ойы терең, білімі жан-жақты және өз көзқарасын қорғай білетін абзал қасиеттері көпке үлгі. Қысқа қайырып айтқанда, бабалары мекен еткен қасиетті Торғайының текті тумасы, тұғырлы тұлғасы, халқына қадірлі ел ағасы болды.
Зекеңнің әкесі Шаймұханбет саяси қуғын-сүргіннің зардабын шегіп, «кәмпескеленіп», түрмеге жазықсыз отырып, кейін ақталып шыққан. Отан соғысына қатысқан. Ал оның ағасы Нұрмұханбет алаш арыстары Ахаң, Жақаңмен бірге «халық жауы» атанып ұсталып, алты жыл қамауда отырып, 1936 жылы босанып келіпті.
Атасы Тәтіғұл мен оның інісі Тоқсанбай қажылардың өнегесін ел іші әсте жадынан шығармақ емес. Олардан тараған текті ұрпақтың бірі осы Зекең болатын. Қайран Зекең, қарапайымдылығымен жан біткенге шуағын түсірген абзал Зекең, оны білетіндермен әлі күнге қанаттасып, алғы күндерге қатар адымдап бара жатқандай... Уақыт рухы мықтыларға ешбір бөгесін бола алмайды екен-ау!
Қайсар ӘЛІМ.