Сенбі, 23 Қараша 2024
4869 12 пікір 27 Шілде, 2020 сағат 13:17

Мұхтар Құл-Мұхаммед Бас прокуратураға хат жолдады

Өткен аптада Алматыда жалған дәрі-дәрмектер даярлайтын астыртын цех пен оларды салуға арналған қораптар шығаратын баспахана және заңсыз өнімдерді сақтайтын қойма табылғаны ақпаратта жарияланған.

Арнайы тексеріс кезінде күмәнді жолмен жасалып, сатуға әзірленген, жалпы көлемі 100 тоннадан асатын дәрілік заттар тәркіленген. Осыған қатысты Сенат депутаты Мұхтар Құл-Мұхаммед бүгін еліміздің Бас прокурорына хат жолдапты.

Сенатор өз хатында бұл бассыздық тек отандық медицинаға емес, тұтас ұлтқа төнген қатер екенін, сондай-ақ, қылмыстық іздестіру органдары фальсификат өнімдерді таратудан туындайтын ауыр салдарларды дәлелдеу керектігін айтқан.

«Халқымыз өте қиын жағдайды бастан кешіріп отырған қазіргі жағдайда мұндай сорақы қылмыстың орын алуы ел қауіпсіздігіне төнген зор қатер деп бағалануы тиіс. Осыған орай, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сату, тарату және сақтаумен айналысатын мекемелерді шұғыл түрде тексеру керек. Мұндай астыртын цехтың қанша уақыт жұмыс істеп, фальсификат өнімдердің қанша мөлшерін таратып үлгеру мүмкіндігі де арнайы тексеруді қажет етеді», - делінген хатта.

Хатта таяуда ғана Алматыда жасанды дәрілік препараттарды даярлайтын астыртын цех пен оларды салатын қораптар жасайтын баспахана және заңсыз өнімдерді сақтайтын қойма табылғаны, онда күмәнді жолмен жасалып, қораптарға салынған және сатуға даярланған «Ротацеф», «Солкосерил», «Регидрон оптим», «Кальций Д3 никомед», «Цефамед», «Цераксон», «Цефтазидим» т.б. жалпы көлемі 100 тоннадан асатын дәрілік  заттар тәркіленгені айтылған.

«Қазір әрбір дәрілік препарат пен медициналық бұйым есепке алынып, дәрігерлеріміз әрбір сырқаттың денсаулығы мен өмірін сақтап қалу үшін жанқиярлықпен күресіп жатқан кезде, мұндай сұмпайы кәсіпкерлердің ашкөздігі мен арамзалығы жаға ұстатады. Олардың арам пиғылының ауқымы біздің мыңдаған отандастарымыздың өміріне қауіп төндіріп, еліміздің денсаулық сақтау жүйесіне орасан зор нұқсан келтіре жаздады», - депті Мұхтар Құл-Мұхаммед.

Сонымен қатар Мұхтар Құл-Мұхаммед осы саладағы халықаралық тәжірибе де сүзгіден өткізіліп, мұндай қылмыстың ауқымы, адам өмірі мен денсаулығына тигізетін ауыр зардаптары қылмыстық жауапкершілік тұрғысынан саралануға тиіс екенін айтқан.

«Жоғарыда көрсетілгендерді ескеріп, дәрілік құралдар мен медициналық бұйымдарды пайдалану саласындағы қылмыстық заңнаманы одан әрі жетілдіру мәселесін жедел қолға алу керек. Бұл істе Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті қолдау мен көмек көрсетуге әзір», - дейді Сенатор.

Расымен, халық шын қиналған қазіргідей кезде қара басының қамын ойлап, бір емес, мыңдаған адамның өміріне қауіп төндірген бұл әрекет ауыр қылмыс ретінде қаралуы керек-ақ. Сол арқылы осындай пиғылды адамдарға дер кезінде тосқауыл қойып, қатаң жазаға тартсақ өзгелерге сабақ болар ма еді?..

Abai.kz

12 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1466
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3240
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5383