Сенбі, 23 Қараша 2024
Алаң 3110 9 пікір 23 Шілде, 2020 сағат 11:38

Халықты қызғыштай қорғайық

Мен осыдан біраз жыл бұрын елдігіміздің өткені мен келешегін тебірене толғаған «Ту» атты поэмамда:

«Қашанда қиянаттан қазақ өлген,
Жауыздың ешбірі жоқ жаза көрген.
Көк тудың қасиетті киесі атар,
Сабынан ұстамасаң таза қолмен», — деген едім.

Сол сөзді қазір де қайталағым келіп отыр. Ел басына ойламаған жерден ауыр күн туды. Қара тұтып отырмыз… Қазақ өткен тарихында қияң-кескі қиянаттан қырылса, енді құлақ естіп, көз көрмеген кесапат індеттен зардап тартып отыр. Қаншама азаматымыздан айырылдық, қанатымыздан қайырылдық. Көзімізде қанды жас, көкірегімізде ащы запыран. Халық ызалы да азалы. Осындайда ел ерге қараса, ер жерге қараса не болмақ?..  Қасірет тартып шулаған қалың бұқараны ауыр індеттің азабынан, тосын келген ажалынан кім арашалап қалмақ? Көл қорғаған қызғыштай ел үшін алдымен кім шырылдап отқа түспек? Әрине, зобалаң індет әкелген зұлмат салмақ ең алдымен ел тізгінін ұстап отырған азамат — Президенттің  иығына түспек. Алайда, жалғыз Президент не істей алады? Мұндай қиын-қыстау кезеңде жүрегі елім деп соққан азаматтың бәрі ауыр жүкті жұмыла көтеріп Президенттің қасынан табылуымыз керек. Қазақ «Бірлік болмай, тірлік болмайды» — деп осындайда айтқан.

Қасым-Жомарт Кемелұлы ел тізгінін ұстағаннан бері жылдан аса уақыт болды. Бірақ бір жылда он жылға татитындай қиың күндерді бастан өткердік. Ол оқиғаның бәрі елге мәлім. Осы тар кезең, тайғақ кешу сәттерде Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының қажырлы қайратына, қасіретке қайыспай қарсы тұрып, белін бекем буып, ақ жүрегінен ақтарылып шындықты айтқан адалдығына, көңілінің де, қолының да тазалығына көзім жетті. Атадан асыл туған, текті әкеден тәлім алған Қасым-Жомарт Кемелұлындай арлы азамат қана ел Туын таза қолмен ұстай алады. Жасыратыны жоқ қазір біздің елде коронавирустен де қатерлі індет бар. Ол – коррупция. Жемқорлықтың асқынғаны сонша халық қырылып жатқанда дәрі-дәрмекті іннен-інге, көрден-көрге тыққан, өз халқына жаны ашымайтын, бүйрегі бүлк етпейтін бетсіздердің қылығы халыққа індеттен де қатты соққы болды. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының осы жемқорлармен бірден ашық күрес бастағаны көптің көңілінен шықты. Жолы таза, қолы таза адам ғана осындай батыл қадамға бара алады. Алла бұйырса, халқымыз қайрат көрсете білсе, Президентіміздің бұл қайғылы кезеңнен де елімізді алып шығарына сенімдімін. Оған 10-шілдедегі айтқан өз сөзі де дәлел.

Сөзімнің басындағы өлеңімде айтқанымдай, Президенттің өзінен бастап, билік басындағы әр азамат көк Тудың сабынан таза қолмен ұстай білсе, ел бетіне түзу қарай алатынына күмән жоқ. Алайда, ащы шындықты айтсақ ешкімнің бітеу жарасының ауызы ашылмас. Осынау зұлмат кезеңде ең алдымен ел Үкіметі Президентке сүйеу, халыққа тіреу болу керек емес пе? Ондай ауқымды шараларды, ақылды қимылдарды Үкімет тарапынан көре алмай отырғанымыз мені де қынжылтады. Сондықтан да халықты қызғыштай қорғайық, досқа күлкі, дұшпанға таба болмайық!..

Несіпбек Айтұлы,

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты

Түпнұсқа: «Қазақ әдебиеті» газеті

Abai.kz

9 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1474
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3249
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5450