Нұрмұхаммед Мамырбеков. Өзбек тұтқынындағы туыстарымыз бостандыққа шықты
Жуырда еліміздің Өзбекстандағы консулы Бабур Дәуренбеков Нөкісте тұтқында отырған 27 қазақстандық мәселесінің оң шешілуі мүмкін екенін хабарлаған еді. Консулдың айтқаны келді. Өткен сәрсенбіден бейсенбіге қараған түні Қарақалпақстан Республикасы Жоғарғы соты ҚР Сыртқы істер министрлігінің өтінішімен отандастарымызды елге қайтару туралы шешім шығарды. Сөйтіп, жарты жылға созылып, екі ел арасын шу қылған даулы мәселеге нүкте қойылған сыңайлы. Енді жаза басып, тұтқында отырған ақтөбеліктер таяу күндері сарыуайымға түскен отбасы мүшелерімен қауышатын болды.
ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Ілияс Омаровтың айтуынша, қазір осы азаматтарды елге қайтару мәселесі қаралып, олардың құжаттары дайындалып жатыр. Отандастарымыздың туған жерге нақты қай күні табан тірейтіні әзірше белгісіз. «Біздің азаматтарымыз бұл іске өздерінің айтуынша, абайсызда барған. Жерлестеріміз бауырмал екі елдің арасында заңсыздық туғызып, қолайсыздық жасағысы келмеген. Осыны түсініп, оң шешім шығарған Өзбекстан сотына рақметімізді айттық», – дейді Сыртқы істер министрлiгiнiң баспасөз хатшысы. Естеріңізде болса, осы жылдың ақпан айында Ақтөбенің 34 тұрғыны көрші Маңғыстау облысына пайда табу мақсатымен бара жатып, пәлеге қалған еді. «КамАЗ», кран және бірнеше жеңіл автокөлікке мінген жолаушылар ауа райының қолайсыздығынан жолдан адасып, Өзбекстан жеріне өтіп кетеді. Осы жерде оларды өзбек шекара сақшылары байқап қалып, қолға түсіруге әрекеттенеді.
Оқиға орнынан жеті қазақстандық қашып үлгерсе, қалған 27 жерлесіміз Нөкіс қаласындағы №9 тергеу изоляторына қамауға алынып, кейін оларға қатысты үш бірдей заңбұзушылық фактісі бойынша айып тағылды. Осыдан кейін тұтқындалғандардың туысқандары шарасыздықтан жергілікті биліктен қолдау сұрап, даулы мәселеге араласуды бірнеше мәрте талап етті. Отбасын асырап отырған азаматтары істі болып, жанұшырған ақтөбеліктердің мәселесі олар банктерге несие төлей алмай қиналған кезде тіпті ушыға түсті. Оқиға халықаралық жанжалға айналып кетпеуі үшін екі жақ та түйткілді ымыраласып шешуге тырысты. Мәселеге Парламент депутаттары, құқық қорғаушы ұйымдар мен Ақтөбе облысының әкімдігі де араласты. Соңғысы мазасы кеткен отбасылардың қорғаушы жалдауына көмектесіп, банктерге қарыз қайтаруын жеңілдетті. Ілияс Омаровтың мәліметінше, қазіргі уақытта соттың шешімімен қазақстандықтар бас бостандығынан айырылмайтын болды. Олардың әрқайсысына 16 миллион 840 мың өзбек сумы көлемінде айыппұл салынады. Сондай-ақ ақтөбеліктер мінген 30 түрлі көлік Өзбекстанда қалады. «УргенчТрансГаз» кәсіпорнына оның техникасын тасығаны үшін 5 миллион 4000 сум өтемақы тағы төленбек.
Нұрмұхаммед Мамырбеков
«Алаш айнасы» газеті 26 маусым 2009 жыл